ONLINE: ЛАТЫШТАР БАСТАП, ҚАЗАҚТАР ҚОСТАП...

ONLINE: ЛАТЫШТАР БАСТАП, ҚАЗАҚТАР ҚОСТАП...

ONLINE: ЛАТЫШТАР БАСТАП, ҚАЗАҚТАР ҚОСТАП...
ашық дереккөзі
288

Жақында елiмiздегi ақпарат құралдары Латвияның MARIDI компаниясының "Слово бегом" брендiмен қазақ тiлiн үйренудiң мультимедиялық бағдарламасын ұсынғаны жайында жарыса жазды.

Латыштар бұл бағдарламаны 2003 жылдан пайдаланып келедi және әуелi оны Латвиядағы латыш тiлiн бiлмейтiндер үшiн ойлап тапқан екен. Ал, қазақ тiлiнде мұндай бағдарлама жасауды 2008 жылы қолға алыпты. Бұл бағдарлама бойынша қазақ тiлiн үйрену үш сатыдан тұрады. Ал, сөздiк қорында 13700 сөз бен 8000 мың тұрақты тiркес бар екен. Осы орайда бiз елдегi линвист ғалым, Қазақ ұлттық университетiнiң ғылыми зерттеу институтының бөлiм меңгерушiсi Әлия Құрышжановадан бұл бағдарламаның артықшылықтары және қазақ тiлiн үйретудiң онлайн бағдарламалары жайында сұрап бiлген едiк:

– "Слово бегом" бағдарламасы ағылшын тiлiн үйренуге арналған бағдарлама. Ол интернет арқылы сатылады. Бiрақ, бұл бағдарламаның методикасы маған ұнамайды. Себебi, бұл басқа бағытты көздейдi және басқа бағытта жұмыс iстеу керек секiлдi.

Ал, Қазақстандағы қазақ тiлiн үйрету бағдарламаларына келсек, Мәдениет министрлiгiнiң Тiл комитетiнiң til.gov.kz сайтында түрлi-түрлi бағдарламалар бар. Техникалық университет дайындаған "Технический казахский язык", Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi дайындаған "Тарихи қазақ тiлi" және "Ескерткiштер" атты бағдарлама бар. Сондай-ақ, күн өткен сайын аясы кеңiп жатқан орысша-ағылшынша және қазақша сөздiк бар. Бұл үш бағытта жұмыс iстейдi: қазақша-орысша-ағылшынша; ағылшынша-орысша-қазақша; орысша-ағылшынша-қазақша. Оның көлемi өте ауқымды, жүз мыңнан аса сөздi қамтиды. Бұл Ұлттық ғылым академиясының А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты дайындаған, ғылыми бiрiздiлiкке түскен сөздiк. Негiзiнен қандай тiлдi үйренгiң келсең, әуелi сөздiк жасап алу керек. Сол себептi де мен онлайн сөздiкке басым назар аударғым келедi.

Содан кейiн оқулықтарға тоқталсақ: оның ең бастыларының бiрi – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде дайындалған."Ересектерге арналған қашықтан оқыту курсы". Ол үш деңгейге арналған. Ол жерде әрбiр сабақта бiр мәтiн, бiр аудио, бiр видео диалог ұсынылады. Онда 90 сабақ енгiзiлген. Бұл қазақша ағылшынша, орысша қазақша жұмыс iстейдi. Демек, қазақ тiлiн үйренгiсi келетiн орыстiлдiлер мен ағылшын тiлдiлерге бұл курс тиiмдi болмақ. Бұның алғашқы деңгейiндегi диалогтарда 10-15 сөз бар болса, үшiншi деңгейiнде 250 сөзге дейiн жетедi. Сондай-ақ, үштiлдi – ағылшынша, қазақша, орысша оқытатын тiлашар бар. Ол да үш деңгейлi. Әр деңгейi 30 сабақтан тұрады. Бұл адамды сөйлетуге арналған курс. Қазiр өзiңiз бiлесiз қазақша оқып, жаза бiлетiн кейбiр адамдар сөйлеуге қорашсынады. Соларды сөйлету мақсатында жасалған.

Жақында интернетте kaz-rus.kz атты аударма сөздiк пайда болды. Бұл академик Сауранбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған ескерткiш. Оны Сауранбаевтың атындағы жекеменшiк қор дайындап отыр. Менiң де оған қатысым бар. Менiң әкем профессор Әбжан Құрышжанұлы академик Сауранбаевтың соңғы аспиранты болған адам. Сөйтiп, Сауранбаевтың әулетi, шәкiрттерi оның жасаған iзгi iсiн осылай жалғастыруды жөн деп тапты. Менiң тiзiп шыққан бағдарламаларымның барлығы тегiн. Оған ешқандай ақы төлеудiң қажетi жоқ. Тiл үйрену үшiн осындай мультимедиялық бағдарламалар сөзсiз қажет. Онсыз оң нәтижеге қол жеткiзе алмайды. Бұл мәселе бойынша кез-келген оқу орындарында интернет жүйесiне қосылған компьютерлiк орталықтар жұмыс iстейдi, әрi ол жерде қолданушылардан ақы қажет етiлмейдi. Тек аудио, видео, дискiлер өз тарапынан сатылып алынады. Ендi ол әр адамның қажетiне қарай. Қазiр шығып жатқан 50-70 мың сөздiктердi сатып алу үшiн кемiнде жетi мыңдай қаражат керек. Оны сатып алуға кез-келгеннiң қалтасы көтере бермейдi. Әрқайсысын қамтамасыз ету үшiн де қомақты қаражат керек болады, сондықтан ең тиiмдi жолы интернет арқылы тегiн тарату болып отыр. Ал ендi мектептердiң барлығы дерлiк интернетi бар сыныптарды пайдалана алады. Себебi ол қазiргi таңда өте тиiмдi ақпарат құралы. Сонымен қатар интернетте талай қазақ тiлдi ресурстар пайда болып жатыр. Менiң бiлетiнiм Жазушылар одағының "Асыл қазына" деген сайтында "Көшпендiлер" романының екi бөлiммен тұратын нұсқасы бар. Мұхтар Әуезовтың шығармалары да бар, сонымен бiрге жас жазушы, ақындардың шығармаларын да кездестiруге болады. Одан талай-талай құнды деректер тауып алуға мүмкiндiк бар. Талай нәрсе осы интернетте жатыр. Сондықтан оқимын деген адамға интернетте бар байлық бар. Демек бiзде ресурс бар. Бұл ресурстар он есеге көп болу керек едi. Қолда бар мүмкiндiктi тиiмдi пайдаланса, iс әлде қайда өнiмдi болар едi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары