ҚАЗАҚСТАН ТЕҢГЕ САРАЙЫ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫ ДӘРIПТЕМЕК

ҚАЗАҚСТАН ТЕҢГЕ САРАЙЫ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫ ДӘРIПТЕМЕК

ҚАЗАҚСТАН ТЕҢГЕ САРАЙЫ ҚҰЛДЫҚ САНАНЫ ДӘРIПТЕМЕК
ашық дереккөзі
355

Егемен ел атанғанымызға 20 жылдан асса да, Ертiс өзенi бойында iргелес орналасқан екi өңiр: Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында шешiмiн таппаған ұлттық мәселелер аз емес. Әсiресе, ономастика саласындағы күрмеулi түйiндер: отаршылдық заманын дәрiптейтiн елдiмекендер мен көше атаулары әлi де қазақтардың ұлттық намысын қажауда. Мәселен, патшазада Павел Романовтың (1860-1919 ж.ж.) құрметiне қойылған Павлодар атауы, сол қалада патшалық Ресей мен Кеңес империясының әскери қолбасшылары мен революционер көшбасшылары: Кутузов, Суворов, Ермак, Ленин, Дерибастың т.б. құрметiне қойылған көше аттары бәз-баяғысынша ұлықталуда. Бұларды ел егемендiгiнiң рухымен үндесетiн атаулармен ауыстыру жөнiндегi өтiнiштер елеусiз қалып, тiптi тiкелей Елбасының атына дейiн жазған хатымыз да оң нәтиже берген жоқ.

Ономастика саясатында мемлекетшiлдiк, отаншылдық сезiмдерiн ұлықтау iсiн жүзеге асыруды тiлейтiн Павлодар облысындағы және Қазақстанның өзге аймақтарындағы жұртшылықтың осындай өтiнiшi мен ұсынысын жергiлiктi билiк пен мәслихаттар күн тәртiбiне қоюға жүрексiнетiн тәрiздi. Өйткенi, Татьяна Кузина ханым басқаратын Павлодар облыстық Славян мәдени орталығы мен "Городская неделя", "Новое время" тәрiздi тәуелсiз басылымдар қала мен көше атауларын ауыстыру жөнiнде мәселе көтерiлсе болды, байбалам салып, шу көтередi. Дегенмен, осындай күрделi жағдайдың өзiнде керекулiк ұлтшыл күрескерлер мен ғалымдар әлгi мәдени орталық пен басылымдардың Павлодардың iргетасы әскери бекiнiс ретiнде қаланғанына 1990 жылы – 270 жыл, 2000 жылы – 280 жыл толуын тойлау жөнiндегi талабына табанды қарсылық көрсетiп, қала әкiмдiгi жоспарлаған салтанатты мәдени шаралардың өткiзiлуiне тосқауыл қоюға қол жеткiздi!

Ертiстiң Кереку өңiрiн түркi қағанаты заманынында да бiздiң ата-бабаларымыз қоныстанғаны, Павлодар қаласының орны көне түркi-қазақ тiлiнде "Кереге жар" ("Кереку жар") аталғаны, кейiн сол жерге салынған форпост әлгi географиялық атаудың орысша айтылуы бойынша "Коряков Яр" делiнiп хатқа түсiрiлгенi тарихи шындық. Ал облыстың орыстiлдi тәуелсiз басылымдарында осы өңiрге өзгелерден бұрын келiп қоныс теуiптi-мыс, кәсiбi – "әскери", "жүзбасы", "геолог", "саудагер", "кәсiпкер", "өндiрiсшi", "құрылысшы" делiнiп, әркелкi айтылатын Коряков дегеннiң нақты өмiрде болмаған, ойдан шығарылған аңыз кейiпкерi екенiн тарихшы, филолог ғалымдарымыз ғылыми негiздеп дәлелдеген едi. Соған қарамастан, Павлодар қаласының мерейтойына байланысты пiкiрталас қызған шақта сол газеттердiң кейбiр авторлары "Бұл өңiр "орыс экспедициясы" келiп игергенше бос жатқан, иесiз жер едi, қазақтар болса орыстардан кейiн, "ақтабан шұбырынды" кезеңiнде оңтүстiктен ауып келiп қоныстанған, сондықтан бұл өңiрдi ежелгi орыс жерi деп тану дұрыс" деген сыңайда сөз саптап, Қазақстанның жер аумағының тарихи бiртұтастығына күмән келтiретiн ойларын ашық та, астарлап та жазды. Сөйтсе де, уақыт өте келе сабасына түстi. Тек өкiнiштiсi, Ертiс жағалауында Павлодармен бiр мезгiлде – 1720 жылы iргетасы қаланған Өскемен мен Семей қалаларының "мерейтойлары" салтанатпен аталып өтiлдi. Осылайша, отаршылдық қамытынан құтылған тәуелсiздiк кезеңiнде патша әскерiнiң Ертiс жағалауын жаулап алып, халқымызды бодандыққа түсiрген ас та төк той деңгейiнде құрметтелiндi…

Бұл мерейтой аз болғандай, өткен жылдың желтоқсан айында республикалық басылымдарда "Өскемен. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығы (ШҚО) 290 жылдық мерейтойын атап өтедi. Қалада осынау атаулы оқиғаға орай iрi шаралар өткiзу жоспарланып отыр" – деген ҚазТАГ хабары жарияланды. Бұған керекулiк ұлтшыл күрескерлер мен ғалымдар бiрден елең етiп, дереу облысымыздың орыстiлдi тәуелсiз басылымдарынан, өзге де ақпарат көздерiнен Павлодардың 290 жылдығын атап өту жөнiндегi мәлiметтердi iздестiрдi, сұрастырды, бiрақ таба алмады.

Тек, осы мамыр айының 12-сi күнi Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң Өскемен қаласында орналасқан Қазақстан Теңге сарайының директоры Фарит Туғанбаев мырзаның Павлодар қаласы әкiмiне жазған хатының мазмұнынан хабардар болдық. Хат Қазақстан Теңге сарайы Павлодар қаласының 2010 жылы 290 жылдығына байланысты қала әкiмiмен ынтымақтасатынына қуанышты екенiн бiлдiруден басталған. Одан ары Қазақстан Теңге сарайы Павлодар қаласы әкiмi келiскен жағдайда 290 жылдық мерейтойдың құрметiне құнды түстi металдардан арнайы мерейтойлық белгi, кеуде белгiсi, медальдар дайындап беретiнi туралы ұсыныс айтылған. Әрине, тегiн емес, ақшасына, бiр мерейтойлық белгi үшiн небәрi 500-ден 800 теңгеге дейiн төлеу керек, бiр медаль (қоробымен) 2000 теңгеден 6000 мың теңгеге дейiн тұрады… Отаршылдықтың белгiлерiн сатып алуға ақша табылса, оларды кеудесiне тағып масаттанып жүрушiлер табылмайды дейсiз бе?..

Көктемгi су тасқыны апатынан Ертiстiң Семей мен Өскемен өңiрлерiнiң тұрғындары қатты зардап шегiп, қаржылық және материалдық қолдауға аса мұқтаж болып отырған қазiргi шақта сол қалалардың басшылығы Фарит Туғанбаев мырзаның ұсынысын қалай құп көргенi түсiнiксiз. Бiрақ, бiр анығы Павлодар қаласы мен облыс басшылығы құрамында "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан теңге сарайы" Республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының "қуанышы" Ертiстiң Кереку өңiрiне қуанышты ахуал орнатпайтынын байыптайтын шенеунiктер жоқ емес, бар!

Ал, Фарит Туғанбаев мырза ендi Өскемен мен Семейдi қанағат тұтпай, Павлодардың салық төлеушiлерiн Атымтай жомарт көрсе, өзi бiлсiн. Тек ол өз iсiмен бiздiң облыста отаршылдық кезеңiн мәңгiлiк дәрiптеудi көксеушi топтар мен егемендiк рухын асқақтатуды көздейтiн топтар арасында алауыздық отының қайта тұтануына түрткi салатынын түсiнсе екен деп тiлеймiз. Егер Өскеменде республикалық мемлекеттiк кәсiпорынды басқарып отырған Ф. Туғанбаев туғанымызға лауазымды мәртебелi мырзалардың бiрi немесе бiрнешеуi отаршылдықты дәрiптейтiн мерейтойлық белгi, кеуде белгiсi, медальдар дайындауға тапсырма берiп, қысым жасаса, солардың аты-жөнiн жұртшылықтың бiлгенi дұрыс. Өйткенi Қазақстан теңге сарайының әлгiндей өнiмдерiне байланысты Ертiстiң Кереку өңiрiнде, сондай-ақ өзге аймақтарда дау-дамай туындап, ұлтаралық ынтымаққа сызат түссе, бiреулерге жауапкершiлiк жүктелуi керек қой…

Арман ҚАНИ

Серіктес жаңалықтары