МЕМЛЕКЕТТIҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ — ҚАЗАҚТЫҢ КӨПТIГIНДЕ

МЕМЛЕКЕТТIҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ — ҚАЗАҚТЫҢ КӨПТIГIНДЕ

МЕМЛЕКЕТТIҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ — ҚАЗАҚТЫҢ КӨПТIГIНДЕ
ашық дереккөзі
1090
Отырып қалған қыздардың өкiнiшi
 

Демограф-ғалым Мақаш Тәтiмнiң соңғы деректерiне жүгiнсек, бүгiнгi таңда Қазақстанда 250 мыңнан астам кәрi қыздар бар екен. Оның 200 мыңға жуығы — өзiмiздiң қара көздерiмiз. Яғни, 25-тен 50 жасқа дейiн әлi күнге тұрмыс құрмаған қыздар саны күн санап өсе түсуде. Бұл адамның ғана емес, қоғамның қасiретiне айналды.

"Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан" дегенiмiзбен, сыңарын таба алмай сарғайып жүрген төмен етектiлер қарасы көбейiп барады. Иә, бәсе, неге? Ендеше осы бiр көкейкестi сұрақтың сырына тереңiрек үңiлiп, ойлана жауап iздеп көрелiкшi. "Ең басты мақсатым оқуымды бiтiру. Содан соң ата-анама жемiсiн жегiземiн", — деп бiраз жылын осылайша өткiзiп алатын қыздар да жоқ емес арамызда. Олар бұл кезде тұрмысқа шығудың қиындай түсетiнiн ескере де бермейдi. Бiзде қыздарға қарағанда ұлдар аз. Ауылға бiлiм алып келген қыздар елдегi оқымаған, қара жұмысшы, әрi жұмыссыз жүрген жiгiттердi менсiне ме? Оның үстiне әрбiр ата-ананың да оқыған қызының өзiне тең келер жiгiтке ғана тұрмысқа шыққанын қалайтыны тағы бар. Сонымен "көн етiктiнi менсiнбей, көк етiктi кездеспей" жүргенде қыздарымыз көп уақытын өткiзiп алады. Оқу қуған қазақ қыздарының дер кезiнде отау құра алмай кәрi қыздар санатына қосылып жатуының бiр себебi осында жатса керек. Шындығында, тұрмысқа уақытында шықпаған әрбiр кәрi қыз бен серiлiкпен күн өткiзумен жүрген әрбiр сүрбойдақ жiгiт халқымыз санының өсiп, өркендеуiне, елiмiздiң қуаты артып, нығаюына орны толмас шығын келтiретiндiктерiн жете сезiнулерi қажет-ақ. Адам — қоғам байлығы. Ал ендi, сол адамды дүниеге әкелетiн жастардың әртүрлi себептермен отау құруға асықпай, арқаны кеңге салып, кәрi қыз, сүрбойдақ атанып, табиғи өсуiмiзге керi әсер етiп жүргендiктерi үлкен трагедия. Бұл жалпы ұлтымыздың трагедиясы. Өмiрдi сүйе бiлген адамның уақытты босқа оздырмағаны жөн, өйткенi, ол тiршiлiк арқауы. Осы орайда, "дау мұраты — бiту, жол мұраты — жету, қыз мұраты — кету", — деп данышпан бабаларымыз өте орынды ұлағат айтқан емес пе? Ендеше, аруларымыздың көңiлiнен шығатын жiгiт қандай болу керек? Мiне, осы маңызды мәселе төңiрегiнде кәрi қыздармен арнайы сауалнама жүргiзiп, ашық сырласып, пiкiр алмасқан едiк. Сонымен… АЙМАН, Қазақ мемлекеттiк Ұлттық университетiнiң аспиранты: — "Қашанғы оқудың соңында жүре бересiң?" — дейдi жеңгелерiм. “Қырыққа келгенше” деп, әзiлдей жауап беремiн мен де. Түсiнем, олар да жұрт қатарлы қыз ұзатып, жекжат-жұрағатты болғысы келедi. Ауылда мектептi жаңа бiтiре салып, күйеуге шығып жатқандар көп. Соларды көредi, құдалықтарында болады, сосын өздерi "сыйға — сый, сыраға — бал" жасай алмаған сайын төменшiктей түседi. Қуанышты бiр тойды олар қанша сарыла күтсе, мен де сонша қалаймын; ата-ана, туған-туыстың жүзiнiң жарқын болуын тiлеймiн. Дегенмен, тағдырдың тегеурiнi бiздiң қалауымыздан әлдеқайда қуаттырақ болып тұр. Қанша асыққанымызбен, бұйрық жоқ… Бар гәп осында! Қайткенде осы бiр әлеуметтiк кеселдiң алдын алуға болады? Сiрә, атам қазақтың құда түсу салтын үрдiске айналдырғанымыз жөн бе? Бұрыннан жақсы араласатын, сырмiнез азаматтардың балалары бiрiн-бiрi ұнатып, ата-аналарының сөз байласуы, мүмкiн, кәрi қыздар қатарын азайтар. Дәл осы жерде ақын Ақұштап Бақтыгерееваның: "Болмау керек сүюдiң жолы жаңа, Қыз үлесi — қашанда болу ана. Жаным деген жiгiттi жек көрмеңдер, Өзi сүю — қыздардың соры ғана", – деген жолдарын терең зерделей отырып, тiптен жоғары талғаммен қатып-семiп қалмай, өмiрдiң, табиғаттың заңдылық талаптарына сай икемделе түсу де қажет шығар. Платон айтқандай, "Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды табармыз". Отбасы бар адамның ұзақ өмiр сүру мүмкiндiгi бар. Бiз отбасынан күш аламыз. Үмiт пен сәттiлiктi бақытты отбасымен байланыстырамыз. Шаршағанымызды отбасында ұмытамыз. Жақын адамдарымыздың ортасында ғана өзiмiздi бақытты сезiне аламыз. Яғни, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан… ЛӘЗЗАТ, жеке фирманың есепшiсi: – Жасым биыл отызда. Жоғары бiлiмiм, екi бөлмелi үйiм, дүние-мүлкiм, бәрi бар. Бiрақ әлi күнге дейiн тұрмысқа шыққан жоқпын. Әдемi болғандықтан кезiнде жiгiттердiң бәрi маған қарайтын. Ал, мен болсам көкiрегiме нан пiсiп, ешкiмдi де менсiнбей жүре берушi едiм. Жiгiттер ақырында "мiнезi нашар" деп менсiнбей кеттi. Өзiмнiң сүйген жiгiтiм де қашқалақтап, терiс айналды. Бұрынғы "сүйем, күйем" дегеннiң бәрi де жалған болып шықты. Содан берi жiгiт атаулыға сенуден қалдым. Қазiргi араласатын ортам – тек өзiм секiлдi кәрi қыздар. Сырласамыз, бiр-бiрiмiзге мұңымызды шағамыз. Ән айтып, музыка тыңдаймыз. Маған әсiресе, Мұқағалидың сөзiне жазылған "Отыздан асып барамын" әнi қатты әсер етедi. Әндi тыңдап, қосыла шырқап отырып өте қамығамын. Өзiм қатарлы құрбыларымның ұйыған отбасы, балалары бар. Тағдырым қалай болады? Кейде өмiрден қубас өтемiн бе деп те қорқамын. Өзiмнiң жанымды түсiнетiн, ұзын бойлы, жайдары мiнездi, арақ пен темекiден бойын аулақ ұстайтын, ақшалы, көрiктi жiгiт кездессе деп армандаймын. Әй, бiрақ қайдам!.. ӘЙГЕРIМ, ғылым кандидаты, оқытушы: Жасы отыздың бел ортасынан асқанымен әлi тұрмысқа шықпаған қыз әңгiмесiн бастай бере көзiне жас алды. – Өз бақытын таппай, жолы болмай жүрген елiмiздегi 250 мыңнан астам кәрi қыздардың бiрi менмiн. Ерлерiнiң екi аяғын бiр етiкке тығып, айтқанына көндiрiп, айдауына жүргiзетiн, бiр баладан артық бала тапқысы келмей, еркелеп шолжаң басатын келiншектердi көргенде, бейшара жiгiттердi аяймын. Аяймын да ер-азаматты долы әйелдiң шеңгелiнен мүлде ажыратып алып, алақаныма салып әлпештегiм келедi. Өмiр неткен әдiлетсiз. Бағымыз қашан ашылады деп бiз жүрмiз. Қолына қондырған бақытының қадiр-қасиетiн түсiнбей олар әлек. Осындайда, “неге көп әйел алуды заңдастырмаймыз?” деген ой келедi маған. Өйткенi, әлгiндей нарқасқа жiгiттердiң артында бiр баладан басқа ұрпақ болмауы әрi өкiнiштi, әрi обал. Егер оңтайлы заңымыз болса кәрi қыздар да көбеймес едi, халқымыздың саны да анағұрлым артып, демографиялық ахуалымыз да жақсара түсер едi. Осы мәселенi Парламент депутаттары ойластырғанымен, тиянақты, оңтайлы шешiмге қол жеткiзе алмады. Әлде, барлық 250 мың кәрi қыздардың атынан Үкiметке хат жолдауымызды күтiп отыр ма? Онсыз да Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың елiмiздiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын талдаған Қазақстан халқына Жолдауында: "2015 жылға дейiн халқымыздың саны 20 миллионға жетуi тиiс. Әйтпесе, экономикалық жағдайымыз қиын болады" – деп, айқын да, нақты айтты емес пе? Ендеше, осы мәселеге орай Үкiмет жан-жақты ойластырып, бағдарлама, жоспарлар жасап, оны заңдастырғаны да жөн болар едi. Маған ақшасы аз болса да, өмiрден көрген-түйгенi мол, отбасылы болса да жанымды, жағдайымды түсiнетiн, пәтерлi, қызметi бар нарқасқа жiгiттер ұнайды. Бiздер секiлдi кәрi қыздардың өмiрге деген құлшынысы артуы үшiн, ұлттық санамызға серпiлiс керек деп ойлаймын. ӘСЕМ, балалар дәрiгерi: — Бiз өз жерiмiзде қазақ санын өсiруге тиiспiз. Өз елiмiзде қаракөз кәрi қыздардың саны артып жатқанда, өз жiгiттерiмiздiң басқа ұлт өкiлдерiнiң қызына үйленiп жатқандығына мүлдем түсiнбеймiн. Биыл отыз беске толдым. Жоғары бiлiмдi балалар дәрiгерiмiн. Институтта оқып жүргенде сүйген жiгiтiм де болды. Ол үйленуге қолқа да салды. Мен оқуымызды бiтiрейiк деп тоқтау айттым. Бiрақ ол менiң ұсынысымды қош көрмей, орыс қызына үйленiп кеттi. Керiсiнше, шетелдiктерге күйеуге шығып жатқан қазақ қыздары да аз емес. Өзгенi қайдам, өз басым дiнi, тiлi басқа елдiң жiгiттерiне тұрмысқа шығып жатқан қаракөздерiмiздiң тiрлiгiн құптай алмаймын. Өйткенi, мұның әртүрлi зияндары бар. Бұл бiздiң демографиялық өсуiмiзге керi әсерiн тигiзедi. Сондықтан да өз қыздарымызды басқа ұлттың азаматының етегiнен ұстауына жол бермегенiмiз жөн. Бұл — ұлттық намысымызға сын! Өзiм адамгершiлiгi мол, парасатты, ақылды, ең бастысы, ащы суды татып алмайтын, бойынан жақсы қасиеттер көп табылатын ер тұлғалы азаматты қалаймын. Бiрақ әзiрге ондай азамат кезiге қойған жоқ. Дана қазағым, "Қуған жетпейдi, бұйырған кетпейдi", — деген ғой. Үмiт алдан. Дегенмен, жүрдек уақыт та зулап бара жатқаны шындық. Ол да жанға батады. Бiрақ, амал қанша… Иә, бүгiнгi күннiң осынау бiр өзектi мәселесi төңiрегiндегi ашық пiкiр алмасуымыз осылай өрбiдi. Ендеше құр тiлек жеткiлiксiз, тек әрекет жасау қажеттiгiне көз жеткiзгендей болдық. Бiр ғұлама "Бақыт дегендi қалай түсiнесiң? деген сауалға: "Ертеңгiсiн жұмысқа барғың келiп тұрса, немесе үйге қайтқын келiп тұрса, бақыт деген сол. Ертеңгiсiн жұмысқа барғың келетiнi — мамандығыңды сүйетiнiң, кешке үйге қайтқың келетiнi — отбасында сүттей ұйыған тiршiлiктiң болғаны" деп жауап берген екен.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары