ҚОҢЫРҚОЖА ҚОЖЫҚОВТЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ

ҚОҢЫРҚОЖА ҚОЖЫҚОВТЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ

ҚОҢЫРҚОЖА ҚОЖЫҚОВТЫҢ ҚИЫН ТАҒДЫРЫ
ашық дереккөзі
227

Қожықовтар есiмi қазақ жұртшылығына кеңiнен таныс. Дегенмен Қоңырқожа Қожықов қоғам қайраткерi, ағартушы, ғалым болғанын, ширек ғасырдан астам қазақ елiнiң өнерi мен мәдениетiне қосқан үлесiн бүгiнгi ұрпақтардың басым көпшiлiгi бiле бермеуi де мүмкiн.

Бұрындары Қызылорда қаласында, ҚР Президентi мұрағаты мен энциклопедиялық жинақтарда, бiрнеше басылымдарда ол туралы жазылып жүргенiмен кең көлемде Қоңырқожа Қожықовтың өмiр жолы насихатталмаған едi. Осынау кемшiн тұсты Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасы түзеуге мұрындық болды. Қазақстанның ерiктi тарихи-ағарту "Әдiлет" қоғамының ұйымдастыруымен Ұлттық кiтапханада "Қоңырқожа Қожықов — қоғам қайраткерi, ағартушы, ғалым" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған респуликамыздағы көптеген тарихшы ғалымдар, әдебиетшiлер, мәдениеттанушылар, Қожықовтардың ұрпақтары, оқу орындарының студенттерi мен кiтапханашылар қатысты.

Аталған игiлiктi шара саяси қуғын-сүргiн құрбандарының бiрi – Қ.Қожықовтың қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми қызметiн бүгiнгi ұрпаққа кең насихаттау мақсатын да ұйымдастырылды.

ҚР Ұлттық кiтапханасының Бас директоры О.Исахов кiрiспе сөзiнде Қ.Қожықовтың қоғамдық жұмыстарынан басқа Ұлттық кiтапхананың қалыптасуына қосқан үлесiне тоқталды.

Пiкiр алмасуды "Әдiлет" тарихи ағартушылық қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы ғалым Бейбiт Қойшыбаев жүргiзiп отырды. Ол өз сөзiнде ХХ ғасырдың басында ұлт мүддесi жолында күрескен Алаш қозғалысының көрнектi өкiлдерiнiң бiрi Қ.Қожықовтың есiмi бүгiнгi ұрпақтарға таныла қоймағанын айта келiп, оның елiмiздiң қоғамдық-саяси, ағартушылық, мәдени және ғылыми өмiрiнде терең iз қалдырған тұлға болғанына тоқталып өттi.

Белгiлi тарихшы ғалым, профессор Мәмбет Қойгелдi "Қоңырқожа Қожықовтың қызметi" (тергеу материалдары негiзiнде) туралы баяндамасында Қ.Қожықовтың тергеу кезiнде берген жауаптарындағы көпшiлiкке белгiсiздеу кейбiр жайларын нақтылап, Қожықовтың үлкен ғалым, әдебиетшi, қоғам қайраткерiне дейiн көтерiлгенiн деректермен нақтылай түскен. Ә.Тәжiбаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми-әмбебап кiтапхананың директоры Н.Мырзамұратова "Қ.Қожықовтар әулетiнiң мұрасы" атты баяндамасында, Қ.Қожықовтар әулетi туралы жиналған құжаттарды таныстырды, Қызылорда қаласында көрме ұйымдастырылып, Қожықовтарға көше берiлгенi туралы да тыңдарманды хабардар еттi. Сондай-ақ, тарихшы ғалымдар С.Рүстемов, Х.Тұрсын-Әлi зиялы қауымының көрнектi өкiлiнiң Түркiстан өлкесiндегi өмiр жолы, қоғамдық iстерi жөнiнде кеңiнен сөз еттi.

Этнограф ғалым Тынышбек Дайрабай Қоңырқожа Қожықовтың арғы тегi туралы тарихи деректер келтiрдi. Сондай-ақ, осы жиында Қоңырқожа Қожықовтың қамқорлығын көрген жиенi, 85 жастағы Қарақыз ананың жүрекжарды, әңгiмесi көпшiлiктi баурап, 1937-38 жылдар қасiретiн ерiксiз ойға түсiрдi.

Дөңгелек үстел барысындағы әңгiмелер мен СД дискi көрсетiлiмiнен Қоңырқожа ұрпақтары, Қоңырқожа Қожықовтың Түркiстан автономиясын құруға, Әулиеата, Жетiсу уездерiндегi жер реформасын жүргiзуге, Орта Азиядағы ұлттық межелеуге араласқанын, 1912 жылы "Әлiппе" кiтабын жазғаны, Қазақстанның материалдары мен деректердегi тарихы, (1935 ж), Жетiсу өңiрiндегi тарихи қорғандармен ескеркiштердi зерттеуi, Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ақтас мазарлары жайлы жазған ғылыми еңбектерi барлығына көз жеткiзiлсе, екiншiден, Сүлеймен Бақыр Ғанидың "Хикмет Хазiрет Сұлтан Әлi – "Ғарифин" қолжазбасын Сайрамнан тауып, оны 1936 жылы Ұлттық кiтапханаға тапсырушы да Қоңырқожа Қожықов болғанын және бұл қолжазбаның 2003 жылы ЮНЕСКО-ның "Халық жады" бағдарламасы бойынша халықаралық есепке енгендiгi атап өтiлдi.

1938 жылы атылып, 1957 жылдың 23-желтоқсанында ақталған қоғам қайраткерi Қоңырқожа Қожықовтың туғанына 130 жыл толуына орай орайластырылған шара бұдан былай да жалғасын таппақшы.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф

Серіктес жаңалықтары