5-МАУСЫМДА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНI АТАП ӨТIЛДI

5-МАУСЫМДА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНI АТАП ӨТIЛДI

5-МАУСЫМДА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНI АТАП ӨТIЛДI
ашық дереккөзі
274

Жер бетiндегi халық санының жылдам өсуi, ғылыми-техникалық революцияның қарқындап дамуы табиғатты тепе-теңдiктi бұзып, қоршаған ортаны қыспаққа алды. Көптеген жануарлар түрлерi жер бетiнен мүлдем жойылып кеттi. Орманды алқаптардың ауданы жылдан-жылға азайып, жердiң құнарлы қабаты азып-тозуда. Мұнай таситын алып танкерлер апатқа ұшырап, теңiз беттерiн мұнай дақтары ластап, теңiздердегi тiршiлiктi тұншықтыруда. Осылай адамзаттың ойланбай табиғатқа жасаған қиянаты, ХХ ғасырдың соңында әлемдiк экологиялық проблема туғызды. 1972 ж. 5-маусымда Стокгольмде БҰҰ-ның конференциясы ашылып, алғаш рет Дүниежүзiлiк қоршаған ортаны қорғау күнi деп жариялады.

Жыл сайын дүниежүзiнiң "Ерекше қорғалатын аймақтарында" (қорықтарда, Ұлттық табиғи бақтарда, қорықшаларда, ботаникалық, зоологиялық бақтарда) бұл күн үлкен мереке ретiнде аталып өтiледi. Дөңгелек столдар, конференциялар ұйымдастырылып, бұқараның экологиялық мәдениетiн қалыптастыратын iс-шаралар жүргiзiледi. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарында бiлiмгерлер арасында сурет салу, тақпақ айту, ертегi-аңыздар жарысына байқау жарияланады. "Ең үздiк экологиялық кеш", "Не? Қайда? Қашан?" интеллектуалды ойын сайыстары өткiзiлiп, жеңiмпаздар табиғатты қорғау ұжымдарының бағалы сыйлықтарымен, мақтау қағаздарымен марапатталады.

Тiптi, кейбiр iрi қалаларда жалпы халықтық акцияға бұқара халық көп жиылсын деген ниетпен осы күнi қоғамдық көлiктердiң жүру ақысы тегiн болып, велосипедистер шеруi өткiзiледi, ағаштар отырғызылып, саябақтар күл-қоқыстан тазартылады. Әлемнiң барлық елдерiнде наурыз-мамыр айларында "Ағаштар күнi", "22-шi сәуiр — Жер күнi", "Саябақтар шеруi" iс-шаралары мемлекеттiк деңгейде аталынып өтедi.

Қоршаған ортаны қорғау iс-шарасының басты мақсаты — бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамның, мемлекеттiк емес ұйымдардың көңiлiн табиғатты қорғау қажеттiгiне аудару; адамзат қауымына ортақ қоршаған ортаны қорғап, келешек ұрпаққа қалдыру — басты мiндеттерiмiздiң бiрi екенiн жеткiзу.

Қоршаған ортаны қорғау iс-шарасы тек қана табиғатты қорғау ұжымдарының мерекесi емес, бүкiлхалықтық төл мереке болуы керек.

Нұрбике ҚАРАУБАЕВА, Iле-Алатау ұлттық саябағының эколог-ағартушысы

Серіктес жаңалықтары