АЯЛДАМАЛАРДЫ КIМ ҰРЛАЙДЫ?

АЯЛДАМАЛАРДЫ КIМ ҰРЛАЙДЫ?

АЯЛДАМАЛАРДЫ КIМ ҰРЛАЙДЫ?
ашық дереккөзі
305

Алматы қаласындағы қаптаған аялдамалардың түрлi түйткiлдерi бар. "Судың да сұрауы бар" демекшi аялдамалар кейде тұрған орнынан ұшты-күйлi жоғалып, жолаушы қауымды әбiгерге салады. Жақында Абай мен Гагарин көшелерiнiң қиылысындағы қалқайып қара көрсетiп тұратын аялдамадан бағандардың түбiртегi ғана қалыпты.

Бiрақ түнде көзден таса болған аялдаманың жоқтығы бiрден байқалды. Таңертеңгiлiк жұмысқа шыққан халыққа қас қылғанда автобус тоқтамай дiңкесiн құртқан. Әуелде мән-жайды түсiнбеген жұрт бәрiне аялдаманың жоқтығы себепкер болғанын ұғып, кiмнен жоқтарын бiлмей дал болады. Күнделiктi орнында аялдаманың болмағанын байқап, жүргiзушiлер тоқтамай өтiп кетудi жөн санаған. Ал аялдаманың ұрланғаны, болмаса жаңасы салынатыны да белгiсiз. Осы кезде аялдаманың қарсысындағы "Алматыкiтап" жанынан осы маңайда жұмыс iстейтiн қызметкер Жансая Мұсаева: "Күнде тұрған аялдама кiмге керек болды? Орнына жаңасын қоятынын да айтпады. Зияны бiзге тиiп жатыр. Аялдаманың жоқтығын пайдаланып, алдын көлегейлеп көлiк қойып кетiп жатыр. Тоқтағысы келген автобустың жолын бөгеп, жолаушылардың уақытын алады" деп бiраз қиналыс бiлдiрдi.

Жалпы, Алматы қаласындағы аялдамаларды қалпына келтiру немесе жаңадан орнату мәселесiмен "РТС Деко" компаниясы айналысады. Аталмыш компания атқарған жұмыстары үшiн ешбiр ақы алмайтын көрiнедi. Есесiне, қалпына келтiрген аялдау пункттерiнде өз дүкенiн ашып, кәсiбiн жалғастыра бередi. Ал кейбiр аялдамалар жеке компанияларға сатылып та кеткен.

Бұдан үш-төрт жыл бұрын қала аялдамалары әдемi реңкiн сақтап тұратын. Бүгiнде, санитарлық талаптар сақталмағанымен қоса, тұрған орнынан жоғалып та кетедi. Әсiресе, халық тығыз орналасқан аудандарда болады. Мәселен, таяуда Сүйiнбай мен Райымбек көшелерiнiң қиылысындағы аялдамаға белгiлi бiр бағыттағы автобус соғылып, қиратып кеткен.

Бердiкей МҰҚАШ

Серіктес жаңалықтары