БIЗ АТАМЕКЕНГЕ ОСЫЛАЙ ОРАЛДЫҚ

БIЗ АТАМЕКЕНГЕ ОСЫЛАЙ ОРАЛДЫҚ

БIЗ АТАМЕКЕНГЕ ОСЫЛАЙ ОРАЛДЫҚ
ашық дереккөзі
328

Бүгiнде жырақта түтiнiн түтетiп жүрген қандастарымыздың Атамекенге бастаған көшi толастар емес. Кейiнгi кезде Үкiмет тарапынан оралмандарды шақыруға арналған квота саны да артып келедi. Алайда, елiн, жерiн, туған Атамекенiнiң әрбiр гүлiн аңсап келген қандастардың әуелгiдегi екпiнi неге басылып жатады?

Бiз туған жерiне оралып, қазiргi кезде қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң дамуына өзiндiк үлес қосып жүрген азаматтарға мынадай сауалдарды тастаған едiк.

1. Мен атамекенге қалай келдiм?

2. Қалай орнықтыңыз?

3. Қандай қиындықтар көрдiңiз? Қай жағынан?

4. Ал, қазiр қалай тұрып жатырсыз?

Серiк НҰҒЫМАН, жазушы:

1. Жер бетiндегi барлық қазақ секiлдi әуелi атамекеннiң тәуелсiздiк алғанын армандадық. Әрi, шыны керек, онсыз мұнда келудiң де ешбiр мағынасы жоқ болатын. Көп өтпей Құдай тiлеуiмiздi бердi, көсеп тұрған Кеңестер Одағының шаңырағы ортасына түсiп, Қазақстан азаттығын алды. Малақайымызды аспанға атып қуандық, көзiмiзге жас алдық. Бiздiң де көрер жарығымыз таусылмаған екен ғой, ендi су түбi құрдымға кете қоймаспыз деп, Тәңiрiмiзге мың қайтара тәубе айттық. Ол кезде ауылдан алыс, оқуда едiм. Сонда жүрiп тәуелсiздiктiң бiр жылдығын тойлағанымыз есiмде. Бiрге болған жiгiттердiң көбi қазiр осында – Алматыда жүр.

Оқуымды бiтiрiп, қайтып келе сала елге қарай қозғалатын шығармын деп ойлағам, бiрақ, олай болмады. Бiраз бөгелуге, артқа қарайлауға тура келдi. Сосын алдымен туысшылап қыдырып келдiм. Кейiн бiржола қоныс аудардым. Бұл 1999 жыл едi. Кешiкпей баспана бағасы көтерiлiп, қымбатшылық басталды. Үйдiң кезегiне тұрып, Үкiметке сенiп жүргенде, заң өзгерiп кетiп, далада қалғандай болдық. Тұрар тұрақ жайы содан қайтып оңға қарай басқан жоқ. Соған байланысты көп қиыншылықтар болды. Бiрақ, оған бола Отаныңды тастап кетпейсiң ғой. Қайда барасың? Ендi халықтың азаттығын, елдiң тәуелсiздiгiн тiрлiгiмiзге тiрек етiп ақырындап өмiр сүрiп жатқан жайымыз бар. Шүкiршiлiк етемiз, ең бастысы, басымызда – бостандық бар, күн көрiс жағы да жайлап көтерiлiп келедi. Бiле-бiлсек, жер бетiнде осы күннiң өзiне зар болып, жылап-сықтап жүрген жұрт қаншама!

2. Басында келген жағыма барып-келiп жүрдiм. Баспана болмаған соң солай етуге мәжбүрсiң де. Кейiн, азаматтық алған соң тұрақтап орнықтым. Пайда қуған саудагер емес, негiзгi мақсат жазып-сызу, үйрену болғандықтан, қайда жүрсең де бәрiбiр едi. Дегенмен, iрге көмбей еш iстiң алға баспайтынын сәл кештеу түсiндiм.

3. Қоныс жаңалаған адамдардың басына түсетiн барша қиыншылық баспананың жоқтығынан балалайды. Үй жалдасаң – қымбат, ары-берi жүк көтерген алыпсатар емессiң, қалтаң көтермейдi. Ал, елдiң үйiне жатсаң – көзтүрткiсiң. Басқа емес, өзiңе өзiң жексұрынсың. Не керек, маңдайға жазылғаны сол болған шығар, осының бәрiн бастан өткердiк. Жақын тұтып, жәрдемшi болып, көмектескендерге, әрине, алғыстан басқа айтар жоқ. Кейде достарыма артық салмақ салып қойдым ба деп өзiмдi кiнәлаймын.

Мұнда көрген жәбiр-жапа жайына келсек, көбiне моральдық тұрғыда болып келедi. Мұндағы шекара, кеден қызметкерлерiнiң және құқық қорғауға тиiстi iшкi iстер саласы мен елшiлiктегiлердiң, кейбiрi болмаса, көбi, ендi, қазақтықты былай қойғанда, адамшылықтан жұрдай. Нұр ұйып тұруға тиiс жап-жас жiгiттердiң бетiнен зәр шашырап тұрады. Жұмыр басты адам баласын қалай қорлауға болатынын мен осында келген соң көрдiм. Құлдықтың салдары шығар. Күнiң түсiп тұрған соң, әрине, бәрiне көнесiң.

4. Баспанасы жоқтар қандай күйде тұрып жатса, бiз де сондай күйде өмiр сүрiп жатырмыз. Және бұл күйдiң қашанға дейiн созылатыны белгiсiз.

Бейбiт ТОҚТАРБАЙ, "Ақ желкен" журналының бөлiм редакторы:

1. Бала күнiмнен көркем әдеби шығармаларды көп оқығандықтан романтик болатынмын. Қазақ ақын-жазушыларының романдары мен жалынды жырлары тарихи Отанды бiр көруге аңсар етiп қойды. М.Мақатаевтың "Қандай қазақ iздеп сенi тапты екен, Атамекен, тәттi екен-ау, тәттi екен" деген өлең жолдары ұлттық рухы бар қазақтың жүрегiн елжiретiп, сезiмiн мөлдiретiп қояды емес пе?! Осындай ұлы арман мен қиялдың жетегiнде жүрiп, 2003 жылы Қазақстан шекарасынан бiр-ақ аттадым. Бiз бiр ата-анадан 8 ағайынды едiк. Менен басқаларының барлығы Монғолияның Баянөлгей аймағында тұ-рады.

2. 2003-2007 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нiң журналистика факультетiнде оқыдым. Биыл осы оқу орнының магистратура бөлiмiн тәмамдап жатырмын. 2005 жылы отбасын құрдым. 4 жасар бiр ұлым бар.

3. Көрген қиындық жөнiнде сұрақ болған соң ғана жауап берiп көрейiн. Әйтпесе, бұл ұлттық менi биiк рухты қазаққа әңгiме емес. Ең басты мұрат – алыс-жақындағы алаш баласы бiрiгiп, жас мемлекеттiң iргесiн бекiту болар. Дегенмен, 3 курста оқып жүргенiмде бiрнеше республикалық газет жұмысқа шақырды. Бiрақ ол кезде мен Қазақстан республикасының азаматтығын алып үлгермеген едiм. Керек десеңiз, тұрақты тiркеуде де жоқ едiм. Сондықтан менi олар жұмысқа ала алмады. Тiптi кейбiр журналист ағаларым жүгiрiп, әйелiмнiң құжатымен жұмысқа қабылдамақшы да болды. Бiрақ бәрiбiр нәтиже шықпады. Негiзiнен шетелден келген ұлты қазақ азаматтарды Қазақстанның азаматы болғанша еңбекпен қамту жағын қарастырып, бiр жүйеге келтiретiн уақыт әбден жеттi-ау деймiн.

4. Алматыда да, ауылда да баспанам жоқ. Бұл жағдай барша қазақ жастарының ортақ мәселесi. Жырларымен от бүркiп, жоқ шайнаған Қасым ақынның да басынан өткен тағдыр.

Мұратхан ШОҚАН, ақын:

1. Қазақстан тәуелсiздiк алғанда, жер бетiндегi көзi ашық, исi қазақ баласы бөркiн аспанға атып қуанғаны Тәңiрге аян. Бiз жоғары оқу орнында жүргенде, Қазақстанға кету керек деген ойда болдық. Кейiн студенттiк кезге қош айтып, жұмысқа орналастық. Ендi өз-өзiмiзге келiп, әке-шешемiзге салмақ салмайтын болған уақытта, баяғы арманды жүзеге асыруға бел будық. Бұл жерде, мен, бiз деп көптеген замандастарымның ортақ жағдайын айтып отырмын. Қытайда, бiз тұратын ауданда Қазақстанға кету үшiн, бiрiншi болып қызметiмнен бас тарттым. Маған ақыл айтқандар көп болды. Қазақстанға барып өмiр сүре алмайсың, қаңғырып қаласың дегендер де болды. Аудан әкiмi Аллаберген аға менi жұмысына шақырып, "Сен шыныменен кетуге бел будың ба?"– деп сұрады. Мен "иә" дедiм. "Ендеше жолыңды бөгемеймiн, сен қайда барсаң да Мұратхансың…" деп тiлек бiлдiрдi… Сонымен 2001 жылдың 7- қазанында

Саған келдiм атажұрт,

Қаңғып келген ұл деме,

Тұяғы тозған тұл деме,

Қызығып келiп тұрғам жоқ,

Үлде менен бүлдеңе.

Саған қарай сүйрейдi,

Қанымдағы бiрдеңе… – деп атажұрқа келдiм.

2. Мен атажұртқа ат басын тiрегеннен кейiн, әуелi өзiмiз кiтаптарын оқып өскен, қазақтың ақын жазушыларына кезiгудi жөн көрдiм. Сол оймен Қабдеш ағаның үйiне бардым. Қабең бiр-екi өлеңiмдi тыңдап көрiп: "Саған келуге болады. Ештеңеге алаңдама" дедi… Бiрде досым Жамали Диқанұлы Тұманбай ағаға ертiп барды. Тұмаағаң: "Көзiңде де, сөзiңде де от бар екен" деп Алатаудай құшағын айқара ашты. Ұлықбек аға өлеңдерiмдi "Қазақ әдебиетi" газетiне жариялап, жұмысқа алды. Содан уақыт өте келе Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде кешiм өттi. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелiкке қабылдандым. "Жүрекке жүгiну" атты жыр-жинағым жарық көрдi. Айналасы үш-төрт жылдың iшiнде әке-шешемдi, туыс-туғандарымды елге көшiрiп алдым. Дарынды жастардың қатарында Иманғали Тасмағанбетовтың қолынан пәтердiң кiлтiн алдым…

3. Қазақстанды барлық қиыншылықтарымен қоса жақсы көрдiм. Мен өзiмдi елге келгенде жолы болған адаммын деп есептеймiн. Жаратушыға, өлеңдерiме, өлеңдерiмдi бағалай бiлген ел ағаларына разымын!..

4. Қазiр Алматыдамын. Бiрер жылдан берi жұмыссызбын. Соңғы жылдары қай жерге жұмысқа барсам, сол жерден еш себепсiз шығып қала беретiн болдым. Жұмыссыздықтың рухани жақтан да, материалдық жақтан да шаршататыны айтпасақ та түсiнiктi… Өткен жылы оралман азаматтардың құрылтайшы болуымен "Өмiрдi қорғау" деген қайрымдылық қорын құрдық. Қордың төңiрегiнде, азды-көптi iзгiлiктi iстер жасап жүрмiз. Жазда "Жаратылыснама" деген фәлсапалық кiтабым және "Тазалыққа ұмтылу" деген лирикалық жыр кiтабым жарық көредi.

Сауалнаманы жүргiзген Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары