308
ЕЛ АҚСАҚАЛЫ
ЕЛ АҚСАҚАЛЫ
Қасиеттi Қазығұрт тауының күнгей беткейiндегi Сарытегiс жазығына орналасқан ауыл күнделiктi шаруашылықтың күйбең тiршiлiгiмен айналысып, тып-тыныш өмiр сүрiп жатқан кезi едi, бiр күнде-ақ у да шу болды да қалды. Ауылдың бетке ұстар отағасы, сөз айтар көшбасшысы Бектайды белсендiлер ұстап алып, қалаға алып кеттi. "Болыс болған, халықтың үстiнен күн көрген бай" деп жоғарыға бiреулер жеткiзiптi. Ауылдың ақсақалдары мен хат танитын қаралары жиналып:
“Ауылымызды айрандай ұйытып, береке-бiрлiкке шақырып отырған арысымызды қорғай алмасақ, несiне ел болып отырмыз. Ауданға, керек десе облысқа баралық. Ұлымыздың ақтығын айтып, бай еместiгiн дәлелдейiк”, – деп бәтуаға келген соң, арнайы аудан басшылары мен заң орындарының есiгiн қағып, әупiрiммен Бектайды ауылға аман-есен алып келдi. Сол кезде бай атанып жүрген Бектайдың жүзге жетер-жетпес қойы, он бестей iрi қарасы ғана бар болатын. Орташадан төмен шаруасы бар Бектай етi тiрiлiгiнiң, адалдығы мен тазалығының арқасында ел аузына iлiгiп, ауыл арасындағы кейбiр келеңсiз жағдайларға ақыл-кеңесiн берiп, төрелiк айтатын-ды. 1929-30 жылдары ауыл-ауылды қосып, ұжымдасу науқаны басталғанда сарытегiстiктер төскейдегi ауылды тастап, Қазығұрттың етегiнде орналасқан Сiргелi ауылына қарай ойысты. Сөйтiп Суықбұлақ өзенiнiң бойына келiп, "Суықбұлақ" колхозын құрды. Суықбұлақтың суының мұздайлығы сондай, жуынғанда, сүйектерiңдi қақсатып, жаныңды көзiңе көрсетедi. Қазығұрттан бастау алып, жол-жөнекей жүздеген бұлақтардың суымен толысатын өзеннiң суын iшсең, ой-хой, шiркiн-ай, жаның жадырап сала бередi-ау. Бектай отағасының тұңғышы Әбдiәзiм Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығын суландыру және механикаландыру техникумында оқып жүргенде, 1939 жылы әскер қатарына шақырылды. Ал, 1940 жылы қыс айында Бекеңдердiң отбасы тағы бiр ұл баламен толықты. Оған Әбдiәзiмге ұйқастырып, Әбдiкәрiм деген есiм бердi. Әскердегi баласын асыға күтiп "әне келедi, мiне келедi" деп жүргенде соғыс басталып, әлемнiң аласапыраны шықты. Соғыстың алғашқы айларында Әбдәзiмнен хабар ұшты-күйлi жоғалды. "Хабар-ошарсыз" деген тiлдей қағаз келдi. Әке мен ананың ақ көңiлi жаманат хабарға қимады. Тұла бойы тұңғыштарынан әйтеуiр бiр хабар келер деген тәттi қиял Бектай қарияны да, Тасбике ананы да алға жетелеп, үмiттерiн үздiрмедi. Үмiт оты сөнбеген Бектай қария 1947 жылы 69 жасында дүниеден озды. Бектайдың соңында Әбдiкәрiмнiң анасы Тасбике мен әмеңгерлiкпен қосылған әйелi Жұлдызай қалды. Сол кезде Әбдiкәрiм 7 жаста болатын. Жастайынан жетiмдiктiң тақсыретiн басынан кешiрген Әбдiкәрiм қос ананың көңiлiнен шығуға, соларға қолқанат болып, қолынан келгенше көмегiн беруге дайын тұратын. Күндiз колхоздың, түнде үйдiң жұмысы, бiрақ анасы Тасбикенiң "шаршадым", "қажыдым" деген сөзiн естiген емес. Есесiне, Жұлдызайға да қарасып, оған да көмектесiп отыратын. Екеуiнiң татулығы, бiр-бiрiне деген ыстық ықыласы айрықша болатын. Екi ананың мейiрiмiн көрiп өскен Әбдiкәрiм де жастайынан жаны таза, үлкенге iзеттi, кiшiге қамқор болып есейдi. Әкенiң тәрбиесiн аз көргенiмен басқалардан әкесi туралы айтылған әңгiмелердi көп есiттi. “Бектай тамаша азамат едi ғой. Бiр ауылды ғана емес, бүкiл бiр болысты аузына қарататын. Айтар сөзi ақ, билiгi әдiл, қара қылды қақ жаратын турашыл едi. Оның жүрiс-тұрысының өзi халыққа үлгi-өнеге болатын”, – деушi едi көзiн көрген қариялар. Әбдiкәрiм әкесi туралы әдемi, әсерлi әңгiмелерден соң масаттанып, әкесiне ұқсағысы келiп, жүрiсiн де, тұрысын да түзеуге тырысатын-ды.– Апа, ағайымның ерте үзiлген арманын жалғастырғым бар. Әбдiәзiм оқыған техникум институт болыпты, рұқсат етсеңiз соған құжаттарымды тапсырсам, деймiн – дедi орта мектептi бiтiрген Әбдiкәрiм анасына.
– Ағаңның арманын жалғастыруға ниет алғаныңа қуаныштымын. Бiрден-ақ "бара ғой" дер едiм, ал мына екi анаңды кiмге тапсырасың? Жас емеспiз, екеумiздiң сиқымызды көрiп отырсың, – деп анасы Тасбике жаулығының ұшын көзiне жақындатты. – Ташкент тиiп тұр ғой, келiп-кетiп тұрамын. Алдымен түсiп алайыншы, арғы жағын көре жатармыз. – Барсаң бара ғой, қатарыңнан кем қалма. Бiзге Алла қуат берсiн, елдiң iшiндемiз ғой, – деп әңгiмеге екiншi анасы Жұлдызай да араласты. Сонымен, Ташкент ауыл шаруашылығын суландыру мен механикаландыру институтының студентi атанды. Қабылдау емтихандарын жоғары бағалармен тапсырды. Туабiттi құймақұлақтығының да пайдасы көп тидi. Ұстаздарының айтқандарын жадынан шығармай тез ұғып алуы – сабақты жақсы оқуына мүмкiндiк бердi. Бiрiншi семестрдi кiлең "бес" деген бағамен бiтiрген Әбдiкәрiм ауылға көңiлдi оралды. Алайда, алдынан шыққан екi анасы да: – Бiзге серiк болар бiр шүйкебасты қолымызға түсiрiп бермесең, екi кемпiрдiң күнi қараң болып тұр. Көкiрек құрғыр текiрек қаққанымен, бойда қуат, қолда күш қалмаған соң амал нешiк, – деп алақанын жайған соң бұрыннан көзi түсiп, көңiлi ауып жүрген Кемеқалғанның бергi бауырында тұратын Розаның ауылына жол тартты. Ақсары жiгiттiң ұстамды ойына, салмақты мiнезiне, айтқан уәжiне риза болған Роза Жайлаубекқызы екi ананың шаңырағына келiн болып түстi. Келер жылы Әбдiкәрiм екiншi курста оқып жүргенде өмiрге Әли атты перзент келдi. Бектайдың жалғыз тұяғы екеу болды. Екi қарияның қуанышында шек жоқ. Оны тiлмен айтқызып жеткiзу мүмкiн емес. Жөргекке орасымен, ырым етiп өздерiне бала еттi. Келiндерi Розаны айналып-толғанып, аяқ-қолын жерге тигiзбей мақтаумен болды. Мақтағанды кiм жек көре қойсын, Роза да солардың айтқанына көндi, айдағанына жүрдi. Әлидi басы-бүтiн екi анаға уайым-қайғысыз берiп, атын атамай "Төрежаным" дейтiн болды. Қазақтың осындай қарапайым салтының өзiнен ұлтымыздың кеңдiгi, дарқандығы, үлкен жүректiлiгi, жомарттығы айқын сезiлiп тұрады ғой. Әбдiкәрiм оқу бiтiрiп, Роза екеуi Өзбекстанның Гагарин ауданына жұмысқа кеткенде Әли сол қос ананың қолында қалып қойды. 1967 жылы жазда Әбдiкәрiм еңбек демалысын алып, елге келдi. Ленгiр ауданынан Ленин ауданы бөлiнiп, ұйымдастыру комитетi құрылып, аудан шекарасы белгiленiп, жаңа қызметкерлер тағайындалып жатыр екен. Әбдiкәрiм Ленин ауданының ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Қалыбек Манасовқа келiп жолықты. – Қалеке, егер мұрсат берсеңiз, елге келiп, қызмет iстеу ойымда бар. Мамандығым – гидротехник. Жоғары бiлiмдiмiн. Суықбұлақтың түлегiмiн, – деп өзiн қысқаша таныстырды. – Өзiңдей жас мамандар ауданға ауадай қажет. Сен алдымен облводхозға бар, солардың келiсiмiн ал, менiң тарапымнан қарсылық жоқ, – дедi. Сонымен Әбдiкәрiм орталығы Ташкентте орналасқан "ЗАК-Келес" республикааралық суландыру жүйесi басқармасының Оңтүстiк Қазақстан облысы бөлiмiне бас инженерлiк қызметке тұрды. Кейiннен Сарыағаштағы су шаруашылығы жылжымалы механикаландырылған колоннаның бастығы болып жоғарылатылды. Аудан аймағын суландыру мәселесiн тиянақты атқарып жүрген бiрсөздi, уәдеге берiк азаматты жоғарыдағылар да тез көре бiлдi. – Әбдiкәрiм, сен ертең облыстық партия комитетiне, Тастай Рыскелдиев деген азаматқа барып жолықшы, – дедi бiрде аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ахмет Қожамсүгiров. – Қандай шаруа екенiн барған соң өзi айтады, – деп әңгiме осымен бiттi дегендей, алдындағы қағаздарды аударыстыра бастады. Бiрiншiден, бұдан артық сөз ести қоймайтынын бiлген Әбдiкәрiм кабинеттен жаймен шығып кеттi. Тастай Рыскелдиевтi екi-үш мәрте сырттай көргенi болмаса, етене таныстығы жоқ едi. Шағын кабинеттiң төрiнде отырған жазық маңдайлы, қалың шашты, қызылшырайлы жiгiт ағасы Әбдiкәрiмдi күлiмсiрей қарсы алды. – Иә, Әбдiкәрiм келiп қалдың ба? Жаңа ғана Ақаң телефон соғып едi, келгенiң дұрыс болды. Ақылдасатын шаруа бар, – деп Тастай мұнымен тiптi ескi таныстарша емен-жарқын әңгiмеге көштi. – Қазiр облыста суландыру жүйесi айрықша дамып келедi. Оның үстiне мақта, жүзiм, жүгерi сияқты суды көбiрек қажет ететiн дақылдарды өсiруге көңiл аударылуда. Облыстық партия комитетiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмi жанынан мелиорация секторын ашу ойда бар. Сол сектордың меңгерушiлiгiне сенi ұсынып отырмыз, – дедi. – Мен партияның солдатымын, партия осы қызметтi қажет деп тапса, мен орындауға даярмын, – деп жауап берген Әбдiкәрiмге риза болған Тастай: – Бәрекелде! Олай болса, салалық хатшымыз Уәлихан Сүлейменовке кiрелiк, – дедi. Ең соңғы – үшiншi ашқан есiгi облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Давыдов болды. Қалың қабақты, салбыраңқы ұрттарына әжiм түскен осы адамның не айтқалы тұрғанын бiле қою қиын едi. Бұл жолы да солай болды. Аз-кем анкеталық мәлiметпен танысқан соң, көп сөздi қобыратпай, сол сап-салқын қалпы қабылдап, самарқау шығарып салды. Сарыағашқа қайтарында Тастай: – Хабар өзiмiзден болады. Алаңдамай қызметiңдi атқара бер, – дедi Әбдiкәрiмнiң қолын алып тұрып. Алғаш елеңдеп, телефон шылдыр ете қалса, жүрегi дүрсiлдеп, телефон тұтқасын қолы дiрiлдей ұстайтын. Кейiн келе-келе бұл әңгiме де ұмытылып, күнделiктi тiршiлiктiң қызығы мен шыжығының ағымында өмiр өте бердi. Бұл 1980 жыл болатын. Әбдiкәрiм "ЗАК-Келестiң" дүрдей бастығы. Айлығы да жоғары. Атағы да биiк. Екi республиканың суының қожайыны. Аудандық партия комитетi бюросының мәжiлiсiнен соң Ахмет Қожамсүгiров: – Әбдiкәрiм, сен қала тұршы, сөйлесетiн шаруа бар, – дедi. Әбдiкәрiм үндемеген қалпы бiрiншiнiң жанындағы орындыққа келiп жайғасты. Неде болса, әңгiменi өзi бастасын деген оймен екi қолын стол үстiне қойып, сабыр сақтап отыр. Ол да асығар емес. Бюрода қаралған қағаздарын асықпай жинастырып, кейбiреулерiне қайтадан шұқшия қарап, уақытты өлтiргiсi келгендей, қаламымен белгiлер соғады. – Әбдiкәрiм, обкомға өткендегi қызмет жайында ұсынысты мен жасаған болатынмын. Аяғы созылып, сиырқұйымшақтанып кеттi ме, қалай? – Тастай Рыскелдиев: "Хабар өзiмiзден болады" деген едi. Қазiр ол әңгiменi ұмытып та кеттiм, – дедi Әбдiкәрiм. – Сен ұмытсаң ұмытқан шығарсың, ал мен ұмыта алмай жүрмiн. Райкомның ұсынысының өтпеуi – абыройыңның өшкенi. Демек, менiң қадiрiмнiң обком алдында төмендей бастағаны. Мұның себебiн бiлмей, көңiлiм орнына келер емес. Сен сол баяғы сөзiңде тұрасың ғой. Әрине, қазiргi алып жүрген айлығың да жоғары екенiн бiлемiн. Бiрақ, жаңа қызметтiң болашағы зор, сол есiңде болсын. – Аха, сөзiме берiкпiн. Екi сөйлеу ойымда жоқ, – дедi Әбдiкәрiм. Аудандық партия комитетiнiң беделiн төмендетпеудi мақсат қылған Ахаң ертесiне облыстық партия комитетiне келiп, У.Сүлейменовке жолықты. Сектор меңгерушiсiнiң орыны әлi бос екенiн, Ә.Бектаевтың кандидатурасын екiншi хатшы Давыдов тоқтатып тастағанын бiлдi. Iстiң шешiлуi тек бiрiншi хатшының қолында екенiн түсiнген Ахмет Қожамсүгiров сол кездегi бiрiншi хатшы, қазақтың аяулы перзенттерiнiң бiрi Асанбай Асқаровқа кiрудi жөн көрiп, рұқсат сұрайды. Асекеңнiң келiсiмiн алған Ахаң бiрiншiнiң алдынан шығысымен "Сарыағаш қайдасың?" деп тартып тұрды. Әбдiкәрiмдi iздеп тауып: – Ертең сағат 9-да Тастайдың алдында бол. Құдай қаласа сағат 10-да сенi Асанбай Асқаров қабылдап қалар. Кешiкпе, – деп Әбдiкәрiмге қайта-қайта мұқияттап тапсырма бердi. Кейiн осы бiр оқиға жайлы Әбдiкәрiмнiң мынадай ой толғанысы бар: "Мен есейiп, атқа мiнер кезiмде алдымда ағынан жарылған жаны жомарт, жүзi жарқын, ақылы мол ағалардың қамқорлығын көп сезiндiм. Көшербай Ысқақов, Ахмет Қожамсүгiров, Қалыбек Манасов сияқты ел таныған, халық мойындаған тұлғалармен қоян-қолтық араласа жүрiп еңбек еттiм. Дiнмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров сияқты қазақтың ұлы перзенттерiмен замандас болғанымды, сәтi келгенде алдарында болғанымда олардың ғұламалығына, даналығына, соншама ұлық бола тұрып, қарапайымдылығына, қол жетпес биiк шынар бола тұрып, кiшiлiгiне қайран қалатынмын. Ұлылардың басқалардан ерекшелiгi де осы қайталанбас қасиеттерiнде жатса керек". Асанбай Асқаров тура сағат 10-да қабылдады. Ауданның, қала бердi облыстың су шаруашылығы бойынша хал-жағдайы, суландыру жүйесiнiң болашағы жайлы әңгiме қозғады. Маман ретiнде осы саланы жақсартуда ойын ортаға салуын сұрады. Әңгiме түсiнiстiк жағдайда өттi. Кейбiр мәселелер төңiрегiнде, әсiресе, Өгем өзенiн пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде айтқан ұсыныстарына ризашылығын бiлдiрдi. Сонымен кешегi су маманы партия қызметкерi болып шыға келдi. Обкомның бөлiм меңгерушiсi Тастай Рыскелдиев, оның орынбасары Iлесбек Бекжанов, кейiннен Ошақбай Көлбаев бiрлесе отырып, облыс ауыл шаруашылығын өркендетудiң стратегиялық жоспарын жасауды басқармаға тапсырып, оның орындалуына үнемi партиялық бақылау жасап отырды. Ұйымдастыру қабiлетiнiң молдығының арқасында халықтың хал-жағдайын жақсартуды бiрiншi кезекке қоя бiлген Әбдiкәрiмдi 1983 жылы Ленгiр аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы қызметiне сайлады. Ауданға қалалық атқару комитетi қарамайтын. Оны аупартком бiрiктiретiн. Қалада аурухана бар, оған ауданның тұрғындарын қабылдамайды, тек қалалықтар ғана емделедi. Мiне, осы кезде Әбдiкәрiм аудан үшiн аурухана салуды қолға алды. Барлық құжаттарды қолтыққа қысып, республиканың жоспарлау комитетiне, оның төрағасы Қалық Абдуллаевқа кiрдi. Қалық ауылдың жағдайына етене қанық екен. Әбдiкәрiмдi жылы қабылдап, аудандық аурухана салуға тиiстi қаржысын бөлдiрдi. Соның нәтижесiнде екi жылдың iшiнде жақсы аурухана бой түзеп, халыққа қызмет көрсете бастады. 1988 жылдың аяғында Әбдiкәрiм Ленгiр аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып сайланды. Аудан тiзгiнiн қолға алысымен, мектептердiң, мәдениет ошақтарының қатарын көбейтудi мақсат еттi. Мұның өзi сәттi жемiсiн де бердi. Соңғы жылдардың iшiнде 15 мектеп қатарға қосылды. Ауылдық жерлерде клубтардың қатары көбейдi. 1991 жылы коммунистiк партия, кең байтақ империяны бiр уысында ұстап келген Лениннiң партиясы абыройдан жұрдай болып, бiр-ақ күнде, бiр-ақ сәтте билiктен құралақан қалды. Билiк басына кеңестер келдi. Одақтас республикалар бiрiнен соң бiрi тәуелсiздiгiн жариялай бастады. Мiне, осындай аласапыран кезеңде Әбдiкәрiм Бектаев Ленгiр ауданы кеңесiнiң төрағалығына сайланды. Қазақстан да өз тәуелсiздiгiн жариялап, егемен ел атанды. Осы бiр сындарлы кезеңде, өтпелi шақта көпұлтты, сан салалы аудан экономикасын шайқалтпай, халық арасында татулық пен бiрлiктi ұстай бiлу де үлкен өнер болатын. Әбдiкәрiм бұл сыннан сүрiнбей өттi. Ленгiр ауданының атын өзгертiп, қазақ халқының төбе биi – Төлебидiң есiмiн беруде айрықша еңбек еттi. Ертеде өзiмен бiрге осы ауданда қызмет жасаған Сергей Терещенко ол күндерi Премьер-министр болатын. Соған барып, бүкiл аудан халқының өтiнiшiн жеткiздi. Оның бұл мәселенi қолдайтындығы жөнiндегi уәдесiн алып, елге сенiммен оралған сәтте сонау Жамбыл облысының Шу ауданынан бiр топ қария келдi. – Төлеби Шу ауданында дүниеге келген. Бiз сiздерге әдейi келiп, алдарыңыздан өтiп отырмыз. Төле бабаның атымен Шу ауданын атамақпыз, – дедi олар. – Ақсақалдар, Төле бабаның Шу ауданында туғанына ешқандай шүбәмiз жоқ. Алайда, бiз ертерек әрекет жасап, Үкiметке дейiн кiрiп, бұл мәселенiң бетiн берi қаратып қойып едiк. Ендi орта жолда сiздер келiп кiрiсiп отырсыздар. "Сен тұра тұр, мен сөйлейiн" деп жүргенде, екi жақта құралақан қаламыз. Шу – тарихи ат. Оны өзгертпей-ақ, аудан орталығын өзгертiп, Төлебидiң есiмiн берсеңiздер жарасып-ақ тұр ғой, – деп Әбдiкәрiм шулықтарға уәж айтты. Ақылдаса келе, осы мәмлеге тоқтады. Бұл күндерi Ленгiр ауданы Төлеби ауданы, ал Шу ауданының орталығы – Төлеби болып аталды. "Келiсiп пiшкен тон келте болмайды" деген осы. Екi жақ та Төле бабаларының есiмiн алып, халықтың ризашылығына ие болды. Елдi басқару түрi өзгерiп, әкiмшiлiк жүйесi енгенде Әбдiкәрiм Бектаев аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Бұл жұмыста да ол халық қазынасы – бюджеттiң мақсатты жұмсалуына, елде жүрiп жатқан жекешелендiру жұмыстарының мүмкiндiгiнше әдiл өтуiне бас-көз болды. Төлеби қорын құрып, аудан орталығында бабаға арнап ескерткiш орнатуға белсене араласты. 1994 жылы Төлебидiң ескерткiшi аудан орталығы – Ленгiр қаласының көрнектi жерiне орнатылды. Ескерткiштi орнату оңайға түскен жоқ. Мемлекет тарапынан қаржы бөлiнбедi. Халықтың күшiмен, насихаттың пәрмендiлiгiмен келген ескерткiш едi бұл. Осы игi iстiң басы-қасында Әбдiкәрiм жүрiп, елден қаржы жинады. Ол қаржының шашауын шығармай, ескерткiшке жұмсады. Бұл күндерi қаланың қақ төрiнде қасқиып тұрған Төле бабаның ескерткiшi аудан халқын бiрлiк пен ынтымаққа, әдiлдiк пен туралыққа шақырып тұрғандай. Әбдiкәрiм Төлеби бабаның ескерткiшiнiң жанынан өткен сайын, бас киiмiн алып, бабасына сәлем бередi, iшiнен өзi бiлетiн дұғаны айтып, бабаның рухына құран бағыштайды. Әбдiкәрiм Бектаев – қазiр аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы. Аудандағы зейнеткерлерге мүмкiндiгiнше жағдай жасап, өтiнiш-тiлектерiн әкiмшiлiкке жеткiзiп, көмек қолын созып тұру – оның ежелден келе жатқан қасиеттерiнiң бiрi. Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығы қарсаңында 23 майдангерден өтiнiш келiп түстi. Оның 20-сы үйiн жөндеп берудi, ал үшеуi пәтер берудi өтiнедi. Мiне, солардың бәрiнiң де өтiнiштерi қанағаттандырылды. – Аудан әкiмдiгiне ризашылығымды бiлдiремiн, ардагерлердiң айтқанын аяқасты етпейдi. Мүмкiндiктердi пайдалана отырып, әсiресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың мұң-мұқтажын тез орындауға әрекет жасайды, – дедi Әбдiкәрiм ақсақал бiзбен әңгiме барысында. – Әрбiр азамат бiрiншi кезекте адал болса деймiн. Адалдығы көрiнiп тұрған азаматтан көп нәрсенi күтуге болады. Ал, оған қарапайымдылық ұштасып жатса, Тәңiрiнiң жарылқағаны. Жасы үлкендi құрметтеу, өзiнен кейiнгiлерге қамқорлық жасау – адами қасиеттiң төресi ғой. Қазiргi заманда азаматқа алғырлық та жарасып тұрады. "Өкiмет асырайды" деген заман артта қалды. Момындықтан пайда шамалы, алдыңдағыдан айырылып қаласың. – Кеңес дәуiрiнiң жақсы жақтары да, кемшiн тұстары да бар. Оның кемшiлiгiнiң бастысы – дiндi қудалауы, құдайсыздар елi атануы. 1986 жылы анам қайтыс болғанда Төлепбек Назарбеков пен Көшербай Ысқақов келдi. Екеуi де зейнеткер: "Анаңды не iстейсiң? Оны о дүниеге қалай шығарып саласың?" деген сұрақты оңашада қойды. Мен төмен қарадым. Олар: "Жаназасын үйде шығар, ал мүрдеге барғанда топырақ сал да шығып кет" дедi. Мен: "Неге кетiп қалуым керек?" деп едiм, "Сен әлi ешнәрсе бiлмейдi екенсiң ғой. Ел iшiнде аласы да, қарасы да бар. Сақ болғаның жөн" – деген ақылдарын айтты. Мен амал жоқ, айтқандарына көндiм. Жарты жылдан соң "анасына жаназа оқытты" деген арыз жазылды. Обкомнан, ЦК-дан бiрiнен кейiн бiрi келiп, арызды тексере бастады. "Дiндi – апиын" деп, Құдайды адамға қарсы қоюы ең ақырында Кеңестiң де түбiне жеттi. Жаратушы иесiне қарсы шығу – әкесi мен анасына қарсы шығудан да сорақы емес пе?! Соңынан күндей жарқырап Тәуелсiздiк туы желбiредi. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арманына жеттi. Алайда, осы тәуелсiздiк пен егемен ел атанғанымызды желеу етiп, колхоздар мен совхоздарды таратып жiберуi, жекешелендiру саясатының бұрмалануы қателiк болды. Ендi ұсақталған, майдаланған шаруа қожалықтарын iрiлендiрудi қолға алмақшы. Бұл – ақылға қонар шаруа. Бiрақ, құжаттарды толтыру, iрi шаруашылықтарды заңдастыру жолдарында тағы да қателiкке ұрынбай, дұрыс жолды таңдай бiлсе, сонда ғана халыққа ыңғайлы шешiм табылар едi. Жеке адамның баюын ойластырмай, жалпы қарапайым халық ұтылмайтын жағдаятты жасаған жөн. Заң шығаратын орындар осы жағына айрықша назар аударса екен. – Отбасыңыз жайлы, Роза жеңгемiз туралы әңгiмеге ойыссақ. – Роза – Құдай берген алты перзентiмнiң анасы. Екi енесiнiң қас-қабағына қарап, солардың обайын тапқан сүйiктi келiн. Менi де, балаларды да оқытқан осы Роза ғой. Алдымен өз отбасына, одан кейiн ауыл-аймаққа жаққан Розаны айрықша құрметтеймiн. Оны ұл-қыздары да жақсы бiледi. "Ұяда ненi көрсең – ұшқанда соны iлерсiң" дегендей, Аллаға мың да бiр шүкiршiлiк етемiн, ұлдарым да, қыздарым да өз алдарына отау тiгiп, үйлi-жайлы болып, бiр-бiр шаңырақтың түтiнiн түзу шығарып жүр. Құдай берген үш ұл, үш қызымыз бар. Қазiр солардың тiлеуiндемiз. Ат үстiнде жүрiп, елдiң көзiне түсiп қалған азамат қария болса да үйде қол қусырып отыра алмайды екен. Ауданның қоғамдық жұмыстарынан қалған емеспiн. Әл-қадiрiмше әлi де халқыма қызмет жасай беремiн. Иә, жетпiстiң желкесiнен мықтап ұстаған Әбдiкәрiм қарияның жастарға айтар ақыл-кеңесi, замандастарына берер тәлiм-тәрбиесi, елу жылға жуық жинаған еңбек тәжiрибесi кiмге болса да үлгi-өнеге. Суықбұлақтың кәусар суын iшiп өскен бала Әбдiкәрiм, бұл күндерi қазына-қария атанып, туған өлкесiнiң тұлғалы азаматтарының бiрiне айналып, ел ақсақалына айналып отыр.
Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметтi журналисi