Айбек ҚАЛИЕВ: КИЕЛI ТОРҒАЙ ТОЗЫП БАРАДЫ

Айбек ҚАЛИЕВ: КИЕЛI ТОРҒАЙ ТОЗЫП БАРАДЫ

Айбек ҚАЛИЕВ: КИЕЛI ТОРҒАЙ ТОЗЫП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
574

Айбек Қалиевтi айтыс сүйер жанкүйер жақсы бiледi. Айбек айтулы айтыскер ақын ғана емес, ұлағатты ұстаздық қызметтiң де нанын жеп жүрген абзал азамат. Ел ордасы Астанада бiраз жылдар ұстаздық қызмет атқарған ақын елiне қайта оралып, Арқалықта ғұмыр кешiп жатыр. Бүгiнде ақын Арқалық педагогикалық институтында қызмет етедi. Шалғайда жатқан Арқалықтағы ақынмен өркениеттiң заманының еншiсiне айналған ғаламтор арқылы пiкiрлесудiң сәтi түстi. Елдiң арасында жүрген ақынға Арқалықтағы жұртшылық туралы бiрер сауал тастаған едiк.

— Айбек мырза, айтыстың төрiнде жүргенiңе де көп болды… Айтыс — қазақтың төл өнерi десек те, атадан балаға мирас болып келетiн қасиеттi өнер ғой. Айбекке бұл өнер кiмнен дарыды екен?

— Бұрынғы ақындардың өмiр тарихына қарап отырсаң, түсiнде ақ сақалды ата келiп: "Өлең аласың ба, көген аласың ба?" — деп сұрайды екен, болмаса аян бередi екен. Бұрын Кеңес заманында мұны ертегi, қиял деп ойлайтынбыз. Ал, қазiр дүниенiң небiр тылсым құпияларының сыры ашылып жатыр ғой, мүмкiн мұнда да бiз бiле бермейтiн, санамыз бен түйсiгiмiз жете бермейтiн сыр жатса керек. Ал, кейбiр ақындарға дарын қанмен келедi деп жатады. Бұл ендi генетикалық тұқым қуалаушылыққа келiп тiреледi. Маған ақындық осы екiншi жолмен келген болуы керек. Түп нағашым ХIХ ғасырдың соңғы ширегiндегi Торғай ақындық мектебiнiң негiзiн салушылардың бiрi Есенжол Жанұзақұлы деген үлкен ақын екен. Осы кiсiнiң қызынан менiң атам Қали туыпты. Сiзге бiр қызық айтайын, Есенжол ақынның немере қызынан қазақ әдебиетiнiң көрнектi өкiлi Ғафу Қайырбеков атамыз туады. Атам Қали елге ақын боп танылмағанымен нағашыларын, құрдастары мен жеңгелерiн әзiлдеп бiр-екi шумақ өлеңдi суырып салып тастайтын кiсi екен. Ал, оның iнiсi Ұлы Отан соғысында мерт болған Баймұқан деген кiсi шаруаға қырсыздау, жалғыз домбырасы мен жалғыз жүйрiк аты бар, қай жерде той, қай жерде думан сол жердiң көрiгiн қыздырып жүретiн серi кiсi болыпты. Маған ақындық осы кiсiлердiң қанымен келсе керек. Оның үстiне мен туып-өскен жер талай шешендер мен ақындардың мекенi, өлең мен өнердiң өлкесi болғандықтан, өскен ортамның да ықпалы зор болды ғой деп ойлаймын.

— Айтыс елге Айбектiң атын шығарды. Ал, Айбектiң айтысқа қосқан үлесi қаншалықты?

— Айтысқа зор үлес қостым деп айта алмаймын, оны менен емес, халықтан сұрағаныңыз жөн шығар. Үлесiмдi қайдам, қазiр кейбiр кiсiлер айтыстың түбiне жеткен сен деп жүр ғой! Ақ-қарасы бiр Аллаһқа ғана аян.

— Сүрiнген де, қиналған да кездерiң болған шығар… Сондай сәттерде неге көбiрек сүйенесiң?

— Өмiр болғаннан кейiн ащы-тұщы таяқтың дәмiн тату, сүрiну, құлау әр адамның басында болатын жағдай ғой. Пенде болғаннан кейiн қателеспей тұрмайсың, мұндай жайттар басымда болып тұрады. Ондай сәттерде әуелi Аллаһқа, онан кейiн жақын достарымның ақыл-кеңесi мен көмегiне жүгiнемiн.

— Елден жырақ кетiп, Астанаға келгенiңдi бiлемiз. Бiрнеше жыл Елорданың да дәмiн таттың. Ұзақ уақыттан соң, елге қайта оралуыңның сыры неде?

— Осы өмiрiмнiң он алты жылы Торғайда, он алты жылы Астанада өтiптi. Мен келгенде қазiргi Елордамыз Ақмола деп аталатын. Өмiрiмнiң тең жарымы өткен Астана маған өте ыстық. Осында жүрiп елге танылдым, оң-солымды таныдым, үлкен өмiрдiң табалдырығын аттадым. Астананы қиып кету, әрине, оңай болған жоқ. Ыбырай атамыздың атындағы Арқалық мемлекеттiк педагогикалық институтының жағдайы соңғы онжылдықта онша мәз болмай кетiп едi. Жаңа басшы Жасұлан Шаймарданов деген азамат келiп, қазiргi таңда адам танымастай өзгердi. Киелi жердiң жалғыз бiлiм ордасын бiрiгiп көтерейiк, дамытайық деп қолқа салғасын тартынған жоқпын. Оның үстiне Торғай ақындық мектебiнiң дәстүрi үзiлiп қала ма деген қауiп бар едi көңiлде, өлеңге, өнерге талабы бар жастарды баулып, бiлгенiмдi үйретсем деген мақсат болды.

— Кез келген адамды тәрбиелейтiн орта ғой. "Адам өз туған топырағына тартады" деп жатады. Сен туған мекенде алты алаштың азаматтары дүниеге келдi. Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов сияқты алаш қайраткерлерiн өмiрге әкелген киелi мекеннiң қасиетi дарыды деп ойламайсың ба?

— Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда шет жағалап айтып өттiм ғой деймiн. Торғай өңiрiнен шыққан Ахаң мен Жақаң, Қайнекей, Сырбай мен Ғафу, Шәмiл, Кеңшiлiк пен Серiк, Қоғабай, Қойшығара, Төлен ағалардың есiмiн бүкiл Алаш бiледi. Ал, насихатталмай жатқан ақын-жырауларымыз қаншама. Осындай елдiң, жердiң қасиетi дарып, сол ортаның тәрбиесi маған үлкен ықпал еттi. Тәрбие жөнiнде ойда жүрген бiр нәрсенi айтқым келедi. Кейбiр атақты зиялыларымыздың балаларының қазақ тiлiн бiлмейтiнiн естiп те, көрiп те жүрмiз. Мейлi қалада өссiн, далада өссiн, мұның бәрi тәрбиеге қатысты. Кеңшiлiк ағамның баласы Амангелдi Кеңшiлiкұлы мен Төлен ағамның баласы Дархан Әбдiктi бiлмейтiн қазақ жоқ. Екеуi де қалада өскен. Екеуi қазақша сөйлеп, қазақша жазғанда ауылда туып-өскен небiр шешендерiңдi жаңылдырады. Бұл қасиет ең алдымен түпкi топырақтың қасиетiнен, содан соң тәрбиеден деп ойлаймын. Кейде, тiлiн бұрап қазақша әрең сөйлеп тұрған министрлер мен жоғары деңгейлi шенеунiктердi көргенде, соларды Торғайға әкеп он күн қой бақтырып алар ма едi деп армандаймын. Сайрап шыға келер едi. Қасиеттi топырақта туып, одан кейiн ұстазым, халық ақыны Қонысбай Әбiл ағамның тәрбиесiн көрiп елге ақын атандық.

— Қостанай мен Торғай бiр кездерi екi облыс едi. Қазiр бiрiгiп, бiр үлкен облысқа айналды. Республикадан жырақ жатқан облыстың бүгiнгi хал-ахуалы туралы не айтар едiң?

— Қышыған жерiме дәл тидiңiз-ау! Торғай ақ патшаның заманында облыс болған. Оған Қостанай, Ақтөбе уездерi қараған. Кеңес заманында екi рет ашылып, екi рет жабылды. Соңғы рет жабылғанда Торғайдан ел көше бастады. Бұрын мал шаруашылығымен айналысқан Амангелдi, Жангелдин аудандарында жұмыссыздық белең алды. Жұрт күнкөрiс қамымен Қостанай, Ақмола, Астана маңына боса бастады. Облыс орталығы болған Арқалық қаласының да жағдайы құлдырады. Ыстық су, жарық, газ, жылу дегендi ұмытты. Бұрын 70 мың халық тұратын Арқалықта қазiр 25 мың халық қалды. Мұның өзi бұрынғы тұрғындар емес. Аудандар мен ауылдардан көшiп келген халық. Сiзге бiр ғана мысал айтайын, мен туып-өскен Жаркөл ауылдық округiнiң Тоқанай, Тентексай бөлiмшелерiнде тоқсаныншы жылдардың орта кездерiнен берi жарық болмады. Тоқанайға жарық келгенiне екi-үш-ақ жыл болды, ал Тентексайда әлi жарық жоқ. Есептей берiңiз, сол кезде туған бала, қазiр он бес жасқа келдi. Ғылым мен техника дамыған ХХI ғасырда теледидарсыз, радиосыз, жарықсыз өсетiндей ол балалардың не жазығы бар? Ұлтымыз ұйысқан қасиеттi Ұлытау мен Жезқазғанды, Алаштың алтын бесiгi болған Семей мен Торғайды жабу кiмге керек болғанын мен түсiне алмай-ақ қойдым. Қазiр, құдайға шүкiр, Арқалық аздап-аздап есiн жинай бастады. Торғай өңiрiндегi қазiргi басты проблема ауызсу мәселесi болып отыр. Кешегi кеңес заманынан берi Амангелдi, Жангелдин аудандары өзен-көлдердiң суын ауызсу ретiнде пайдаланып келедi. Соңғы он жыл көлемiнде өзендер тасымай, суы көгерiп, борси бастады, ел сол суды тұндырып iшуге мәжбүр болып отыр. Менiң өз ауылымда ескi мектеп бар, "Қаратүбек" орта мектебi деп аталады. Бұл мектепте Қойшығара Салғара, Сейiт Кенжеахметұлы, Төлен Әбдiк, Кеңшiлiк Мырзабеков, Серiк Тұрғынбеков сияқты ақын-жазушылар, ағайынды академиктер Сайлау, Сәбит Байзақов, Серiкбай Айсағалиев сияқты ғалымдар, кезiнде су шаруашылығы министрi болған Нариман Қыпшақбаевтар оқыған. Осы құлағалы тұрған мектепте 400-500-дей бала сығылысып оқып жүр. Бiздiң ауылға тас жолдың үстi, қатынасқа ыңғайлы болғандықтан ауданның шалғай ауылдарынан қоныс аударушылар өте көп. Сөйте тұра, ауданнан алыс орналасқан, қарым-қатынасқа қиын, алпыс-ақ үйi қалған, жетпiстей ғана оқушысы бар Милiсай ауылына "Жүз аурухана, жүз мектеп" бағдарламасы бойынша үш қабатты мектеп салу қаншалықты қажет болғанын басшылар түсiндiре жатар. Ендi бiраз жылдан кейiн ол жерде ел қалмаса, мемлекетiмiздiң қаржысы желге ұшқан болмай ма? Торғайлықтар Астана мен Қостанайдағы қазақ санының пайыздық жағынан артуына және қазақылануына зор үлес қосты.

— Алаш азаматтарының тарихи мұрасын жергiлiктi жұртшылық жақсы бiле ме? Осы өңiрден шыққан қайраткерлерiн Қостанай қалай насихаттап жүр?

— Алаш қайраткерлерiнiң бiр тобы бiздiң өлкеден шыққандықтан, олардың тарихи, әдеби мұрасы туралы жергiлiктi жұрт жақсы бiледi. Бұл жөнiнде жоспарлы жұмыстар жүргiзiлiп тұрады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының туған жерi Сарытүбектегi Ахаң туған қыстауды ағайындары Үкiметтен бiр тиын да қаржы алмай, өз күштерiмен қалпына келтiрiп қойды. Мiржақып Дулатұлының сүйегi де жерлестерiнiң күшiмен елге, Жангелдин ауданындағы Бидайық ауылына қайтадан жерлендi. Арқалыққа келген зиялы қауым өкiлдерiн, журналистердi жетелеп сол жерлерге апарып көрсеткiм-ақ келедi, алайда, сол баяғы жол қатынасының қиындығы алдыңнан шығады да тұрады. Арқалықтан 400 шақырым Ақкөлге, 300 шақырым Бидайыққа қыста бару мүмкiн емес, жазда жөндеу көрмеген ойқы-шойқы көтерме жолмен жетуге бiр күн уақыт кетедi. Дей тұрғанмен, Торғайдағы, Амангелдiдегi, Арқалықтағы мұражайларды дәтке қуат етемiз. Облыстық, аудандық, қалалық мерзiмдi баспасөз бетiнде Торғайдағы Алаш қозғалысы, Алаш өкiметi мен оның өкiлдерiне қатысты жерлестерiмiздiң мақалалары жиi жарық көрiп тұрады. Дегенмен де облыста өзiм араласып жүрген өнердiң айналасында Қостанай мен Торғайдың арасында текетiрестiң бар екенiн жасырғым келмейдi. Бұл өз кезегiнде өнерге де, тарихқа да зардабын тигiзбей қоймайды.

— Айтыс бiр жарым жылдай өтпей қалды. Сол уақыттарда айтыскерлер немен айналысты? Мәселен, өзiң…

— Айтыс тоқтап қалған жоқ. Тек айтысты теледидардан көрсету, БАҚ-та насихаттауда iркiлiс болды. Әйтпесе әр жерде айтыстар өтiп жатыр. Қызылорда, Шымкент, Кереку, Талдықорған өңiрлерiнде бiрнеше айтыстар болып өттi. Бұрын да айтыс айына-жылына бiр болатын едi ғой. Айтыскерлер бұрын немен айналысса, айтыс саябырлаған уақытта да сол iстерiмен айналысты. Тек Айнұрдың "Екi жұлдызда" әншi болып кеткенi болмаса. Айтыс кәсiп емес, ақындардың өз мамандықтары бойынша атқаратын тұрақты қызметтерi, жұмыс орындары бар, сол қызметтерiн атқарып жатыр. Мен де, айтыс азайған уақытта өз қызметiммен айналыстым. Еуразия ұлттық университетiнде оқытушылық қызметiмдi атқарып, былтыр сәуiр айынан берi Арқалық пединститутына декандық қызметке ауыстым. Қазiр сонда өз жұмысымды iстеп жатқан жайым бар.

— Айтыстың саябырсуына себеп болған Айбектiң даты деген де пiкiрлер бар. Өзiң қалай ойлайсың?

— Мен датты 2005 жылы айттым. Егер айтыстың басына туған қиыншылық сол даттың кесiрiнен болатын болса, сол кезде-ақ айтысты жауып тастар едi ғой. Белгiлi бiр деңгейде айтыста ащы айтқан сөздерiмнiң әсерi болған шығар, бiрақ бiр өзiм айтыстың түбiне жеттiм деп ойламаймын. Осындай сөз шыққаннан берi жұрттан қуыстанатын болдым.

— Айтыс ақынының айтыстан өзге шаруамен айналысуға мүмкiндiгi бар ма?

— Мүмкiндiгi бар деп ойлаймын. Айтыс күнде болып жатқан жоқ қой. Мәселен, Мэлс, Аманжол, Лена, Ақмарал сияқты аға-апаларымыз, Балғынбек, Бекарыс, Айтбайлар ғылыммен айналысып жүрсе, Бауыржан газет шығарып, Ринат өз мамандығы бойынша актерлықпен шұғылданып жүр. Сол сияқты ақындардың әрқайсысы қоғамдағы өз орны бойынша жұмысын iстеп, нәпақасын айырып жүр. Менiң де, Арқалыққа келгендегi басты мақсатымның бiрi өнерге, өлеңге талабы бар жастарға бiлгенiмдi үйретiп, дем беру болатын. Құдайға шүкiр, Арқалықта ондай жастар көп екен. Қазiргi таңда Қытайдан келiп оқып жатқан Азамат Мәлжанбай атты шәкiртiм "Аламан айтыс" жобасы арқылы елге танылып қалды. Екпiн Советхан, Тоба Өтепбаев, Зылиха Кенжеғозина, Ақгүл Мырзабекова сияқты дарындар облыстық айтыстың алдын бермей жүр. Мектеп оқушылары Амангелдi Сейiлхан мен Бағдат Нұрмұханбетов те зор үмiт күттiредi. Мен бұлардың ұстазымын деп айта алмаймын, бiлгенiмдi үйретiп, ақыл-кеңесiмдi берiп жүремiн, өздерi "ұстазымыз" деп жатса өздерi бiледi.

— Айбектiң отбасында өзiнен басқа өнер қуған, айтыстың жолына түскен дарындар бар ма?

— Iнi-қарындастарым домбыра шертiп, ән айтқаны болмаса өнер жолын қуа қойған жоқ.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары