КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ КӨМЕКСIЗ ҚАЛДЫРУ

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ КӨМЕКСIЗ ҚАЛДЫРУ

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ КӨМЕКСIЗ ҚАЛДЫРУ
ашық дереккөзі
263

"Алтын алқа", "Күмiс алқа"иегерлерi автобуста тегiн жүруден қағылды

Оңтүстiк Қазақстан облысы – халқының тығыздығы жағынан да, көпбалалы аналар жағынан да елiмiзде бiрiншi орында тұрған облыс. Елбасының бастамасымен қабылданған алты немесе одан да көп баласы бар аналарға берiлетiн "Алтын алқа" мен "Күмiс алқа" иегерлерiнiң денi осы облыста.

Әрине, көпбалалы анаға қай жағынан құрмет көрсетсек те артық емес. Дегенмен, бүгiнде бейнетiнiң зейнетiн көрiп жүрген аналарға жеңiлдiк жасаудан гөрi, оны алып тастауға құмарлар көп. Осыдан бiраз уақыт бұрын Шымкент қаласының әкiмшiлiгi басқа облыс, қала атқамiнерлерiнiң қолынан келе бермейтiн игi шараға жол ашқан едi. Турасын айтқанда, Шымкент қаласындағы Батыр Аналар қоғамдық көлiкте тегiн жүруге мүмкiндiк алған-тұғын. Таяуда бұл жеңiлдiктен қағылған ардақты аналардың көңiлi бәсең тартқан. Базар-ошарына тегiн барып-келiп жүрген көпбалалы ана бұдан былай қоғамдық көлiкке жолақы төлейдi. Алынып тасталған бұл жеңiлдiк "Алтын" және "Күмiс" алқа иегерлерiне кәдiмгiдей ауыр тидi. 11 жылдан берi тегiн көрсетiлген қызметтi тоқтатуға себеп болған не жағдай?

"Ақшаңды төлемесең, автобусқа мiнбейсiң" деген кондуктордың алқымнан алған сөзiне көңiлi түскен көпбалалы аналар наразылығын бiлдiруде. "Алтын алқа" иегерi Қалбибi апа: "Қоғамдық көлiкте тегiн жүретiн болғандықтан, үйге қажеттi заттар мен азық-түлiкке өзiм баратын едiм. Тiптi, қаладағы жұмыстарды да автобуспен жүрiп тындыра беретiнмiн. Ендi не iстейтiнiмдi бiлмеймiн. Бұдан былай тырп етпей отыратын болдық қой", – дейдi ренiшiн бiлдiрiп.

Алайда, жолаушы тасымалдаушылар бар сылтауды Кедендiк одаққа кiруiмiзден көретiн сияқты. Олардың айтуынша, Шымкент қаласының тұрғындарын тасымалдайтын көлiктiң басым бөлiгi Қытай мен Оңтүстiк Кореядан келедi. Және жанар-жағармай мен қосалқы бөлшек заттарының қымбаттауы да себеп болған тәрiздi. "Соған байланысты, жеңiлдiктi алып тастауға мәжбүр болдық. Мұны апаларымыз түсiнетiн шығар", – дейдi жолаушы тасымалдаушы көлiк компаниясының өкiлдерi.

Бiр өкiнiштiсi, бiзде қазақтың санын өсiрiп жатқан аналарды қолдаудан гөрi, тiршiлiктiң ауыр салмағын солардың иығына арта салу саясаты басым сияқты. Алтын құрсақты аналарды алақанға салып әлпештеуден гөрi, керiсiнше, көп бала тапқанын табалаушылар да табылады арамыздан. Шымкенттегi аналарға арналған жеңiлдiктi алып тастау да осыдан келiп туындауы мүмкiн. Шымкент қалалық Көлiк секторының меңгерушiсi Ерсейiт Бұхарбаев өз сөзiнде: "Батыр аналар санының көбеюiне байланысты жолаушы тасымалдаушылар оларды тегiн тасымалдаудан бас тартып отыр" дегендi бүкпесiз айтып қалған. Сонда Шымкент қаласында тiркелген 6 мыңнан астам батыр-ана көпбалалы ана болғандығы үшiн жазықты ма? Оларға деген сый-құрметiмiздi осылай дәлелдемекпiз бе?

11 жыл бойы тегiн жол жүру жеңiлдiгiн пайдаланып келген аналар ендi қайтпек? Жолаушы тасымалдау компаниялары аналардың жолақысынан қандай табысқа кенелмекшi? “Шүкiр” дейiк, Шымкент шаһарында бүгiнде "Алтын" және "Күмiс" алқа иегерлерiнiң қатары күн санап артып келедi. Қала әкiмшiлiгi көпбалалы аналардан түскен азын-аулақ ақшаны пайда көрген жолаушы тасымалдаушы көлiк иелерiне тойтарыс беруi керек едi. Тiптi, бұл жеңiлдiктi қалдырып, басқа облыс, қала әкiмшiлiктерiне үлгi боларлық игi iстi жалғастыра берсе, құба-құп болар едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары