ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКIМЕТIНIҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛIМДЕМЕСI

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКIМЕТIНIҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛIМДЕМЕСI

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКIМЕТIНIҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛIМДЕМЕСI
ашық дереккөзі
276

2010 жылғы 28-мамырда Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберiнде халықаралық шарттарды қолдану туралы келiсiмшартқа қол қойылды. Келiсiмшарт ратификациядан өткеннен кейiн күшiне енедi.

Осылайша, 2010 жылғы 1-шiлдеден бастап Қазақстан мен Ресейдiң арасында бiрыңғай кедендiк аумақты құруды, одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендiк шекараларды жоюды, жүктердi кедендiк ресiмдеудi алып тастауды қарастыратын, қатарында Кеден одағының Кеден кодексi де бар келiсiмшарт жұмыс iстей бастайды.

Бiрыңғай кеден аумағы әзiрше Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Беларусь өзiнiң дайындық деңгейiне қарай Кеден одағына қосылады деп болжануда.

Соңғы екi апта бойы атқарылған қауырт жұмыстың барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық келiспеушiлiктер iс жүзiнде жойылып, тиiстi бәтуалар мен шешiмдер табылды. Қазақстан соңғы екi аптадағы келiссөздер барысында не нәрсеге қол жеткiздi?

Бiрiншi кезекте, бұдан былай Қазақстанның Кеден одағындағы кедендiк-тарифтiк реттеулерге жауапты ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясында тең дәрежеде орын алатынын атап өту қажет. Аталған органның барлық шешiмдерi, мысалы, үшiншi елге қарсы қорғаныс шараларын енгiзу бойынша ставкаларды өзгерту жөнiндегi және т.б. шешiмдер тек консенсус арқылы ғана қабылданады. Ол бұрын белгiленген дауыстарды бөлу тәртiбiн жояды.

Екiншiден, енгiзiлетiн кедендiк баж салықтарын бөлу нормативтерi қайта қаралды – Қазақстанның үлесi бүкiл Кеден одағы бойынша жиналатын баж салықтарының жалпы сомасының 7,69 %-ын құрайды. Бұл мәселе математикалық қайта есептеу сипатына ие және бюджеттiң кiрiсiне әсер етпейдi.

Үшiншiден, бiздiң елiмiз үшiн азаматтарымыз жеңiл автомобильдердi әкелген кездегi кедендiк баж салықтарының өте нәзiк мәселе болып табылатыны белгiлi.

Күрделi келiссөздер нәтижесiнде бiз Қазақстан үшiн азаматтарымызға, бұрын Қазақстанда күшiнде болған режiмнен де гөрi бейтараптау, жеңiлдiктi режiмдi қарастыратын алымдар енгiзу жөнiнде келiсiмге келдiк.

Бiрақ бiз бұл жерде жеңiлдiктердi автомобильдердi Ресей Федерациясының аумағында қайта сату мақсатында пайдалануға жол бермейтiн шектеу енгiзiп отырмыз. Оның сыртында, күнтiзбелiк бiр жыл iшiнде бiр жеке тұлға екi немесе одан да көп автомобиль әкелетiн болса, баж ставкалары жоғарылай түседi.

Өтпелi кезең Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк жөнiндегi тиiстi құжаттарға қол қойылғанға дейiн, яғни 2011 жылдың 1-шiлдесiне дейiн күшiнде болады.

Бiздiң кездесуiмiздiң тағы бiр маңызды нәтижесi еркiн экономикалық аймақтар үшiн кедендiк жеңiлдiктер бойынша өтпелi кезең белгiлеу болып табылады – бiз жұмыс iстеп тұрған жеңiлдiктi режiм ЕЭА аумағында 2012 жылдың 1-қаңтарына дейiн тiркелген резиденттер үшiн 2017 жылға дейiн күшiнде болады деп келiстiк.

Бастапқыда бiздiң әрiптестерiмiз ЕЭА баж салықтары бойынша жеңiлдiктердi алып тастау туралы ұсыныс бiлдiрдi, бiрақ бiздiң ЕЭА-лардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында бiз ЕЭА-ға қатысушыларды Кеден одағы аумағына әкелу және жеткiлiктi өңдеу критерийлерi сақталған жағдайда, сыртқа шығару кезiнде кедендiк баж салықтарынан босату жөнiндегi өз ұстанымдарымызды қорғап қалдық.

Бесiншiден, бiзге ұшақтарға кедендiк баж салықтары бойынша өтпелi кезең енгiзу мәселесiндегi сеңдi қозғаудың сәтi түстi.

Қазiргi уақытта Кеден одағында ұшақтарға оның құнының 20 %-ы мөлшерiндегi ставка қолданылады.

Ресейдiң авиациялық өнеркәсiбi әзiрге бiздiң тасымалдаушыларымызды қазiргi заманғы, жоғары класты ұшақтармен, сапалы техникалық қызметпен, үйлесiмдi қаржылық жағдайлармен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан бiздiң авиатасымалдаушылар үшiн енгiзiлген өнiмге, алдағы келiссөздерде белгiленетiн өтпелi кезең бойына нөлдiк ставка белгiлеу туралы принциптi уағдаластыққа қол жеткiзiлдi.

Осылайша, қол жеткiзiлген келiсiмдердiң нәтижесiнде Қазақстан өзiнiң экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдердiң бiрiне – толық дайындалған, өз талаптары барынша ескерiлген бiрыңғай кеден аумағын құруға қадам жасап отыр.

Ендi бiздiң бизнестiң алдында үлкен жұмыс тұр, Кеден одағының табыстылығы да оның iскерлiк белсендiлiгiнiң деңгейiне байланысты болмақ. Ал бiздердi, әрiптестер, Мемлекет басшысының бұдан да ауқымды тапсырмасын орындау, яғни Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi құруды аяқтау жұмысы күтiп тұр.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi К.МӘСIМОВ

Серіктес жаңалықтары