ӨЛЕҢ-ЖЫР ТАҢДАЙЫНА ҰЯ САЛҒАН

ӨЛЕҢ-ЖЫР ТАҢДАЙЫНА ҰЯ САЛҒАН

ӨЛЕҢ-ЖЫР ТАҢДАЙЫНА ҰЯ САЛҒАН
ашық дереккөзі
408

Халық ақыны Үмбетәлi Кәрiбаев музейiнiң директоры, ақын Надежда Лушниковамен сыр-сұхбат

— Надежда апай, Сiз Үмбетәлi ақынды тұңғыш рет қалай көрдiңiз?

— Алыстап кеттi ғой ол жылдар. "Прогресс" совхозының "Киров" атты орталығында "Тұрлыбек орыс қызын алыпты, беташарына шақырып жатыр" деген хабар лезде, үйдi-үйге тарады. Үш жүз түтiндi ауылдың жұрты жиналды.

Отқа май тастатты, шымылдық құрылды. Неке қиылды. Мұсылман деген сөздi алғаш естiдiм, пионер, комсомолдың шинелiнен шықтық емес пе, босаға аттаған қыздың бәрi мұсылман болуы шарт шығар деп бағаладым.

Шай құйып майысқан, орамал тартқан жас келiндер өзiнше келiстi-ақ. Қатарына отырып Үмекеңдерге, Үмбәтәлi ақынды айтам да, кесе әпердiм. Ол кiсi Алмабай деген ұста атамызбен қалжыңдасып, жырын төгiп-төгiп құрап та айтты, ұзақ дастаннан да үзiндiлер келтiрiп, сөзбен арасын жалғап та айтты. Үмекеңнiң сол уақытта жасы жетпiс бестi еңсерген, бойы жеңiл, сақал-мұрты сиректеу адам. Бiр қызығы, қолындағы қалақтай домбырасы өзiмен бiрге үнемi қопаңдап қозғалып отырады екен. Менiң басыма салған ақ орамал, шай кесенi ұсынған сайын басыма тұрмай бұлғақтайды. Тойшы жұрт үш-төрт сағат отырып, жырға көңiлi қанып, риза-қошпен, биiк-биiк бата сөзiн айтып тарасты. Үмбекеңдi осылайша тұңғыш рет көрдiм.

— Үмбетәлi ақын музейiн салуға ерекше көп күш-жiгер, қайрат, бiлiмiңiздi жұмсадыңыз. Музей қашан салынды, кiмдер қол ұшын бердi?

– Кенен Әзiрбаевтың 100 жылдық тойының тұсында, 1984 жылы. Алматы облысы атқару комитетiнiң орынбасары орындығына, бүкiл алашқа аты белгiлi, әдебиет, өнер, ғылымға көп еңбегi сiңген, ел басқарған iрi тұлға Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыз жайғасқан болатын.

Қазақтың кең маңдайына бере салған кiсi ғой, бiлiм-бiлiгiне жан iлеспейтiн ер азаматы. 1961 жылы Қызылордадағы қазақ қыздары оқитын бастауыш мектептiң мұғалiмдерiн даярлайтын педучилищенi бiтiрiп, өзiм ақын-қыз атанып қалған кезiм, Сырдария аудандық комсомол комитетiнде хатшылыққа сайланғанымда, Өзекең комсомолдың Орталық Комитетiндегi басшымыз болатын. Кейiн, 1971 жылдың басында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын да қолынан алдым. Бұл уақытта жеке өлеңдер жинағының авторы едiм.

Лауреаттық алардан бiрер ай бұрын Өзекеңнiң кеңсесiне шақырылдым. Талшыбықтай кезiмiз, екi балалы болсақ та. Жасыл таза жүн матадан тiгiлген көйлектiң сол жағынан етегiне дейiн ақ, қара шәйi жiппен ақ қайың ағашы кестеленiп, бас жағына жасыл жапырақтарын төгiлтiп қойған. Өзекең аппақ қайыңға бiр, маған бiр таңырқай қарады да, ештеңе айтпастан, шақырылғанымның себебiн жеткiздi. Баяғы комсомолда қол астында қызметтес болған достық, қайта айналып жалғасын тапты. Кенекеңнiң жүз жылдық тойына дайындықты, яғни қатысатын барша ақындардың киiм-кешегiнiң түр-түсiне дейiн таңдап тiккiздi, он күн бойы айтатын өлең-жырымызды сараптады. Өзге ауданнан айтысатын ешкiм шықпады ма, қайдам, Төрткен Кененқызынан өзгемiз өзiмiздiң Жамбыл ауданынан болдық. Үмбетәлi Кәрiбаев туралы айтып, музей ашылсыншы дегендi тiлек еттiм. Тойдан соң көп ұзамай ол кiсi хабарласты да: "Ашайық, бiрақ өзiң басқарасың!" — дедi.

Қыркүйектiң 11-күнi музейдi қолға алдым. Үмбетәлi атамның үйiнде пәтершiлер бар екен, кiре берiс бөлмесiнiң төбесiнен су ағып, кейбiр жерiнiң сылағы түскен екен. Ақынның үлкен қызы Зейнеп әпкемiзбен жұмысқа кiрiстiк. Сыладық, ақтадық, екi бөлмелi үйi пияздай болды да қалды. Ойладым, әжептеуiр түтiнi бар "Прогресс" совхозына осы бiр жатағандау ғана ақынның үйi жараспас, Өзекеңе жолығып, ел келiп-кетiп жататын, жұмыстан соң бала-шағасымен демалатын үлкен мұражай неге салмасқа дегендi айтуға оқталдым. Айттым да, ақылдастым да. Қиынның қиыны үй салу екен, әсiресе, жобада жоқ, дүниенi орнату оңай емес екен. Есеп-қисабын, сызу-архитектурасын кiтапша етiп түптеуге ақша табылды. Музейдi салуға қаржы iздеуге сабылуға тура келдi. Министрлiгiмiзде Қамалов деген жiгiт құрылыс жағын басқаратын. Әбден таусылғанымда сол кiсiден жөн сұрадым: "Бiр көмектессе, "Госстрой" ғана қарасады, бергi жақтың бәрi содан бөлiнетiн қаржыға тәуелдi. Сманқұлов деген жiгiтке жолығып, жағдайды айтып көргiн" — дедi. Бардым. "Дүйсенбi күнi ауданымыздың атқару комитетiндегi құрылыс-өндiрiс жағын басқаратын Кенжебек Омарбаев және совхоз директорын алып, сағат 11.00-де келетiн болыңыз" — дегенi. Кенжекең мен "Прогресс" совхозының директоры Епанчиндi ертiп Сманқұловқа бардым. Жақсылап өлең шығардым. Өзекеңнiң жай ғана жұқа нәрсеге, маңызы төмен мәселеге тiлек-өтiнiшiн айтпайтынын ұғатын жiгiт, жайраңдап қарсы алды. Маған қарады да: "Жүз мың жете ме?"— дедi. Басымды изедiм, жүрегiм қуанғаннан дүрсiл қақты-ау.

Мұражай құрылысы 1986 жылдың қазан айында басталып, 31 желтоқсанда аяқталды. 1987 жылымыз әдеби iзденiс жылы болды. Iшiн жасақтаумен, қазақша-орысша текстердi дайындаумен өттi. 1988 жылдың 8 шiлдесiнде ашылды.

– Әр музейдiң құндылығы — оның экспонаттарының сапалылығында. Музей залдарын таныстырып өтсеңiз?

– Музей орналасқан аула көлемi 53 шаршы жер. Музей Алматы облыстық халық депутаттары Кеңесi атқару комитетiнiң 1988 жылғы 8 шiлдедегi № 15-405 шешiмiмен ашылды. Ақынның өмiр жолы мен шығармашылығына арналған көрме залы, қор қоймасы 1988 жылы ашылған еңселi ғимаратта. Өз үйi 1945-48 соғыс жылдарынан кейiн салынған. Кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарында Қытайға босып кеткен қандастарын қайыруға көп септiгi тиген Үмбетәлiнiң жырлары ел құлағында, жадында қалды. 1946-1947 жылдары Қытайдың СУАР-ынан бiр топ өнер иелерi қыдыра келгенде, үкiмет адамдарынан Үмбетәлi ақынды сұрайды, үйiне барып арқалы жыр жорғасына сәлем беруге ниет бiлдiредi. Сонда бiр-ақ айда, бүгiнгi келушiлерiне құшақ жайған бұрынғы мемориал үйi салынды.

Осы жылдары "Қазақ елi" аталатын араб әрпiмен басылатын, Москвадан шығып, Қытайға тарайтын газетте Үмбетәлi мен Жамбылдың өлең-дастандары басылып, артынша Москвадағы баспаханадан арабша жазумен Үмбетәлiнiң жыр жинағы шықты. Редакторы Исабеков, музейге ақынның көп жылдар бойы сақтап келген қадiрлi жәдiгерi — жыр жинағы мен кiтапты Москвада шығару жайындағы келiсiм шартын, "Қазақ елi" газет-журналдың бiр данасын, естелiгiн арнайы сыйға тартты. Не деген ұқыпты азамат десеңшi, көзiнiң қарашығындай қырық жыл бойына бiр парағы бүктелмей сақталған.

Жаңадан салынған экспозициялық ғимараттағы көрмелер 14 витринаға орналасқан. Бүйiрдегi қос қабырғаға гипстен салынған көрiнiстер ақынның айтысы мен поэмасын кескiндейдi. Кiре берiсiнде, сол жағындағы қабырғада қаздай тiзiлген, қолдан майлы бояумен салынған портреттерден Үмбетәлi — ақынның замандастары, шәкiрттерi қарап қарсы алады. Оң қабырғада түгелдей О.Таңсықбаев салған Жамбыл атамыздың 100 жылдық тойы бейнеленген аса көрнектi суретте Кенен, Үмбетәлi, Иса, Шашубай, ғалымдар, көпшiлiк тойшы жұрт.

Келушiлер баспалдақпен көтерiлiп көрме залына кiредi. Қақ ортада өмiрiнде қалпақ пен китель киген Үмбетәлiнiң бюстi. Он шақты жiгiт көтеретiн бабадан жеткен мұра — қара шаңырақ төбеге қадалып, басқұр, шашақ ұсталған. Сол арадағы әйнектi №1 көрмеде қырғыз күйшiсi Мұратәлiнiң қомузы, Таңжарық сыйлаған бүйiрлерi ойық болып келген, тұтас өрiк ағашынан шапқан домбыра, Жамбыл атамыздың күйлерiн бiзге жеткiзген, өзi де күй шығаратын жерлесiмiз атақты күйшi Шортанбаев Қыдырқожаның қалақтай ғана домбырасы, ауданымыздың ақын-жазушыларының сыйға тартқан кiтаптары қойылған.

– Музей ғылыми орын, онда құнды жәдiгер, құжаттар жинала бередi. Қорларыңызда қандай қымбат дүниелер бар?

— Тағы да бiр көрме Үмбетәлiнiң тұсында өмiр сүрген ауылдас замандастарына бағышталған. Олар осы өңiрде алғашқы мектептердi ұйымдастырған Ленин ордендi (1936ж.) ауылдасымыз — Сыдық Әлiпбаев, ақынның құрдасы, зергер-ұста Алмабай Деңгелбаев, соғыс жылдарында Сталинград қаласының құрылыс жұмысына қатысқан Оралтай Тойбаева, Краснодар өлкесiне өз тракторымен барып, төрт жыл егiн еккен Нәписа Мамедовалар жайлы құнды деректер мен заттар орналастырылған.

Жалпы музейлiк маңызы бар материалдар саны 2288, оның iшiнде 944 негiзгi қорды құрайды.

– Музей алдында Үмбетәлi мен Нұрила ақындардың ескерткiшi тұр. Бұл айтулы екi ақынның айтысы — ғажап айтыс, қайталанбас айтыс. Осы айтыс қалай өткен өзi?

– 1921 жылдың жазында революциядан кейiн есiн жаңа жиған халықтың бұл алғаш "Әу" деген үлкен айтысы едi. Облыс басшылары да ақындар кiрген үйге жайғасты. Өңкей тайсалмас жорғалар бас қосқан осы мерекеде Жамбыл той бастап, қысқаша өлең айтып өткен соң:

– Бәрекелдi Жәке! Ал, ендi көпшiлiктiң айтысына жол ашық, — дедi той бастаушы. Домбыра Нұрилаға берiлiп, сөз асылын төге жөнелдi.

«Мен болсам Жантудағы Нұрила ақын,

Шығандап шырқағанда шықсын даңқым.

Құбылтып ырғағымен даусым әндi,

Тыңдасын ынтасымен сүйiп халқым…»

Үмбетәлi ықтан гөрi жел өтiн, ылдидан гөрi өрдi сүйетiн нағыз дауылды дарын иесi едi. Өткiр сөз алмасымен көздi ашып-жұмғанша торғай iлген қырғидай талай ақындарды iлiп тастап, жүлдеге ат, түйе алып жүргенiн бұл өңiр түгел бiлсе де, Нұрила бұл жолы ешкiмнен қаймығайын демеген екен, қиядан аң сүзген сұңқардай шабытты. "Әрине айтыспаймыз Жамбылменен, басқасының байқасам нарқы төмен" деп түйреп кеткенi жанына тиген Үмбетәлi бiрден қатты тиiстi.

«Сүйегiмнен Бармақтың сөзi өтiп,

Табаныма зырқырап барды жетiп.

Жамбылдан басқа ақынды көзге iлмей,

Делебемдi қоздырды екпiндетiп…

Ала сөйлеп әркiмдi омырауға,

Ұшырадың Нүрiк-ау үлкен дауға.

Аттан байтал аптығып озған емес,

Сұрамаспын сондықтан сенен сауға», — деп айтыс жалғаса бередi. Осы айтыста Жамбыл "Нұрила жеңдi" деген төрелiгiн айтып, ризалығын қоса бiлдiрiп "тербеткен жүрегiмдi жас баладай, құлағымда тұрады осы даусың", — деп жатты.

Көпшiлiк Нұриланы құрметтеп аттандырып жатқанда Мұсақұл қастандыққа түйiндi, осы жолы Нұриланы соққыға жығып, жылға жетпей ажал Нұриланы арадан алып кеттi.

Үмбетәлi мұражайында қабырғаға салынған екi ақынның айтысын кескiндейтiн ескерткiш бар. Мiне, бұл ақын қыздың соңғы айтысының куәсi десек те болады.

Музей ауласында "Үмбетәлi мен Нұриланың" әйгiлi айтысын бейнелейтiн сырты мыспен қапталған биiктiгi төрт кездей ескерткiш тұр.

– Үмбетәлi мұрасы қалай зерттелуде? Сiз зерттеп Иса Дәукебаев дегеннiң "Бекболат" поэмасы Үмбетәлi Кәрiбаевтың шығармасы екенiн дәлелдеп, баспасөзде бiрнеше мәрте жарияладыңыз. Осылар жайлы айтып берсеңiз?

– Үмбетәлi Кәрiбайұлы 1916 жылғы Бекболат Әшекейұлы бастаған "Үшқоңыр" көтерiлiсiне белсене қатысып, жыршы-жаршысы, үгiтшiсi болды. "Бекболат" дастанын шығарды, оның жамылғы (псевдоним), Иса Дәукебаев болып кеткен атымен тараған бұл дастан мектеп оқулықтарында оқытылады. Бұл дастан исi қазақтың асыл қазынасына айналған. Бiрде "Бекболат" дастанын қалай жазғанын, осы ауылдан кiмдер тобында болғандығы жайында бiр кешi мен таңын арнады. Жамбыл атамның нағыз шәкiртi ғой. Осынау айтулы оқиғаға арнап жасалған көрмеде көтерiлiсшiлер қолданған айбалта, бiлтелi мылтық, шоқпар сияқты заттар сақтаулы.

– Ендi, Нәке, өзiңiз жайлы айтып берсеңiз? Сiз талантыңызбен ерте танылдыңыз. Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi, Ленин комсомолы сыйлықтарының лауреаты атағын алып, бiрнеше кiтаптар шығардыңыз. Келелi мәселелер жайлы өз ой-ұсынысы бар қоғам қайраткерiсiз. Айтыскер, ақын Надежда Лушникованың бүгiнгi шығармашылығы жайлы бiлгiмiз келедi.

– Шамалған ауылында туып, Шұбарат, Үшқоңырда өстiк қой. "Шұбарат" тауға көтерiлетiн ирек жолдың шыға берiсiндегi бекет сияқты кiшiгiрiм ауыл, омартасы бар, ұстаханасы бар, малшылардың елi. Ауқаттары да шамалас. Жаралы әскерлер тау жайлауы "Үшқоңырдағы" биокомбинатта жұмыс iстеп, жарасы қотырайғанда өз елдi-мекендерiне қайтып жататын. Сондай жандарға аса жанашырлықпен қарайтын, дастарқанынан нан-тұз үзiлмейтiн, "Шұбараттағы" ортақ үлкен үй iспеттi шаңырақ Рақым аталардiкi едi. Ол үйдегi Шәлi апам қырғыздың қызы десетiн, өте мейiрiмдi бәйбiше-тұғын. Шәлi апамның ақ төсiн үш жасыма дейiн емiп өстiм-ау. Ол кiсiнiң Зура деген сiңлiсi сол ауылдағы балалардың басын құрап ойнатып, ұйықтатып, шешелерi жұмыстан оралғанша бағып отыратын. Өмiрiмнiң алау таңы осы кiсiлер. Имандары жолдас болып, жандары жәннатта шалқысын.

Мектепке 1949 жылы бардым. Әкемнiң әке-шешесi "1 Май" ауылында тұратын. Әжем Агафия гүлдi матадан дорба тiгiп бердi. Оған салатұғын кiтап-дәптер қайда? Анда-санда ауылға келген көр-жер, сүйек-саяқ, терi, жүрегi жинап, орнына дәптер, ине берiп кететiн өтiлден өлiп-талып алатынбыз. Неше түрлi, ала дорбалы оқушылар алма, жүгерi ұнынан тандырға жапқан қып-қызыл зағира күлшелерiн салып алып, екi кластық бастауыш мектебiне шапқылайтын. Қалың, қарлы қыста шешелердiң буркиiн, дәу пималарын сүйретiп киетiнбiз. Бастан бәрi өттi. Шоколад орнына талқан сепкен қызылша жедiк, жайылған қоймен бiрге тауға күнде барып рауғаш, қымыздық, жуа, қой бүлдiргендерге тоятынбыз. Төрт үйдiң жалғызымын. Тiлiм орысша шыққан соң қазақ мектебi алғашқыда ауырлау тидi. Бастауышты бiтiрiп, Қаскелеңнiң интернатына орналасам дегенде "орыстарым" бас қосып шуласып қалды да, менi шақырып, нағашым Иван, "Наденька, сен осы уақытқа дейiн қазақ мектебiнде оқыпсың ғой, ендi бiр класс төмен оқысаң да, орыс мектебiне қолайлап отырмыз", — дедi. Мен жылап жiбердiм. Ондағы ойым егер бiр класс төмен оқитын мектеп болса, ол қазақ мектебiнен де қиын болғаны ғой, қой мен осы қазақ мектебiнде-ақ оқи берейiн деп шешiп, Қаскелеңнiң Абай атындағы мектеп-интернатында оқуымды жалғастырдым. Орталау мектеп деп есептелетiн 7 кластан кейiн Алматыға келiп студент қабылдайтын Саратов ұшқыштар училищесiне түстiм. Қуанышым қойныма сыймай үйге келсем, нағашым Иван шешеме, маған да кейiп, "қыз баланың оқуы ма сол" деп құжаттарымды қайта алғызды. Интернатқа қыркүйек күнi барсам да, ешбiр комиссияға қарамай-ақ директорымыз Әбдiрахман Байжанов мектептегi оқуымды жалғастырды.

Келесi жылы 1957 жылы бiрер қыз болып Қызылорданың үш мезгiл тамақ беретiн педучилищесiне аттандық. Әбекең ұстазымыздың жол болсынға айтқаны: "Құс екеш құс та балапанын биiкке самғауға баптайды, Жетiсудың биiгi — Алатаудың баласысыңдар, асқарына бой түзеп өсе берiңдер!" — дедi. Әкедей болған Әбекең ағайымыздың сөзiн де ту етiп келемiн. Педучилище бiлiмi барлар түсетiн оқу орындарының бiрiнен екен. Өзi Мәншүк атындағы тәрбиелi, тәртiптi, жүйелi iрi оқу орны. Бiздi сүрiнбестей, мұғалiмдiк бiлiмдi шырақтай жағуға үйреттi. Институтты оп-оңай сырттай оқып бiтiрдiм, қазақ тiл әдебиетi бөлiмiн тәмамдадым.

Қызылорда менiң қыз болып айнаға қараған жерiм, өлеңнiң бастауын алған алғаш қайнарым. Қазақтың iрi ақын-жазушысы Асқар Тоқмағамбетов өлеңдегi өкiл әкемдей қамқор болды. Алғаш айтысқа қатыстырғанда айтқаны есiмде: "Топырағына тартпай тұрмайды екен-ау, кiсi".

Кезiнде түсiнбегенмен Жетiсудай жыр өлкесiнде, Жамбылдың той-думан күндерi өткен мекенде дүниеге келгенiмдi мезгегенi екен.

1961 жылы КазГУ-дың ескi ғимаратында Жазушылар одағының пленум-жиынына қатысып, тұңғыш өлеңдерiмдi Мұхтар Әуезовтiң алдында оқыдым. Ризалығын бiлдiрген Мұқаң төрдегi отырған орнына шақырып алды. "Кiшкентай ғана орыс жүрегiң, қалайша ғана мұншама қазақтың тәттi сөзiн ұялатты екен!" — деп таңқалғандай сыңай танытты.

Момышұлы Бауыржан батыр атамыз Шымкентте өткен айтысымды естiп-көрiп, Әбдiлдә Тәжiбаев ұсынған бәйгенi қомсынып, "Лира" алтын сағатын алып бергенi де мерейiмдi асқақтатты. Осы туралы Баукең сөйлеген сөзiнде: "Айтыс — қазақтың өмiр мектебi, ол ешуақытта маңызын жоймайды. Надежда айтысқанда көзiме жас үйiрiлгенiн айтқым келедi. Жолы болсын, Надежда домбыраны ұстап айтысады, өлең құрап кiтабын да шығарады" — дедi.

Күйеуге шығып, ерiм СХИ-ға түстi. Мен "Жазушы" баспасының проза бөлiмiнде бес жыл жұмыс iстедiм. Ақын-жазушылар өз еңбегiнiң оңайлықпен жемiсiн үзе алмайтынын аңғардым. Инемен құдық қазғандай шығармасына, неше жыл жазған кiтабына мардымсыз ақы төленетiнiн қайтерсiң, ал аттары айдай әлемге аян. Көп жақсыны, дарындыны көрiп, әлi кiтап болып басылмаған шығармаларына қандым, қадiрiн бiлдiм.

Облыстық, Ауылдық советтерiне депутат та болдық. Ширек ғасырдан астам қазақ тiл әдебиетiнен сабақ бердiк, өнер төрiнде, өлең елiнде жүрмiз. Бетiмдi ашқан халық ақыны Үмбетәлi Кәрiбаевқа музей салдым. Үмбекең ерекше туған ақын едi. Өлеңдi бiр бастаса, бiр ай тоқтамай толғайтын ақынды көрiп таңқалдым.

Бүгiнгi Үмбетәлi атамыз аттас ауыл ол кезде "Киров" аталып, совхоз болып жаңадан ұйысқан-ды. Алғашқы бастығы Мұқашев Әнуарбек зейнеткерлiк демалысқа ерте шыққан әскери адам-тұғын. Үмбетәлi атамды жанындай жақсы көретiн. Жұма сайын ауылға барғыштайтын студент күйеуiм екеуiмiз қол ұстасып, судай тасып жүремiз. Әнуарбек директор ағай үйiне ертiп апарып, барымен сыйлап, домбыра, гармондатып ән саламыз. Айына бiр рет Үмбекеңе қой сойып берiп жiбередi де, ақын Сағымхан, Қанипа, күйшi Уәли, бiздер болып үлкен кiсiге сәлем бере барып, "Мың бiр түн", "Көрұғылы сұлтан" ертегiлерiнiң өлеңмен өзi шығарған нұсқаларын түн ауғанша тыңдап-қанбайтынбыз. Қаншама мыңдаған жол өлең-дастандар қалай ғана орта бойлы, қаршыға тектес ақын атаның көкiрегiне сыйды екен деп отыратынмын. Музейiн ашқанда ең алдымен сол кiсiлердей, отырған жерiн той-думанға айналдыратын, көп жырларын домбырамен талмай айтатын шәкiрт тәрбиелеуге арнадым.

Халық сахна мен кино шеберi жерлесiмiз Кененбай Қожабековтың 60-жылдығын Ұзынағаш мәдениет үйiнде, жұртшылықпен кездесу кешi ретiнде атады. Ұзақ өлең арнадым:

Алатаулық бұлақсыз,

Жалғасып жатқан теңiзбен.

Өнерге еткен қызметiң,

Асудан асу жеңгiзген.

Көңiлдiң қошын келтiрiп,

Кененбайжан дегiзген.

Сырымды айтсам, ағатай,

Тәубе деген тауым ең,

Айдарыңа ғашық боп,

Айдарымды тауып ем.

Сүйiнбай, Жамбыл жырына,

Жүрегiмдi малып ем.

Әйтеуiр, аға, биiкпiн,

Өнерiңнiң, барыңмен! —

деген үзiндiмен айтайын дегенiм, отағасы Тұрлыбек Нұрбекұлымен 45 жыл отастық. Бетiме жел болып тимедi, еркелетiп, ерекше сыйласып өттiк. Тұрлыбектен де ажырап қалғаныма қатты мұңаямын. Ол менiң мәңгiлiк жыр-жүрегiмде сағыныш болып қалды. Шүкiр, қазақтың қай үйiне бармайын туған құдасындай, құрақ ұшып сыйлап күтедi. Ол да болса, қазақтың бiр ауыз жырының ұлағаты, елiмiздiң сөз сыйлайтын таптырмас қасиетi.

…Болсын деп жыр көгiнде зор құлашың,

Бердi өзi Жамбыл атам домбырасын.

О, дала, жомарт дала, гүл бағыңа,

Сен әлi сан бұлбұлды қондырасың, — дейтұғын Жамбыл атама арнау жырмен өмiрбаяндық қысқаша ғана дерегiмдi аяқтайын.

— Нәке, сiзге әрдайым өмiрде де, өнерде де биiктен көрiне берiңiз демекпiз.

Әңгiмелескен Нағашыбек Қапалбекұлы

Серіктес жаңалықтары