БАЛМҰЗДАҚТАР САЛТАНАТ ҚҰРҒАН КҮН

БАЛМҰЗДАҚТАР САЛТАНАТ ҚҰРҒАН КҮН

БАЛМҰЗДАҚТАР САЛТАНАТ ҚҰРҒАН КҮН
ашық дереккөзі
222

Өткен аптаның сенбi күнiнде Алматыдағы мәдениет және демалыс орталық саябағында "Шоу Браво+" компаниясының ұйымдастыруымен "Қазақстандық балмұздақ фестивалi" атты үлкен iс-шара болып өттi. Фестиваль күндiзгi сағат оннан кешкi сағат тоғызға дейiн жалғасын тапты. Бұл мереке Қазақстанда алғаш рет өткiзiлуiмен ерекшеленедi. Балмұздақ мерекесi көршi Ресей елiнде 14 жыл бойы тойланып келедi екен. Жер бетiнде балмұздақты ұнатпайтын жан жоқ шығар, сiрә!? Мерекеге жиналған үлкен-кiшiлердiң санына қарап бұған тағы да көзiмiз жеткендей болды. Бесiктегi сәбиден белi бүгiлген қарт кiсiлерге дейiн сауық-сайранды қызықтап, шырайлы мерекеге әр бере түстi.

Жарқын мерекелердi ұйымдастырушы болып табылатын "Шоу Браво+" компаниясының қаржы директоры Руслан Салпагаровтың айтуынша: "Бұл мерекенi атап өтудегi басты мақсат — барлық балмұздақ өндiрушiлердi бiрiктiру және барша халыққа қуаныш сыйлау", — дейдi.

Саябақ аумағына екi сахна орнатылып, әр сахнада "Жарқын Жол" вокальдi ансамблi, "Адреналин — 15" би студиясы, мемлекеттiк қуыршақ театры, "Boys and girls" балет тобы, "Наири" армян орталығының өнерпаздары өз өнерлерiмен шашу шашты. Мерекелiк шара барысында соғыс ардагерлерiне де сый-сыяпаттар көрсетiлiп, Балалар үйiнiң сәбилерiне тегiн балмұздақ таратылып, тегiн мультфильм көрсетiлiмдерiне жолдау берiлдi. Фестиваль барысында "Менiң таза қалам" атты байқау жүргiзiлiп, саябақ iшiнен ең көп қалдық жинаған адам жеңiмпаз болып танылды.

Сахнада қазақ эстрадасының саңлақтары Беркут, Ж.Орынбасарова, Е.Көкеев және шетелдiк әншiлер Мишель Суини, "Рада және Янис" тобы өнер көрсетiп, фестивальдiң соңы жұлдызды кешке ұласты.

Бұл мерекенi ұйымдастыруда "Шоу Браво+" компаниясының бас серiктестерi мәдениет және демалыс орталық саябағы (ЦПО) және Алматы қаласының әкiмшiлiгi үлкен демеу көрсеттi. Мерекенiң өз дәрежесiнде аталып өтуiне көмек берген "Агропродукт", "Шин – Лайн", "Algida", "BR Baskin Robbins", "Ice Master" секiлдi балмұздақ өндiрушi компанияларына, ақпарттық қолдау көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары мен "Смайл" лимонад компаниясына ұйымдастырушылардың алғысы шексiз.

Қазақстандық балмұздақ фестивалi келер жылдары да жалғасын тауып, қуанышты күндерiмiз көбейе берсiн деген тiлектi мерекелiк шараға жиналғандар жиi қайталап тарасты.

Ботакөз АХМЕТОВА, ХҚТУ-дың журналистика

бөлiмiнiң 2-курс студентi

Серіктес жаңалықтары