АЙЫРҚАЛПАҚТЫ АҒАЙЫН ТАҒЫ ДА АЛАБҮЛIК

АЙЫРҚАЛПАҚТЫ АҒАЙЫН ТАҒЫ ДА АЛАБҮЛIК

АЙЫРҚАЛПАҚТЫ АҒАЙЫН ТАҒЫ ДА АЛАБҮЛIК
ашық дереккөзі
260

Қырғызстанды айналдырған қырсықтың құпиялары

Биылғы сәуiр айының алғашқы күндерiнен бастап iргелес қырғыз халқы тағы да сең соққан балықтай күй кешiп отыр. Әрбiр жаңа туған ай елдегi алауыздық пен бейберекетсiздiктi одан әрмен өршiтiп, саяси жанжалдың жалынын лаулата түсуде. Ең қайғылысы, билiкке таластың бәрi де бұл елде қарулы қақтығыстарға ұласып, қантөгiспен аяқталып келедi. Iшкi алауыздық, толассыз талас-тартыстың нәтижесiнде саяси билiкке қол жеткiзген күштер онша көп ұзамай-ақ ел тiзгiнiн өз уыстарынан қалай сусып кеткенiн аңдамайтын сияқты. Осының кесiрiнен Алатаудың бөктерiндегi алақанның аясындай елдiң аты бассыздықтармен әлемге әйгiлi болып отыр.

Тағдырдың ауыр соққылары жайында қазақ "Қырсық бiр айналдырса, шыр айналдырады" деп қысқа түйiндеген. Соңғы жылдары айырқалпақты ағайындардың елiн белгiсiз қырсық шыр айналдыруда. Шыр айналдырғаны емей немене, кiшкентай мемлекетте саяси билiкке таласушылар шектен тыс көп. Бар болғаны бес жылдың iшiнде ғана халық сайлаған екi президент елден жыраққа қуылып, әрбiр төңкерiс кезiнде қала көшелерi мен алаңдары бейкүнә адамдардың қызыл қанымен жуылып жүр. Ал бейкүнә төгiлген қанның түптiң түбiнде сұрауы болатыны аян. Тарих бәрiн кешiрсе де, жазықсыз төгiлген қанды кешiрмейдi.

Иә, қырғыз елiн қырсық айналдыруда. Ең әуелi сыртқы жаулар – көзге анық көрiнбегенмен аса қуатты күштердiң қырсығы тиiп отырғаны бесенеден белгiлi. Осыдан бiраз жыл бұрын ғана Орталық Азиядағы озық демократияның шынайы үлгiсi, Көктөбе кiндiгi деп саналған Қырғызстан бүгiндерi онсыз да аса түйiткiлдi осынау аймақтағы қауiп-қатер ошағы ретiнде бағаланып отыр. Ең бастысы, бұл ел алып державалардың саяси ойындарының бетi ашық тақтасына бiржола айналған iспеттi. Көптеген беделдi халықаралық сарапшылардың мәлiмдеуiнше, 2005 жылы Қырғызстан президентi Асқар Ақаевтың билiктен тайдырылып, елден қуылуына Батыс елдерiнiң, құпия барлау қызметiнiң астыртын әрекеттерi себепкер болса, екiншi президент Құрманбек Бакиевтiң Бiшкектен бiржола қуылып, алыс белорус жерiнен пана iздеуiне Мәскеу билiгi себепшi болып отыр және әлем жұртшылығы бұған еш күмән келтiрмеуде. Тiптi, мұны ресми Кремль билiгi де жоққа шығарып әуре болған жоқ. Сiрә "Күштiнiң дүмi диiрмен тартады" деген нақ осы шығар. Осылайша тұтас бiр бейбақ халықтың тағдыры азуын айға бiлеген алып елдердiң ермек етер ойыншығына айналды.

Өткен аптаның соңғы күндерiнде Қырғызстанның оңтүстiгiндегi iрi қала – Ошта орын алған этникалық қақтығыстың соңы нағыз қантөгiске ұласып, келiп түскен соңғы деректер нағыз қан майданды еске салуда. Дүйсенбi күнгi ресми деректерге сенсек, Ош қаласы мен облысында 92 адам қаза тауып, 1156 адам дәрiгерлiк көмек сұраған. Ауыр жараланған 661 кiсi ауруханаға жатқызылды. Ал iргелес Жалал-Абад облысында 22 адам қаза болып, 103 адам ауруханаға жатқызылды. Ресми емес деректерге қарағанда, қаза тапқандардың саны бұдан әлдеқайда көп. Ал екi қаланың көшелерiндегi өртелген автокөлiктер мен отқа оранған дүкендер, тұрғын үйлердiң санын дәл анықтау әлi мүмкiн болмай отыр. Атыс қарулары, таспен және ауыр сойылдармен қаруланған адамдар жыртқыш аңдай көшелердi кезiп, қарсыластарын аямай төмпештеуде. Қырғызстанның оңтүстiгiндегi ауыр ахуалға байланысты елiмiздiң тәртiп сақшылары күшейтiлген қызмет тәртiбiне көштi. Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетовтың мәлiмдеуiнше, Ош пен Жалал-Абадтағы жағдай әлi күнге ауыр. Өткен бейсенбiден берi шейiт болғандардың саны 124-ке жеткен көрiнедi. Құрманбек Бакиевтi тақтан тайдырған оппозиция өкiлдерiнiң 7-8 сәуiрдегi толқулары кезiнде де 80-нен астам адам қаза тапқаны белгiлi. Ел билiгiне Уақытша үкiмет келгелi берi бейбiт адамдардың өлiмi жиi орын алып келедi. Бұл – тараптардың ешбiрiн ақтау немесе айыптау емес, қырғыз елiнде қазiр қалыптасып отырған ауыр ахуалдың нақты шындығы. Елдегi басбұзарлық пен қарақшылықтың ауыздық бермей кеткенi сонша, жағдайды тұрақтандыруға қабiлетсiз болып шыққан Уақытша үкiметтiң басшысы – уақытша президент қызметiн атқарушы Роза Отунбаева ханым Ресей президентi Дмитрий Медведевтен әскери көмек сұрап, бiтiм күштерiн бөлудi өтiнгенi мәлiм.

Тiптi, Уақытша үкiмет бiр кездерi қуғынға түскен Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтiң батылы жетпеген өрескел қадамға барып отыр. Жексенбi күнi Ресейдiң әуе базасы орналасқан қырғыздың Кант кентiне қосымша әскер жiберуiн толықтай құптады. Осы әуе базасына "Ил-76" ұшағымен ресейлiк 31-шi десанттық-шабуыл бригадасы жеткiзiлген. Ресейдiң әскери қызметкерлерi Канттағы ресейлiк әскери нысандарды қорғап, сондағы әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi-мыс.

Бiртұтас егемендi мемлекеттiң территориясына қандай жағдайда да сырттан әскери күштердi енгiзу ешбiр елдi әлiмұлыққа жеткiзген емес. Әсiресе, Ресейдiң әскерiн енгiзген елдердiң iлгерi басқан аяқтары керi кеткенi белгiлi. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан соң Шығыс Еуропаға енiп, бауыр басып қалған кеңес әскерлерi ақыры Кеңестер Одағы ыдыраған соң ғана әбден титықтап, тұралаған Венгрия, ГДР, Болгария, Польша, Чехословакия т.б. елдердi әрең тастап кеттi. Интернационалдық борыш деген түсiнiксiз себептi желеу еткен қызыл жалаулы әскерлердiң Ауғанстанға кiргенi сол-ақ екен, қызыл империя құлап тынғанмен бұл елдегi қантөгiс әлi күнге жалғасуда. Ал бұрынғы посткеңестiк империя аумағындағы қанды жаралар әлi жазылар емес. Молдова жерiнiң бөлiнбейтiн бөлшегi Приднестровье, Оңтүстiк Осетия, Абхазия, Таулы Қарабақ осылардың айғағы. Ресейдiң әскери қызметкерлерi тәуелсiз елдi тұтастыруға емес, үнемi бөлшектеуге енгiзiлетiн сияқты. Көнбiс тарих бұған ерiксiз куә.

Қырғызстанды айналдырған екiншi қырсық – бiрқатар ел азаматтарының бойында мемлекетшiлдiк сананың қалыптасуында жатқан сияқты. Саяси Олимп төрiнде жүрген кейбiр саяси қайраткерлердiң жеке амбициясы аса жоғары және сол амбициясын қанағаттандыру мақсатында Алатаудың баурайындағы ағайынның арасына iрiткi салып, ала тайдай бүлдiруге әркез дайын. Осыдан барып бiресе Манас әуежайындағы амеркандықтарды елден бiржола аластауға асығыс шешiм қабылдап, Кант кентiн ресейлiк әскерилердiң еншiсiне беруге қадам жасалады. Сөйте тұра, әу баста уағдаласқан қаржыдан көбiрек ақша төлесе, бәрiн де бұрынғыша қалдыруға даяр.

Әрине, саясат әрқашанда екiжүздi. Мемлекет мүддесi үшiн күтпеген қадамдар жасау қажет те болатын кезi бар. Бiрақ қанша көп векторлы саясат дегенмен алып державалардың екiжүздiлiгiн әлемдiк қауымдастық амалсыз кешiргенмен, жаңа тәуелсiз елдердiң сыртқы саясатында үнемi тұрақтылық, айқындық және табандылық болуын қажетсiнедi. Бiр шектен екiншi шекке орынсыз секiру оңдыра қоймақ емес.

Қырғыз елiн айналдырған үшiншi қырсық – бұл елдегi криминалитеттiң тым жүгенсiз кетуi. Тiптi, соңғы жылдарда "Әй!” дер ажа, “қой!” дер қожаның жоқтығынан әбден дандайсыған бұрынғы қылмыскерлердiң мемлекеттiк органдарға билiгiн жүргiзе бастағанын Қырғызстан тiзгiнiн ұстағандардың бәрi де мойындаған. Мейлiнше кең қанат жайып, елдi өрмекшiдей торлаған коррупция мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiктiң төбесiне қара бұлт болып үйiрiлдi. Кейбiр ақпараттарға сенсек, бұл – Қырғызстанға Кеңестер Одағынан қалған ауыр мұра. Өткен ғасырдың 70-80-шi жылдарында Кеңестер Одағында ұрылар, бандиттер, "воры в законе" деп аталатындардың баршасы Мәскеудiң қырағы назарынан жырақтағы қырғыз жерiнде, жанға жайлы Бiшкекте астыртын бас қосып, өздерi әрекет ететiн аймақтарды бөлу туралы жиi мәмiле жасайтындығы, болашақ жоспарларын құратындығы белгiлi едi. Тәуелсiздiк алған Қырғызстан қиын кезеңдерде осынау ауыр мұраның тамырына бiржолата балта шаба алмаған сияқты.

Қалай дегенмен де қырғыз жерiндегi iшкi ахуал аса ауыр болып қалуда. Ұлы Конфуцийдiң, "Өмiрдiң шынайы мәнi не екенiн бiле алмай тұрып, өлiмнiң мәнiн қайдан бiлейiн" деген өмiршең ғақлиясы бар. Соны сәл өзгертiп айтсақ, шынай тәуелсiздiк пен азаттықтың, тәуелсiз мемлекеттiң ғажайып келбетiн әлi толық көре алмаған қырғыз бауырларымыз тағы бiр бұлғақ кезеңдi бастан кешуде. Айырқалпақты ағайынның керуен-көшi қайда барып тiрелер екен?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары