ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ҮМIТТI АҚТАДЫ МА?

ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ҮМIТТI АҚТАДЫ МА?

ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ҮМIТТI АҚТАДЫ МА?
ашық дереккөзі
577

«Алтын белгiге» үмiткерлердiң саны артты

Биыл ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) жетiншi мәрте өткiзiлдi. Жетi жыл iшiнде жоқ-кемтiгi түгенделген сынақ осы жылы ғана у-шусыз өткен сияқты. Маусымның 4-i-мен 10-ы аралығында, елiмiздiң 154 пунктiнде мәреге жеткен ҰБТ-ны қорытындылаған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың да көңiлi тоқ.

Жылдан жылға талабы мен шарты күшейтiлiп келе жатқан сынақ барысын биыл министрлiк пен ҰҚК мамандарының өздерi тiкелей қадағалап, барынша қатаң қолға алыпты. Бұдан бұрынғы ҰБТ кезiнде түрлi дүрлiгу мен өрескел заң бұзушылық фактiлерi жер-жерде орын алғанын ескерсек, биыл мұндай құйтырқы амалдардың жолы кесiлген көрiнедi. Бұрнағы ҰБТ-да "Алтын белгiден" үмiткер кейбiр талапкерлер межелi 45 баллды жинай алмай, моральдық күйзелiске ұшыраса, биылғы көрсеткiш көңiл қуантарлықтай.

Жетi жыл бойы қордаланған олқылықтарды түзетумен күресуде тiзгiнiн қатайтқан Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев арнайы реестерге тiркелген сұрақ-жауаптардың ендi сыртқа шықпайтынына уәде берген-дi. Содан болар, биыл ҰБТ-ның төңiрегiндегi алып-қашпа әңгiмелер де сап тыйылды. Сондай-ақ, жетiншi рет өткiзiлген ҰБТ-ның нәтижесi де жаман емес көрiнедi. Оған себеп, үмiткердi шатастыратын бейпiл, жөн-жосықсыз қойылған сұрақтар легi алынып тасталған. Ұлттық тестiлеу орталығының директоры Исатай Сағындықов: "Өткен жылғы сұрақтарда, технологияларда кемшiлiктер болса, өзiмiз байқаған кемшiлiктердiң барлығын түзетуге тырыстық, жетiлдiрдiк. Биыл сұрақтар сараптамасына сұрақ жасаушылар мен эксперттер емес, оқулық авторларын да тарттық. Қысқасы, ешқандай мiн болмауға тиiс. Неге десеңiз, базамыздағы 160 мыңға жуық сұрақтың былтыр 10 мыңын сұрыптасақ, биыл 15 мыңын тазарттық" дедi қысылмай. Бұған дейiн қаншама үмiткердi сансыратқан ҰБТ сұрақтары ендi ғана ретке келiп жатса, оған қуанамыз ба, әлде жұбанамыз ба?

125 БАЛЛДЫ БАҒЫНДЫРҒАНДАР САНЫ АРТТЫ

Биылғы тестiлеудiң жаңалығы — мектеп бiтiрушi түлектер жоғары оқу орнына түсу үшiн бұрын кемiнде 45 балл жинау керек болса, биыл ол 50-ге көтерiлдi. Ал, медициналық мамандықтарға түсетiн шәкiрттер 55 баллдан кем жинамауы тиiс. Бiлiм және ғылым министрлiгi түлектер мен олардың ата-аналарының тiлегiн ескере отырып, емтиханды өткiзу уақытын 3,5 сағатқа дейiн ұзартты. Сондай-ақ, бұрын бiр лекке 2 мың үмiткер кiрген болса, биыл олардың сынаққа кiрiп-шығуы қиын болмас үшiн 700-800-ге дейiн азайтылып, ҰБТ өткен жылдардағыдай 5 күн емес, 7 күнге созылды. Тест сынағын тапсыруға республика бойынша 110118 оқушы (мектеп бiтiрушiлердiң 82 пайызы) ниет бiлдiрсе, "Алтын белгiге" 3600-ден астам үмiткер тiркелген. Тағы бiр жағымды жәйт — биыл оқуға түсем деушiлерге 35 мыңға жуық мемлекеттiк грант бөлiнiп отыр.

ҰБТ қорытындысын сараптаған Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, биыл 125 балл жинаған түлектердiң саны әлдеқайда артқан. Республика бойынша ҰБТ-ның былтырғы орташа балы — 74,9 болса, биылғы орташа балл — 84,84-ке жетiп жығылған. Орташа балды есептеу кезiнде аймақаралық қатысушылардың орташа пайызы есепке алынған. Ең жоғары орташа балл Астана қаласында — 97,43; Павлодар облысында — 94,36; Шығыс Қазақстан облысында — 93,29 және ең төменгi орташа балл: Жамбыл облысында — 76,16, Ақмола облысында — 79,27, Қостанай облысында — 80,16 пайызды көрсеткен. "Алтын белгiге" үмiткер 3 632 түлектiң 3573-i тестiлеуге қатысып, оның 2529-ы өз бiлiмiн дәлелдеп, 100 балдан жоғары ұпай жинаған. Ал, 11597 түлек 50 балға да жете алмай, жоғары оқу орнына түсе алмайтын болды.

Бiр қуаныштысы, ҰБТ-дан ең жоғары көрсеткiш — 125 баллды жинағандар республиканың әр өңiрiнен тiркелген. Жылда бiлiм жөнiнен төменгi нәтиженi көрсететiн Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бұл жолы оқ бойы озықтардың қатарында. Биыл Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша 32 мың 336 оқушы мектеп тәмамдаса, оның 20 мың 632-сi ҰБТ сынағына қатысты. Ал, 786 түлек "Алтын белгiге" үмiткер болса, оның 402-сi өздерiнiң бiлiмдерiн толық дәлелдеп шықты. Қалған 147 талапкердiң 100-iне бiр балл ғана жетпей қалған. Облыс бойынша бес талапкер ең жоғарғы 125 баллдық көрсеткiштi бағындырып, бiлiм алған мектебiнiң мерейiн өсiрiп отыр.

Десе де, ҰБТ науқаны кезiнде алаяқтық жасауға әрекет еткендер де кездескен. Сондай-ақ, тест тапсыру барысында оқушылардан 4 мың 764 телефон, 200-ден астам есептегiш құралы, тағы басқа пайдалануға тыйым салынған заттар табылса, 24 үмiткер аудиториядан қуылып, тапсырған тестiнiң нәтижесi түбегейлi жойылған. Әу баста қазақ қоғамына жат бұл тәсiлдiң ешбiр дайындықсыз енгенi тайға басқан таңбадай көрiнiп едi. Осымен 7 жыл қатарынан жүзеге асқан ҰБТ-ның кемшiлiгi түзетiлiп, қатесi күзелiп, ендi ғана оң iзге түсiп келедi. Бәлкiм, ендi бiр-екi жылда бұл тәсiлдi жатырқайтындар саны да азаятын шығар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гайпов Зулфухар Сұлтанұлы: Қазақстан ТМД мемлекеттер арасында алғаш рет Ұлттық бiрыңғай тестiлеу әдiсiне көштi. Жыл өткен сайын кемшiлiктер түзелiп, мазмұны арта түсуде. Биыл былтырғыға қарағанда алдыға iлгерiлеушiлiк бар. Олай дейтiн себебiм, ҚазҰУ-да екi күннiң нәтижесiнде аппеляциялық шағымға бiрiншi күнi 45 бала, екiншi күнi 46 бала келдi. Олардан сұрасақ мазмұнына көп күмән келтiрмейдi. Екi ұқсас жауапты белгiлеп қойып едiк дейдi. Салыстырмалы түрде аппеляциялық комиссия мазмұны дұрыстығын көрсетiп отыр. Биылғы өзгешелiк ЖОО-ға түсу үшiн былтыр 45 балл болса, биыл 50-ге көтерiлдi. Соның өзiнде ҚазҰУ-дегi 706-пункттiң көрсеткiшi өте жоғары болды. Осы жағынан алғанда Қазақстандағы бiрыңғай тестiлеу механизмi өмiршеңдiгiн көрсетiп отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары