СПОРТ АЛАҢДАРЫН ЗАҢҒАР ҮЙЛЕР ЖАУЛАДЫ

СПОРТ АЛАҢДАРЫН ЗАҢҒАР ҮЙЛЕР ЖАУЛАДЫ

СПОРТ АЛАҢДАРЫН ЗАҢҒАР ҮЙЛЕР ЖАУЛАДЫ
ашық дереккөзі
265

Әскерге шақыртылған жастардың 70 пайызы жарамсыз деп танылған

Елбасының Жарлығымен 1999 жылдың 2-желтоқсанында "Дене тәрбиесi мен спорт туралы" Заң дүниеге келдi. Осы заң толық мәнiнде жұмыс жасау үшiн республика үкiметi Дене тәрбиесiнiң ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құру туралы шешiм қабылдаған. Осылайша 2000 жылы жаттықтырушылар мен ғалымдар ондаған жылдар бойы армандаған жаңа құрылым — Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң дене тәрбиесi ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс iстей бастады. Күнi кеше ғана тәй-тәй басып өмiрге келген бұл орталық, бүгiнгi таңда төрт құбыласы түгел ордалы орталыққа айналған.

Ғылыми, спорттық қыруар iс-шараларды жүзеге асырып отырған бұл орталықтың бой көтергенiне,мiне, биыл он жыл толғалы отыр. Ғылыми-практикалық орталықтың бас директорының спорт жөнiндегi орынбасары Бауыржан Найманханұлы Рамазанов мырзамен болған сұхбатымыз қазақ спортының бүгiнi мен келешегiне арналады.

— Сiз осы орталықта табан аудармай, он жылдан берi еңбек етiп, қатардағы қызметкерден бас директордың спорт жөнiндегi орынбасарына дейiнгi еңбек жолынан өтiпсiз.Олай болса, әңгiмеңiздi орталықтың өсiп-өркендеу барысынан бастасаңыз…

— Өткен жылдар белесiне көз тастасақ — он жыл пәлендей көп те емес сияқты болып көрiнедi. Бiрақ iстелген, жүзеге асырылған iс-шаралар деңгейiмен өлшесек, жас ұрпақты тәрбилеу, оларды бiлiмге, спортқа баулу жолында атқарылған жұмыстар ұшан-теңiз.

Орталықта спорттық шараларды өткiзу жөнiндегi медициналық-биологиялық зерттеу, мамандардың бiлiктiлiгiн көтеру және қайта даярлау мақсатында төрт ғылыми зертхана жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндердi, оқушы жастар мен оқытушыларды ғылыми-әдiстемелiк жағынан қамтитын да зертхана бар.

Бiзде негiзгi назар мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балаларға, студент-жастар арасында әлеуметтiк зерттеулердi жүргiзуге аударылады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты — балалар мен жастардың дене тәрбиесiн ғылыми әрi әдiстемелiк жағынан қамту, спорттағы iзбасар жеткiншектердi дайындау және спорт түрлерi бойынша жасөспiрiмдер мен студент құрама командаларын толықтыру. Сол құрама команда мүшелерiне педагогикалық, медициналық көмек көрсету.

— Мектеп оқушылары мен студент жастарды спортқа баулу жолында қандай iргелi iстер атқарылуда, олардың нәтижелерi қалай деген сұрақ өзiнен-өзi сұранып тұрғандай.

— Негiзi дене тәрбиесiн мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндер арасында жүргiзуден бастаған жөн. Әрине, ол үшiн балабақшаларда бүгiнгi өмiр талабына сай арнайы ойын алаңдары, су бассейндерi болғаны абзал. Балабақша, мектептерде қазақтың ұлттық ойындарының тәрбиелiк мәнi орасан зор әрi дене тәрбиесiнiң баға жетпес құрамы болып табылады. Ұлттық ойындар тек ойын-сауық қана емес, өмiр сүру үшiн маңызы зор үлкен тәрбие жолы. Сонымен қатар ұлттық ойындар ерлiктi, ептiлiктi, табандылықты, тағы басқа да мiнез ерекшелiктерiн қалыптастырады. Ұлттық ойындар күрделi спорт құралдарын қажет етпейдi, ауа райының қолайлы күндерiнде мектеп аулаларында өткiзе беруге де ыңғайлы.

Он жыл көлемiнде мектеп және коллдеж оқушылары арасында 5 жазғы, 5 қысқы Спартакиада жалауын желбiретсе, дәл осыншама студент-жастар Универсиадасы бүгiнгi өмiр талабына сай ұйымдастырылды. Республика деңгейiнде өткен спорт жарыстарына миллиондаған оқушылар мен студенттер қатысып келедi. Спорттың 40-тан астам түрлерiнен жыл сайын 60-қа жуық әртүрлi турнирлер ұйымдастырылып жүр.

— Сонау 60-70 жылдар белесiне көз тастасақ, елiмiздiң құрама командаларының денi студенттiк жастардан құралатын. Кейiнiрек бұл дәстүр қожырап, көзден таса, көңiлден ұмыт бола бастады. Мұны қалай түсiндiруге болады?

— Дұрыс айтасыз. 60-70 жылдары жоғарғы оқу орындарында спортпен айналыспайтын студенттi кездестiру мүмкiн емес едi. Спорттың қай түрiн алсаңыз да Қазақстан құрама командасы көбiне студенттерден құралатын. Мәселен, 60-жылдардың аяғында iргетасын Октябрь Жарылғапов қалаған волейболдан "Буревестник" ерлер командасы бұрынғы кеңестiк мемлекеттiң маңдай алды командасы болып қана қоймай, Еуропа кубогын екi рет жеңiп алған ұжым ретiнде тарихта қалды. Сол команданың сапында ойнаған ойыншылардың бәрi дерлiк Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерi болатын.

Ең өкiнiштiсi, 80-жылдардан бастап студенттiк спорт бiрте-бiрте құрдымға кеттi. Студент — бойында бұла күш бар, жалындап тұрған жастар қауымы. Мiне, сол жастарды спортқа жұмылдыру — жас ұрпақ тәрбиесiндегi ең маңызды жұмыстардың бiрi екенi даусыз. Кейiнгi жылдары жағдай оңалып келедi. Қазiрде студент жастарымыздың жеткен жетiстiктерi атауға тұрарлықтай. 2007 жылғы Тайланд мемлекетiнiң Бангок қаласында өткен бүкiл әлемдiк студент-жастардың XXIV дүбiрлi сынында Қазақстанның студенттер құрамасы 11-орынды иеленiп, ел қоржынына 5 алтын, 4 күмiс, 5 қола, барлығы 14 медаль салған. 2009 жылы Белградта өткен XXV Универсиада жарысында қазақ елiнiң спортшылары тәп-тәуiр нәтижеге қол жеткiздi.

Өкiнiшке қарай, қысқы спорт түрлерiнен соңғы жылдары көптеген қиындықтарға ұшырап жүрмiз. 2009 жылы Қытайдың Харбин қаласында XXIV қысқы Универсиада ойындарында ең болмаса бiр қола медальға да қол жеткiзе алмауымыз оған дәлел.

— Бұл сәтсiздiктердiң себебi неде?

— Жасыратыны жоқ, оның сыры тереңде жатыр. Қысқы спорт түрлерiнен ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың денi студент-жастар. Олар тек Универсиада ғана емес, әлемдiк iрi додаларда елiмiздiң бас құрамасының қатарында да өнер көрсетедi. Аталған бәсекелерде Қазақстанның намысын қорғайтындар негiзiнен Шығыс Қазақстан және көкшетаулық спортшылар. Қарағанды мен солтүстiкқазақстандық бiр-екi спортшы анда-санда құрама команда сапынан бой көрсетiп қалады.

Елiмiздегi 14 облыстың кем дегенде 10-11 облысында қысқы спорт түрлерiн дамытуға табиғи мүмкiндiк бола тұрып, өкiнiшке қарай, көп облыстар қысқы спортқа мүлдем мән бермеуде.

2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туринде өткен олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сәтсiздiкке ұшырады. Төрт жылда қаншама жолдама жеңiп алғанымызбен жеме-жемге келгенде АҚШ пен Италияда өткен жарыстарда бiрде-бiр медалға қол жеткiзе алмадық.

Қысқы спорт түрлерiнiң аяғынан тiк тұрып кетуiне кедергi болып отырған екi мәселенi атай кеткен жөн.

Бiрiншiден, бiлiктi мамандардың тапшылығы қысқы спорттың жандануына мүмкiндiк бермедi. Өз iсiнiң нағыз майталманы атанған бапкерлердiң бiразы қыр асып кетсе, ендi бiразы жасы келiп қалуына байланысты үлкен спорттан қол үздi. Қолынан iс келетiн жас бiлгiр бапкерлер жалақының төмендiгiнен онша белсендiлiк таныта қоймады.

Ал, ең басты себеп, елiмiзде талапқа сай спорттық кешендер жетiспейдi. Бұл жағдай республиканың барлық облысының басында бар. Бiр кезде мақтан тұтқан Медеу мен Шымбұлақтың қазiр аты бар да заты жоқ. Осы аталған екi нысан дұрыс жұмыс iстегенде жағдай басқаша болар ма едi, кiм бiлсiн.

Ал, биыл өткен Ванкувер олимпиадасында бiр күмiс медальға ие болып, мерейiмiз асқақтады. Әйелдер арасында биатлоннан өткен 15 шақырымдық сында Қазақстанның намысын қорғаған Елена Хрусталева күмiс медальды елiмiзге сыйға тартты. Рас, Е. Хрусталева Қазақстанның тумасы емес, бұрынғы ресейлiк спортшы екенiн ұмытпауға тиiспiз.

Өз топырағымызда туып-өскен талантты жастарды дайындап, әлемдiк дәрежеге көтерiле алатын деңгейге жеткiзуге бәрiмiз болып күш салуға тиiспiз.

— Келесi 2011 жылы бiздiң елiмiзде VII қысқы Азия ойындары өтетiнi белгiлi. Осы ойындардан не күтесiз?

— Бұл қысқы Азия ойындары бiздiң елiмiз үшiн үлкен өмiр мектебi болмақ. Iрi спорт кешендерi Алматы мен Астана қалаларында бой көтерiп жатқаны қуантады. Қысқы Азия ойындары қазақстандық бүкiл спортшы қауымға үлкен жауапкершiлiк жүктейтiнi анық. Мұндай iрi спорттық оқиғаның Қазақстанда өтуi елiмiздiң беделiн бүкiл әлемге паш етiп, асқақтата түсетiнiне дау жоқ. Осы iрi додада Қазақстан намысын қорғайтын студент-жастар жеңiстi жолдарын еселей түсiп, елiмiзге абырой-атақ әкелетiнiне сенiмдiмiз. Ал, мектеп пен колледж оқушылары үшiн жарыстан алған әсерлерi мен тәлiмдерi оларға жеңiс үшiн қалай күресудегi өнегелi өнер болары сөзсiз.

— Сiздердiң басты мiндеттерiңiз колледж және мектеп оқушылары арасында Спартакиада мен студент-жастар арасында Универсиада өткiзу ғой. Осы екi iргелi iстi тиянақты түрде жүзеге асыруда қандай басшылыққа сүйенесiздер?

— Бүгiнгi таңда өз жұмысымызда негiзiнен екi құжатты басшылыққа алып отырмыз. Ол құжаттар Президенттiң жарлығымен бекiтiлген "Денсаулық туралы" және "Дене тәрбиесi мен спорттың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы". Осы құжаттарға сәйкес бiздiң орталық таяу жылдарда атқарылатын басты жұмыстарын алдын-ала жоспарлаған.

Екi жылда бiр рет өткiзiлетiн колледж бен мектеп оқушыларының Спартакиадасы жыл өткен сайын қанатын кең жая түсуде. 2008 жылғы IV Спартакиада жарыстары үш кезең бойынша өттi. Әрине, бiрiншi кезеңнiң жарыстары барлық мектептер мен колледждерде өтедi, екiншi кезең аудандарда және облыс орталықтарында ауданаралық жарыстармен аяқталады.

2008 жылы өткен Спартакиада жарыстарына, облыстың оқу департаменттерiнен келiп түскен мәлiметтерге арқа сүйесек, 1,5 миллион оқушы қатысыпты. Бұл дегенiңiз жеткiншек ұрпақтың спортқа деген ынтасы мен құлшынысының көрiнiсi. Дегенмен, жарыстар барлық жерде жоғары деңгейде өттi деп те айта алмаймыз. Көп нәрсе жетiспейдi. Талап болғанмен қол қысқа. Сонымен қоса мектептер мен колледждердегi спорт құрал-жабдықтарының тапшылығын, әсiресе ауылдық жерлердегi спорт алаңдары мен залдарының жетiспеушiлiгiн айтпай кетпеске болмайды.

Спартакиада додасында ерекше байқалған кемшiлiктер де аз емес. Мектептер мен колледждер жанындағы шағын стадиондар мен спорт алаңдарын айтсақ, оларды салу үшiн заңдылыққа жүгiнуге тура келедi. Мұндай өкiлеттiк болмаған соң кейбiр iрi қалаларда мектеп алаңдарының орнына көп қабатты заңғар үйлер салатын фирмалар мен компаниялар көбейiп кеттi. Сондықтан құрылыстар мен спорт алаңдарының мемелекеттiк стандартынсыз ондай келеңсiздiктерден бiздер қорғана алмаймыз. Бұл жағынан казiр заманның талабына сай келетiн құжаттар дайындау үстiндемiз.

Тағы бiр айта кететiн жайт, балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектептерiнiң және дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернаттардың Бiлiм және оқу министрлiгiнiң қарамағынан алынып Туризм және спорт министрлiгiнiң қармағына берiлуi. Бұл, әрине, үлкен қателiк болды. Тiптi оқу министрлiгiнiң өкiлдерi аталған мектептердегi оқу-тәрбие жұмыстарын тексерiп, қадағалауға бара қалса, бiз сiздерге қарамаймыз деген сылтаумен мектеп жұмыстарына араласуға мүмкiндiк бермеген жағдайлар да жиi кездеседi.

Жас ұрпақтың денсаулықтары тепсе темiр үзетiндей, мықты, жан-жақты дамыған салауатты азамат болып өсуiне оларды тәрбиелеуге қатысы бар мекемелердiң бәрi жауапты.

Елiмiздiң қорғаныс Министрлiгiнiң таратқан мәлiметi бойынша, қарулы күштер қатарына шақырылған жастардың 70 пайызының денсаулығының нашарлығына байланысты жарамсыз деп танылуы бәрiмiздi ерiксiз алаңдатады. Ал Iшкi iстер министрлiгi есiрткiқұмарлық дертiнiң тым көбейiп, балалардың арасында кең тарай бастағанын жоққа шығаруда. Осы проблемалармен күресуде әрбiр ведомствалық салалар өз беттерiнше жеке дара емес, бiрiгiп "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып" күресулерi тиiс. Бұл ретте соңғы жылдары құрылған "Жас НұрОтан" жастар қозғалысына көп үмiт артамыз. Дене тәрбиесiнiң ғылыми-практикалық орталығы қазiр бұл қозғалыспен тығыз байланыс жасап, жоспарлы жұмыс iстеудi қолға алуда.

— Елiмiздегi ЖОО-да студенттердiң спортпен айналысуына жеткiлiктi дәрежеде көңiл бөлiнiп отыр ма? Спорт залдары, стадиондары жоқ жекеменшiк оқу орындары студенттерiнiң спортпен айналысуына толыққанды жағдай бар дегенге көзқарасыңыз қалай?

— Жаңа айтып кеткендей, спортшы студенттердiң елiмiздiң және бүкiл-дүниежүзiлiк универсиадаларға қатысуы үлкен спортқа жүздеген мың жас таланттарды тартып, олардың өнерiн ұштайтын жол. Бiздiң жас мемлекетiмiзге миллиондаған құрыш бiлектi, жалын жүректi жастар керек. Олар келешектегi мемлекетiмiздiң иесi, сондықтан мемлекетiмiздiң болашақта қандай болуы жастарға, олардың бүгiнгi күнгi өмiрге дайындығына байланысты.

Студенттер спортын дамытуда iргелi iстерiмен көрiнiп жүрген жоғары оқу орындары баршылық.Атап айтсақ, Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетi,Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан облысының, Шығыс Қазақстан облысының университеттерi сияқты үлгiлi оқу орындарын қуана атауға болады. Жасыратыны жоқ, Атырау, Қостанай, Семей, Ақтөбе, Тараз қалаларындағы оқу орындары үлкен спорт түгiл, дене тәрбиесi сабағына дұрыстап көңiл бөлмейдi.

Жоғары оқу орындарында дене тәрбиесi пәнiне аптасына кем дегенде төрт рет үш сағаттан астам уақыт бөлiнуге тиiс, ал көптеген оқу орындарында дене тәрбиесi сабағына аптасына бiр рет екi сағаттай ғана уақыт бөлiнедi екен. Жекеменшiк оқу орындарында спорт қандай деңгейде дегенге келетiн болсақ, шын мәнiнде спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған деп айту қиын. ҚР-ның Бiлiм және ғылым министрлiгi тарапынан дене тәрбиесi сабағы мен жекеменшiк оқу орындары үшiн қойылатын талап бәрiне бiрдей.

Жекеменшiк оқу орындарында спортқа мән берiлуi сол оқу орнының басшысының iскерлiгiне тiкелей байланысты. Мысалы, Шымкент қаласындағы Мардан Сапарбаев атындағы педагогикалық университеттiң спорт базалары, залдары бар. Оның игiлiгiн тек сол оқу орны ғана емес, облыстық спорт ұйымдары көрiп отыр.

Ал, жекеменшiк оқу орындары кредиттiк жүйеге көшкелi дене тәрбиесi сабағын 1-2-курстарда, бар-жоғы 1-2 сағаттық деңгейде ғана өткiзедi. Үлкен спорттың негiзгi баспалдағы дене тәрбиесi сабағы екенiн ұмыта бередi.

Жоғары оқу орындарында дене тәрбиесiнен сабақ беретiн ұстаздардың әрқайсына жүктелетiн сағат мөлшерi 800 сағаттан кем болмауға тиiс болса, кейбiр оқу орындарында бұған маңайламайды да.. Жекеменшiк оқу орындары өздерiнде жоқ спорт базаларын жалға алу әдiсiмен студенттердiң толыққанды спортпен айналысуларына жағдай жасауға мiндеттi. Бiзде жоқ едi деп қол қусырып қарап отыруға болмайды.

Бұған жете мән берiп, егжей-тегжейлi тоқталып отырғанымыз тектен-тек емес. Қазiргi таңда елiмiздiң намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын басты құрамамыздың қатарында студент спортшыларымыздың үлесiн еселей түсу қажеттiгiн өмiрдiң өзi алға тартып отыр.

— Өзiңiз айтқандай үлкен спорттың iзбасарларын шыңдап, өмiр мектебiнен өткiзетiн дүрмектi жарыстар биылғы 2010 жылдың бағдарламасында бар ма, бар болса сол жарыстарға тоқтала кетсеңiз.

— Қысқы Универсиаданы табысты атқарып шыққанымызды айта кету керек.

Биылғы жылдың наурыз айының 1—10-жұлдызы аралығында кендi Алтайда елiмiздегi жоғары оқу орындары арасында III қысқы Универсиада болып өттi. Он күнге созылған бәсекеге елiмiздiң отыздан астам жоғары оқу орындарынан келген студенттер шаңғы, биатлон, шайбалы хоккей, шағын футбол, қысқы спорттық бағдарлама, гiр спорты, қысқы президенттiк көпсайыс, армрестлинг, пауэрлифтинг сияқты спорттың 16 түрi бойынша медальдарды сарапқа салды.

Универсиаданың салтанатты ашылуы Риддер қаласында, ал жарыстар негiзiнен Риддер мен Өскеменнiң спорт сарайларында өттi.

Жүлделi орындарды Қазақстан мемлекеттiк-техникалық университетi мен Қазақ-американ еркiн университеттерi бөлiстi. Футболдан ерлер арасында шығысқазақстандықтар үздiк шықса, ал қыздар арасында Қазақтың спорт және туризм академиясының командасы бас жүлденi жеңiп алды.

Үлкен спортымыздың болашағы жасөспiрiм споршыларды шыңдайтын колледж бен мектеп оқушыларының V жазғы кезектi Спартакиадасы биылғы жылдың сәуiр айының 8-шi жұлдызы күнi Көкшетау қаласында суда жүзуден өз жалауын көтердi.

Бұл байрақты бәсеке шiлде айының соңына дейiн жалғасады. Елiмiздiң 15 қаласының тұрғындары спорттың 47 түрiнен өтетiн сынға қатысушы жас спортшылардың шеберлiктерiне қуана қол соғатын болады. Қазiрдiң өзiнде спорттың 13 түрi бойынша аяқталған жарыстардың барысында Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының командалары суырылып алға шықты.

Жалпы аталған жарыстың екеуi де Қазақстан республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң дене тәрбиесiнiң ұлттық ғылыми-практикалық орталығының құрылғанына 10 жыл толуымен қатар Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналып отыр.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Рабат ЖӘНIБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары