НАШАҚОРЛЫҚ ҚОҒАМ ДЕРТI ЕСIРТКIГЕ БОЙ АЛДЫРҒАН

НАШАҚОРЛЫҚ ҚОҒАМ ДЕРТI ЕСIРТКIГЕ БОЙ АЛДЫРҒАН

НАШАҚОРЛЫҚ ҚОҒАМ ДЕРТI ЕСIРТКIГЕ БОЙ АЛДЫРҒАН
ашық дереккөзі
328

Бүгiнгi күнi елiмiзде 50 мыңнан астам нашақор болса, түрлi есiрткi заттарды: (анаша, марихуана, банг, хусус, дагга) пайдаланушылардың саны 350 мыңнан асып жығылады екен. Бұдан ғасыр iндетiне шалдыққандар саны күн санап артып отырғандығын байқауға болады. 2008 жылы оңтүстiк астанада 800-дей есiрткi саудалаушы қолға түссе, 2009 жылы құрыққа iлiнгендер саны 1100-ден асқан. Бұл мәселенi сөз еткенде мына бiр оқиға ойыма ерiксiз орала бередi.

Өткен жылдың мамыр айының жайма шуақ күндерiнiң бiрiнде Алатау ауылындағы Виктор (аты өзгертiлiп алынды) деген азаматтың үйiнiң шамы түн ортасы ауғанша сөнген жоқ. Себебi, осындағы орта мектептiң 7-сыныбында оқитын қызы Катя аяқ асты жоғалып кеттi. Бiрiншi күнi бұған пәлендей мән берген жоқ. Өйткенi кей күндерi ауыл шетiндегi әпкесiнiң үйiне барып, қонып қала беретiн. Катяның анасы Валя екiншi күнi түнiмен мазасызданып ұйықтай алмай шықты. Таңертең:

– Мен түнiмен дөңбекшiп Катяны ойлап шықтым. Сол бала бiрдемеге ұшырап жүрмесе де, – дедi әпкесiне.

– Сен жылап-сықтай берме. Алматыға бар, полицияға хабарла. Қазiр не деуге болады? Сөйт, қарағым, – дедi әпкесi.

Валя Алматыға түс әлетiнде келдi. Әуелi қалалық iшкi iстер басқармасына соқты. Кезекшi полиция қызметкерi бұның айтқандарын мұқият тыңдап алды да, учаскелiк инспекторға жiбердi. Оның да есiк алдында жолыға кеткенi. Кеңсеге кiрiп, болған жағдайдың барлығын бүге-шүгесiне дейiн қалдырмай айтып бердi. Сол күнi аға лейтенант екеуiнiң бармаған жерi қалмады. Кинотеатр, бақ, базар маңының бәрiн сүзiп, қарап шықты. Тек, ертеңiнде түнгi сағат он шамасында шаршаңқы кейiптегi көздерi қызарған Катяны "Авангард" кинотеатрының қасынан кезiктiргенде Валя байғұс әрi қуаныштан, әрi қорқыныштан жылап жiбередi.

Учаскелiк инспектордың қойған сұрақтарына Катя: "Жай қыдырдым, туыстарымның үйiнде жүрдiм" дегеннен басқа жарытымды ештеңе айтпады. Нашақорлардың тобына кезiгiп, анашаның дәмiн татқанын бүгiп қалған едi. Үйге келген соң да, әке-шешесiнiң сұрақтарына мардымды жауап қатпады. Ақыры: "Егер бүйтiп мазалай берсеңдер, тағы да кетiп қалам", – деп зәрелерiн алған соң, олар үнсiз қалды.

– Он төрт жастағы жас қыздың нашақорлар тобына түскенiн бiрден сезген болатынмын, – дейдi учаскелiк инспектор Қанат. – Бiрақ Катяны алғаш iздеп тапқан күнi бiздiң қолымызда оның наша тартқанын дәлелдейтiн айғақ жоқ едi. Күдiк – айыптауға негiз болмайды ғой. Бар болғаны оны есепке алдым. Ол оқитын мектептiң әкiмшiлiгiне қатынас қағаз жаздым. Алайда, Катяның тұп-тура бiр жыл өткен соң, ауыр дертке шалдығатынын кiм бiлген…

…Катя сол бiр мамыр айындағы аяқ асты жолыға кеткен "көңiлдi" топқа барғысы келiп, байыз таппай жүрдi. Иә, барлық пәле сол қарғыс атқан күннен басталды емес пе?

Алматы қаласындағы жаздық би алаңына барған кештi ұмыта алмай жүрдi. "Апыр-ау, ауылда жүрiп түк көрмей өсiппiз ғой. Шiркiн, қалаға не жетсiн", – деп ойлаған сонда.

Бәлкiм, оның бұл жеңiлтектiгiне бетiнен қақпай, ерке-тотай болып өскендiгi себепшi болды ма екен? Әйтпесе, небәрi жетiншi класта оқитын қыз әке-шешесiнiң рұқсатынсыз, ешқандай себеп-салдарсыз қалаға неге кетедi. "Жалғыз қызымыз" деп еркелетiп өсiрген әке-шешенiң кiнәсi ерекше екендiгiн жасыруға болмайды, әрине. Егер, Катяның ата-анасы қыздарының тағдырына басқаша қарар болса, мұндай өкiнiштi жағдай болар ма едi?!

Әзiрше көңiлдегi сұраққа жауап жоқ.

– Бастапқыда Катя қасарысып "бiлмеймiн" дегеннен өзге ештеңе айтпады, – дейдi әңгiмесiн сабақтай түскен аға лейтенант. – Оның нашақорлар тобына барып "шырмалғанын" соңынан ақтадық. Барлығы да ұсталып, әдiл заңмен тиiстi жазаларын алды.

Ал, Катя мектепте де, үйiнде де қатаң бақылауға тап болған соң, бұрынғысынша өз құрбыларының қатарында сабағын оқып жатты. Бұған бәрiмiз де қуанып жүрдiк. Бiрақ, бұл қуанышымыз ұзаққа жетпедi. Арада жарты жыл өткен соң Катя екiншi рет аяқ астынан жоғалып кеттi. Үлкен әпкесi оны тағы да басқа топтың ортасынан тауып, инспекцияға алып келдi. Катяны бөлiмде қалдырып, нашақорлар шоғырланған үйге iзiнше жетiп барған едiк, өкiнiшке орай олар орындарын сипатып кеттi.

– Катяның қазiргi жағдайы қалай?

– Сiз бiлесiз бе, нашақорлыққа әсiресе жас организм жылдам берiледi ғой. Ең өкiнiштi оқиға соңынан болды. Наркологиялық кабинет жас қызды нашақор деп тауып, Алматыдағы республикалық психиатриялық ауруханаға жолдады. Осы жерде организмдi жайлаған қатерлi дертпен күрес басталды. Жас қыз сондай-ақ қатерлi ми ауруына шалдығыпты. Медициналық зерттеу мұндай сырқаттардың 10 пайызы ғана сау адамдар қатарына қосыла алатынын көрсетiп отыр.

…Жақсылыққа жаманшылық жолмен жете алмайсың. Жамандықтың соңы жамандықпен аяқталар деген осы да. Бұл жерде тәртiптiң ең тамаша мектебi – отбасы екендiгiн Виктор мен әйелi қалай ескермеген десеңшi. Сондай-ақ, жақсы тәрбие әдетке айналса – ырыс, жаман тәрбие әдетке айналса – қасiрет екендiгiн де әр кез естен шығармағанымыз жөн-ау.

Есiрткiге бой алдырған Катяның ендiгi тағдыры не болар екен? Оның тағдыры бiздiң қаракөз қыздарымызда да болмаса деңiз.

P.S. БҰҰ-ның мәлiметiне сүйенсек, жер бетiндегi есiрткiге тым тәуелдi адамдардың саны 30 миллионнан артқан. Соңғы кездерi есiрткiнiң синтетикалық жолмен жасалатын түрiне сұраныс көбейiп барады. Бұған жалпы саны 50 миллиондай адам құмартады екен. Есiрткiнiң әлемге барынша кең тараған түрi марихуана болып есептеледi. Оны әлемде 150 миллионнан астам адам пайдаланады. Ал кокаин мен апиынға 20 миллиондай адамның жаны құмар. Есiрткi тұтыну жағынан Солтүстiк, Орталық және Оңтүстiк Америка, Кариб бассейнi аймақтарының адамдары алда тұр. Ал оны өндiрушi әрi тасымалдаушы аймақ ретiнде Орталық Азия елдерi ерекше аталады. Кейбiр деректерге сүйенсек, Ауғанстан әлемдегi наша өндiрiсiнiң 90 пайызын бiр өзi қамтиды. Әйткенмен, Ауғанстандағы есiрткi өндiрiсiне қажеттi синтетикалық материалдар осы аймақтан және де Еуропадан жеткiзiледi. Наша саудасында әр жылы 300-500 млрд долларға дейiн ақша айналады.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, журналист

Серіктес жаңалықтары