Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БIЗ ТЕК ШЫНДЫҚТЫ БIЛГIМIЗ КЕЛЕДI...

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БIЗ ТЕК ШЫНДЫҚТЫ БIЛГIМIЗ КЕЛЕДI...

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БIЗ ТЕК ШЫНДЫҚТЫ БIЛГIМIЗ КЕЛЕДI...
ашық дереккөзі
198

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада, Ақордада "31 мамыр — Саяси-қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi" жазықсыз жапа шеккен арыстардың қазiргi ұрпақтарымен кездестi. Олар Iлияс Жансүгiровтың ұлы — Саят Жансүгiров, Тұрар Рысқұловтың қызы — Сәуле Рысқұлова, Ұзақпай Құлымбетовтың қызы — Кибира Қарабалина, Мағжан Жұмабаевтың келiнi — Шекер Қаһарманова, Төреқұл Айтматовтың қызы — Розетта Айтматова. Осы кездесуге 30-40-шы жылдары репрессияға ұшырап, Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған Хван Унденнiң қызы — Райса Хван, "Вайнах" шешен-ингуш этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы Салман Героев және 50-шi жылдары елiмiзге жер аударылғандар ұрпақтары да арнайы шақырылды.

Елбасы сөзiн: "Бiз бүгiн қазақ елiнде жүрген сонау жан түршiгерлiк, адам түңiлерлiк қасiреттi оқиғаларды еске алу үшiн жиналып отырмыз. Ол бiздiң жадымыздан өшiп қалмауы керек. Қоғам оны әманда ұмытпауы қажет. Одан қортынды жасаған жөн", — деп бастап, сол зұлматтан ресми деректер келтiрдi.

1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргiнге ұшыраған. 25 мыңнан астам адамға үштiк соттың ең жоғары үкiм — ату жазасы шығарылып, мәңгiлiкке көз жұмған.

Атылғандар iшiнде ұлтымыздың бiртуар ұлдары Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Iлияс Жансүгiров, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бейiмбет Майлин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов, Көлбай Төгiсов және тағы басқалар болған.

Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы "ГУЛАГ", "АЛЖИР" лагерлерiнде олардың қосақ жарлары "халық жауларының" әйелдерi деген желеумен он-он бес жылдан зардап шектi. Олар лагерлерден босаған соң да бiрнеше жылдар бойына өз мамандықтары бойынша қызметке тұра алмай қағажу көрдi. Мұны кеңестiк шовинистiк саясат әдейi жасаған. Өйткенi, ұлттың бетке ұстар қаймағын халық жауы ретiнде айыптап, жойып жiберсе, қарапайым халықтың санасын, ақыл-ойын, тарихи дүниетанымын әлсiретiп, ұлттық тамырына балта шауып, төл тарихынан, тiлiнен, дiлiнен айырып, мәңгүрттендiру оңайға түсетiнiн жақсы бiлдi.

1993 жылы 14-сәуiрде "Жаппай қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" арнайы заң шығып, күнi бүгiнге дейiн 350 мың адам ақталған екен. Бұл шара жаңа тарихи деректердiң табылуымен қазiр де жалғасуда.

Елбасы мына деректi де ауызға ала кеттi: "Бiздiң елiмiзде сол террордың ауқымын тек мына бiр дерекке қарап-ақ бағамдай беруге болады. 1938 жылдың тек 25-ақпаны мен 13-наурызы аралығында ғана әскери алқа Қазақстанның барлық басшыларын – 650 тұлғаны ату жазасына кескен. Ұлтымыз толығымен көшбасшысыз қалды. Ұлттың бетке ұстар асылдары тегiс жойылды".

Қараңыз, бар-жоғы 18 күннiң iшiнде-ақ әскери алқа соты шындықты белден басып, жаламен атқандары қаншама. Бұдан өткен сорақылық жоқ шығар сiрә да!? Бұл сталиндiк шовинистiк саясаттың ең зұлым көрiнiсi. Алайда, қазiр ел iшiнде осы зұлматқа жауапты Кеңестер Одағының ошағы болған Ресей кiнәлi деп жүргендер бар. Елбасы бұл мәселенi де назарынан тыс қалдырған жоқ. "Бiздiң баршамыздың тарихымыз ортақ болды. Сондықтан бiз тарихи шындықты анықтап, мән-жайға қаныққымыз келедi. Бiз жау iздеудi мақсат тұтып отырған жоқпыз. Бiздiң мақсатымыз – өзiмiз де, кейiнгi ұрпақтарымыз да бар шындықты бiлу үшiн нағыз тарихты қағаз бетiне түсiру. Бүгiнде сол оқиғаларды жадымызда жаңғырту және қайталамау мақсатында "Память во имя будущего" халықаралық жобасы iске асырылуда. Әрине, осы арқылы бiз бiреуге айып таққымыз келмейдi. Бiз тек шындықты бiлгiмiз келедi".

Иә, қашанда шындықтың жолы ауыр. Оған жету үшiн жылдар керек. Мұрағаттардағы қуғын-сүргiн құрбандарын тергеу құжаттары толық ашылмай, шындықтың да толық ашылмайтыны анық. Осы орайда айта кететiн тағы бiр жай Саяси қуғын-сүргiн күнi елiмiзде өз деңгейiнде аталып жүр ме? Сол репрессия құрбандарына күнi бүгiнге дейiн Алматыдан мұражай ашылмауына не себеп? Сол мұражай арманда кеткен арыстарымыз үшiн емес, өткеннен сабақ алуға бүгiнгi және кейiнгi ұрпақтар үшiн керек. Мұның мәнiн Үкiметтегiлер бiлмейдi емес, бiледi. Бiрақ, бiле тұра жүзеге асырмай кейiнге қалдыра беретiнiне қынжылмасқа шараң жоқ.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары