ӘУРЕСI КӨП АЛА ДОП

ӘУРЕСI КӨП АЛА ДОП

ӘУРЕСI КӨП АЛА ДОП
ашық дереккөзі
266

ХIХ Әлем чемпионатының ойындары қыза түстi

Өткен жұма күнi қара құрлықтың ең алыс нүктесi — Оңтүстiк Африка мемлекетiнiң астанасы Йоханнесбург қаласындағы 92 мың адам сиятын "Соккер Сити" стадионында байрағы желбiреген футболдан ХIХ Әлем чемпионаты бiрте-бiрте күш алып, ойындар қыза түсуде. Әрбiр төрт жылда бiр келетiн осынау байрақты бәсеке адамзатты бейбiт түрде екi топқа — ала доп десе iшкен асын жерге қоятындар мен доптың "домалақ" екенiн бiлмейтiндерге бөледi. Әлем кубогi үшiн жарыстың қызған шағында қала көшелерiнде көздерi қызарып, ұнжырғасы түсiп келе жатқан кiсiнi көрсеңiз, өткен түнде сүйiктi командасы оңбай жеңiлген сормаңдай жанкүйер екенiне күмәнданбауға болатыны сөзсiз.

Әлемдiк доп додасының байрағы көтерiлгенде Оңтүстiк Африка Республикасының президентi Джейкоб Зума мен ФИФА-ның басшысы Зепп Блаттер жанкүйерлердi кезектi мундиалмен құттықтап, ойыншыларға сәттiлiк тiлеген. Iле-шала стадион құлақ жарған ызыңға толды. Осы орайда дәп осы әсем әрi қара құрлықтағы ең алып стадионда өткен былтырғы Конфедерациялар жарысы ойға ерiксiз оралған. Өйткенi, былтырғы жарыс кезiнде дәп осындай ызың талайлардың жүйкесiн жұқартып, құлағын тұндырғаны мәлiм. Бұл ызың жәй ызың емес, мыңдаған қызу қанды жанкүйерлердiң қолындағы ерекше сырнай-вувузелдiң алып шыбынның ызыңына ұқсас дыбысы. Және бұл дыбыстың астарын әйгiлi цеце шыбынның әлемдегi бiрден бiр отаны — Африканың ешкiмге ұқсамайтын үнi деп бiлуге болады. Соны меңзеу. Сол Конфедерациялар турнирi кезiнде ФИФА-ның басшысы Зепп Блаттер мырза осы вувузелдi қатты сынға алып, бұлай жалғаса беретiн болса, әлем чемпионатының Оңтүстiк Африкада өткiзiлмеуi де ықтимал екенiн меңзеген едi. Бұл өрескел қателiк Зепп Блатердiң беделiне зор нұқсан келтiрдi. Бүткiл қара құрлықтың жанкүйерлерi мен саяси қайраткерлерi ФИФА басшысына қарсы өре түрегелдi. "Еуропа, әлемнiң басқа түкпiрлерiндегi жанкүйерлердiң қолындағы дабыл мен дауылпаздар, сырнайлар мен кернейлер құлақ құрышыңды қандырғанда, Африканың вувузелi жақпайтын жөнi жоқ. Әлдекiмге жақпайды екен деп вувузелiмiздi отқа жағар бiз емес. Тiптi, қара құрлықтың қасиеттi вувузелiн ұнатпау — Африканы жек көру, оны қорлау. Нағыз нәсiлшiлдiк!" деп келiп айтқандар аз емес едi. Iзiнше ФИФА-ның басшысы барша жанкүйерлерден кешiрiм сұрап, өз сөзiн жуып-шаюға мәжбүр болды. Мiне, ендi әлемдiк жарысқа жергiлiктi жанкүйерлер әдейi ерегескендей бiр-бiр вувузел көтерiп келген сияқты. Ол ол ма, әлемнiң басқа түкпiрлерiнен келген қызуқанды жанкүйерлер бұл аспаптың үнiне елтiп, елiрiп алған.

Әлем чемпионатының алғашқы ойыны – Оңтүстiк Африка және Мексика құрамаларының ойыны басталғанда вувузелдердiң үнi бұрынғыдан да күшейе түстi. Әсiлi осы чемпионатқа қатысқан футболшылардың құлағынан осынау ызың өмiр бойы кетпейтiн шығар, сiрә?! Ызыңға озан қосылып, ХIХ Әлем чемпионатының байрағы көтерiлдi. Бұл чемпонаттың алғашқы кездесуi дүниежүзiнiң футбол десе iшкен асын жерге қоятын жанкүйерлерiн үш-төрт жаңалығымен-ақ "естен" тандырған. Тандырғаны емей немене, барша адамдар оттай жанған аптап ыстықтан ми айналатын құрлық деп еш күмәнсiз иланатын Африка айтарлықтай салқын болып шықты. Қара құрлықтың басқа бөлiгiн кiм бiлсiн, ал Оңтүстiк Африка мемлекетiнiң көп бөлiгi мұхитқа тым жақын орналасқандықтан ба, әйтеуiр мұнда жеңiл киiнiп келгендер салқын ызғарды сезгенi кәмiл. Таңертең мұнда ауа температурасы көбiне +5-6 градус жылы, күндiз +18-20, ал кешкiсiн +12-14 градус жылылықты ғана көрсетедi екен. Бұл дегенiңiз Алматының нағыз қоңыр күздегi орташа температурасы. Яғни, стадионда қалың күрте киiнiп отырған жанкүйерлер мен жаттықтырушыларды көргенде ыстық Африканың суығына төзе алмаған шыдамсыздар екенiн бiле беруге болары хақ.

Тағы бiр ерiксiз таңғалдырған жайт, Оңтүстiк Африка мен Мексика құрамаларының ойынына әдiлқазылық жасаған төрешiлер бригадасының бiзбен көршiлес Өзбекстан және Қырғызстаннан екендiгi. Әрине, бұған таңғалғаннан гөрi бауырлас елдер төрешiлерiнiң осынау табысына қуана қол соғуымыз керек. Өзбекстан төрешсi Равшан Ирматов соңғы екi жыл бойына Азиядағы ең таңдаулы төрешi болып танылған. Осы орайда қызу ойын үстiнде өзiнiң алаңда жүргенiн жанкүйерлердiң ұмытып кетпеуi үшiн оңды-солды ышқына ысқыратын, көптеген шешiмдерi әдiлдiктiң аулынан тым алыс жататын Қазақстан төрешiлерi ерiксiз ойға оралды. Және оларға жиi орынды сын айтылатыны да тегiн емес екен. Бiздiң елде Равшан Ирматов секiлдi халықаралық деңгейдегi әдiлқазыларды тәрбиелеп шығу үшiн талай жылдар керек екенi күмәнсiз.

Иә, уақыт бәрiне әдiл төрешi. Тiптi, осыдан бiршама жылдар бұрын ғана апартеид езгiсiндегi Оңтүстiк Африка бүкiл әлемге өзiнiң барлық сұлулығы, барша бояуымен жарқ етiп ашылады, бұл елде футболдан әлем чемпионаты өткiзiледi деп ешкiмнiң үш ұйықтаса түсiне енбеген болатын. Бүгiнде барша адамзат өмiр бойы әдiлдiктi арман тұтқан, сол үшiн отыз жылдай өмiрiн тар қапаста өткiзген марқұм Нельсон Манделаның отанына назар аударып отыр. Футбол тойының әрбiр сәтiн көзден қалт жiбермей қадағалауда. Бiр кездерi қылмыс, қантөгiстермен аты шыққан мемлекет қысқа ғана уақыт iшiнде зор жетiстiктерге қол жеткiзгенi күмәнсiз.

Африкалықтарды ақылмен ұғу мүмкiн еместiгiне де көз жеткен iспеттi. Өйткенi, Оңтүстiк Африканың "Бфана Бфана" атанған құрамасына көз салған адам дәл осылай екендiгiне күмәнданбас едi. Өйткенi, Мексика құрамасымен кездесуге "Соккер Ситиге" келген "Бфана Бфананың" бура сан жiгiттерi автобустан әлдебiр әндi дауыстап айтып түсiп, тоқтаусыз билей жөнелдi. Бiрiнен соң бiрi әнге қосылып, билей басқан қара маржандарды кездейсоқ көрген кiсiнiң өзi әлгiлердiң еркiн әрi әсем қимылдарына сүйсiнiп, байыз таба алмай биге қосыла кетуi күмәнсiз. Өзге кез келген елдiң футболшылары өз отандарында осындай дүбiрлi жарыс өтiп жатса, тас түйiн ширығып, әлем кубогiн өз елiнде қалдыруға күш салар едi. Тiптi, чемпионаттағы әрбiр ойынды өздерiнiң ең соңғы зор майданы санап, жан алысып, жан берiсуге iштей дайын болар едi-ау. Ал "Бфана Бфананың" еркебұландары Әлем чемпионатын той, думанға толы қызықты мереке ретiнде ғана бағалайтыны көрiнiп тұр. Әсiлi, барша адамдар мұндай мундиалдi әр елдiң намысы, атақ-абыройы сынға салынатын әлдебiр сынақ емес, тек футбол тойы, спортсүйер жанкүйерлердiң көңiл көтерер мерекесi деп бағаласа ғой, шiркiн! Сонда ғана лас ойындар, футбол маңындағы заң бұзушылықтар мен ақша үшiн талас-тартыс, астыртын қылмыстар жойылар едi.

ХIХ Әлем чемпионатының тағы бiр таңғаларлық заты — "Джебулани" атанған ала доп. Әлегi көп ала доп әлден-ақ талай қақпашыны жерге қаратты.

"Джебулани" әлемдiк жарыстардағы ең жаман доп ретiнде аты жайылып отыр. Осы жарыстың алдында ғана Бразилия құрамасының белдi шабуылшысы Луис Фабиано: "Бұл доп өте түсiнiксiз. Бар пәле оның ұшу траекториясын кiлт өзгертетiндiгiнде. Әрине, бұл мүмкiн емес, бiрақ бөтен бiреу басқарып отырған сияқты. Сiз соққы жасауға дайындаласыз, ал ала доп кенеттен бағытын өзгертiп шыға келедi", десе, Аргентина құрамасының қақпашысы Серхио Ромеро да "Джебуланидi" жақтырмағаны мәлiм. Иә, талайлар осыған дейiн-ақ ұнатпаған "Джебулани" қақпашылардың нағыз құбыжығына айналып үлгердi. Англия, Алжир құрамасының қақпашылары көз алдарындағы, тiптi, құшағындағы ала доптан бiр сәтке көз жазып қалып, қас қаққанша допты қақпа торына тулап жатқанын ғана көрдi. Тiптi, Бразилия — Солтүстiк Корея кездесуiндегi алғашқы голдың авторы, қорғаушы Майконның қақпа алдында берген пасынан соң "Джебуланидiң" қақпада тулап жатуы да мүлдем қисынға келмейтiн гол. Ал әлем чемпионаттары жанкүйерлер үшiн осындай қисынсыздықтарымен де аса қымбат.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары