АЛМАТЫДА ТАҒЫ ДА ЖЕР САУДАСЫ

АЛМАТЫДА ТАҒЫ ДА ЖЕР САУДАСЫ

АЛМАТЫДА ТАҒЫ ДА ЖЕР САУДАСЫ
ашық дереккөзі
235

Алматы қаласында жер учаскелерiнiң саудасы қызып тұр. Жақында Алматы қалалық әкiмшiлiгi ұйымдастырған аукционда 5 сотық жер 3 миллион 600 мың долларға сатылды. Бұл қалалық аукциондағы рекордтық көрсеткiш болып отыр. Мемлекеттiк жерлердi жекеменшiкке сату үрдiсi жаппай жүргiзiлiп келедi. Жалпы, қаладағы жер саудасы әр- түрлi iске асып келедi.

Бiрақ жер сатып алушы мiндеттi түрде сатып алынған жерлердi өз игiлiгiне жаратып, мақсатты түрде қолданысқа салуы шарт. Мұндай рекордтық көрсеткiш өткен жылдарда қалада жерге деген бағаның шарықтап тұрған кезiнде де байқалмаған. Алматыда жер телiмдерiн аукцион арқылы сату 2000 жылдары басталды. Жарты жылда бiр рет өтетiн бәссаудаға барлығы 11 жер телiмi түскен. Бұлардың iшiнде арзандау да, қымбатырақ жерлер де болды. Қымбаттау деп отырғанымыз тау баурайын жағалай орналасқан жерлер. Құны қымбатқа түскен жер "Алмагүл" ықшамауданында орналасқан. Алғашқы бағасы – 18 мың доллар болса да, болашақта бизнес орталығына айналатын титiмдей жерге көпшiлiк қызығушылық танытқан. Бұл бәссаудаға келген бiр жер сатып алушы үйiнiң жанындағы 2 сотық жердi сатып алуға бола келген. Бiрақ, оның ойындағысы iске аспады. Ауласын кеңейтпекшi болған ол 2 сотық жердi 25 мың АҚШ долларға алуға мәжбүр.

Бүгiнгi күнi елiмiзде игерiлмей бос жатқан 20 миллион гектар жер бар. Халық қалаулылары бұл жерлердi мерзiмiнде ел игiлiгi үшiн пайдалану қажет дейдi. Бiрақ ендiгi жерде жер учаскелерi тек аукцион арқылы ғана сатылуы мүмкiн. Үкiмет Жер кодексiне осындай өзгерту енгiзу тиiмдi деп отыр. Жер саудасы алыпсатарлар арқылы, жарнамалық газет, ең ақыры интернет желiсi арқылы иесiн тауып жатады. Мәселен, жарнамалық газет беттерiндегi құлақтандыруларға назар аударайық. "Бағанашыл – 8 сотық жер, Бағасы – 143 мың USD. Ақжар – 8 сотық жер, Бағасы – 60 мың USD. Шаңырақ – 10 сотық. Бағасы – 42 мың USD". Байқап отырсақ, үшеуi қаланың үш құбыласында орналасқан жер телiмдерi. Қаладан бәлендей қашықта деп айта алмайсың. Ал бағадағы айырмашылық жер мен көктей. Себебi, қалаға жақын аймақтарда да жер телiмдерiнiң бағасы удай.

Орталыққа жақын қоныстанғысы келетiн халық тiптi 50-60 шақырым жерден де қатынап жұмыс iстейдi. Жер телiмдерi саудасына келер болсақ, бүгiнгi таңда жер алып, уақытша болса да баспана тұрғызушылар көп. Бағаның түспей тұруына бiрден-бiр себеп осы. Екiншiден, жылжымайтын мүлiктiң, әсiресе көпқабатты пәтерлердiң бағасы да түсе қойған жоқ.

Алматы облысында жер құны өзге өңiрлерге қарағанда 10 еседей қымбат. Әсiресе, Алматы облысындағы қалаға жапсарлас Қарасай, Талғар, Еңбекшiқазақ аудандарының жерлерi талапайға түсiп, түгелiн дерлiк қағып әкетедi.

Жер саудасы арқылы күн көрiп отырғандар саны да аз емес. Мысалы, Талғар қаласын алып қарайық. "Қаншама шұрайлы жерлер, курорттық орындар мен тау бөктерiндегi алаңқайлар сауда айналымында жүр. Мен нотариуста жұмыс iстегендiктен, құжатты рәсiмдеуге жиi келiп жатады. Сонда осы саудадағы сатушылар белгiлi бiр учаскенi сатып алады да, үстiне ақша қосып басқа бiреуге сатады. Ол өз кезегiнде тағы осындай айналымға жiбередi. Қарап тұрсаң, бiр ғана адам әу баста сол жердi алса, пайдаға жаратса мейлiң", – дейдi заңгер Марат. Жер саудасында мұнымен қоса құжатқа қатысты қитұрқылықтар да көп-ақ. "Әкiмшiлiктiң атынан жалған құжат рәсiмдеп алады да, қолдан қолға өткiзедi. Бұдан кiм таяқ жейдi? Әрине, тiрнектеп ақша жиып жүрген қарапайым халық жапа шегедi. "Екi түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледi" тура осылай", – деп ашығын айтты заңгер. Оның үстiне бұл амал жер шенеунiктердiң заңсыз баюына таптырмас мүмкiндiк болып отыр. Бүгiнде жер пайдалану саласындағы әр қылмыстың төртеуi парақорлықпен байланысты. Кейбiр шенеунiктер қызмет бабын асыра пайдаланып, жекеменшiктегi жер учаскелерiн заңсыз тартып алуды әдетке айналдырған. Жалған құжат жасатып, өзгенiң меншiгiндегi жер учаскелерiн сатумен айналысқандар да бар. Мәселен, өткен жылы Алматы облысында "Алтын-ұя" акционерлiк қоғамының жалған шешiмi бойынша жер учаскелерiн сатып, азаматтардың ақшасын ұрлаумен айналысқан қылмыскерлер ұсталған болатын.

Ерекше қорғалатын аумақ "Iле-Алатау" Мемлекеттiк ұлттық паркiне қарасты жер учаскелерi де саудаға салынып кеткен. Алматы облысы Қарасай бөлiмiнiң қызметкерлерi осы маңайдан 65 гектар жердi саудалап, жекеменшiкке берiп жiберген.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары