АСТЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫН АЛЫПСАТАРЛАР КӨРУДЕ

АСТЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫН АЛЫПСАТАРЛАР КӨРУДЕ

АСТЫҚТЫҢ ПАЙДАСЫН АЛЫПСАТАРЛАР КӨРУДЕ
ашық дереккөзі
240

Халықаралық нарықта сапасы жоғары бағаланатын қазақ бидайын ирандықтар қолдан жасалған кедергiлердi сылтауратып, елдерiне кiргiзбей тастады. Ал ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер әлемдiк нарықтағы астық бағасының төмендеуiне байланысты қазақ бидайын экспорттау көлемi күрт төмендеп кеткенiн айтады.

Былтыр елiмiзде егiн ас та төк бiтiк шыққанымен, елеулi бөлiгi қар астында қалып, ысырап болғаны белгiлi. Сол себептi бүгiнде бiздiң шенеунiктер дәндi-дақылдардың өткен жылғы рекордтық көрсеткiштерi туралы ләм-мим, жақ ашқан емес. Ендiгi үмiт: былтырғы бидайды тиiмдi бағаға сату. Бүгiнде 1 тонна бидайды Қара теңiздегi портқа жеткiзу үшiн 70-80 доллар қажет. Бұл шығынды көтеру қиын болғандықтан, қазақтар жағы украиндар мен орыстардың экспортқа арналған астығы бiткенiн күтiп, басты бағытты Орталық Азия, Қап тауының етегi мен Иран, Ауғанстанға бұрған болатын. Алайда, әлемдiк нарықтағы дәндi-дақылдың ас та төк болуы себептi, аталған аймақтар да қазақтардың астығын сатып алуға асықпай отыр. Өйткенi, екi жыл бұрын 1 тоннасы 400 долларға бағаланған бидай бүгiнде 120-140 долларға күрт арзандап кеттi. 2009 жылы жалпы көлемi 20 млн. тоннаға жуық дәндi-дақыл өндiрген Қазақстан биыл 9-10 млн. тонна астық сатуды жоспарлаған едi. ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаевтың мәлiмдеуiнше, қазiргi кезде елiмiзде экспорттауға бағытталған 6,5 млн. тонна астық бар. Министр барлық үмiт халықаралық нарыққа дәндi-дақылды уақтылы әрi шашау шығармай жеткiзетiн темiржолшыларға байланысты екенiн айтты. Ал темiржолшылар болса, қолдан жасалынатын кедергiлерден зиян шегуде. 2010 жылдың 1-сәуiрiндегi есеп бойынша, былтырғы егiннен 5,7 млн. тонна астық сыртқа тасымалданған. Бұл 2009 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткiштен 32 пайызға артық. Өткен айда Сеулге сапарлаған Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың ресми кездесулерi барысында Оңтүстiк Кореяға 600 мың тонна астық экспорттауға келiсiлдi. Ал 1,5 млн. тонна бидай "Азық-түлiк корпорациясы" ҰК АҚ мен египеттiк Venus Internatinonal компаниясы арасында қол қойылған келiсiмге сәйкес, Египетке жеткiзiлуi тиiс. Өкiнiшке қарай, ұлттық мүдделер қақтығысына жиi ұрынатын халықаралық нарықта биыл бәсеке қызу. Былтыр Ресей мен Украинада да егiннiң бiтiк шыққанын ескерсек, халықаралық тұтынушыларды бiздiң бидаймен қамтамасыз ету қиынға соғуда. Оның үстiне, Иранның Мазандеран провинциясының Ауыл шаруашылығы басқармасы 2010 жылдың 4 мамырында Қазақстаннан келетiн ауыл шаруашылығы өнiмдерiн "кедендiк сүзгiден өткiзiлмеген" деген айып тағып, провинцияға енгiзуге тыйым салды. Отандық сарапшылар "бұл қадам – қазақ астығын ирандық нарықтан шетке ысырудың амалы" деген сенiмде. Себебi, Иранның сауда министрiнiң орынбасары Хамид Әли-Хани 2010-2011 жылдары Иран елге сырттан тасымалданатын астықтан бас тартатынын және 2010 жылдың мамырында 2 млн. тонна ирандық бидайды Египет, Оман, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспорттауды қолға алатынын мәлiмдеген болатын. Демек, 1,5 млн. тонна қазақ астығының биыл Египетке тасымалданатынын ескерсек, ирандықтар қазақтарға бәсекелес болуға ұмтылып отырғаны анық. Мемлекетаралық дауға әкеп соғатын мұндай мәселе тез арада шешiлсе, жақсы. Есесiне, Ирандағы кәсiпкерлер қазақ билiгi тарапынан арнайы көмектерден дәмелi. 2 сәуiр күнi Астанада өткiзiлген Халықаралық астық конференциясында Ресейге көрсетiлетiн жеңiлдiктердi көлденең тартқан ирандық трейдерлер ҚР Үкiметiнен қазақ астығын тасымалдауға субсидия қарастыруға өтiнiш бiлдiрдi. "Қазақстан Үкiметi Ресейге жеткiзiлетiн астыққа субсиядия бөледi деп естiдiм. Егер Ресейге жеңiлдiктер жасасаңыздар, Иран неге шет қалады?" деген ирандық Freedom Sky General Trading LLC компаниясының басшысы Можтаба Ансари Иранға 50 мың тонна көлемiнде дәндi-дақыл жiберуге ұсыныс жасап отырғандарын және Иранға бағытталатын 500 не 1000 арнайы вагонға мүдделi екендiктерiн көлденең тартты. Осылайша, талап қоя отырып, серiктестiктi кеңейтуге ұсыныс айтқан ирандық кәсiпкерге "ҚазАгро" ҰК жетекшiсi Асылжан Мамытбеков Қазақстан астығына бәсекелестiк жоқ елдерге ғана субсидия қарастырылатынын айтты: Ал "қазақ астығы ирандық нарықта бәсекеге қабiлеттi. Иранға тасымалдау көңiлiмiзге жақпайтындықтан емес, қарапайым есептен тұратын қадам ғана, астарында саяси сарын жоқ". Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ, орыстар елiне экспортталатын астықтың бағасы көтерiлдi. Қазақстан экономикасын модернизациялау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның мәлiмдеуiнше, Қазақстан Қытайға сататын астық бағасын тоннасына 40 АҚШ долларына бағалаған. "Қазақстан Темiр Жолы" ҰК вице-президентi Ермек Қизатов тасымал құнын төмендету үшiн бөлiнетiн (әр тоннаға – 40 доллардан) жеңiлдiк Ресейге де қатысты екендiгiн жеткiздi. Аспанасты елi арқылы тасымалданатын бидайдың шығындарын өтеу мақсатында бүгiнде 5 млрд. теңге (33 млн. доллар) бөлiнген. Аталған қаражат үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiне дейiн есептелген. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрi Марат Оразаев үстiмiздегi жылдың наурызында Үкiметке Ресей арқылы жеткiзiлетiн астықтың тасымал шығынын арзандату үшiн субсидияны 40 долларға дейiн көтерiп, ол тiзiмге Қытай мен Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiн де қосуға ұсыныс бiлдiргендiгiн айтқан болатын. Бұл бастаманы iлiп әкеткен Министрлер кабинетi көп ұзамай-ақ, тарифтердi қайта сүзгiден өткiзе келе, Ресейге – 400 мың тонна, Қытай мен Оңтүстiк Азия елдерiне 200 мың тонна бидай экспорттауға шешiм қабылдады. Жоспарға сәйкес, жуық арада оңтүстiказиялық аймаққа экспортталатын астық көлемi 3 млн. тоннаға дейiн жеткiзiлуi мүмкiн.

2012 жылға қарай Қазақстан ұзындығы 677 шақырымға созылатын Өзен-Горган (Қазақстан – Түркiменстан – Иран) темiр жолын тарту арқылы Иранға тасымалданатын дәндi-дақылдың көлемiн 5 млн. тоннаға дейiн жеткiзудi көздеп отыр. Ақтаудағы порттың жұмысын жақсартудың арқасында былтыр Каспий арқылы – 1 млн. тонна, ал темiр жол арқылы 1 млн. тонна бидай экспортталған. 2011 жылдың желтоқсанында пайдалануға берiлуi тиiс Өзен (Қазақстан) – Қызылқия-Берекет-Этрек (Түркiменстан) – Горган (Иран) темiр жолы Қазақстанды Ресейдiң орталық аймақтарымен, Түркiменстанмен, Иранмен және Парсы шығанағы елдерiмен тiкелей байланыстыруға жағдай жасайды. Қазақстандық аймақтағы бөлiгi 60,8 млрд. теңгеге бағаланған темiр жол алғашқы жылы 9,6 млн. тонна бидай экспорттауға қауқарлы. Осылайша, халықаралық тасымал жолдарын қарастырумен бiрге отандық астық саудасындағы делдалдар мен алыпсатарлар мәселесiмен де бас қатырған қазақ Үкiметi өнiм өндiрушiлердi қолдай отырып, ортадағы алыпсатарларды нарықтан аластауға мүдделi. Алайда, билiк бишiгi қарапайым халықты теспей соратын делдалдарға келгенде күмiлжи беретiнi өкiнiштi. Өйткенi, пайда қуған алыпсатарлардың кесiрiнен нарықта аласапыран. Мұны шенеунiктер де бiлiп отыр.

Астық трейдерлерiнiң болжамдарына сүйенсек, 2010 жылы егiн былтырғыдан 15 пайызға кем жиналады. Өйткенi, сәуiр мен мамырда жауын-шашын көп түстi, бiрақ маусым сәл құрғақтау болатындықтан, көрсеткiшке керi әсер етпек. Ал американдықтар жасаған болжам керiсiнше. Қазақтардың бидайының болашағына болжам жасауға ерiнбеген АҚШ ауыл шаруашылығы министрлiгi Қазақстандағы бидай өндiрiсi (17 млн. тонна) мен экспорты (7,5 млн.) өзгерiссiз қалатынын мәлiмдедi. Әзiрге кiмнiң болжамы шындыққа жанасатыны белгiсiз. Отандық мамандардың көпшiлiгi нақты болжам маусымның ортасына қарай жасалатынын ескертедi. Өкiнiшке қарай, жаздағы құрғақшылық кезiнде жердегi ылғалды сақтап қалуға тырысқан диқандардың барлығында бiрдей қаражат жетiспейдi. Тағы бiр қиындық, бiтiк шыққан бидайды элеваторларда елеу де диқандар үшiн тым қымбатқа түстi. Мысалы, үшiншi сортты бидайдың әр тоннасына 10-12 мың теңгеге дейiн жеткен. Мұндайда диқан еңбегiнiң жемiсiн делдалдар мен алыпсатарлардың көрiп жатқанына ғана налуға тура келедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары