Мұрат МҰХАМЕДОВ: ИДЕЯЛАРДЫҢ БӘСЕКЕСI ЖҮРIП ЖАТЫР

Мұрат МҰХАМЕДОВ: ИДЕЯЛАРДЫҢ БӘСЕКЕСI ЖҮРIП ЖАТЫР

Мұрат МҰХАМЕДОВ:  ИДЕЯЛАРДЫҢ БӘСЕКЕСI ЖҮРIП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
275

Қызылордаға барған әр сапарымда елдегi жағдаймен бөлiсiп, пiкiр алысу үшiн арнайы жолығатын азаматтардың бiрi — Мұрат Мұхамедов. "Мен "Түркiстан" газетiнiң тұрақты оқырманымын ғой. "Түркiстан" — мемлекеттiк, ұлттық идеяларды көтеретiн, терең талдау жасайтын газеттердiң бiрi". Қызылорда облысы әкiмiнiң идеология жөнiндегi орынбасары, өзi саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Мұхамедов "Түркiстан" газетiне қатысты осындай пiкiр айтады.

Өткен айда "Түркiстан" газетiнен арнайы журналистiк топ сапарға шығып, Қызылорда облысының аудандарын аралап шықтық. Сыр елiндегi оқырмандармен кездесулер өткiзiп, осы өңiрдегi жаңалықтарға қанығып, тың жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көрдiк. Сондай игi жаңалықтардың бiрi — Алаштың ардақты азаматы, Түркiстан Республикасын құрушылардың бiрi Мұстафа Шоқайдың бюстiн Қызылорда облысының атынан Францияда орнатылмақ. Саясаттанушымен әңгiмемiз Мұстафа Шоқайдан басталып, мемлекеттiк, ұлттық идеологияға қарай ойысты.

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫ АХМЕТ, ӘЛИХАНДАР ДЕҢГЕЙIНЕ КӨТЕРЕ АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ

— Мұстафа Шоқайдың бюстiн Франция жерiне қою идеясы қолға алынғанын естiп, бiр серпiлiп қалдық. Алаш қайраткерлерiнiң мұрасын, жүрiп өткен жолы мен өнегесiн қазiргi жас ұрпаққа көбiрек насихаттау, патриоттық тәрбие беру үшiн сарқа пайдалану керек емес пе? Осы орайда, өз облысыңызда қолға алынып жатқан бастамалар туралы кеңiрек айтып берiңiзшi?

— Қазақ тарихында ХХ ғасырдың орны бөлек. Өйткенi, осы ғасырдың басында сол кездегi зиялы азаматтардың тарапынан айтылған Алаш, Тәуелсiздiк, Түркiстан Республикасын құру идеясы бiр ғасырдан астам уақыт бойы әлi өмiршең болып келедi. Ол азаматтардың iшiнде түркi халықтарының басын бiрiктiрудi көздеген Сыр бойының перзентi Мұстафа Шоқайдың орны ерекше, әрине. Ресейдiң белдi университетiн бiтiргеннен соң, оның қызмет сатысымен өсетiн, үлкен деңгейдегi мемлекеттiк шенеунiк болатын мүмкiндiгi бар едi, оған бiлiмi де, бiлiктiлiгi де жететiн. Бiрақ орыс отаршылдығының бар салдары мен зардабын көзбен көрiп, жүрегiмен түйсiнген Шоқай қазақ халқының дербес мемлекет құрып, тәуелсiз ел болуы жолында еңбек еттi, ол — түркi халықтарының басын бiрiктiру идеясын айтқан алғашқылардың бiрi едi. Алаш азаматтарының мұралары зерттелiп, ғылыми айналымға түсiп жатыр, оның iшiнде шоқайтанушылар да бiраз тер төгiп, еңбек еттi, бiрақ әлi де Мұстафа Шоқайдың мұрасын түгелдей игерiп, оған саясаттанушылар, тарихшылар толық баға бере қойған жоқ. Шетелдегi қандастарымыз Түркия, Франция, Германия мемлекеттерiне барғанда, Мұстафа Шоқай өмiр сүрген, еңбек еткен, ол жерленген жерге барып, еске алып, Құран оқып, құрмет бiлдiрiп жүр. Осыған орай, Қазақстанның Франциядағы елшiлiгiндегi азаматтар былтыр бiзге ұсыныс жасады. Мажансур деген жерде Мұстафа мен Мариям екеуiнiң тұрған үйi бар, ол жерде Иманғали Тасмағамбетов бастаған делегация стелла орнатқан, ендi соның жанына Шоқайдың бюстiн қойып, Сыр топырағынан тұт пен жиде ағаштарының көшетiн апарып отырғызуға қатысты идея бiздiң де көңiлiмiзден шықты. Облыс әкiмi Болатбек Қуандықовтың тапсырмасымен Мұстафа Шоқайдың бюстiн орнатуға қатысты пәрмен берiлiп, арнайы байқау жарияланды. Ендi осы бәйге жеңiмпазы анықталды, бiр айдың көлемiнде бюст жасалады. Оны орнататын тұғыр шығынын сол жақтағы азаматтар көтерiп алмақ. Бұл шаралар — бабамызға деген үлкен құрмет, оның еңбегiнiң, iстеген жұмысының бағалануы. Сыр бойының ғана емес, бүкiл қазақ жұртының, одан қалса түркi жұртының Мұстафа Шоқайға деген құрметi деп бiлемiз.

Мұстафа Шоқай атындағы мектебiмiз, ауылымыз, көшемiз бар. Ол кiсiнiң атынан саябақ ашып, үлкен ескерткiшiн орнатсақ деген ойымыз бар. Шетелде және өзiмiзде Шоқай мұрасына қатысты бiрнеше ғылыми еңбек қорғалды. Одан бөлек, Мұстафа Шоқайдың өмiр жолы мен мұрасына қатысты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткiзу жоспарда бар, бұл кiсiнiң мұрасын әлi де ғылыми айналымға енгiзу керек, өмiр жолына қатысты әлi де зерттелуге тиiстi мәселелер көп. Бiр өкiнiштiсi, оның тұлғасын Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхановтар деңгейiне көтере алмай келемiз.

РЕСЕЙДЕ — ШОВИНИЗМ, ҚЫТАЙДА — КҮТУ САЯСАТЫ

— Саясаттанушы ретiнде сiздiң пiкiрiңiздi сұраудың ретi келiп тұр: көршiлес қырғыз елiндегi бүлiктiң астары неде деп ойлайсыз? Билiкке қарудың күшiмен келген Уақытша үкiметтi әлемнiң көптеген мемлекеттерi мойындады. Бiрақ осыдан соң қырғыз елiндегi жағдай қалай өрбуi мүмкiн?

— Саясаттануда "билiктiң легитимдiгi" деген ұғым бар. Халықтың басым көпшiлiгi билiктi мойындап, оған мойынсұнуы дегендi бiлдiредi. Қырғызстандағы сәуiр айындағы және соңғы күндерi болып жатқан оқиғалар елдегi билiктiң легитимдiгiнiң әлсiз екендiгiн көрсетедi. Түптеп келгенде, қырғыз елiндегi экономикалық ахуалдың нашар екендiгiн әшкерелеп бердi. Қырғыз бауырларымыздың тәуелсiз ел болғанына бiздiкi сияқты 19-20 жыл болып қалды, бiрақ осы уақыт iшiндегi бiраз жылдарды бос өткiзiп алған сияқты. Кезiнде Қырғызстанның экономикалық потенциалы өте жоғары болатын. Өйткенi бұл мемлекетте электр энергиясын дамыту, туризм (бiр Ыстықкөлдiң өзi неге тұрады?), мал шаруашылығын өркендетудiң өте жақсы мүмкiндiктерi бар едi, оны тиiмдi падалана алмады. Ақаевтың тұсында да, Бакиевтiң тұсында да мемлекет мүддесiнен гөрi жеке бастың мәселесiн ойлау көбiрек байқалды. Экономиканың тұралап қалуы нәтижесiнде кей деректер бойынша 1 миллионнан астам қырғыздар нәпақасын Ресейде, Қазақстанда тауып жүр. Оның үстiне, Қырғызстанда оңтүстiк пен солтүстiк болып бөлiну — Совет заманынан келе жатқан фактор. Оңтүстiкке қарағанда солтүстiк аймақтардың дамуы тәуiр. Бұл бiр жағынан Қазақстанмен шектесетiн Шу аймағына қатысты, оның үстiне, солтүстiкте славянтектес халықтардың өкiлдерi көп. Ал оңтүстiк өңiр томаға-тұйықтау дамыды. Бұл елде бұрыннан қалыптасқан жағдай: билiкке солтүстiктiң адамы келсе, оған оңтүстiктiң адамдары қарсы шығады, оның орнына оңтүстiктiң адамы келсе, оған солтүстiк өкiлдерi қарсы ұйымдасады. Асқар Ақаев солтүстiктен болатын, оған оңтүстiктiң адамдары наразы едi, түптiң түбiнде оның билiктен кетуiне ықпал еткен де — оңтүстiк аймақтың адамдары. Билiк басына оңтүстiктен Бакиев келдi, ол келген соң солтүстiктiң адамдары оппозицияға шығып кеттi. Бакиев мемлекет басына келген соң, қызметке көбiне оңтүстiктiң азаматтарын алды, өзiнiң жақын туыстарын билiктегi жоғары қызметтерге бекiттi. Қырғызстандағы жағдайдың осыншама ушығуына сыртқы фактордың әсерi бар екенiн де жоққа шығаруға болмайды. Манас әуежайын АҚШ жалға алғаны белгiлi. Бұл Ресейге ұнаған жоқ. Ресей бұрынғы посткеңестiк мемлекеттердi өзiнiң уысынан шығармауға тырысады. Өйткенi, Ресейде сонау ХVIII ғасырдан жалғасып келе жатқан билiктегi орыс шовинизмi көрiнiстерi бар. Сондықтан билiк басындағы азаматтар Қырғызстанның басқа үлкен мемлекеттiң ықпалында кетпеуiне мүдделi болды. Нәтижесiнде Бакиевтiң билiктен кетуiне Ресей мүдделi болды деп айта аламыз. Оңтүстiк пен солтүстiктiң теке-тiресi бұған дейiн болып келдi және бола бередi. Қырғызстандағы жағдай өте күрделi, бiр-екi жылда шешiле салатын мәселе емес. Сондықтан да оған әлемдiк қауымдастық араласуы керек, керек болса, тiптi әскерiн кiргiзуi керек. Менiңше, түбi бұл елге әскер кiредi, ол БҰҰ әскерi болуы керек. Бакиевтiң жақтастарының 100 миллиондаған ақшалары бар, ол қаржы оңтүстiктегi деструктивтi күштердi ұйымдастыруға бөлiнуi ғажап емес, ол қаржы бар кезде Қырғызстанда бұл жағдай жуық арада тұрақтамайды. Қазiрдiң өзiнде бейбiт тұрғындар опат болды. Мұндай жағдайда Қазақстан шекарасын қымтап, өз азаматтарының қауiпсiздiгiн ойлауға мiндеттi болды. Қырғызстанға Ауғанстан, Пәкiстан мемлекеттерiнен келетiн дәстүрлi емес дiни ағымдардың өту қаупi басым, жалпы бiр мемлекеттегi соғыс басқа бiр мемлекеттегi табыстың көзi болатындығын тарихтан да бiлемiз, сондықтан Қырғызстанда тұрақтылықтың орнауына Орталық Азиядағы мемлекеттер түгел мүдделi.

— Қырғыз елiндегi жағдайға байланысты Ресей басшылығының саясатын бағамдап қалдық. Қарама-қайшы мәлiмдемелер болғанына қарамастан, әйтеуiр Ресей тарапы бұл жерде бейқамдық танытқан емес. Бiрақ алып көршi Қытайдың позициясы түсiнiксiздеу сияқты…

— Қытай әлемдегi iрi ойыншылардың бiрi ғой. Ол бағзыдан қалыптасқан әдет — "күту саясатын" ұстайды: кiм күштi — соны жақтайды. Қытай басқалар қай бағытқа қарай бара жатыр, солай қарай жылжиды. Қытайдың сыртқы саясатындағы ең ұтымды жерi — осы. Ресей мен Америка Қырғызстандағы жағдайға араласып отыр, пiкiр-ұстанымдарын жария еттi. Қазақстан да өз көзқарасын бiлдiрiп, гуманитарлық, материалдық-қаржылай көмек көрсетiп жатыр. Көршi болғандықтан, әрi бауырлас ел ретiнде бiз бұл мемлекеттегi жағдайдың тұрақталғанын қалаймыз. Бiрақ бұл жерде дирижер — Ресей. Осы Уақытша үкiметтiң қалыптасып, орнығып қалуына Ресей үкiметi мүдделi. Өйткенi, осы билiк арқылы бұл елдегi өз геосаяси, стратегиялық мүддесiн қорғайды. Оның үстiне, Қырғызстанда орыс диаспорасы көп. Ал қай жерде орыс ұлты өкiлдерi тұрса, оларды қолдау үшiн Ресей үкiметi қаржыны аямайды. Мейлi ол Қырғызстан болсын немесе басқа да посткеңестiк мемлекет болсын, бәрiбiр.

Құдай бiздi осылай жаратты. Екi арыстанның ортасында отырған елмiз. Шығысымыздағы Қытай — әлемдегi ең ұлы мемлекеттердiң бiрi, ал солтүстiк-батысымызда — Ресей. Мұхитқа шығатын мүмкiндiктерiмiз жоқ. Осы екi елдiң саяси-экономикалық, мәдени ықпалында қалатын жағдайымыз бар. Қытай мемлекетiнiң тарихында оны жаулап аламыз деген елдердiң барлығы Қытайдың ықпалында қалып қойған. Қытайдың 300 мың жылдық тарихында оны жаулап алушылардың барлығы, тiптi бiздiң түркi ата-бабаларымыз да қытайланып кеткен. Қытай осы уақытқа дейiн өзiн қорғап келедi. Ұлы Қытай қорғаны соның дәлелi. Бiздiң бабаларымыз Қытайдың Бейжiңiне дейiн соғысып, жаулап алған. Бiрақ бәрiбiр қытайлықтардың дiнiнiң, мәдениетiнiң ықпалында қалып қойды. Қытай мемлекетiнiң құрамы әртүрлi. Олардың көпшiлiгiнiң бойында бiздiң арғы бабаларымыздың қаны бар. Оның үстiне, бұл елдiң экономикалық, саяси потенциалы зор. Осындай екi үлкен мемлекеттiң ортасында отырып, көпқырлы саясат жүргiзгенiмiз абырой. Көпқырлы саясатта Ресей, Индия, Қытай, АҚШ, Жапон, Еуроодақ, әсiресе, мұсылман мемлекеттерi, араб мемлекеттерiмен тең қарым-қатынаста болуымыз керек. Бiз бiржақты саясат жүргiзе алмаймыз. Қазiргi қырғыздардың саясатын адам түсiнбейдi. Өзбекстанның да саясаты қай бағытта екенi белгiсiз. Томаға-тұйық, өзiндiк саясат жүргiзуде. Ал Тәжiкстан Ресейдiң ықпалында саясат жүргiзiп келедi. Ресейдiң үлкен армиясы осы Тәжiкстанда. Ал Түркiменстан томаға-тұйық, ешқандай одаққа мүше емес. Сондықтан Түркiменстанның саяси беделi сезiлмейдi.

ЕНДI ЭКОНОМИКА МЕН ИДЕОЛОГИЯ ҚАТАР ДАМУЫ КЕРЕК

— Қазiргi мемлекеттiк идеология төңiрегiнде әртүрлi ой айтылады. Тiптi, идеологияны керек емес дейтiн де азаматтар бар. Қазақстандағы қазiргi ресми мемлекеттiк идеология қандай? Оны ұлттық идеяға ұластыруға бола ма?

— Кезiнде барлық мемлекеттiк органдарда КПСС ролi күштi болды. Колхоз-совхоздардан бастап, үлкен кәсiпорындарда партком хатшылары жұмыс iстейтiн. Оларға бөлек кабинет, қызметтiк көлiк берiлiп, жұмыс iстеуге барлық жағдайды қарастырған едi. 1917 жылы Совет өкiметi орнағаннан бастап, бұл мемлекетте идеологияны бiрiншi орынға қойды. Себебi Кеңес үкiметi – бұрыннан келе жатқан мемлекеттiң орнына құрылған дүниежүзiндегi жалғыз мемлекет едi. Адамдарды бiр идеяға жұмылдырмайынша, ол мемлекеттi ұстап тұру мүмкiн емес едi. Коммунистiк идеяның жақсы тұстарын жоққа шығаруға болмайды, мысалы әлеуметтiк теңдiк, адамдардың бiрдей дәрежеде өмiр сүруi, ұлттар теңдiгi, аз халықтардың құқықтарының қорғалуы, жастарға патриоттық тәрбие беру сияқты идеялар көңiлге қонымды едi. Өкiнiшке қарай, бұл идеяның мағынасы, мәнi дұрыс болғанымен, оның орындалуы халықтың көңiлiн қарайтты. Әлеуметтiк әдiлеттiлiк принципi идея жүзiнде жақсы едi, ал iс жүзiне келгенде… бiреу жұмысты жақсы, тындырымды орындайды, бiреу орташа, ал бiреу мүлде жұмысқа келмей жүрiп, жалақы алады. Сондай кездердi көзiмiз көрдi. Жаратылысына байланысты жақсы жұмыс iстегендi, оған жақсы жалақы алғанды, тұрмысы жақсы болғанын қалайтын адамдар бар. Бiрақ жалқау адамдар да бар. Сонда неге ақылды адамдар екi қолы, екi аяғы бүтiн жалқауларды асырауы керек? Осындай келеңсiздiктер коммунистiк жүйенiң бұзылуына әкелдi.

Ал тәуелсiздiк алған соң жақсы бiр идеямен жаңа мемлекеттi құру қиынға соқты. Нарық заманы келдi, Конституциямызда қоғамда плюрализм болу заңдылығы айтылған, әр түрлi идеялар болуы керек, бiрақ олар мемлекеттiң бiртұтастығына, қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрмеуi тиiс. Нарық қатынастарына көшкеннен кейiн, жұмысты кiм жақсы iстейдi, кiмнiң өнiмi сапалы, халық соны таңдайды. Бәсеке заманы туды. Шет елдер тәжiрибесiне қарасақ, нарық заманында тауарлар ғана емес, идеялар бәсекесi де болады. Бiрақ осы идеялар бәсекесiне бiз мән бермей келе жатырмыз. Жақсы идеялар бар, бiрақ олар кейде қолдау таппай қалады. Шындығында, нарықтық қатынастарда экономикалық бәсеке ғана болмай, идеялар арасында бәсеке туындап, халық қай идеяны көбiрек қолдайды, сол идеяға басымдық беру керек. 1997 жылы қабылданған “Қазақстан – 2030” стратегиялық құжатында айтылғандай, бiзде идеологиядан гөрi экономика алдыңғы орында тұр. Бұл ой сол кезде өзiнiң дұрыс екендiгiн көрсеттi. Бiрақ экономика тұрақталғаннан кейiн халықтың басым көпшiлiгi жұмыспен қамтамасыз етiлгеннен кейiн, экономика толықтай нарықтық қатынасқа көшкеннен соң, ендi экономика мен идеология қатар жүрiп отыруы керек. Бiреуi озып, бiреуi кейiн қалса, қоғам дамуына тежеу болады. Шет мемлекеттердi қарасаңыз, оларда әуелi идеялар алға түседi де, бар күштi соны жүзеге асыруға жұмылдырады. Елбасымыз айтып жүр ғой, қазiргi мемлекеттiк идеологияның басты құндылықтары, ең әуелi мемлекеттiлiк, Отан, Тәуелсiздiк болуы керек.

Ұлттық идеялар да бар. Ұлттық идеяны жасайтын мемлекетқұрушы ұлт — қазақ ұлты. Осы мемлекеттiң иесi екенiн әрбiр қазақ сезiнуi керек. Өйткенi басқа этностар күндердiң күнiнде тарихи отанына қоныс аударуы мүмкiн. Ал әр қазақтың Отаны — осы мемлекетi. Ұлттық идеяның тағы бiр қыры — мемлекеттiк тiл мәселесi. Мемлекеттiң атына өзек болған тiл барлық жерде қолданылуы керек. Тiлге байланысты дауымыз көп. Қызылорда облысында барлық iс шаралар, жиналыстар 99 пайыз мемлекеттiк тiлде өткiзiледi. Басқа да бiрқатар облыстар осы дәрежеге жетiп қалды. Тiлдi мәжбүрлеп үйретудiң ретi келе қоймас, бiрақ оның пәрмендiлiгiн арттырудың мемлекеттiк тетiктерi бар, соларды пайдалана отырып, Қазақстанда жүргiзiлетiн барлық iс-шараларда мемлекеттiк тiлдi қолдану керек.

Мәселенiң екiншi жағы, бiздiң облысқа бұл мәселенiң онша қатысы жоқ, бiрақ басқа облыстарға қатысты: жас ұрпақ бала бақша, мектептерде қай тiлде сөйлейдi? Қазақ мектептерiнiң саны соңғы жылдары көбейгенiмен, қазақ балалары әлi де орыс мектептерiнде бiлiм алып жүр. Ал орыс мектебiн бiтiрген бала университеттiң қай бөлiмiне барады? Әрине, орыс бөлiмiне оқуға түседi. Одан соң олардың көпшiлiгi орыс тiлiнде қызмет етедi, сол тiлде ойын бiлдiрiп, жазып-сызатын болады. Бiздiң қоғамда келеңсiз жағдай қалыптасты: орыстiлдi, қазақтiлдi деп бөлiну үрдiсi бар. Бұл дұрыс емес. "Шалақазақ" дегендi де қою керек. Одан да тiлдi оқыту методикасын жетiлдiрiп, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтерудiң заңдық жолдарын қарастыру керек. Қызылорда облысындағы басқа этнос өкiлдерiнiң жастары қазақ тiлiн жетiк меңгерген. Өйткенi, мұндағы тiлдiк орта қазақы. Осы орайда, мектептер мен ЖОО басшыларына көп нәрсе байланысты. Бiлiм ордаларында мемлекеттiк тiлге көбiрек мән берiп отырса, жастардың тiлге деген құлшынысын арттыруға болар едi.

Тiл — халықтың ұлт екендiгiн бiлдiретiн атрибуттардың бiрi. Шетелдегi кездесулер, халықаралық деңгейлерде ресми, бейресми жиналыстарда мемлекеттiк тiлге көбiрек басымдық берген жөн сияқты. Бұл жерде Сыртқы iстер министрлiгiне көп нәрсе байланысты. Сингапур деген шағын қала-мемлекеттi бiлесiз ғой. Кезiнде Малайзияның кiшiгiрiм губерниясы сияқты болған, кейiн бөлiнiп, ағылшындардың инвестициясы арқылы қазiргi дәрежеге жетiп отыр. Халқының 80 пайыздан астамы — қытайлар, 10-11 пайызы ғана — малай ұлты өкiлдерi. Бiрақ қалыптасқан дәстүр бойынша ресми жиындар, қонақтарды қарсы алу рәсiмдерi тек малай тiлiнде жүргiзiледi. Қытайлар малай тiлiнде сөйлейдi. Бұл мемлекетқұрушы ұлтқа деген құрметтi бiлдiрмей ме? Мемлекеттiк тiлге құрмет — мемлекетке деген құрмет.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ БIР ҰСТЫНЫ — АДАЛ ЕҢБЕКТI НАСИХАТТАУ БОЛУЫ ШАРТ

— Идеологияға қатысты тағы бiр ой қосқым келiп отыр. Еңбек мәселесi. Мұны мемлекеттiк идеологиядан гөрi ұлттық идеяларға жатқызу керек шығар. Мысал үшiн айтайық, христиан дiнiнде үш бағыт бар, католик, протенстанттық, православ. Осы үш дiннiң iшiндегi протестанттық бағытты ұстанған халықтардың еңбектi барынша сүйетiндiгi таң қалдырады. Баланы кiшкентайынан еңбек етуге баулиды, байлықты адал еңбекпен табуға үндейдi. Байқап қарасаңыз, осындай идеямен өмiр сүретiн халықтардың барлығы қазiр бай тұрады. Германия, Англия, Оңтүстiк Кореяны қараңыз. Қытайдың өзiн мысалға алуға болады. Сан ғасырлық тарихы бар алып мемлекет әу бастан еңбектi қатты құрметтеген, алдыңғы кезектегi мәселелердiң бiрi деп қараған, әлi де солай.

Адам шыр етiп дүниеге келгеннен кейiн, мейлi ол қарапайым шаруа болсын, мейлi мемлекеттiк қызметкер болсын, нәпақасын адал еңбекпен табуға үндеудiң маңызы зор. Еңбектi насихаттау бiзде ұлттық идеологияның бiр ұстыны болуы шарт. Ең бастысы, қазақтар үшiн еңбек насихаты өте қажет нәрсе.

Еңбектiң түрi де, сипаты да көп қой. Ой еңбегi, дене еңбегi бар. Еңбектiң қай түрiмен айналыссаң да, әйтеуiр еңбек ет! Еңбек ет те, күнiңдi көр! Маған көп азаматтар жұмыс сұрап келедi. Тепсе темiр үзетiндей, аяқ-қолы сау, денсаулығы мығым жiгiттер. Бiздiң облыста "Кому? Что?" деген газет бар. Соның 4 бетi де еңбек етуге, жұмыс iстеуге шақырған хабарландырулар. Ауылшаруашылығында егiн оратын кезде комбайн, трактор айдайтын маман жетiспей жатады. Құрылыстағы сылау, қыш қалау сияқты жұмыстардың бәрiн негiзiнен өзбек ағайындар iстеп жатыр. Ал қазақ қандастар ондай жұмыстарға барғысы келмейдi. "35-40 мың теңге айлық бередi, ондай жұмысқа бармаймын" дейдi. Мiндеттi түрде пәпкi ұстайтын, 100-150 мың теңге алатын жұмыс болуы керек пе сонда? Аз болса да, маңдай термен табылған ақшаға ешнәрсе жетпейдi ғой?!

Ұлттық идеологияның тағы бiр қазығы — Заңға құрмет болуы керек. Мемлекеттiлiктi сақтап қалам деген халық заңды сыйлап, заңды құрметтеуi керек. Барлық нәрсе заң аясында шешiлуi тиiс. Дамыған мемлекеттердiң жүрiп өткен жолы осы. Олар әкiм, мемлекеттiк шенеунiк деп қарамайды, қай мәселесiн де заң аясында шешедi. Құқықтық нигилизмнен арылуды ұлттық идеологияның өзегi деп қабылдасақ, қанекей? Оңтүстiк Корея, Жапон мемлекеттерi қалай дамыды? Олар еңбек пен тәртiптi бiрiншi орынға қойды.

Сондықтан ұлттық идеологияның басты бағыты еңбектi, заңды құрметтеу болса деп ойлайсың. Бұқаралық ақпарат құралдары да осы мәселелердi айта беруi керек, жаза беруi керек.

Еңбектiң құндылығы Исламда да бар. Бiрақ оның насихаты, айтылуы кемшiн түсiп жатыр. Бiздiң дiндi насихаттайтын имамдарымыз, молдаларымыз, еңбек, отбасы мәселелерiн көбiрек айтып отыруы керек.

АТА-АНАНЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIГI АРТСА

— "Осы жердiң иесi екенiн әрбiр қазақ сезiнуi керек" дедiңiз. Мемлекеттiң иесi болуының жауапкершiлiгi де бар ғой. Азаматтардың, әсiресе, жастардың бойында мемлекетшiлдiк сананы қалай қалыптастыруға болады?

— Мемлекетшiлдiк сана әуелi үйден, от басы, ошақ қасынан басталады. Ата-анаға көп нәрсе байланысты. Ел аралағанда бiр байқаған жайт — бiзде бала тәрбиесiне екiншi, үшiншi кезектегi мәселе деп қарау басым алып бара жатқан сияқты. Басқа ұлттарды айтайық, әсiресе еврей ұлтының бала тәрбиесiне аса жауапкершiлiкпен қарайтыны тамсандырады. Бұл ұлт баланың келешегiн, оның жақсы бiлiм алып, қажеттi кәсiп үйренуiн ойлап, алдын ала қам жейдi. Тәрбие деген не? Ата-ана балаға үлкендi, әке-шешенi сыйлауды, ең бастысы, жаңа айтып өткен адал еңбектiң қадiрiн бiлудi, имандылықты және Отанды сүюдi кiшкентайынан насихаттап, құлағына құйып өсiрсе, ол бала болашақта мемлекетшiл азамат болып өседi. Өзiнiң жанұясын, жақындарын жақсы көрген бала Отанын да жақсы көредi. Ал өз әке-шешесiне мейiрiмi жоқ балада патриоттық сезiм болуы екiталай нәрсе.

Мемлекетшiлдiк сана-сезiмдi қалыптастыру ата-анадан, балабақшадан, мектептен басталады. Сондықтан да заңдық тұрғыда ата-ананың жауапкершiлiгiн қатайту керек шығар. Көп жағдайда ата-аналар баланың дұрыс өсiп-жетiлiп, жақсы бiлiм алуына, жақсы тәрбие-өнеге алуына бейқам қарайды да, оған ешқандай жауапкершiлiк сезiнбейдi. Баланы дүниеге алып келгеннен кейiн оны тәрбиелеу керек қой. "Құдай бала берсiн, бала берсе, сана берсiн, сана бермесе, бiртiндеп ала берсiн" деп, қазақ неге айтқан дейсiз бұрынырақ заманда? Ата-ананың жауапкершiлiгi бiзде соңғы кезде көп еленiп, айтылып жүрген жоқ. Германияда, Израиль мемлекеттерiнде ата-ананың бала тәрбиесiне қатысты жауапкершiлiгi өте зор. Егер бала әлдеқандай қылмысқа ұрынып қалса, сотта ата-анасы онымен бiрдей жауап бередi. Одан қалса, балаға дұрыс тәрбие бермегенi үшiн салынатын толып жатқан айыппұлдары бар. Ал бiзде мұндай жағдай әлi қалыптасқан жоқ, құқықтық жағынан алғанда ата-ананың жауапкершiлiгi анық емес. Бала дүниеге келгенде, бәрi бiрдей емес пе? Тек өсе келе, ортасына, алған өнегесiне байланысты оның көзқарасы қалыптасып, қылықтары өзгередi. Осы жерде әлеуметтiк жағдайдың төмендiгiн, тұрмыс қиыншылығын алға тартатындар да бар. Бiрақ тұрмысы жақсы, дәулеттi отбасылардан шығып жатқан қылмыскер балаларды да көрiп жүрмiз ғой. Сондықтан бала тәрбиесi тұрмысқа байланысты болмаса керек.

— Ислам "Ата-ананың басты парызы — балаға жақсы тәрбие беру" емес пе?

— Солай. Бiрақ дiнбасылар осыны көбiрек айта бермейдi. Насихаты аз.

ҚАЗАҚТЫ ӘЛЕМ МОЙЫНДАДЫ

— Келесi жылы Қазақ елiнiң тәуелсiздiк алғанына 20 жыл толмақ. Сiздiңше, осы белеске бiз қандай нәтижемен, қорытындымен келемiз?

— Мемлекетiмiз әлi жас. Тарих тұрғысынан алғанда, 20 жас түк емес. Тiптi бiр адамның ғұмырымен салыстыруға да келмейдi. Мемлекеттiң тарихы ғасырлармен, жылдармен сапалық тұрғыда салыстырмалы түрде ғана айтылады. Осы аз уақыттың iшiнде бiз көп жүмыс тындырдық. Мемлекетiмiздiң iшкi, сыртқы саясатын, стратегиялық бағыттарды бекiтiп алдық. Кейбiр кемшiлiктерi бола тұрса да, мемлекеттiк шекарамызды анықтап, бекiттiк. Ең бастысы, Қазақстан деген жаңа мемлекеттi дүниежүзi елдерi мойындады. БҰҰ-нан бастап, көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесiмiз. Биыл ЕҚЫҰ, келесi жылы Ислам конференциясы ұйымының төрағасымыз. Бұл Қазақстанның имиджiн қалыптастырудағы, сыртқы саясатымыздағы үлкен белес. Нарықтық экономикаға көштiк, шетелдiк инвесторлар бiздiң елдi бизнес жүргiзуге қолайлы мемлекет деп таныды. Олар қорықпай өз қаржысын Қазақстанға алып келе алады, өзiнiң құқығы заңмен қорғалатынын бiледi. Кейбiр елдерде инвестор қаржы құйып, кейiн сол ақшасын ала алмай опық жеп қалатын да жағдай болады. Қазақстанда ондай заңсыздыққа жол жоқ. Кез келген шетелдiк азаматтың Қазақстанға келiп жұмыс iстеуiне, жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкiндiк бар. Ең бастысы, Қазақстанда қазақ деген ұлт бар екенiн әлемдiк қауымдастық бiлуiмен қатар, қазақ ұлты өз мемлекетiмiз, әскерiмiз, саясатымыз бар деген ұғымды бойына сiңiре бастады. Өнеркәсiптi дамытуда көптеген кемшiлiктер жiберiп алдық. Отандық тауар өндiру жағынан Украинаға, Ресейге қарағанда ұяттылаумыз. Бiздi әлi де Кеңес одағы кезiндегiдей шикiзаттық бағыттағы мемлекет деп таниды. Жаңа технологияларды қабылдап, сапалы өнiм шығару тұрғысынан бiзде әлi жетiспейтiн кемшiлiктерiмiз көп. Жиырма жылдың iшiнде отандық өнеркәсiбiмiздi дамытатындай жағдайға жеткен жоқпыз. Бiрақ жақында қабылданған инновациялық-индустриялық бағдарламадан үмiтiмiз мол. Осыны аяғына дейiн жеткiзiп, орындайтын болсақ, Қазақстанда бiрнеше инновациялық iрi орталықтар пайда болуы сөзсiз. Қазақстанды аграрлық мемлекет ретiнде әлем мойындады. Қазақ бидайына деген сұраныс жоғары. Ең бастысы, елiмiзде этносаралық, дiнаралық татулық бар. Бiр мысал айтайын, Таулы Қарабақта 80-жылдардың аяғында армяндар мен әзiрбайжандар арасында қақтығыс болып, әрең басылды. Одан берi 20 жыл өтсе де, осы қақтығыстың салдарынан екi мемлекеттiң арасында салқындық сезiледi. Түркиядағы күрдтер мен түрiктердiң арасында екi ұлттың бiр-бiрiне деген ашу-ызасы байқалады. Қоғамды тежейтiн, керi итеретiн факторлардың бiрi бұл. Сондықтан дiнаралық, ұлтаралық қақтығыстардан сақтану керек. Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығына алып келген ең үлкен тартуымыз, алтындай ардақтар жетiстiгiмiздiң бiрi — тұрақтылық, бейбiтшiлiк, татулық.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес, жұмыссыздық жою, денсаулық сақтау, бiлiм беру салаларындағы кемшiлiктердi мойындау керек. Дегенмен, мұның бәрi экономика өркендеген сайын жөнделедi. Осы жиырма жылдағы ең үлкен жетiстiгiмiз — Қазақ елi мемлекет, ұлт ретiнде өзiн әлемге мойындатты. Одан кейiнгi iрi жетiстiк — дiнаралық, ұлтаралық татулықтың басты стратегиялық бағыт ретiнде алынуы.

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары