СIЗДI ОЙЫМА АЛҒАНДА...

СIЗДI ОЙЫМА АЛҒАНДА...

СIЗДI ОЙЫМА АЛҒАНДА...
ашық дереккөзі
406

Аяулы, Оралхан аға!

Он жетi жыл… Өзiңiзсiз ақ қайыңдар он жетi рет бүр жарып, он жетi көктем Сiзсiз көктеп, Жер-Ананы шұғылалы шуағымен шомылдырған екен. Он жетi рет жыл құстары да өз жолымен Атамекенiне қайтып оралып, он жетi рет туған өлкесiн әуездi ән, шат-шадыман шаттыққа бөлептi. Иә, өз жолымен…

Оралмаған жалғыз Сiзсiз….

Әрдайым Сiздiң күнделiкке жазып қалдырған оралымды ойларыңызды парақтап отырып, мына бiр пiкiрiңiзден өзiмдi көргендей әсерде қаламын.

"…Менде нағыз дос жоқ, әрiптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейiн бiлдiм. Сол секiлдi менде iшек-қарны араласқан, жалғыздығы мен жанымды түсiнетiн туыс жоғын да кеш сездiм…"

Иә, аға! Мен де кей кездерi жүрек түкпiрiндегi осындай бiр жауыз жалғыздықты сезiнемiн. Көңiлiм құлазып, жан дүнием дел-сал боп, өзiмдi бейне бiр қараңғы қапаста жападан жалғыз қалып қойғандай күй кешемiн. Сондай сәттерде жанымды сол бiр қараңғы қапастың iшiнен адастырмай алып шығатын жалғыз-ақ нұрлы сәулем бар. Оның қандай сәуле екендiгiн бiлесiз бе, Аға?! Ол – Сiздiң iшiңiздегi жанып тұрар жап-жарық шырақ деп айтар едiм. Ал, сiздiң iшiңiздегi дейтiнiм – ол Сiздiң қаламнан туған мұнтаздай мөлдiр әрi өмiрдiң өзiндей шынайы туындылардың өн бойынан Өзiңiздi көргендей әсерде қалатыным. Себебi, Сiздiң шығармаларыңыз – Сiздiң өзiңiз. Онда да адамның iшкi жан дүниесiнде болып жататын сан алуан психологиялық шиеленiстер, табиғатқа сүйiспеншiлiк, сұлулық iшкi көңiл-күй қайшылықтары, әсемдiкке құштарлық сезiмдерi нақ бiр өмiрдiң өзiндей нанымды суреттелетiндiгi. Ал жүрекпен жазған дүниенiң қашанда жүрекке жететiндiгi ақиқат қой. Сiздiң не жазсаңыз да қаныңызбен, жаныңызбен жарқырата, төгiлте жазатындығыңызды сүйем, Аға! Қай әңгiме, повесiңiздi оқымайын, таудан құлай аққан тасқынның арынындай iшкi жан дүниенiң қатпар-қатпарын қопарып кете алатын ерекше ақындық жүрекпен толғап, сол шабыт үстiнде қайталанбас суреттер салатындығыңызға куә боламын. Осы орайда замандасыңыз, белгiлi жазушы Д.Әшiмханұлы: "Орекең прозадағы импровизатор болатын. Қазақша айтсақ, суырыпсалма болатұғын. Ағылып-төгiлiп келiп жататұғын, шалқар шабыт болатұғын. Бiр жазғанын қайта қарауға да мүмкiншiлiгi болмайтын. Оны өзi де айтатын, “бiр-ақ рет жазамын” деп. Сол себептi де Оралханды салыстырсақ, тек таудан құлаған тасқынмен ғана салыстырамыз. Тасқын шөп-шаламды да,тасты да, басқа да жолында жатқан дүниелердi иiрiп, таудан құлап ағады ғой. Мiне, Оралханның жазуы да дәл осындай болатын", – деп тебiренедi.

Иә, Аға! Өмiрдiң бар қалтарысын нағыз суреткерге тән аса бiр қырағылықпен көре отырып, ойыңызды iрiкпей төгiп тастаған кезiңiзде көп шығармаңыздың табиғи шығып, оқырмандарыңыздың жүрегiне жетiп жататындығының бiрден-бiр себебi – осы шынайылықта жатса керек.

Тағы бiрде ҚазМУ-де өткен кездесу кезiнде бiр студенттiң: "Оралхан аға, сiздiң шығармаларыңызда бiз түсiнбейтiн, кейде бiзге оғаштау көрiнетiн жерлер бар, оған қалай қарайсыз?" – дегенде, "Дәл сол оғаштау жерде, дәл сол артықтау жерде Мен бармын. Ол жердi алып тастасаңдар, мен жоқпын" деген жауабыңыз жоғарыда айтқан ойымыздың бұлтартпас дәлелi. Сiздiң өзге жазушыларға қарағанда оқырман жүрегiне бiртабан жақын тұратындығыңыздың басты ерекшелiгi, себебi осы бiр табиғилығыңызда жатса керек.

Сұлулыққа маталып, әсемдiкке айналған әдемi әлемiңiзден тек қана мұнтаздай тазалық пен кiршiксiз мөлдiрлiктi көретiндеймiз. Сiздiң бар болмысыңыз, iшкi жан дүние табиғатыңыз қандай қылаусыз, мөлдiр болса, күллi шығармаларыңыздың өн бойынан да қардай аппақ кiршiксiз сөздiң ескен лебiнен кәусар демiңiздi сезiнiп, содан қуат аламыз.

"Сондықтан болар, Оралхан қалың қазақ естiмеген, тiптi, күллi адамзат баласы естiмеген дауысты естидi. Оны анау-мынау жер емес, Ұлы Алтайдың ақ кiреуке қары қасаттап тастаған тұмса табиғаты арасынан тыңдайды. Ол "Қар қызының" (повесть) дауысы…" (А.Алтай – Н.Ж).

Иә, "Қар қызын" оқи отырып, айналаны ақ көрпесiмен тұмшалаған аппақ қар мен сеңдей сiресiп, тұтаса қатқан суық дүниеге куә болдық. Тiзеден қар кешкен, жалаңаяқ, жалаңбас безектеген Қар қызымен дiрiлдеп тоңдық, ыстықтап ән де салдық. Сызылта салған мұңлы әнiн жүрегiмiзбен тыңдап мұңайдық, жылағымыз келдi. Көңiлiмiз толқып, жүрегiмiз мұңға толып отырса да, "Қар қызының" даусының, үнiнiң ғажаптығына тәнтi болдық…

Ендi бiрде "Құм мiнезi" повесiмен танысып, Мойынқұмның лезде өзгеретiн тосын тiршiлiк-тынысын, өкпек желi мен қызыл құмын көз алдымызға келтiрiп, сол бұйрат құмды өз аяғымызбен кешiп жүргендей әсерлендiк. Құмда да мiнез болатындығын: "құмның күлетiнiн, құмның сөйлейтiнiн, құмның жылайтынын, құмның толғанатынын, құмның ән айтатынын" бiлiп, таң қалдық. "Құм мiнезiн" оқып отырып, бiз де Шерхан ағамызша: "Мiне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кiнәсi жоқ ақ қағазды шимайлап былғама" – деп өзiмiзше тебiрендiк, өзiмiзше сүйсiндiк. Өкшеңiздi басып, iзiңiздi жалғап өсiп келе жатқан жазушыларға да, әдебиет әлемiне ендi-ендi қадам басып келе жатқан өзiмiзге де дәл Өзiңiздей, өр Алтайдың асқақтығындай биiк талап қойдық.

Сонымен қатар Жер-Анаға, туған өлкеге деген ыстық ықылас, шексiз сүйiспеншiлiк, терең махаббатты шығармаларыңыздағы әрбiр кейiпкердiң бар болмысынан, кеудесiнде бұлқынған жұдырықтай жүрегiнен сезiп, Отанымызды Сiз сүйгендей аппақ адалдықпен, риясыз көңiлмен сүюге, құрметтеуге, қастерлеуге, тәнтi болуға ұмтылдық. Дәл сiздей, Аға…

"Неге екенiн бiлмеймiн, туған жер табиғатының осынау мол суретi жаныма жыр болып құйылып, күй болып төгiлсе де көркiне бiр тоя алмадым, тоймаспын да. Сұлулық атаулының таралар көзi туған жерiм сияқты, жалт етiп келбетiне қараған сайын естен кетпес әсер, бойыңа нұрлы ләззат аласың. Ауасын құшырлана жұтып, шәрбат суын қомағайлана сiмiрсем де шөлiм қанып, көңiлiм тояттаған емес. Ұзағыраққа кете қалсаң аса iңкәрлiкпен қатты сағынады екенсiң, қайтып оралғанша дегбiрiң қалмайды. Туған жерiң дертiңе шипа, көңiлiңнiң көркi реуiштес. Расында да солай шығар!?" – деп тебiренсеңiз, тағы бiрде: "Мейлi жалғызсырайын, мейлi қар басып үсiп өлейiн, мейлi азынаған қысқы өңiрдiң аш қасқыры жеп кетсiн – ойыма алған дел-сал, ұйқылы-ояу қатал да қайырымсыз сапарға аттансам деймiн. Өйткенi бұл менiң кiндiк қаным тамған жерiмнiң жетiмсiреген бiр пұшпағы" – деп толғайсыз.

Осыншалықты шексiз де ұлы сезiмнiң жұдырықтай жүрекке қалай сыйғанына таңмын. Сенесiз бе, Аға?!.

Иә, расында да, асқар Алтайдай қасиеттi мекенде туып-өскен Сiздi қаншалықты шексiз бақытты десек те, Оралхандай асқақ жыршысы бар өр Алтай жерi әманда Сiзден де мың есе бақыттырақ десем қателеспеспiн.

…Бiлемiн, менi мүлдем танымайсыз. Сiз өмiрден өткенде мен небары екi-үш-ақ жыл өмiр сүрген, бар дүниеден бейхабар сәби едiм. Тiптi, 1993 жылдың 17 мамырында қазақ әдебиетi қандай талантынан айырылғанынан да хабарсыз болыппын. Жоқ, хабарсыз болған жоқпын, Сiздiң құдiретiңiздi түсiнуге әлi де сәби санамның жете қоймағандығы едi.

Бiрақ, мен бүгiнде өз қалауымды таптым, Аға! Ол – Сiз, Сiздiң жан жүрегiңiзбен жазылған тым асқақ туындыларыңыз.

Тағы да күнделiгiңiзге оралайықшы…

"ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде бiр-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңiз болса, бiз – көлшiк. Ол – бәйтерек болса, бiз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұхаң бiзсiз… бiр өзi болса да жалғызсырамас едi…" – деп жазыпсыз. Ұлы М.Әуезовтiң суреткерлiгiн, әлбетте, мойындаймыз, тек қана биiктердiң биiгiне қоямыз және ол дарынды ешкiммен де салыстыра алмаймыз. Десек те, мен үшiн бұл өмiрде жалғыз әрi нағыз суреткер бар болса, ол – тек Сiзсiз, аға! Әрине, айтқаным асылық болар. Бiрақ, мендiк жүректiң тiлi, мендiк жүректiң үнi осылай дейдi.

* * *

"Бала кездегi аңыз әлi есте: жыл құсы көктемде осы жолмен келедi. Жыл құсы осы жолмен қайтады. Бұл жолдың "Құс жолы" деп аталуы да содан. Жыл құсының адаспайтыны да сол өз жолы – құс жолы болғандықтан…" (С.Шаймерденов.– Н.Ж)

Иә, әркiмнiң өз жолы, өз тағдыры бар. Бұл – табиғат заңдылығы. Сiздiң алғашқы өмiрiңiз тым қысқа болғанымен, екiншi өмiрiңiздiң ғұмыры шексiз… Себебi, Сiзде туындыларыңызды жанындай қастерлейтiн, шығармашылығыңызды өзiндей сүйетiн оқымандарыңыз бар. Ең бастысы – құс жолынан да ғұмырлы, құс жолынан да ұзақ тылсым мен жұмбаққа, сұлулық мен махаббатқа толы өшпейтiн өз жолыңыз бар… АҒА!!!

Назерке ЖҰМАБАЙ,

ҚазҰУ-тi журналистика факультетiнiң II курс студентi

Серіктес жаңалықтары