АҚЫНДЫҚ ПЕН СҰЛУЛЫҚ

АҚЫНДЫҚ ПЕН СҰЛУЛЫҚ

АҚЫНДЫҚ ПЕН СҰЛУЛЫҚ
ашық дереккөзі
689

Қасиеттi Құран Кәрiмде "Ғаламнан бұрын қалам жаратылды" немесе "Рахман адамды жаратты және де оған баянды (сөз) үйреттi" делiнедi. Сондықтан сөз қадiрiн сезiну, сөзбен ойнамау – ақынның бiрiншi мiндетi. Қай тақырыпты жырламасын, одан шынайылықтың исi аңқып тұруы тиiс. Өлеңде музыка, образ болғанда ғана оқырман жүрегiне жол тартады.

Алдымен поззия деген не? Ақын кiм? Мәселеге осы тұрғыдан келiп көрсек. "Поэзия-жұмбақ әрi құпия…(яки тылсым, тұңғиық сырлардың тоғысуы) Оның алдыңғысы – шешiлiп, соңғысы – ашылса, онда поэзияның қадiр-қасиетiнiң кеткенi. Яғни ол, ежелден айта бердi, дүние жаралып адамдар қарым-қатынасы басталғаннан келе жатқан, ешкiм түбiне жетпеген, киелi де қастерлi ұғым " (Аманхан Әлiм-Б.Ә. ) Ал, Құдайдың құдiретiмен басына бақ та, сор да боп қонған поэзияны тудырушы ақын кiм? Ол-жер бетiндегi бүкiл дүниенi жүрегiне сыйдырған, сұлу да сиқырлы сөз ырғақтарымен жаныңды тербейтiн күш иесi. Әрi қылдан нәзiк сыршылдық пен алапат қайсарлықтың көрiнiсi. Ақын Құдай да, Пайғамбар да емес… Бiрақ, жаныңа жылылық сыйлайтын, сұлулық пен әдемiлiктiң жыршысы, жақсылық жаршысы. А. Блок: "Ақын – үндестiк ұлы," – дейдi. Яғни ғаламдағы бар үйлесiмдiктердiң бастауы. "Ақындық болмыс– күмiс қоңыраудың үнiндей күй-әуезден, көздiң жауын алатындай сиқыр сұлулық пен өңкей жарасымнан тұрады". (Ә. Кекiлбаев-Б.Ә.) Бұл нағыз ақындар туралы сөз, жолдан қосылғандар (халтурщиктер) жайында әңгiме басқа.

Құран Кәрiмнiң "Шуара"сүресiнде "ал, ақындарға келер болсақ, олардың iздерiмен оңбағандар жүредi" делiнiп, "олардың жасамаған нәрселелерiн айтып отыратынын" бетке басады да, соңында: "алайда, иман етiп жақсы амал жасағандар және әрбiр сәттi босқа өткiзбей, Алланы өте көп еске алғаны (ақындар) басқа" – деп, өлең шеберлерiн мақтап -мадақтайды. Яғни мұнда әзелден Хақ Тағаланың бұйрығымен ақындық қонған адамның өзге жұрттан алабөтен қасиетiнiң болатынын, сол илхам қуатын майда-шүйдеге шашып төкпеу, арындап жүрiп арзандап қалмау керектiгiн айтады. Өмiр бойы жалпақ жұрттың жүрегiн жалын жырымен жандырып өтуге тиiстiгiн жеткiзедi… Ақындық пен дiн тақырыбы басқа мақалалардың жүгi. Бiз бүгiн соның бiр бөлiгi, поэзиядағы сұлулық… яки сұлулар жайындағы жырлар төңiрегiнде ой өрбiтсек:

Мысалы, Жұматайдың "Ақындар" өлеңiн алайық: Сонда, "Адамзаттың ең алғашқы ақыны қай құрлықта, қай дәуiрде туса да, тұңғыш жырын жазған шығар әйелге"– дей келе, техника дамып, жер бетiне күндердiң күнiнде ақын адам керек болмай қалып, ұмытылып қалған күнде… сол бiр кезде де жалғыз ақын, соңғы ақын қалса, "Сол соңғы ақын ең соңғы сол өлеңiн, әйелдерге арнарына сенем мен," – дейдi. Бұдан ақынның ең негiзгi қозғаушы күшi-махаббат екенiн көремiз. Өлеңнiң мөлдiр бастауы да, жаны да, күлiмкөз арулар. Бұған Қадыр ақынның "Алысты жақын ететiн де, жiгiттi ақын ететiн де – қыз" деген сөзiн қосыңыз. Немесе, Мұқағалидың: "Поэзия– махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады" дегенi, әрi Жүрсiн Ерманның: "Әлемнiң тiлiн таппайсың, әйелдiң тiлiн таппасаң" деуi де жоғарыдағы "Ақындар" өлеңiнiң аясына сыйып кетiп, ойымызды толықтырып тұр… Әңгiме мұнда емес, әңгiме-ақындардың мәңгi махаббат жыршысы болатынында. Мысалы: Кеңшiлiк Мырзабекев: "Он жетi жастан, он сегiз жастан сүйгенмiн, Сүйе беремiн қурап қалғанша сүйегiм, – дей келiп, "сүйгеннен ернiм жұқарса мейлi жұқарсын, сүйгеннен жүйкем, жұқарса мейлi жұқарсын!"– деп, "сүйе беремiн, сүйе де сүйе шаршасам, махаббатыма басымды сүйеп өлемiн" – дейдi. Қазақ поэзиясына қайталанбас туындылар қалдырған Сағи Жиенбаев болса: "Ырзамын қыздар сендерге, мен үшiн сендер пiрсiңдер. Жазым боп кетер жерлерде, өздерiң сақтап жүрсiңдер"-деп, қыздарды төбесiне көтередi. Орынды. Жарасымды. Жүректiң қылын шерткен әдемi лирика. Ал, Қадыр Мырза Әлi: "Әдемi қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың" – деп, сүйкiмдiлiктi жоғары қояды. Астарында әлемдi әдемiлiк ғана құтқарады деген ой жатса керек.

Әйелдер әдемiлiктiң, әсемдiктiң нышаны. Ақын адам сұлулыққа сұқтану арқылы өлең тудырады. Яғни музасы, кейiпкерлерi арулар. "Ақындарды көрiнген адамға ғашық болады" – деп, жазғыруға болмас… Өйткенi олар, әр гүлге бiр қонып бал жинаған арадай, сұлулыққа сүйсiну арқылы iзгiлiктiң, әдемiлiктiң, көркем галереясын жасайды. Дағыстанның көрнектi ақыны Расул Ғамзатов: "Мен саған үйленгенше, мың қызға ғашық болғам" – деп, ағынан жарыла, бар сырын жайып салса, Ұ. Есдәулет: "Ғашық болған қыздарым ғұмыр бойғы, тiптi менiң көп шығар шашымнан да"-дейдi. Тағы бiр есiмi ендi ел аузына iлiнiп келе жатқан жас ақын "мен күн сайын ғашық бола беремiн, сүйгенiме ұқсайтұғын қыздарға" – деп осыған үндес ой айтады. "Сұлулыққа қызығу-нәпсiқұмарлықтың кепiлi бола бермейдi. Жер бетiндегi әдемiлiк жойылса, адам баласындағы тiршiлiктiң мәнi мен мағынасы да қалмас едi".(Д. Исабеков-Б. Ә.)

Бүкiл ақын шығармаларында таспадай өрiлiп, жырына арқау болған арулар, яки болашақ аналар. Хадисте: "Әуелi анаңды, екiншi анаңды, үшiншi тағы да анаңды сыйла" делiнген. Ана бар жерде сүйiспеншiлiк те, шуақ та бар. Яғни жоғарыда айтылғандай, сүйiспеншiлiк, махаббат, ана тақырыбы майда-шүйде емес. Алланы бiр деп бiлiп, мойынсұнғандар ғана, ананы құрметтеп, сұлулықты бағалай алады. Әйел-тiршiлiк бұлағы. Адамзат ұрпағын өсiрiп, өрбiтушi. Мәселенки, дүниеге сәби келдi дейiк. Дәл осындай өте кемел, ғаламат уәзiнмен өлшеп пiшiлген, ет пен сүйектен (тастан, қоладан, ағаштан емес) жаратылған, көкiрегiнде-санасы, көзiнде-нұры, кеудесiнде-жаны бар Теңдессiз Өнер Туындысын кiм жаратып жасай алады?! Мұндай туындыны әуелi Алладан, екiншi әйелден басқа ешқандай өнерпаз жасай да, жарата да алмайды. Демек, әйелдердi жырлау Тiршiлiктi, Әдемiлiктi, Өнердi жандандыру деген сөз.

Есенғали Раушанов: "Сұлулық та жоқ ғаламда мына, жоқ болса егер ақындық,"-дей келе, "ақындық та жоқ ғаламда мына, жоқ болса егер сұлулық!" дейдi. Бұдан түйетiнiмiз, ақындық пен сұлулық бiр-бiрiн толықтырып тұратын ұғымдар… Бiз бүгiнгi бiр мақаламызда "ақындық пен сұлулық…" төңiрегiн толық қамти алмаспыз. Өйткенi, бұл ауқымы кең, мәндi, мазмұнды тақырып. Тек бұл сүйсiнуден, тамсанудан, көңiлге тұнған тамшылар ғана… Менiңше, әдемi жырлар, ақындар ғашық болған жағдайда ғана туады. Қалғаны құр машықтық…

Бауыржан ӘЛIҚОЖА

Серіктес жаңалықтары