Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕРI ТАБАНДЫ ҚОРҒАЛУДА

Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕРI ТАБАНДЫ ҚОРҒАЛУДА

Кедендiк одақ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕРI ТАБАНДЫ ҚОРҒАЛУДА
ашық дереккөзі
284

Ресейдiң солтүстiк астанасы – Санкт-Петербор қаласында 28-мамырда өткен Кедендiк одақтың жоғарғы органының отырысы табысты аяқталғаны белгiлi. Дүйсенбi күнi Үкiметтiң селекторлық жиынында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов алқалы басқосудың қорытындысы негiзiнде Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендiк одақты құру шеңберiндегi халықаралық шарттарды қолдану туралы шартқа қол қойылғандығын жария еттi.

"Осы күнге дейiн сақталып келген барлық келiспеушiлiктер шын мәнiнде жойылғанын қанағаттанарлық сезiммен атап өткiм келедi, өзара тиiмдi мәмiлелерге қол жеткiзiлдi. Ең бастысы, Қазақстанның ұлттық мүдделерi қорғалып отыр, – деген Премьер-министр, – Келiссөздер өте тиiмдi өттi. 2010 жылдың 1-шiлдесiнен бастап, Қазақстан мен Ресей арасында бiрыңғай кедендiк аумақ құру туралы "Кеден кодексi" қолданылатын болады. Кедендiк одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендiк бекеттер мен кедендiк рәсiмдеулер алынып тасталады", – деп атап өттi. Демек, Кеден одағы аясында қол жеткiзiлген келiсiмдердiң нәтижесiнде Қазақстан өзiнiң экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдердiң баспалдағында тұр. "Кедендiк аумақ әзiрге Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Өйткенi, Белоруссия өзiнiң дайындығына қарай Кедендiк одаққа қосылады деп болжануда", – дедi Премьер.

Сөйтiп, Қазақстан Кеден одағында Ресеймен тең құқыққа ие болады. Жоспарланған дауыс беру тәсiлi жойылып, бұдан былай кез келген мәселеде ортақ келiсiммен ғана шешiм қабылданады. Кеден одағын құруға қатысты Санкт-Петербордағы жиынға Белорусь Премьерiнiң келмей қалғандығы жағдайдың осылай өрбуiне әкелдi. Беларусь президентi Лукашенко Ресейден мұнай мен мұнай өнiмдерiне салынатын кедендiк салықтарды алып тастауды талап етуi осындай түсiнiспеушiлiк туындатты. Әйтсе де, Белорусь мемлекетi Кедендiк одаққа өзiнiң дайындығына қарай кез келген сәтте қосыла алады.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында бiрыңғай кедендiк аумақ құруға елiмiз сақадай-сай. Нәтижесiнде екi ортадағы ұлттық кедендердi жоюдың бұған дейiн жарияланған мерзiмi кейiнге шегерiлмейтiн болды. Қазақстан мен Ресей арасында шешiмiн таппай жүрген бiрқатар мәселе ретiн тауып жатыр. Мәселен, Қазақстан халқының шетелден жеңiл автокөлiк әкелуi кезiнде жеңiлдетiлген жүйе қолданылса, ұшақтарға баж салығы салынбайды. Кеден одағы бойынша ендi қазақстандықтар үшiн жеңiл автокөлiктердi әкелу оңайға түспек. Сырттан тасымалданатын көлiктерге кедендiк баж салығы қазiргi салық көлемiнен екi-үш есеге азаятын түрi бар. Алайда, бұл Ресей аумағынан келетiн көлiктерге ғана қатысты болмақ. "Бұл – Ресей Федерациясының аумағына автомобильдердi қайта сату мақсатында пайдалануға жол бермеу. Өйткенi, Ресей азаматтары үшiн неғұрлым жоғары ставка қолданылатын болады", – деп атап өттi К.Мәсiмов. 1-шiлдеден бастап Кедендiк одақ аясында баж тарифтерiнiң қымбаттауынан "Эйр Астана" әуе компаниясы миллиардтаған доллар қосымша шығын шығаруға мәжбүр болып едi. Оның үстiне бұл компаниядан өндiрiлуi мүмкiн қаржының 90 пайыздан артығы Ресейдiң қазынасына құйылатын едi. Бұл тұрғыда Премьер Кәрiм Мәсiмов: "Бiз ұшақтарға арналған кедендiк баждар бойынша өтпелi кезең енгiзу туралы мәселенi iлгерi жылжыта алдық", – дедi. Ал қазiр Кедендiк одақта ұшақтың құнынан 20 пайыз мөлшерiндегi баж ставкасы қолданылып жүр. Сонымен, еркiн экономикалық аймақ үшiн кедендiк жеңiлдiктер бойынша 2017 жылдың 1-қаңтарына дейiн өтпелi кезең белгiленiп, 11 мыңнан астам атаулы тауарлардың көпшiлiгiнiң тарифтерi бiр iзге салынды. Қазақстан аталған кеңiстiкке әкелiнетiн тауарларды кедендiк баждан босатуды талап еттi. Алайда, биылғы жылдың екiншi жартыжылдығында "Ресейде жасалған" таңбалы тауарлардан басқа барлық шетелдiк өнiмдердiң бағасы бiршама қымбаттауы мүмкiн. РФ Федералдық кеден қызметi талдау басқармасының бастығы Владимир Ивин бұл тарифте бiрқатар ұстанымдар бар екенiн мойындады. Қазiргi уақытта 408-iне Қазақстанға қатысты өтпелi кезеңдер белгiленген. Бұл өтпелi кезеңдердiң басым бөлiгi келесi жылдың шiлде айына қарай аяқталады. Бiрақ жекелеген тауарлардың өтпелi кезеңi 2015-жылға дейiн созылатынын жеткiздi.

Сондай-ақ, Қазақстан iрi экономикалық әрiптесi Қытаймен арадағы сауда-саттығын, алыс-берiсiн төмендетiп алмау үшiн екi ел арасында еркiн экономикалық аймақ құрмақшы. Мұның нәтижесiнде Қытайдан тасымалданатын тауарлар едәуiр арзан бағамен келедi. Естерiңiзге сала кетсек, Елбасы осындай аймақты көршi Өзбекстанмен арада құру туралы арнайы тапсырма берген болатын.

"Ендi бiздiң бизнестiң алдында үлкен жұмыс тұр. Кеден одағының жұмысы оның iскерлiк белсендiлiгiнiң деңгейiне тiкелей байланысты. Ал бiздердi Мемлекет басшысының бұдан да ауқымды тапсырмасын орындау, яғни бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi құруды аяқтау жұмысы күтiп тұр", – деп атап өткен Үкiмет басшысы бизнес өкiлдерiн нақты шаралар жасауға шақырды. Сол сияқты бизнес өкiлдерiнiң белсендiлiгiн танытатын 144 индустриалды жобаны жүзеге асырғалы отырған Қазақ үкiметi алдағы шiлденiң бiрiнде 74 жобаны iске қосуды көздеуде. Қазақстан Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiру үшiн Ресей мен Белоруссиямен дербес келiссөздер жүргiзiп келедi. Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың айтуынша, бiздiң ел Ресеймен тек Кедендiк одақ аясында ғана келiсiмдер жасауда. Соңғы келiссөздердiң бiр жемiсi – нөлдiк ставкамен енгiзiлетiн авиатехника 2013 жылға дейiн сақталмақшы Алайда, Қазақстан бұл мерзiмдi тағы екi жылға ұзартуды сұрап отыр. Есесiне, елiмiзге шетелден бiр жыл iшiнде тек бiр көлiктi жеңiлдетiлген кедендiк салық төлеп әкелуге болады. Екi немесе одан да көп көлiк енгiзсе, салық мөлшерi өсе түседi.

Қазақстан мен Ресейдiң Кедендiк одақ бойынша соңғы, қорытынды келiссөздерi осы айдың соңында Санкт-Петерборда өтедi. Содан кейiн Астанада екi ел президенттерi Кедендiк одақтың толық құрылғаны жөнiнде құжаттарға қол қоймақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары