ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЗАМАНАУИ YЛГIСI

ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЗАМАНАУИ YЛГIСI

ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЗАМАНАУИ YЛГIСI
ашық дереккөзі
331

Ежелгi Ұлы Жiбек жолының бағыты жаңартылып, неше жүзжылдықтан кейiн заманауи үлгiсi салынып жатқанынан көптен құлағдар болып жүрмiз. Сонау Еуразия құрлығының батысы мен шығыс өркениетiн тұтастай жалғастырған Ұлы Жiбек жолының орта нүктесi, алтын дәлiзi — қазақ сахарасы болғаны баршаға мәлiм. Бүгiнде елiмiз арқылы өтетiн "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" автомагистралi дала дәстүрiн жақындатпаса, алшақтатпасы анық. Алғаш ауызға iлiнгеннен-ақ ертедегi Жiбек жолының орнын толтыру идеясы көзделген секiлдi, бiрақ сондайлық маңызға ие бола ала ма?

Әуелде Батыс пен Шығысты байланыстыратын жол жасау бастамасы кiм-кiмдi де үйiрсектеткенi рас. 2005 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен "Нұр Отан" партиясы үдемелi индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттiк дәлiз құрылысын нысанға алған болатын. Елбасының "Бiз Қазақстандағы ең iрi трансқұрлықтық транспорттық жобаны жүзеге асыра бастауға тиiспiз. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транспорттық дәлiзi Қазақстанның оңтүстiк өңiрлерi мен Қызылорда және Ақтөбе арқылы Ресейге шығады", – дедi Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, "жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға септiгiн тигiзiп, елiмiздiң оңтүстiк өңiрiнiң экономикасын жандандыра түседi" деп ғасыр жобасының аса маңыздылығын аңғартты. Бұдан кейiн орталық аппараттағы жауапты қызметкерлер мен мемлекеттiк органдар Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша iске жұмылдырылып, жобаны iске асыру үшiн 5 қоғамдық қабылдау бөлмесi және 26 партиялық бақылау бекетi жұмысқа кiрiскен.

Қазiргi уақытта Қиыр Шығыстан келетiн жүктер Қытай және теңiз арқылы Еуропаға жөнелтiледi. Ал жаңа жол жүк тасымалы уақытын 3 жарым есеге қысқартады. 10 жылдан кейiн Қазақстан арқылы жүк тасымалы 2 жарым есеге артуы мүмкiн дейдi сарапшылар.

Жол құрылысындағы бiрiншi техникалық категорияда 1 мың 390 шақырымды құрайтын 4 жолақты қозғалыс, ал екiншiсi – 1 мың 62 шақырымды алады. Транзиттiк көлiк салығы ел бюджетiне түседi. Көлiк ең көп жүретiн жолдың төрттен бiр бөлiгi ақылы болады. Мысалы 370 шақырымдық Алматы – Қорғас жолы ақылы болмақ. Жолды жақсарту үшiн бұрылыс радиусы, көру аймағын, мал бағылатын аудандар бөгетi, елдiмекендердегi жарық түсiру құрылғылары қайта қолға алынып отыр. Экологиялық жағдайды ескере отырып, 14 iрi елдiмекендер мен 3 асуды айналып өту жоспарда бар.

Бүкiл дәлiз бойы трассаның геометриялық өлшемдерiн жақсарту көзделген, ал экологиялық және санитарлық жағдайды көтеру мақсатында iрi елдi мекендердi (Ақтөбе, Шаған, Арал, Қызылорда, Шиелi, Жаңақорған, Түркiстан, Темiрлан, Шымкент, Тараз, Құлан, Ташқарасу, Жәркент, Қордай, Машат, Күйiк) айналып өту қарастырылған.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСТIҢ ОҢТАЙЛЫ ҚАДАМДАРЫ

Жақында халықаралық дәлiз мега-жобасын жүзеге асыруда үлкен жұмыс күшi құрылып, жұмыссыздықтың аулын республика бойынша бiр аулақтату көзделген-тұғын. "Жоспар бойынша бұл нысанда тамызға қарай 50 мың адам жұмыс iстеуге тиiс. Сондай-ақ 10 мыңға жуық техника тартылуы қажет", – дедi ақпан айында Үкiмет отырысында Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев. Алайда, бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Басталмай жатып, батпаққа батып жатқандаймыз. Тарқатар болсақ, жақында мемлекеттiк қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөнiндегi комиссияның кезектi отырысында жобаға қатысты бiрқатар заңбұзушылықтар анықталды. Соның бiрi – жұмыспен қамту мәселесi. Тексерiс барысында мәлiм болғандай, жұмыс күшi ретiнде Қазақстан азаматтарынан тыс, шетелдiк арзан жұмыс күшi тартылған. Ал Елбасы мен үкiмет жергiлiктi халықты ғана жұмысқа алуды қатаң тапсырған болатын…

Дегенмен Қызылорда облысында 2006 жылдан дайындық жүргiзiлiп келедi. Вице-министр Ө.Шөкеев онда қиыршық тастардың зауыты, битум зауыты салынды деген. Жұмыстың наурыз айында басталатынына еш күмәнсiз сене отырып, итальяндық компаниялардың iске кiресетiндiгiн айтып өткен. Ресей Көлiк вице-министрi Олег Белозеров таяуда қазiр аутокөлiк жолының 1 пайызы да пайдаланылмай тұрғандығы, 5 пайызын пайдаланған күннiң өзiнде жыл сайын мемлекет қазынасы 3 миллион доллар табыс түсiретiндiгiн айтып өткен.

ЖОЛ САЛУШЫЛАРҒА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАП КҮШТI…

Мега-жоба құрылысы 2012 жылдың желтоқсан айында аяқталуға тиiс. Одан кейiнгi жылы қолданысқа берiлмек. Қанша ауыз толтырып айтылса да, автожолдың салыну барысында қазiрдiң өзiнде көптеген қателiктер, нақтырақ айтсақ, заңбұзушылықтар орын алып отыр.

Құрылыс өз аумағын басып өтетiн облыстарға жүктелген. Мәселен, Көлiк және коммуникация министрлiгi және жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп тексергенде аймақтардағы жол бойына салынып жатқан құрылыстың нормативтiк және техникалық құжаттарынан заң бұзушылық фактiлерi анықталып отыр. Бұл аз десеңiз, отандық жол салушылар халықаралық қаржы институттарының ережелерi бойынша өткiзiлетiн тендерде шетел компанияларының шаңына да iлесе алмай қалған көрiнедi.

Десе де "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолының жамбылдық учаскесiнiң құрылысына жергiлiктi кадрлар пайдаланылған. Тiптi, трансқұрлықтық жол жасауға жергiлiктi кадрлармен қоса жергiлiктi материалдар да тартылды. Ал жол салу мәртебесi "Қазақжолқұрылыс" ЖШС-iне бұйырды. "BI Group" холдингiне енетiн бұл компания тендердi ұтып алып, "Тараз-Қордай" жолы учаскесiнiң құрылысына мыңға жуық адамдарды тартуды жоспарлап отыр. Бiр ғана ақпан айының өзiнде жұмысқа 50-ге жуық маман алыныпты.

Сондай-ақ салынып қойған автомагистраль бөлiктерiнен өткен ауыр жүк көлiктерi жолға зақым келтiрген. Ал құрылысқа жақын аймақтағы жартастардан қиыршық тастар заңсыз алынған. Жақында мәлiм болғандай, жұмыс барысының өте шұғыл жүрiп жатуына байланысты тиiстi белгiшелер қойылмай, жол апаттарының жиi болуына ұрындырып отыр.

ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫ ҚАЙТА ЖАНДАНАДЫ

Ресей, Қазақстан және Қытай аумақтарын қамтитын сауда қатынасы және экономикалық келiсiмдер мен жобалар үшiн оңтайлы әдiс. Ұзақтығы – 8,5 мың шақырым трансқұрлықтық автожол дәлiзiнiң құрылысы аяқталған күнде Санкт-Петербург – Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Ланьчжоу – Чжэнчжоу – Лянь Юньган бағыты бойынша өтетiн болады. Бұл өте ауқымды халықаралық транзиттiк дәлiз болғандықтан қаржы жағынан да шетелдiк компаниялар атсалысуда. Министрдiң айтуынша, жобаға халықаралық қалпына келтiру және Даму банкi – 2 млрд. 125 миллион, Азия банкi – 702 миллион, Ислам банкi – 394 миллион, Еуропа банкi – 180 миллион және Жапонияның "Джайка" агенттiгi – 68 миллион доллар бөлiп отыр. Ал жалпы есепте қаржы институттары жобаға 3 млрд. 649 миллион доллар қарастырған көрiнедi.

Қазақстан аумағындағы жолдың ұзындығы – 2787 шақырым. Халықаралық сапа стандартына сай болатын жолдың 1 079 шақырымы цементтен, 1373 шақырымы асфальт бетоннан құйылады дедi ҚР Көлiк және коммуникация министрi Ә.Құсайынов. Мұндай жолдар бұған дейiн республика көлемiнде салынған емес. Болашақта төрт жолақты даңғыл жолмен сапарға шығатын автокөлiк иелерi жылдамдықтарын сағатына 120 шақырымға дейiн арттыра алады. Ауа райы құбылмалы өңiрдегi бұл жолды күрделi жөндеусiз 25 жыл пайдалануға болады екен. Өйткенi жаңа жол Астана-Бурабай даңғылы үлгiсiндегi немiс технологиясымен жасалынбақ. Осы тұрғыда Елбасы қуанышын жасырмады. "Бiз бұл жобаны бастай алдық және оны жүзеге асырамыз. Жаман жолдарда опат болып жатқан қанша өмiрдi, қаншама техниканы құтқарамыз. Ең бастысы, Қазақстан транзиттiк ел атанады", – деп атап көрсеттi Елбасы Ақтөбедегi халықаралық транзиттiк дәлiз құрылысының басталу рәсiмiне қатысу барысында.

Бұл жобаның қазiрде қолданыстағы дәлiздермен, мәселен, Транссiбiр, автожолы, Суэц каналы арқылы өтетiн теңiз жолымен салыстырғандағы оң көрсеткiштерi оның төтелiгi мен жолға кететiн уақыттың аздығында. Теңiз дәлiзiн пайдаланғанда жолға кететiн уақыт 45 тәулiкке дейiн созылады. Ал Транссiбiр арқылы жолға 14 тәулiк кетсе, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлiзiмен Ляньюньгань портынан Еуропа мемлекеттерiнiң шекарасына дейiнгi жолға кететiн уақыт небәрi 10 тәулiк шамасында. Әлем жұртшылығы мен кәсiпкерлерi баяғы Ұлы Жiбек жолы бағытының заманауи үлгiде қайта жандануын мұқият қадағалап отыр. Яғни, әлемнiң назары тағы да Қазақстанға ауғаны даусыз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары