БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ҚАЗАҚТАР «ЕКIНШI САНАТТА»

БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ҚАЗАҚТАР «ЕКIНШI САНАТТА»

БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ҚАЗАҚТАР «ЕКIНШI САНАТТА»
ашық дереккөзі
275

"Түркiстан" газетi бұған дейiн де Байқоңыр қаласы мен ұшыру айлағына қатысты шешiмiн таппаған бiрқатар мәселелердi жариялап келдi. Қазақстанның территориясында тұрса да Ресейдiң шартты бөлiгi саналатын қала туралы сөз қозғалса алдымен ауызға экология мен экономикалық жақтары iлiгедi, ал жергiлiктi халықтың жағдайымен санасу мүлде байқалған емес. Барлық мәселе осыдан туындап отыр. Олай деуге негiз бар: халықтың әлеуметтiк шырғалаңы азаматтар арасында ғана емес, халықаралық дауға айналып кетуi ықтимал.

1955 жылы ұшыру айлағы салына бастағанда Байқоңыр қаласы да қатарласа бой көтердi. Әуелде Ленинск деп аталған қалашық бертiнде "Тайга" атауына ие болды. Ал 70-жылдарға қарай қалада қазақтардың үлес салмағы 1 пайызды ғана құрады. "Аса құпиялылыққа" байланысты қазақтарды қалаға жолатқан жоқ. Тек кейiннен ғана жергiлiктi тұрғындарға қалаға кiруге рұқсат етiлiп, 90-жылдардың ортасында қазақтардың саны 50 пайызға жеттi, бертiндеп 70 пайызды орталады. Екiжақты келiсiмге сәйкес қала басшылығы бiрге таңдалады, ал қалада билiктi Ресей заңнамасы мен ресейлiк әскери сот жүргiзiп келедi.

Байқоңыр қаласы мен ғарышқа ұшыру айлағын жалға алғаны үшiн "Роскосмос" жылына 115 миллион доллар төлейдi. Тәуелсiз сарапшылардың сөзiне сенсек, бұл қаржыны ендiгi инфляция жеп қойған. Туристердi ғарышқа ұшыру бұрын 20 миллион доллар болса, қазiр 35 миллион долларға көтерiлген. Ал жалға алынған жердiң ақшасы сол күйiнде. Жөн делiк. Десе де Қазақстан тарапы бұл төлемақыны нақты ақшамен алмайтын көрiнедi, яғни Ресей әскери оқу орындарындағы қазақстандықтардың бiлiм алуына, электроэнергияны жеткiзу мен тепловоз жөндеуiне ұстап қалады. Бұл әдiстi де елiмiздiң өзi ұсынған бiр кездерi. Дегенмен де, экономикалық шарттылықты былай қойғанда, халықты алаңдататын түйткiлдер әлi күнге жетiп артылады.

Кейбiр ақпарат деректерiне қарағанда, соңғы кездерi қалада жергiлiктi халық арасында дау-жанжал көбейiп, ушығудың аз-ақ алдында тұр. Мәселен, жуырда болған даулы оқиғалардың бiрi соның дәлелi. Қазақтың әдеттегi тойлары секiлдi сәуiрдiң 22-жұлдызында байқоңырлық қазақтар үйлену тойын тойлап жатады. Тойға келген жiгiттер үлкендердiң көзiнен тысқарырақ аулаға барып, сыра iше бастайды. Бiрақ аулада олар жалғыз болмаған. Әрiректе отырған Ресей азаматтары бұл уақытта арақты сiлтеп отырады. Алайда, қаланың тәртiп сақшылары бiр аулада отырған Ресей азаматтарына емес, қазақ жiгiттерiне ғана ескерту жасайды. Ашуға булыққан қазақ азаматтары ресейлiк сақшыларға «арақ iшiп отырғандарды неге көрмейсiңдер?» деп қарсы келген. Расында, тәртiп сақшылары оларды қаперiне де алмаған көрiнедi. Сондықтан қазақ жiгiттерiн соққыға жығып, көкке екi рет оқ атылады. Бұл төбелестен кейiн сақшылардың бiрi ауруханаға түседi де, жаңағы ықшамауданға қосымша көмек шақырылып, қазақ жiгiттерi қамауға алынады.

