ӨЗ ТҮЛЕКТЕРIМIЗДI ӨЗЕККЕ ТЕУIП...

ӨЗ ТҮЛЕКТЕРIМIЗДI ӨЗЕККЕ ТЕУIП...

ӨЗ ТҮЛЕКТЕРIМIЗДI ӨЗЕККЕ ТЕУIП...
ашық дереккөзі
320

Қазақ спортындағы қаптаған легионерлер

Қазақ спортында соңғы кездерi сырттан спортшы шақырып, уақытша нәтижеге жету үрдiсi белең алып келе жатқаны күмәнсiз. Өйткенi, осы күнгi жеңiстер мен жетiстiктердiң көбiне сол легионер спортшылардың арқасында кенелудемiз. Бұндай жағдайдың кейiнгi жылдары күрт етек жаюының себебi не? Спорт басқармаларында отырғандардың өз-өздерiн алдауы ма, жоқ әлде халықты алдауы ма?

ЖОЛ САЛУШЫЛАР

Жалпы Қазақстанда сырттан спортшы шақыру әдетi қайдан келдi, кiммен келдi деген сұрақтарға жауап iздесек тарихтың 90-жылдардағы парақтарына амалсыз бас ұрамыз. Одан бергi жақсы нәтиже көрсеткен палуандар екен. Ел намысын Олимпиадаларда қорғаған Георгий Цурцумия мен Мкхитар Манукян, шыны керек, туымызды төмен түсiрмедi. Және басқалар секiлдi аларын алып, тояттаған соң өз отандарына кетiп қалмай, қазiргi күнi де қазақ спортын дамытуға атсалысып жүр.

Ал ең көп легионерлер тартып, солар арқылы өздерiнiң мәртебелерiн көтерген ауыр атлетика спорты. Қайрат Тұрлықанов басқаратын федерация алдымен орыстарға назар бөлдi. Қазақстан төлқұжатын алған Эдуард Тюкин, Вячеслав Ершов, Алла Важенина, Светлана Подобедова сынды спортшылар бiрден нәтиже көрсете бастады. Iзiн суытпай артынша өзiмiздiң Илья Ильин, Сергей Седов, Ирина Некрасова, Мария Грабовецкая секiлдi ұл-қыздардың да шыққанын атап өту керек. Ресейлiктерден кейiн қазақтың намысын қорғау «бақыты» қытайларға бұйырды. Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза Әлем бiрiншiлiгiнде қоржынымызға алтын салды. Өзге федерацияларға үлгi көрсетiп, қалай жақсы жетiстiктерге жетiп, басшылықтың рақымына бөленудi үйретiп, соған жол салып кеткен алғашқы федерация – ауыр атлетика.

УАҚЫТША НӘТИЖЕ ДЕ ЖОҚ

Батыр бiлгенiн iстесе, қалғандары содан көргендерiн жасап қалуды көздеуде. Атап өтер болсақ, теннис, күрес, футбол, велоспорт секiлдi спорттарда «жаңа қазақтар» көбейдi. Әсiресе, теннисте. Ресейдiң екiншi сортты спортшыларын қанатымыздың астына алып, оларға барынша жағдай жасалып отыр. Солардың iшiнде тек бiр ғана Ярослава Шведованы айтпасақ, қалғандары әлi күнге жарытып ештеңе тындырған да жоқ. Соңғы өткiзiлген Францияның ашық чемпионаты «Ролман Гаррос» турнирiнiң жөнi бөлек Болат Өтемұратов басқаратын бұл спорт түрiн дамытуға ел қаражатынан қыруар ақша жұмсалып жатқанын көз көргенiмен, бетке айтар дәт жетпей жатыр көпшiлiкте. Себебi, теннис спорты қазаққа таңсық, ет үйренбеген. Әлгiндей ауыр атлеттер сияқты бiрлi-жарым өз түлектерiмiз шығып жатса да мақұл ғой. Ал теннисте олар да жоқ.

ҚАЗАҚ КҮРЕСI ДЕ ҚҰЛДЫРАУДА

Қазақ күресiне сырттан легионерлер тарту нағыз масқара! Федерация тiзгiнiн ұстағандар мұнда да «жастарға үлгi беретiн» сырттандарды тартып қалуда. Қазақтың балуан жiгiттерi тапшы болып немесе баптары келiспей жатса бiр сәрi. Өткен жылдары дауға ұласқан бiр жайтты еске ала кетейiк. Бейжiң Олимпиадасына баратын спортшы таңдауына түскен якут Леонид Спиридонов пен Ақжүрек Таңатаровтың екеуiнен бапкерлер бiрiншiсiн таңдайды. Әрине бапкерлерге федерациядағылар да өз сөздерiн айтып, нұсқау бередi. Сонымен қазақтың жас талантты жiгiтi өмiрiндегi ең үлкен додаларының бiрiнен қағылды. Ресейден келген Спиридоновтың үшiншi орынға талас кезiнде оңбай ұтылғанын көрiп, iшiмiздiң удай ашығаны бар едi. Әлгi Леонидтiң барар жерi бапкерлерге едi. Ары кеткенде үшiншi орын. Ал Таңатаров әлi жас болғандықтан ондай нәтиже көрсетуi екiталай. Негiзi Олимпиадаларда осындай жастардың да жолдары болып кетуi жиi кездеседi. Оны бапкерлер бiзден артық бiлетiнi сөзсiз. Ал федерация үшiн әрине нәтиже бiрiншi орында тұрады. Болашақты ойлап, келешек қазақ спорты туралы қам жеп жүргендер онда аз екенi осыдан белгiлi емес пе?

Футболда осы күндерi кiмнiң легионер, кiмнiң өзiмiздiң футболшы екенiн айыру қиын. Үн-түнсiз келiп алып, Қазақстан азаматтығын алғандардың саны көп. Премьер-лиганың әр клубында кем дегенде осындай екi-үш футболшы бар. Бұл жағдайдың Қазақстан демографиясына жақсы әсер еткенi болмаса, футболда әкетiп бара жатқан жетiстiгi жоқ. Әйтеуiр бiр жақсысы олар ұлттық құрама сапына алынбай жүр. Бiздiң бапкерлер мен басшыларға салсаң бүгiн-ақ алар едi, бiрақ УЕФА заңдары өте қатал болғандықтан қолдарын кеңге сала алмай отыр.

P.S. Кеше ғана Ванкуверден күмiс олжалап келген Елена Хрусталева Қазақстан құрамасы 12 жыл аңсаған медальдi әпердi. Спорт министрлiгiндегiлер осы орыс қызының жеңiсiн мақтан тұтып, қалпақтарын аспанға атуда. Тiптi, қазақ спортының үлкен жетiстiгiне балап жiбергендер де баршылық. Ал ел үшiн, халық үшiн бұл жеңiстiң маңызы төмен. Сондықтан Спорт министрлiгiне осындай жағдайларды тез арада оңды шешпесе, халқымыз спорт атаулыдан бiржола қол үзуi ықтимал.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары