ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
238

ЖАПОНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРI ОТСТАВКАҒА КЕТТI

Хорст Келлер радиоға берген сұхбатында аңдамай сөйлеп, Германия президентi қызметiнен айрылған болатын. Ал кеше тағы бiр алып экономикалық державаның басшысы, Жапонияның премьер-министрi Юкио Хатояма бiр ауыз сөзi үшiн отставкаға кеттi. Ол билiкке келерде АҚШ-тың Окинавадағы әуе базасын ел аумағынан шығарамын деп уәде бердi. Бiрақ, Американың 47 мың жауынгерi отанына қайтпақ түгiл, арал аумағынан жылжыған жоқ. Дегенмен, Юкио Хатояманың халық алдындағы беделiне жат жұрттың контингентi ғана емес – маңайындағы адамдардың жемқорлыққа белшеден батуы да үлкен нұқсан келтiрген. Хатояма бастаған Демократиялық партия былтыр тамызда жеңiске жетiп, 50 жыл билiк еткен либерал-демократтарды үкiметтен ығыстырған едi. Жапония премьер-министрi Юкио Хатояма: "Менiмен бiрге қызметтен партияның бас хатшысы Ичиро Озама да кетуге әзiр. Оның бүгiн қаржыландыру заңына қатысты үлкен даудың ортасында қалған жайы бар. Демократиялық партияның қайта жандануына тағы бiр мүмкiндiк берулерiңiздi сұраймын" деп мәлiмдедi.

ХАЛЫҚ ПУТИННIҢ САЯСАТЫНА НЕГЕ НАРАЗЫ?

Мәскеудiң орталығында кең ауқымды наразылық акциясы өттi. Оппозиция өкiлдерi Ресей Федерациясының премьер-министрi Владимир Путиннiң жүргiзiп отырған саясатына қарсылық бiлдiрдi. "Ресей Путинсiз" деп ұрандатқан шерушiлер министрлер кабинетiнiң жетекшiсi Путиннiң отставкаға кетуiн талап еттi. Манифестантарды тарату үшiн тәртiп сақшылары күш қолданған. Мұның соңы екi жақты қақтығысқа ұласты. Полицейлер ондаған ереуiлшiнi қамауға алды. Бiр айта кетерлiгi, былтыр үкiмет қарсыластары дәл осы күнi Триумфаль алаңында наразылық шеруiн ұйымдастырған болатын.

ИЗРАИЛЬ ҚАМАУДАҒЫ ТҮРIКТЕРДI БОСАТТЫ

Израиль әскерилерiнiң Жерорта теңiзiндегi әрекетi әлемнiң бiрсыпыра елiнде наразылық шерулерiнiң өтуiне себеп болды. Ыстамбұлда наразылық бiлдiрушiлер Израиль консулдығының ғимаратын басып алмақ болған. Израиль өкiлi халықтан сескенiп, күнi бойы ешқайда шықпаған. Римдегi алаңда жиналған жүздеген адам Палестина жалауларын көтерiп, Газа аймағының тұрғындарына қолдау бiлдiрдi. Өз кезегiнге испандықтар да шет қалмады. Ал араб мемлекеттерiнде Израиль әрекетiне ашу-ыза бiлдiрген топтар көшеге шығып, өз наразылықтарын бiлдiрдi.

Тель-Авив Жер Орта теңiзiнде өздерi басып алған кемедегi 700 адамды босату туралы шешiм қабылдады. Премьер-министрдiң хатшысы Марк Регевтiң мәлiмдеуiнше, шетелдiктер туған жерлерiне 48 сағаттың iшiнде жiберiледi. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк кеңесi Израильдi айыптайтын құжат қабылдап, әлем елдерi наразылық бiлдiрген соң, еврей мемлекетi осындай шешiм қабылдап отыр.

Ал, Түркияда ет жақындарын көруден үмiтiн үзгендер сүйiншi хабарды үлкен қуанышпен қабылдады. Түрiк азаматтары Анкараның көшелерiне шығып, қуаныш шеруiн өткiздi.

МӘСКЕУ МЕН ДУШАНБЕ АРАСЫНДА ДАУ ТУЫНДАДЫ

Биылғы жылдың сәуiр айында Тәжiкстанда жүздеген адамның полиомиелит ауруын жұқтыруы Мәскеу мен Душанбенiң арасындағы жанжалға себепкер болды. Тәжiкстан денсаулық сақтау министрiнiң орынбасары Ресейдiң бас санитарлық дәрiгерiне жағдайды саясиландырмауға кеңес бердi. Әдетте полиомиелит вирусы санитарлық жағдайы нашар жерлерде таралады. Вирус бiрнеше сағаттың iшiнде адамды толықтай сал қылып тастайтын көрiнедi. Тәжiкстанда бұл аурудан ресми түрде екi адам көз жұмса, ресми Мәскеу шенеунiктерi бұл аурудан 15 адам қаза болды деп отыр. Тағы 104 адамның полиомиелит сырқатын жұқтырғаны хабарланды. Өзге 440 жағдайда сал ауруының әлсiз түрi көрiнiс берген. Мәскеудiң немесе Ангарск сияқты шалғайда жатқан қалалардың ауруханаларында полиомиелитпен сырқаттанды деген күдiктi оқиғалар тiркелген. Ел өкiметi аурудың кең таралып кетпеуi үшiн бiрқатар шараларды қолға ала бастады. Ауру жұқтыруға бейiм деп есептелетiн алты жасқа дейiнгi тәжiк балаларына Ресейге келуге тыйым салынды. Сондай-ақ, Мәскеу тәжiктiң кептiрiлген жемiс-жидектерiн импорттауға шектеу қойды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫ ГРЕКИЯДА БIЛIМ АЛМАҚ

Астанада, елiмiздiң Ауыл шаруашылық министрлiгiне қарасты экономикалық саясат пен сараптамалық орталық және Жерорта теңiзi Ауыл шаруашылық институты өзара ынтымақты нығайту туралы келiсiмге қол қойды. Келiсiм-шарттың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласын сауатты басқара алар кәсiби мамандардың қатарын көбейту, экономика заңдарын ауыл iсiне кiрiктiру. Яғни, шалғайдағы елдi мекеннiң өндiрiсiн тәуелсiз етуге жағдай жасау, пайдаға жұмыс жасай алар агрокәсiпорындар санын ұлғайту. Жиында сөз алған мәртебелi меймандар Еуропалық мемлекеттердiң ауыл шаруасына қатысты қызметтерi мен жетiстiктерi хақында баяндама оқыды. Қос тарап қол қойған келiсiм-шарттың қорытындысына сәйкес – келер жылдан бастап, агро шаруашылық мамандары бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында Еуропаның бiрқатар оқу ордаларында бiлiм алады.

Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкiлi Норбер Жустен: "Ауыл шаруашылығы саласы Қазақстан үшiн маңызды бiр бөлiктi құрайтын болғандықтан, бiздер осы бағыттағы түйткiлдi мәселенi шешуге көмек көрсетпекпiз. Агроөндiрiстiк кешендi дамыту бағытында бiздер экология тақырыбында естен шығармаймыз" дедi.

Дайындаған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары