АҒАШТЫ ДIҢI, АДАМДЫ ДIНI КӨРКЕЙТЕДI

АҒАШТЫ ДIҢI, АДАМДЫ ДIНI КӨРКЕЙТЕДI

АҒАШТЫ ДIҢI,  АДАМДЫ ДIНI КӨРКЕЙТЕДI
ашық дереккөзі
411

Көктем келiп, күн жылынды. Барша адамзат баласы қуанып мәз-мейрам болатындай орны бар. Бiрақ, көктем келгенде көшеге шығып, таза ауа жұтып қайтайын десең, жаныңды жабырқатып, көңiлге қаяу салатын бiршама дүниелер бар.

Оның бастысы, қазiргi таңда қалыптасқан мәселелердiң бiрi — қыз балалардың өз тәндерiн жарнамалап, жарты метр матаны киiм қылып киюi. Кезiнде көктем келгенiн көгере бастаған талдарға қарап аңғаратын болсақ, қазiрде көктем келгенiн жалаңаштанған жас аруларға қарап таң қалатын болдық. Иә, көктемнiң келгенiн сезiну жақсы ғой, бiрақ күн жылынғанда көкiрегiн көрсетiп, ұятты жерлерiн жарнамалайтын қыздарды көргенде "күн шуағына кенелмей-ақ мәңгiлiк қыс болғанда жөн болар ма едi" деген ойларға қаласың. Жоқ, әлде олардың ыстығы тасып, шарасыздықтан шешiнген бе дейiн десем, бiрақ о дүниеде ондайларға одан да ыстық болатынын ойласам, денем түршiгiп, аяп кетем. Себебi, ол қыз — болашақ ана, аяулы жар. Кiм де болса өз анасының жалаңаш жүруiн қаламаса керек. Отбасының ұйытқысына айналған қоғамды тәрбиелеп келе жатқан тәрбиешiлердiң өздерi қазiрде тәрбиеге мұқтаж боп отырғандығы өкiнiштi-ақ. Қазақ қашанда әйел затын ардақ тұтып, аялай да бағалай бiлген. Оның мысалы ретiнде Мұхтар Әуезовтың "Адамдық негiзi — әйел" деген мақаласын айтуға болады. Өзiңiз ойлап көрiңiзшi, адамдықтың негiзi болған әйел адамдар ардан безiп, ұяттан жұрдай болса, онда ертеңгi болашағымызға балта шабылды деген осы емес пе? Ел ертеңiне қашан да елiрiп қараған қазақ халқының бұл мәселеге бей-жай қарауы қолыма қалам алуыма түрткi болды десем, артық айтпағандығым болар.

Ағашты ұстап тұратын дiңi болса, адамды ұстап тұратын дiнi екенiн ұмытпағанымыз жөн. Бұл жайында Аллаһтың соңғы Елшiсi Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейдi: "Тозақтың тұрғындарының мен көрмеген екi түрi бар. Олар — қолдарына сиырдың құйрығына ұқсаған қамшылары бар, олар онымен адамдарды ұрады; және әшекейленiп, сәнденiп киiнген жартылай жалаңаш, еңкейген не басқаларды еңкейткiзетiн, бастары түйенiң өркешiне ұқсайтын әйелдер. Олар жәннатта ешқашан болмайды, тiптi жәннаттың иiсi қашықтан сезiлсе де, оның иiсiн мүлдем сезбейдi". Иә, шынында солай, еңкейген не басқаларды еңкейткiзетiнi өтiрiк емес. Көлiк орындарында, көшелерде сондай жалаңаш қыздарды көргенде өзiмiздi кiнәлiдей сезiнiп, қолайсызданып, көзiмiзбен жер шұқып қалатынымыз бар. Көшеге шыға қалсақ, күнә жинайтын қабын қоса алып шыққан жандай болып, қаршадайынан қараусыз қалған қазақ қыздарына қарап күнә арттырып алатынымыз да бар. Жүрегiне иман ұялаған жандардың мұндай арсыздықтан арылғысы келетiнi анық, бiрақ бiздiң қоғам бiркелкi иманды жандардан тұрмайтындығын ұмытпағанымыз жөн. Небiр алаяқтардың алдап соғуына, арбауына түсiп, қаншама қыздарымыз шоқ басты десеңiзшi! Оның мысалы ретiнде мына бiр статистиканы тiлге тиек еткiм келiп отыр. Қазақстанда жылына 200 мыңнан астам аборт жасалады екен. Кең байтақ жерге ие болып қалғымыз келсе, халық санын көбейтуiмiз керек дей бергенше, алдын алу шараларын ұйымдастырып, қазақ қыздарының арсыздықтан арылуына алып келетiн жолдарды ұсынуымыз қажет. Бұл жайында Аллаһ Тағала қасиеттi Құранда былай дейдi: "Иман келтiргендердiң арасында арсыздықтың жайылуын көздеп жүргендер үшiн күйзелтушi азап осы дүниеде де, ақыретте де болады" (Нұр сүресi, 19 аят). Егер қоғам иманға бет бұрып, мәселенiң маңыздылығын түсiнгенде Аллаһтың аяттарында көрсетiлген күйзелтушi азаптан қорқып, арсыздықтан арылар едi. Не десек те, қоғам болып осылай қол қусырып отыра бергенiмiз жөн болмас. Ол үшiн өз үлесiмiздi қосып, асыл дiнiмiздi ардақтап, ел арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзiп, ислам дiнiн кеңiнен түсiндiруге тырысуымыз қажет. Өзiмiз өзгермей, өзегелердi өзгерте алмаймыз. Сондай-ақ, қыздарымыздың қараусыз қалып отырғандығы керек десеңiз, шетел әртiстерiне елiктеп, ессiз бола бастаған қыздарына қажеттi тәрбие бере алмай отырған ата-аналарға таңым бар. Қазақ ежелден "Қызға қырық үйден тыйым" деп аруларымыздың тәрбиесiне аса мән бергендiгiне куә боламыз, бiрақ айтпасқа амал не, қазiр жағдай мүлдем керiсiнше. Мұндай сорақы iстерге куә болып, көрермен болуға ғана жарағанымыз жөн болмас. Мұндай сорақылықтың сұмпайы көрерменi болудан гөрi ақиқатты ашып айтуымыз керек. Бiреуге әсер етер, бiреуге жоқ, бастысы — айту бiзден, қабыл алу сiзден, иман Аллаһтан.

Самат ТӨРЕҚҰЛ

Серіктес жаңалықтары