ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?
ашық дереккөзі
472

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасының жабылуы — тек қана Қырғызстанның экономикасына керi әсер етiп отырған жоқ, сондай-ақ, бұл қазақстандық саудагерлерi мен қарапайым тұтынушының да қалтасына батпандай жүк салып кеттi. 7-сәуiрдегi Қырғызстандағы раушан төңкерiсiнен кейiн Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызcтанмен арадағы шекараны тарс бекiткен едi. Елiмiз шекараны 6-мамырда қайта ашатындығын мәлiмдегенiмен, 9-мамыр — Жеңiс мейрамына орай 11-мамырға шегердi. Бiрақ, одан берi де бiрталай уақыт өткенiмен қазақ-қырғыз шекарасының ашылуы неғайбыл болып тұр.

Кейбiр ақпарат көздерi қазақ-қырғыз шекарасы жыл соңына дейiн ашылмауы мүмкiн деген болжамдар айтып жатыр. Қазiр Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара бекетiнде күзет күшейтiлген. Тек бiрлi-жарым жүк тасымалдаушылар ғана ары-берi өтуде. Қырғызстаннан шығуға ниет бiлдiрген Қазақстан азаматтары мен Қазақстаннан шығуға ниет еткен Қырғызстан азаматтарына ғана есiк ашылады. Қалғандарына тастүйiн. Бұл жағдай өзгеден бұрын екi елдiң қарапайым тұтынушысына салмақ түсiруде. Әуелi қырғыз саудагерлерi тауарларын өткiзуге зар болып отыр. Ол жақта сыртқы сауда негiзiнен Қазақстан арқылы жүзеге асып келген едi. Қырғызстан өзiнiң жеңiл өнеркәсiп тауарларын, азық-түлiгiн Қазақстанға экспорттау арқылы күн көредi. Сондай-ақ, Қырғызстанның Дүниежүзi сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болуы көптеген кедендiк баж салығынан босауына мүмкiндiк берген. Демек, Қазақстанға келетiн қытай тауарының басым көпшiлiгi — Қырғызстан арқылы тасымалданып келген. Өйткенi, ДСҰ-ына мүше екi мемлекеттiң арасында кедендiк баж салығы жоқ. Сол себептi де Қырғызстанға қытай тауарлары сутегiн келедi екен. Қазақстанның қара базарындағы саудагерлер қытай тауарын Қытайдан емес, Қырғызстаннан таситын болған. Бұл тұтынушыға да, саудагерге де әжептәуiр жеңiлдiк тудырған едi. Бүгiнде жұрт арасында "Барахолка" атанып кеткен қара базарда баға 20-25 пайызға өскен. Қазiр Қазақстанның оңтүстiгiнде көкөнiс тапшылығы сезiле бастады. Жылда Алматыда осы уақытта картофель, сәбiз, капуста, пияз сияқты көкөнiстердiң ерте көктемгi өнiмдерi сатыла бастайтын. Бүгiнде ол жоқ, ал былтырғы көкөнiстердiң бағасы удай. Демек, бiз тек жеңiл өнеркәсiп өнiмдерi тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ, көкөнiс, жемiс-жидек бағасынан да қырғызға тәуелдi екенбiз. Қырғызстан Қазақстанмен арадағы шекараның жабылуы – елдi экономикалық күйреуге әкеледi деп дабыл қағуда. Ал, бiз үнсiзбiз. Қырғызстанның рыногындағы негiзгi тұтынушы – қазақтар. Қазақстанның оңтүстiк аймағы су, электро-энергияны да Қырғызстаннан алады. Әрине, осы тәуелдiлiктен келiп жатқан зиянды есептеп жатқан да ешкiм жоқ. Кейбiр ақпарат көздерi Қырғызстанның бiр айдағы бұлғақ тұсында ондаған миллион доллардың зиянын шеккенiн айтады.

Қарабазарда ең әуелi матаның бағасы шарықтап кеткен екен:

– Менiң негiзгi күнкөрiсiм – ұлттық бұйымдар тiгiп, саудалау. Бұрын базарда мата сутегiн едi. Сол себептi, менiң өнiмдерiм де арзанға түсетiн. Өткен аптада әдеттегiдей базарға келсем, матаның құны 50%-ға дейiн көтерiлiп кетiптi. Бұрын 100 теңге тұратын матаны 150 теңгеге әзер таптым. Тiптi, 200 теңгеге дейiн көтерiп жiберiптi. Ендi амал жоқ, мен де заттарымды қымбаттатуға тура келедi. Ал, менiң тұрақты клиенттерiм бұған көне қояр ма екен? Мен клиентсiз қалам ба деп қорқам, – дейдi демалыс күндерi қара базардан қажет тауарын iздеуге шыққан Бұлбұл Құмар.

Сатушы Айнұр Орақбаева тауарын амалсыз 20% қымбаттатқанын айтса, Қорлан Насылбекова Қытайдан тасымалдай бастағандығын жеткiздi. Бұл да қытай тауарларының айтарлықтай қымбаттайтынының көрiнiсi.

Яғни, қарабазарда сауда қызып тұр. Бiрақ, бұдан тұтынушы да, сатушы да пайда тауып тұрған жоқ. Тұтынушы қымбат тауарларды сатып алып қалтасын қақса, сатушы тауарын өзiндiк құнымен берiп, зиян шегуде. Қазақ-қырғыз шекарасының жабылуы ендi қанша уақытқа созылатыны беймәлiм. Қазақстан тарапы бұның тек Қырғызстанға ғана байланысты екендiгiн айтады. Егер, ондағы саяси жағдай тұрақтанатын болса, онда шекара ашылады, ал осылай жалғаса беретiн болса, ашылмайды дейдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары