АТАЛАРЫМЫЗ ЕҢБЕКТЕН АЯНБАҒАН

АТАЛАРЫМЫЗ ЕҢБЕКТЕН АЯНБАҒАН

АТАЛАРЫМЫЗ ЕҢБЕКТЕН АЯНБАҒАН
ашық дереккөзі
281

Жайдары жаз мезгiлiн ауылда өткiзгендi жаным сүйедi. Қаланың шуынан құлағым тұнып қалғандықтан ба, әйтеуiр тыныштықты iздеп барамын. Атамның мына әңгiмесi ерекше жанымда сақталып қалыпты.

Соғыстан кейiн Жамбыл облысы, Талас ауданында алты колхоз болыпты. Кезектi аудандық кеңестiң сессиясында: "Халықтың тұрмысы, әл-ауқатын жақсарту керек" — дегендi аудандық совет пен партия комитетi басты мәселе етiп бекiткен. Сессиядан шыққан соң, Молотов атындағы колхоз төрағасы Нұрбаев Байдiлдә, Жолтөбе колхозының төрағасы Кәрiпбаев Жолбай, Тамды колхозының төрағасы Ерiмбетов Дулатбай өзара ақылдасып, қазiргi Қаратау қаласының бос жатқан жерлерiне 20-25 гектардан бидай егiп, халыққа көмек көрсетейiк, бiрақ бұл iстi бiзден өзгелер бiлмесiн деген шешiмге келедi. Сол кездегi МТС-тiң директоры Орынбасаров Рахматiлдадан колхоз есебiне бөлек, 3 трактор сұрап алып, егiн егедi. Ауа райы жақсы болып, тың жерге еккен егiн бiтiк өседi. "Төрт түлiктiң арқасында ғана жан сақтап отырған халықта астық жоқ. Қызылша ауруынан ауыл балалары өле бастады. Бiр ғана Молотов атындағы колхоздан 45-50 бала өмiрден озды. Бекмырза деген кiсiнiң 5 баласы бiрден қаза болады. Басқа колхоздардан шығындар аз болмаған", — дейдi Серiк атам. Бидай пiскен уақытта түнделетiп, жасырын түрде әрбiр шаңыраққа 2 центнерден жасырын түрде бидай берген. Аш отырған халық нанға қолы жетiп, өлiм тыйыла бастаған.

Осылайша, халқын сүйген азаматтар аянбай тер төгiп, халқына пайдасын тигiзген екен.

Облыс көлемiнде қызмет жасаған Нұрбаев Байдiлдә Молотов атындағы колхоздың Әулиебұлақ (бұрынғы Қотырбұлақ) деген жерде ауылдағы қариялардың басын қосып, ұйымдасқан түрде 10 га. жерге ағаш егiледi. Ол табиғаты сұлу жер Қаратау қаласының жұмысшыларына сенбi, жексенбi күндерi демалатын орынға айналады. Сол кездегi қариялардың еңбегiн көзiне жас ала есiне түсiрген атам: "Соғыс жылдарында қариялар жас жiгiттердей талмай еңбек еткен. Қамысбай, Сойбек, Егетай, Сейдiқадiр, Оспанқұл, Бекбау, Смайыл, Тастанбек, Ақылбек, Ақылбай, Ормахан, Ордабай, Асқанбай, Төлбай деген аталарың жалаң аяқ қызылша, мақта егiп суаратын. Олардың есiмдерiн есте сақтап жүрiңдер"— дейдi.

Рас, зұлмат соғыс екi көзден жас ағызғанымен қоймай, жүректен де қан ағызды. Соғысты көрмеген тәуелсiз бақытты ұрпақ өсiп келедi. Тарихты бiлмей, болашақты болжау мүмкiн емес. Ел басына күн туған заманда халқы үшiн аянбай тер төккен, есiмдерi елеусiз қалып жатқан арыс азаматтарды өскелең ұрпақ бiлiп өссе, қуаныш емес пе?

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА, ҚазҰУ-дың 2-курс студентi

Серіктес жаңалықтары