СЕНБIДЕГI ЖӘРМЕҢКЕ

СЕНБIДЕГI ЖӘРМЕҢКЕ

СЕНБIДЕГI ЖӘРМЕҢКЕ
ашық дереккөзі
287

Өткен аптаның сенбiсiнде оңтүстiк астанадағы "Астана" алаңында Алматы қаласы мен облысы тауар өндiрушiлерiнiң кең ауқымды ауыл шаруашылық жәрмеңкесi өттi. Жәрмеңкенi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен облыс басшысы Серiк Әбiкенұлы Үмбетов және Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев арнайы келiп, аралап көрдi.

Алматының сенбiсiнде сауда көрiгi қызды деп айтуға да болады. Алматы облысына қарасты әрбiр ауданның аты жазылып, бiрыңғай тiгiлген шатырлар, түрлi-түстi шарлармен безендiрiлiп қойыпты. Жәрмеңкедегi өнiмдердiң де бағасына жұртшылық разы болды. Өйткенi, сол күнi жәрмеңкеде еттiң килосы — 600-700, қазы-қарта — 1100, картоп — 70, балық — 400, тауық 360 теңге аралығында сатылды.

Жәрмеңкеге әр аудан кемi 6 млн. теңгенiң шамасында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн ұсыныпты. Қазы-қартаңыз да, сүт-майыңызды да осы жерден табасыз. Мәселен, Жамбыл ауданындағы арнайы жылыжайларда өсетiн көкөнiстiң барлық түрi, жылқы, сиыр, түйе, тiптi үйiтiлген қой етi, сүт, iрiмшiк, құрт, әйтеуiр ауылда қандай өнiм өндiрiледi, солардың бәрi бар десек те болады. Әкелiнген барлық тауарлар арнаулы тексеруден өтiп, сертификатталған. Орын мәселесi де шешiлiп, барлық жағдайлар жасалыныпты. Тiптi, бәрi тегiн. Егер өндiрушiлер осы заттарын базарға апарып сататын болса, таңғы бестен тұрып, орын алып, оған ақшасын төлеп деген сияқты түрлi кедергiлерге тап болар едi. Бiздiң ойымызша, мұндай жәрмеңкелер қалаға да, шаруа қожалықтарына да өте тиiмдi әсерiн тигiзiп отыр. Iле ауданына қарасты "РайымбекАгросүт" "Меркури", шұбат өндiретiн "Бекет-Дәулет", "Первомайский деликатес", "Сарыбұлақ" фирмаларының өнiмдерi үлкен сұранысқа ие болды десек, артық айтқандық емес.

Жәрмеңкеде жедел сұхбат берген қала басшысы алматылықтарға жылына 2,5 млрд. доллардың тағамы қажет болса, соның 1,5 миллиардтайын Алматы облысынан алатынын, бұл өте үлкен көлем екенiн, бiрақ, әлi де оны көбейтуге, ұлғайтуға мүмкiндiк барлығын жеткiзсе, облыс басшысы Серiк Үмбетов ұйымдастырылып отырған шараға облыстың тауар өндiрушiлерi 45 азық-түлiк өнiмдерi бойынша 105 млн. теңгенiң тауары әкелiнiп отырғанын, бұл үрдiс ағымдағы жылы да жалғасын табатын айтып өттi.

Жәрмеңке көрiгiн Алматы облысының мәдениет қайраткерлерi де қыздыра түстi. Ән мен жырдан шашу шашқан әншiлерiмiз бен күйшiлерiмiз жәрмеңкеге жиналған қауымды разы қылды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары