ДАРАБОЗДАР ДАРАЛАНДЫ

ДАРАБОЗДАР ДАРАЛАНДЫ

ДАРАБОЗДАР ДАРАЛАНДЫ
ашық дереккөзі
500

Жақында бесiншi мәрте ұйымдастырылып, елiмiзде балалар әдебиетiн дамытуға елеулi үлес қосқан "Дарабоз" әдеби бәйгесi өз мәресiне жеттi.

Балалар әдебиетi де әр кезеңде өз деңгейiнде көрiнiс тауып, қажетiнше дамып отырды. Бердiбек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев т.б таланттардың балаларға жазған қайталанбас туындылары әлi күнге дейiн оқырманның жадында. Қазiргi кезде елге танымал ақын-жазушылар әдебиеттегi қадамдарын осы балалар әдебиетiнен бастаған. М.Әлiмбаев, Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, С. Иманасов, С. Қалиұлы, Ш. Күмiсбайұлы сынды қабырғалы қаламгерлер – балалар әдебиетiнiң майдангерлерi, әрi осы саланың еңсесiн биiктеткен сөз зергерлерi. Бүгiнгi балалар әдебиетiн осындай кiсiлер ұстап тұр. Ал оларға тыңнан келiп қосылатын шығармашылық күш-жiгерi бар жас қалам иелерi әзiрге бiрен-саран. Осының салдарынан балалар әдебиетi кенжелеп қалды.

Балалар әдебиетiне аумалы-төкпелi кезеңдер де өз әсерiн тигiзбей қоймады. Әуелi күнделiктi оқитын әдеби кiтаптардан айырды, одан кiтап дүкендерi жабылды… Нарық балалар әдебиетiнiң жағдайын тiптен нашарлатты. Осының бәрi балалар әдебиетiнiң дамымай жатқанына өз әсерiн тигiздi. Қазiргi балалар "Алпамыс", "Қобыланды", "Ер Тарғын", жырларын оқымайды… Олар Қабанбай, Наурызбайлардан гөрi, "Шрек", "Өрмекшi адам", "Бэтман", "Найтмэн" секiлдi тұлғалармен тыныстауда. Ешқандай компьютер һәм теледидар көркем әдебиеттiң орнын баса алмасы шындық. Ұлттық құндылықты бойына сiңiрмеген жеткiншектердiң болашағын көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Осындай олқылықтардың орнын толтыру барысында дәстүрлi "Дарабоз" бәйгесi ұйымдастырылып келедi.

Биылғы бәйге қорытындысы төмендегiдей болды. Бәйге қоржынына 125 хат түсiп, 446 шығарма тiркелген. Өкiнiшке қарай, 15 шығарма бәйге шартына сай келмеген. Сонымен, "Дарабоз" халықаралық бәйгесiнiң нәтижесi былай. Бас бәйгенi "Егiздер" өлеңдер топтамасы үшiн белгiлi балалар ақыны Қастек Баянбай алды. Бiрiншi екi бәйгенiң бiреуi Баян Болатханованың "Бибiжар мен Бойтұмар" хикаяты және "Мезгiл-мезет мектебi" өлеңдер топтамасы үшiн Әбубәкiр Қайранға бұйырды. Екiншi орын екi қаламгерге "Екiншi үйiм – қазынам" өлеңдер топтамасының авторы Ертай Ашықбаев пен "Алтын шеке" хикаятының авторы Жақыпжан Нұрғожаевқа бұйырды. Үшiншi үш бәйгеге "Ақ ұлпа сезiм-ақша қар" күнделiк-хикаяты үшiн Нұрғали Ораз, "Махаббаттың ақ жауыны" повесiнiң авторы Дiлдәр Мамырбаева және "Бүркiт пен Бүркiтшi" әңгiмесi үшiн Тұрдыақын Жексенбай лайық деп танылды. Төрт ынталандыру бәйгесi Гүлжан Абированың "Үш әңгiме" (Үштаған), Әлiбек Байболдың "Темiржол вокзалы" хикаяты, Әлiбек Файзуллаұлының "Бөрiлi сайдың бөлтiрiктерi" және сахналық қойылымдар (үш шағын пьесса) авторы Қанат Қайымовқа бұйырды. Байқаудың демеушiсi, "ZHERSU" инвестициялық-өндiрiстiк корпорациясының басшысы Бауыржан Оспановтың айтуынша, бүгiнгi жеңiмпаздардың шығармалары және бұған дейiн "Кәусар бұлақ" деген атпен шыққан кiтаптарды болашақта орыс тiлiне және ағылшын тiлiне аудару жоспарланып отыр. "Сонымен қатар, байқауға келiп түскен шығармаларға кино түсiрудi, қойылымдар қоюды жоспарлап отырмыз және алдағы уақытта байқаудың арнайы сайтын ашуды ойластырудамыз. Сайтқа хат жазушылардың байқау туралы пiкiрi жақсы болса, байқау бюджетiн 10 миллионға дейiн өсiруге уәде беремiн", – дедi ол. Кештi әсерлi еткен тұсы мынау едi. 1913 жылы Есенқұл Маманов 2 мың теңгеге бәйге тiгiп, байқау жариялапты. Сонда 2 бәйгенi С.Торайғыровтың "Қамар сұлу" романы мен Тайыр Жомартбаевтың "Қыз берелiк" шығармасы жеңiп алыпты. Жиналғандарға осы алғашқы бәйгенiң тағылымды тарихы айтылды.

Бауыржан ӘЛIҚОЖА, ҚазҰУ-дiң студентi

Серіктес жаңалықтары