Бұдан кейiн той жайына қалып, он шақты адам IIД-нiң алдында пикет ұйымдастырып, тәртiп бұзушылықтың орын алғанын айтады. Үстiрт қарағанда, екi ел арасына жанжал салатындай оқиға емес. Бiрақ дереу бұл араға Байқоңыр қаласының мэрi Александр Мезенцев, ҚР Президентiнiң арнайы өкiлi Сәбит Қожаметов, сондай-ақ ФҚҚ және ҰҚК қызметкерлерi келiп жетедi. Арада екi сағат өткен соң қамауға алынған төртеудi қаладан кетпеу туралы анықтамамен босатады. Әрине, iс мұнымен тынған жоқ. Келесi дүйсенбiде, яғни 26 сәуiрде, Байқоңыр қаласында осы мәселеге қатысты отырыс өтедi. Мұнда белгiлi болғандай, РФ азаматшасы қазақ балаларының тәртiп бұзғанын айтып, сақшыларды арнайы шақырғанын мойындаған болып шықты. Бұдан шығатын қорытындыға сенсек, орынсыз оқ атқан ресейлiк сақшының iсi заңды, ал қазақ жiгiттерi заңбұзушылыққа барған.

Иә, бұл қалада мұндай оқиғалар iшiнара бой көрсетуде. Жергiлiктi халықтың шыдамы да таусылған көрiнедi. Кейбiр ақпараттарға қарағанда, қалада осы мәселелерге алаңдаушылық бiлдiрген парақшалар таратылған сияқты. Онда қазақтардың "екiншi санатта" екенi көрсетiлсе керек. Бұл аз десеңiз, ресейлiктердiң еңбекақысы анағұрлым көп, ал қазақстандықтарға әлеуметтiк жеңiлдiктер де қарастырылмаған екен. Тiптi, Ақай ауылдық округiнiң азаматтары мүлде жұмысқа алынбайтын көрiнедi немесе сөзбұйдаға салынады екен. ҚР азаматтарына көрсетiлетiн көмек мөлшерi бiркелкi жағдайда өмiр сүрiп жатқан РФ азаматтарына қарағанда, айтарлықтай төмен. Сонымен қатар "Байқоңыр" кешенiндегi Ресей ұйымдарында жұмыс iстеген Қазақстан азаматтарына зейнетақы тағайындаудағы келеңсiздiктер өз алдына бiр мәселе. Елiмiздiң зейнетақы жинақтаушы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбейдi. Сондықтан зейнетақы рәсiмдеу кезiнде рубль мен теңге арақатынасына байланысты төмен зейнетақы тағайындалады. Бұл жағдай Байқоңырда бұрыннан байқалған, бiрақ көнбiс халық әлi де «үйдей бәледен үндемей құтылам» деп келсе керек.

Ұзынқұлақтан естiгенiмiз, РФ "Еңбек туралы "Заң бойынша қазақстандықтарға денсаулыққа байланысты демалыс пен еңбек демалысын беруге құқы жоқ болып шыққан. Қарсы келген халықты "мұнда тұрған ештеңе жоқ, Мәскеудегi гастарбайтерлерге де осы заң қолданады" дептi-мыс. Қазақстан азаматтарының сұрауы бойынша Мәскеуге арнайы хат жолданып, бұл iс Байқоңырдағы заңгерлердiң өзiне ыңғайластырған қитұрқылығы екенi анықталды.

Әлеуметтiк мәселелерге келгенде осы аймақтан сайланған депутаттар да шарасыз. Билiк – Ресейдiкi, басқару құқы өзiнде.

Бiрақ, ғарыш айлағының бар қасiретiн бiздiң азаматтарымыз тартуда. 1996 жылдан берi зымыранға қатысты 7 апат болған. Оның алғашқы 4 зымыран тасығышында зиянды отын болған жоқ. Керосин мен оттегi ғана болған. Өкiнiшке қарай, соңғы 3 оқиға кезiнде зымыранда гептил, амил сынды зиянды заттар қалған. Байқоңырдан "Протон" зымыран тасығышы ұшырылса, үш облыстағы тұрғындардың зәре-құты қашады. Бұрын Қызылорда мен Қарағандыға жарғышақтардың құлағаны соның куәсi. Ал "Протон" Ресейдiң негiзгi зымыран тасығышы болғандықтан, оны ұшырмау идеясынан үзiлдi-кесiлдi бас тартып отыр.

Осыдан 8 жыл бұрын бұл жерде қайғылы оқиға орын алды. 2002 жылы "113-алаң" деп аталатын "Буран" ғарыштық желқайығы мен "Энергия" зымыран тасығышы тұрған ангар құлап, 9 адамның өмiрiн қиды. Қаза тапқан адамдардың барлығы Қазалы қаласында тұратын ҚР азаматтары. Бұл кезде Ресей тарапы бiржолғы төлемақымен құтылды. Ал материалдық көмек сол күйiнше берiлген жоқ. Неге екенi белгiсiз, бұл апат кезiнде БАҚ көзiнен жасырын қалды.

Иә, Байқоңырға қатысты проблема бұл ғана емес. Алайда, шартты түрде өзгенiң, сүйегi өзiмiздiң елдегi жақын да болса жат қаланың тағдыры екi тарапты алаңдатпайтын секiлдi. Жуырда Байқоңыр қаласына қатысты бiрқатар заң жобаларын ратификациялау жөнiндегi депуттаттар отырысында сөз сөйлеген Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев "Детсады, всякие там…это пенсии-менсии это не наш вопрос. Бiздiкi емес", – деп айтты. Бұдан кейiн мұңыңды кiмге шағасың? Бiрақ осы отырыста белгiлi болғандай, қаладағы екiге жарылған халықтың жағдайы бәрiне белгiлi болып шықты. Десе де 2000 жылдан берi "Роскосмос" Байқоңыр қаласын жалға беру келiсiмiнен шығарып тастауды ұсынып жүр. Ал ғарыш айлағында жұмыс iстейтiн ресейлiктердi сол маңайға орналастырмақ. Бiрақ, әлi күнге дейiн бұл мәселеге тура көңiл бөлiнбей келедi.

Қазақстанның "Бәйтерек" зымыран кешенiне қатысты мәселелер әлi күнге айқын болмай тұр. Кешеннiң салынып жатқандығын, иә құрылыстың тоқтап тұрғандығы белгiсiз. Бiрақ Т.Мұсабаев: "Бәйтеректi" салып жатырмыз. Бiрақ қазiр оның құрылысы тоқтап тұр. Бұл жобаға екiтараптан 223 миллион доллар бөлiнген. Өйткенi, Ресей бiздiң мәселеге қатысты өзгерiстер мен толықтыруларымызды қараудан бас тартып отыр" деген-дi. Бұл сөздiң жаны бар. Себебi, жыл басынан берi ресейлiктер Байқоңырға қатысты заңбұзуышлықтардың орын алғанын және жаңа "ҚазСат" аппаратының құрылысына байланысты жанжалдарды доғармай келедi. "Роскосмостың" басшысының айтуынша, байқоңырлықтардың жағдайына тек қызыға қарау керек екен. Сондықтан, әлеуметтiк мәселелерге келгенде, жағдайды шешуге құлықсыздық танытып отыр.

Өз жерiнде аунап-қунаудан адыра қалған байқоңырлықтардың қордаланған назы мен мұңын кiмге шағарын бiлмей, бейдауа күн кешуде.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары