АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБI БОЛМАЙ ТҰР

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБI БОЛМАЙ ТҰР

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБI БОЛМАЙ ТҰР
ашық дереккөзі
245

Елбасы кейiнгi ұрпақты техникалық мамандықтарға бейiмдеп тәрбиелеу керектiгiн талай рет тiлге тиек еттi. Тiптi, жоғары оқу орындарына межеленген гранттың көбiн техникалық сала факультеттерiне бөлiп келедi. Бұл бiз үшiн үлкен жетiстiк. Бiр кездерi бұзылған техникамыздың бәрiн жатжұрт өкiлдерi жөндеген болса, бұдан былай жастар арасынан бiлiктi мамандар топ жаратынына кәмiл сенемiн.

Құдайға шүкiр, қазiр Алматы қаласында физика-математикадан тереңдетiп оқытатын мектеп-гимназиялар бар. Онда қаладан қашық орналасқан елдiмекен оқушылары мен облыстағы балаларға бiлiм алуға мүмкiндiк жоқтың қасы. Қазiр небiр талантты, дарынды балалар өсiп келедi. Неге қазақы отбасы көп шоғырланған Алматы облысында физика-математика гимназиясын ашпаймыз?! Жаратылыстану бағытында бiлiм беретiн бiрде-бiр мектебi жоқ Алматы облысына бұл үлкен сын. Елбасының өзi халыққа арнаған Жолдауында: ""Бiз бүкiл елiмiз бойынша әлемдiк стандарттар деңгейiнде сапалы бiлiм беру қызметiн көрсетуге қол жеткiзуiмiз керек. Оқу жоспарына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бiрiншi кезекте математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгiзу керек. Сонымен қатар ғылыми жаратылыстану бейiнiндегi арнаулы сыныптар жүйесiн құру қарастырылған жөн" деген болатын.

Осы мектептi салатын жер де дайын сияқты. Экологиясы таза, өлкенiң ең көркем жерi Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алматы ауылдық аумағының Нұрлытау ауылындағы Шәкәрiм Құдайбердiұлы атындағы орта мектептiң негiзiнде физика-математика гимназиясын құру қажет. Егер осындай бiлiм ұясы ашылса, бұл мектеп тек аудан көлемiнде ғана емес, облыс, республика бойынша танымал болатынына сенiмiм мол. Бiр кездерi Алматы қаласындағы №173 физика-математика гимназиясының ашылуы мен қалыптасуы да айқын мысал бола алады. Бұл гимназияның бүгiнде жеткен жетiстiктерi де көз алдымызда.

Бұл мәселе жөнiнде аудандық, облыстық құзырлы орындарға хат жолдадым. Ұсыныс-сараптаманы Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқанов мырза қолдағанымен облыстық оқу бөлiмiнiң бастығы Л.Базарқұлова мен Қарасай аудандық оқу бөлiмiнiң бастығы Ұ.Бархинова қолдамай отыр. Өмiрдiң өзi талап етiп отырған iзгi iстi оңтайлы орындауға қолдан жасалған кедергiлер неге көп?!

Спандияр ДӘРКЕНБАЕВ,

Математикадан Бүкiлодақтық Олимпиада жеңiмпазы

Серіктес жаңалықтары