БАТЫРЛАРДАН ҚАЛҒАН ЖОЛ

БАТЫРЛАРДАН ҚАЛҒАН ЖОЛ

БАТЫРЛАРДАН ҚАЛҒАН ЖОЛ
ашық дереккөзі
373

Бүгiнгi ұрпаққа өнеге болса

Алматыдан 140 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Райымбек ауданы, Жалаулы ауылына аяқ астынан жол түстi. Жолға шығуымызға себеп — осы ауылдың iргесiндегi жазықта қазақтың ХVIII ғасырда өмiр сүрген батырларының бiрi Малай батырға арналып, ас берiледi деген хабар. Ас берген, жиын жасаған қазақ баласына таңсық емес, сiрә. Дегенмен, кешегi батыр бабасын ардақтап, еске алып, оның жүрген жолы мен ерлiктерiн бүгiнгi ұрпаққа өнеге етiп жатса, бұл игiлiкке неге ортақ болмасқа деген ой бар көкейiмiзде.

Кешегi тарих бүгiнгiге әрi өнеге, әрi сабақ болмаса, несiне тарих? Бүгiнде "Малай жазығы" деп аталып кеткен жерде осыдан он бес жыл бұрын батыр бабасының жерленген орнын iздеп тауып, еңселi күмбез орнатыпты. Батырлар ақ найзасын қолынан тастамай өткен жаугершiлiк заманға қойылған тағы бiр ескерткiш сияқты…

Малай батыр Райымбек жасағында қолбасшылардың бiрi ретiнде жоңғарлармен соғысып, Жетiсудың Iле бойы, Қарқараны қорғаған екен деседi. Райымбек батырдан 15 жас кiшi болса керек. Албан тайпасының Қыстық руынан шыққан. Есiмi осы Қыстық руының ұраны болып қалған. Өз таңбасы да бар көрiнедi. Ел аузында "Қыстық болсаң — Малай бол, басқаларың қалай болсаң, олай бол" деген сөз бар екен.

Батыр көз жұмған соң, жылы өткенде елi жиылып ұлан-ғайыр ас берiлген екен. Бұл жөнiнде де тарихи деректер бар.

Малай батырдың ескi кесенесiнiң орнын iздеп тапқан — Сағыныш Есбергенов ақсақал. "Бұл — келешек ұрпақтарымызға арналған ұлағатты iс. Ұрпақтарымыз бабаларын бiлiп өсуi керек. Әлi де көп тарихымыз топырақтың астында жатыр, талай бабаларымыздың аты аталмай жатыр" дейдi батыр ұрпағы.

Батырды еске алуға жиналған жұрт аруаққа Құран оқып, шежiре айтып, күрес, бәйгенi тамашалады. Осындай шаралар барысында кешегi өткен батырлардың ерлiктерi мен өмiр жолы көбiрек айтылып, жас ұрпаққа насихат болса дейсiң.

Көлбай ЖЕҢIС

Серіктес жаңалықтары