"ДЕМЕУ" ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС IСТЕУДЕ

"ДЕМЕУ" ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС IСТЕУДЕ

"ДЕМЕУ" ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС IСТЕУДЕ
ашық дереккөзі
407

"Демеу" продюсерлер мен орындаушылар одағының елiмiздегi өнер адамдарының құқығын қорғауға бiлек сыбана кiрiсiп кеткенi жайында айтылып та, жазылып та жүр. Жақында аталмыш ұйым өз жұмысын жандандыру мақсатында тағы бiр басқосу өткiздi.

Осыдан тура 5 жыл бұрын әншi, продюсер Қыдырәлi Болманның бас көтеруiмен ашылған "Демеу" продюсерлер мен орындаушылар одағы бүгiнгi таңда қарқынды жұмыс атқаруда. Әншiлер мен авторларға демеу болуды мақсат тұтқан аталмыш ұйым орындаушылардың құқығын қорғау, жас таланттарды қолдау, ұмыт болған өнер иелерiн ел есiне салу, Қазақстан мәдениетiн жаңа белеске көтеру сияқты маңызы ерекше iс-шараларды жүзеге асыруда бiраз еңбек етпекшi.

2010 жылдың 5-мамырында “Демеу” одағының төрағасы Қыдырәлi Болман бастаған бiр топ өнер адамдары орындаушылардың құқығын қорғайтын Әдiлет министрлiгiнiң арнайы рұқсат қағазын көпшiлiкке көрсеткен болатын. Бұл дегенiңiз, бұдан былай Одаққа мүше әншi қауымның өнiмiн коммерциялық мақсатта пайдаланушы тұлға Қазақстан Республикасының "Авторлық және шектес құқығы" туралы Заңына сәйкес фонограмма үшiн өтемақы төлеуi керек. Бiр айта кетерлiгi, "Демеуге" бүгiнгi таңда елiмiзге танымал 200-ге жуық орындаушылар мүше болып отыр. Олардың қатарында Бибiгүл Төлегенова, Ескендiр Хасанғалиев, Нұрғали Нүсiпжанов, Тоқтар Серiков, Ұлықпан Жолдасов, Бейбiт Қорған сияқты әншiлермен қатар "МұзАрт", "Дос Мұқасан", "Нұр Мұқасан" топтары да бар. Жақында халық әртiсi Роза Рымбаева Одаққа мүшелiкке өтiптi. Әрине заңның орындалуы үшiн тек бiр жақтың, әншiлер қауымының ғана емес, сонымен қатар кафе, ресторан, түрлi сауық кешендерi өкiлдерiнiң хабардар болып, заң шеңберiнде Одақпен жұмыс iстеуi қажет.

Жуырда Ұлттық кiтапханада "Демеу" продюсерлер мен орындаушылар одағының ұйымдастыруымен ҚР-ның "Авторлық және шектес құқық туралы" Заң ережесiн талқылау үшiн бiр топ кәсiпкерлер мен орындаушылар қатысқан семинар жиналыс болып өттi. Бұл жиында аталмыш заң жан-жақты талқыланды. Ендiгi кезекте Одаққа мүше 200-ге жуық әншiнiң әнiн коммерциялық мүддеде пайдаланған кез келген тұлға Заңның орындалуын қадағалайтын ұйымға, яғни "Демеу" Республикалық қоғамдық бiрлестiгiне өтемақы төлейтiн болады. Елiмiздiң "Авторлық және шектес құқық туралы" Заңын бұзушылар әкiмшiлiк, қылмыстық және жауапкершiлiк жазаға тартылады.

Сондай-ақ, семинар жиналыста отандық шоу-бизнес өкiлдерiнiң құқығын қорғау үшiн ресейлiк орындаушылардың құқығын басқару қоғамымен ынтымақтастық келiсiм-шарт жасалғаны жайында мәлiм етiлдi. Сонымен қатар, Еуропа, АҚШ, Қытай сынды елдермен де келiсiм-шарт жасау көзделiп отыр. Қазiрдiң өзiнде "Демеу" орындаушылар мен продюсерлер Одағының елiмiздiң бiрқатар қалаларында бөлiмшелерi ашылып, өз жұмысын жалғастыруда.

"Демеудiң" демеулiк көрсетуiмен елiмiздiң мәдениетi бiршама жоғары деңгейге көтерiлетiнi сөзсiз. Тек оған уақыт, күш, әлбетте заңның қатаң орындалуы қажет-ақ.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары