“ТҮРКIСТАН” КОМАНДАСЫНЫҢ КЕЛЕШЕК ЖҰЛДЫЗДАРЫ

“ТҮРКIСТАН” КОМАНДАСЫНЫҢ КЕЛЕШЕК ЖҰЛДЫЗДАРЫ

“ТҮРКIСТАН” КОМАНДАСЫНЫҢ КЕЛЕШЕК ЖҰЛДЫЗДАРЫ
ашық дереккөзі
240

— Тым сылбыр қимылдайсыз ғой. Пас бергенде де кешiгiп ұмтыласыз, әке, — дедi қынжылыспен Бағжан жартылай қорғаушы Мейрамбектiң қызыл жейдесiнiң жеңiнен тартып.

— Иә-иә, шаршап қалдым… — Ақырын жымиған Мейрамбек маңдай терiн сүрткiштеген күйi су толы құтыға қолын соза бердi…

Футбол адамзат ойлап тапқан спорт жарыстарының iшiндегi ең демократиялық ойын. Қызу ойын кезiнде жасы үлкенмен жаға жыртыспаса да, әркiмнiң өз ойын айтуының әбестiгi жоқ. Әке мен жетiншi сыныпта оқитын Бағжанның арасындағы қысқа тiл қатысулар соның айғағы.

Өткен сенбi күнi Алматыдағы "Спутник" стадионында футболдан дүбiрлi жарыс өтiп, осы әңгiме сонда өрбiген. Елiмiзде алғаш рет қазақ тiлiнде таяуда ғана жарық көре бастаған "Теңбiл доп" журналы әлемдiк және қазақ футболын халық арасында кеңiнен насихаттап, осынау қызықты да күрделi спорт ойынның қыр-сырын жұртшылыққа кәсiби тұрғыдан әңгiме етпекшi. Болашағынан үлкен үмiт күттiретiн, әлден-ақ футбол сүйер қауымының көзайымына айналып үлгерген "Теңбiл доп" журналының бұқаралық және құралдарының өкiлдерi өнер жұлдыздары арасында футболдан айтулы жарыс ұйымдастыруы заңдылық та. Бұл жарысқа елiмiзге танымал БАҚ-тар мен өнер саласында жүрген әншiлерден жасақталған 15 команда қатысып, алғашқы айналымда 4 топқа бөлiнген командалар жүлделi орындарды сарапқа салды. Әр команданың өзiндiк ойын өрнегi осыған дейiн-ақ берiк қалыптасқаны мәлiм. Тiптi, "Өнер жұлдыздары", "Өнер қырандары" т.б. деген асқақ атауларының өзi-ақ қарапайым адамның есiн шығаратын секiлдi. Әрине, футболдың келiстiлiгi команда атауының биiк пафосты болуында емес, ойыншылардың бiр-бiрiмен жылдам тiл табысып, әдемi ойын үлгiсiн көрсетуiнде. Қарсыластарының осал тұсын тауып, мүмкiндiктердi мүлт жiбермеуде.

"Түркiстан" газетi редакциясы қызметкерлерiнiң "Түркiстан" командасы осы жолы да өз қарсыластарын ерекше ойын өрнегiмен тәнтi еттi. Команда құрамында ойнаған ағайынды Ринат пен Марат Құрманғалиевтер, Мұрат Стамбеков, Еркiн Қуатай және Мейрамбек Мельдешевпен бiрге редакция қызметкерлерiнiң ұлдары: сегiзiншi сыныпта тәмамдаған Санжар және одан бiр жас кiшi Бағжан жасыл алаңда жасындай жарқылдаған. Шабуылшы Санжар жарыс барысында қарсыластар қақпасына 2 гол соқса, теңбiл допты ұршықтай үйiрген Бағжан 1 гол соғып, әдемi пастарымен, ерекшелендi.

Команда ойынына тың серпiн берген балғын футболшылардың еткен еңбек, төккен терлерi бос кетпей, "Түркiстан" командасы өзiнiң қарсыласы "Өнер қырандары" командасын 2:0 есебiмен ұтса, азулы "KS" командасын 3:2 есебiмен тiзе бүктiрген. "Түркiстан" командасы жартылай финалда елiмiздегi әуесқой футбол командаларының арасында аты ауызға iлiнiп жүрген "Хабар" телеарнасының құрамасымен тең дәрежеде ойын өрнегiн көрсеткен. Екi кезең бойына жеңiмпаз команда анықталмай, ойын соңында онбiр метрлiк айып добын соққан қарсыластардың арасынан "Хабардың" мерейi үстем болды.

Бұл күнгi футбол жарысы БАҚ өкiлдерiнiң спортқа бейiмдiлiгiн ғана емес, белгiлi журналистердiң жас отбасы мүшелерi де салуатты өмiр салауаттарын берiк ұстанатынын танытты.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары