ҚАЗАҚТIЛДI ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

ҚАЗАҚТIЛДI ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

ҚАЗАҚТIЛДI ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ
ашық дереккөзі
370

Алматыда "Мiнбер" журналистердi қолдау орталығының тiкелей мұрындық болуымен "Қазақтiлдi БАҚ тәжiрибесiне жаңа медиатехнологияларды енгiзу" атты екi күндiк семинар-тренинг болып өттi. Аталмыш шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкiлдiгi мен "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен жүзеге асты.

"Семинар-тренингтiң басты мақсаты – мемлекеттiк тiлде жұмыс iстейтiн журналистер арасында жаңа медиатехнологияларының кеңiнен таралуына ықпал ету. ҚР Байланыс және ақпарат министрлiгiнiң соңғы мәлiметтерiне сүйенсек, Қазақстан аумағының 30 пайызы ғана интернетпен қамтамасыз етiлген. Интернет пайдаланушылар негiзiнен республиканың ең iрi қалаларында тұрады. Онлайн-ресурстарға қол жетiмдiлiк жағынан Қызылорда, Жамбыл, Батыс-Қазақстан облыстары соңғы орында", – дейдi "Мiнбер" журналистердi қолдау орталығының журналисi, блогшы Асхат Еркiмбай. Оның айтуынша, қазақша блогтардың көбеюi жалпы қазақ интернетiнiң дамуына зор үлес қосады.

2009 жылдан берi интернет-ресурстар БАҚ-ымен теңестiрiлгенi белгiлi. Бұған сәйкес, кез-келген блог иесi, форум мен чатқа қатысушы БАҚ өкiлiмен бiрдей жауапкершiлiкке ие. Семинар барысында БАҚ өкiлдерiне "Әдiл сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жетекшiсi Ғалия Әженова мен Ұлттық телерадиохабарлар тарату қауымдастығының заңгерлерiнiң қатысуымен арнайы құқықтық кеңестер берiлiп, интернетте мақалалар мен ақпаратты қалай жазу тәсiлдерi түсiндiрiлдi. Тренингке қатысушылар алдын ала жарияланған байқау негiзiнде таңдалып алынған. Аталмыш байқауға қатысуға ниет бiлдiргендерден 40-тан астам мақала келiп түссе, оның 30-ға жуығы үздiк деп танылып, семинар-тренингке қатысуға жолдама алған. Оларға жаңа медиа-технологиялармен жұмыс iстеу, интернет сайттар, блогтар ашу және интернетте видео, аудио файлдар орнату тәсiлдерi тәжiрибе жүзiнде көрсетiлдi. Аймақтан келген журналистерге жеке блогтар ашып, оны қалай жүргiзудi үйреткен Асхат Еркiмбай қатысушылардың жаңа медиа мүмкiндiктердi бiлуге деген ынты-ықыласы жоғары екенiн айтады. Ал, "Мiнбер" орталығының төрайымы Есенгүл Кәпқызы жаңа медиаға байланысты қазақтiлдi журналистерге арналған семинар-тренингтiң тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын және де осындай шаралардың сирек өтетiнiн жеткiздi.

Интернет ресурстарға қол жеткiзу мүмкiндiгiнiң төмендiгi қазақтiлдi БАҚ-ның дамуына керi әсерiн тигiзiп отыр. Сондықтан қазақтiлдi БАҚ өкiлдерiне жаңа технологияларды пайдалану әдiстерiн үйрету кезек күттiрмейтiн iс. Жаңа технологияларды үйрену арқылы журналистер кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк алады. Бұл журналистер арасында өзара қарым-қатнастың дамуына және ҚазНеттiң мемлекеттiк тiлде дамуына өз әсерiн тигiзедi", – дейдi "Мiнбер" орталығының жетекшiлерi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары