КIРМЕ СӨЗДЕРГЕ КIРIПТАРЛЫҚ

КIРМЕ СӨЗДЕРГЕ КIРIПТАРЛЫҚ

КIРМЕ СӨЗДЕРГЕ КIРIПТАРЛЫҚ
ашық дереккөзі
463

Тәуелсiздiк алғанымызға жуырда жиырма жыл толады. Шүкiр, осы уақыт аралығындағы Қазақстанның даму деңгейiне кейбiр iргелес елдермен салыстырғанда көңiлiмiз толады. Бiрақ, ұлттық тақырыпта бармақ тiстететiн, кенже қалып қойған тұстарымыз тағы көп. Оны мойындауға тиiспiз.

Мәселен, бiз әлi күнге дейiн орыстың тiлi мен грамматикасының ықпалынан шыға алмай жүрмiз. Атап айтсақ, орыстың "вагон" деген сөзiнiң қазақшасын ана тiлiмiздiң үндестiк заңына қайшы келсе де дәл осылай жазып, дәл осылай оқимыз. Бұл жерде "вагон" сөзiн жәй мысал ретiнде келтiрдiк. Әйтпесе осыдан кейiн дұрысы осы екен деп бiреулер оны "багон" деп жаза бастауы мүмкiн. Қазақ мұндай бөгде сөздердi тiлiне ыңғайлап айтқан ғой. Ал дәл қазiр кiрме сөздер мен терминдердiң көбiсiн бiз тiлiмiздiң табиғатына қайшы келсе де тура дыбыстауға тырысамыз. Олардың iшiндегi үндестiк заңын бұзатындарын сөзiмiзге бейiмдеп, тiлiмiз келетiндерiн сол қалпында қабылдау қажет екенiн мүлде ескермей кеттiк. Осындай ойсыз қылығымызбен тiлдiң табиғатына қарсы қасақана қылмыс жасап жүргенiмiздi аңғармайтын болдық. Бұл бiздi сөйлеу машығымыздан айырып, ана тiлiмiздi жасанды түрде орыс тiлiнiң заңдылығына тәуелдi етiп тастады. Яғни, бiз, бiр кездерi батырлар мен шешендердiң поэтикалық тiлi болған, мүмкiндiгi мен қабiлетi шексiз Қазақ тiлiн соқа соңында жүрген мұжықтың ойды шолақ қайыруға құрылған қысқа тiлiне кiрiптар етiп қойдық. Бұл ессiздiк емей немене? Себебi, тiл жүйесiз болып кеттi. Тiл науқас. Ойдың оралымы бұзылды. Кейде қазақша ойлап, қазақша сөйлей бiлудi өзi үшiн қасiретке айналдырып жiберген қандастарымызға қарап қарным ашады. Бұлар тiлдiң басындағы трагедияның қазiргi кейпi сияқты көрiнедi маған. Қазақ тiлiнiң баршаға ортақ, әрi жатық тiлге айнала алмай келе жатқан бiр себебi де осыдан деп бiлем. Мүйiзi қарағайдай академиктер мен профессорлардың не бiтiрiп жүргенiне таңданам. Осындай кемшiлiктердi солар бiрiншi болып байқауы керек едi. Мен ағылшындарға қатты риза болам. Бұлар қай тiлден қандай термин кiрсе де оны өздерiнiң сөз мәнерiне салып сөйлейдi. Мысалы, Географияны "Жөграфи", Сталиндi "Стәлiн" дейдi. Француздар да мәселен, коммунистер мен социалистердi "кәмүнiс" , "сөтсиәлис" деп айтады. Дәл осылай демесе де осыған ұқсатып сөйлейдi. Ал бiз бұлай десек күлкiлi көрiнетiн сияқты. Өйткенi төл тiлiмiздегi сөйлеу машығын кембағалдық ретiнде (неполноценность) қабылдайтын деңгейге түсiп кеттiк. Ұлтты ұйыстырудың негiзгi құралы болып табылатын тiлiмiздiң бастан кешiрiп отырған қазiргi ең үлкен қасiретi осы.. Бүгiндерi бәлиғаттан пайғамбарлық жасқа дейiнгi аралықтағы қазақша сөйлейтiн қандастарымыздың 70 пайызға жуығы ойын оралымды етiп, еркiн жеткiзе алмайды. Сырттай сарнап сөйлегенiмен, сөздерiнде жүйе жоқ екенiн аңғару қиын емес. Қазақтардың өзi өз ана тiлiнде жатық сөйлей алмай жүрген соң, басқалардан тiл бiлудi талап ету әбестiк шығар? Менiң ойымша, қазақ тiлiне күштеп енгiзiлген жiңiшкелiк белгiсi,в,ф,сияқты тiлдiң үндестiк заңын бұзатын әрiптердiң барлығын қолданыстан алып тастау керек сияқты. Мұндай әрiптерi бар сөздердi Қазақ тiлiнiң табиғатына бейiмдеу керек. Мен тiл ғалымы емеспiн. Бiрақ ойымды айтуға қақылымын. Кейбiреулер әлiпбидiң бұл әрiптермен толыққаны тiлдiң дамығанын көрсетедi деп айтқысы келедi. Бiрақ, бұл тiлдi дамыту емес, қасақана шұбарлау болып табылады. Адамзат тарихында мұндай жолмен ешкiм, ешқашан тiлдi дамытқан емес. Пьер Абелярдың "Тiл ойлау арқылы туып, ойға түрткi болады" деген керемет сөзi бар. Бұқаралық сипаттағы ойлау құралына айналса ғана ол жатық тiлге айналады. Ал бiздiң қандастарымыздың арасында орысша ойлап қазақша сөйлегiсi келетiндер де көп. Көпшiлiгi қаланың қазақтары. Оларға ойын орысша жеткiзген әлдеқайда жеңiл. Бұл жағдай тiлдiң трагедиясын одан әрi ушықтырып отыр. Мемлекеттiк тiл ең алдымен қалада қалыптасады. Өйткенi, ол заман ағымына қарай бейiмделiп, технология мен ғылым жаңалықтарына iлесе отырып дамуы тиiс. Әйтпесе көштен қалып қояды. Ал техника тiлiне айнала алмаған тiл-бұқараның қатынас құралы болудан қалады. Бiз қазiр осы үдеден шыға алмай отырмыз. Қолымызда барлық мүмкiндiк бола тұра тiлдiң дамуына қасақана кедергi жасаудамыз. Ал, мемлекеттiң төл тiлiнде түсiнiсе алмайтын ел-Ұлт болып ұйысу мүмкiндiгiнен айрылады. Бiздiң дiттегенiмiз осы ма, сонда?

Жолымбет МӘКIШЕВ

Серіктес жаңалықтары