ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА
ашық дереккөзі
272

Семейдi 1934 жылы салынған ЖЭО жылытады

Жуырда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты. Екiкүндiк сапар барысында Семей қаласында жылумен қаматамсыз ету әлi күнге бiржақты шешiлмегенi анықталып отыр.

Семей қаласындағы ЖЭО-ның тозығы жеткен десек те болады. Себебi алғашқы кiрпiшi қаланғаннан-ақ, яғни 1934 жылдан берi жұмыс жасап келген. "Теплокоммунэнерго" құрамына кiретiн жылу орталығы қаланың сол жағалауын түгелдей қамтамасыз етедi. 2010 жылдың 10 ақпанынан бастап бұл жобаны қайта қалпына келтiру жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд.240 миллион теңге бөлiндi. "Ал сол жағалауды жылыту үшiн су қыздыратын қуаты сағатына 200 Гкал болатын жоба құрылысы басталмақ", – дедi ШҚО әкiмi Бердiбек Сапарбаев. Үкiмет басы жаңа ЖЭО салу үшiн бюджеттен 650 миллион теңге бөлiнетiнiн айтты.

Биылғы қыстың қаһары шығыс халқын жаурата алмады. Қыстыкүнгi аязға жоспарланған көмiр кейбiр елдiмекендерге жетпей қалған. "Бiрақ ешбiр нысанда жылу тоқтатылған жоқ. Семей қаласына Қаражыра кенiнен төмен бағамен 50 мың тонна көмiр алдырттық, ал "Қазақмыс" шығынның тең жартысын өз мойнына алды" – деп сендiрдi аймақ басшысы.

"Ыстық су және жылыту бас ауруға айналғалы қашан. Шығыс аймағы өте суық болып келетiнi белгiлi. Ендеше жылыту проблемаларын шешуде Солтүстiк және Шығыс өңiрлерден бастаған дұрыс емес пе? Жылу тоқтамайды, бiрақ жылу берудi түбегейлi шешсе деймiз" –дейдi жергiлiктi тұрғын Акерке Жобалаева. Қарапайым халықтың мұң-зары бұдан былай бiржақты шешiмiн табады. "Семей үшiн жылумен қамту мәселесi бiрiншi мәселе деп ойлаймын. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы шешiлмей келедi, мемлекет басшысы да үнемi осы мәселеге назар аударып жатады. Жаңа ЖЭО салу қажет. Инвесторлар сала бастаса, көмек көрсетемiз. Салмаса, өзiмiз саламыз", – дедi ол.

Семей республикадағы қыстың көзi қырауда құбыры қатып, жылусыз қалып жататын жалғыз қала. Мұндағы жылу жүйесiнiң ескiргенiн мамандар он жыл бұрын ескерткен. Қаланы жылумен қамтамасыз ететiн бүгiнгi талапқа сай жаңа жылу электр орталығының құрылысы 2008 жылы басталуы тиiс едi. Бiрақ белгiсiз себептермен ол кейiнге қалдырылды. Ендi "Құс жолы" компаниясы 2011 жылға дейiн құрылысты бiтiрмек. Құбырлардың 80 пайызы тозған шағында ғана осы жобаны жүзеге асыратындар табылыпты. Сонымен, қыркүйек айынан бастап оңтүстiккореялық мамандар Семейде үшiншi жылу-электр орталығының iргетасын қаламақ. Алдағы 20 жылда осы жобаға құйған 650 миллион доллар қаржыларын өндiрiп алуды жоспарлап отыр. Тек осыдан кейiн ғана жылу электр орталығы қаланың коммуналдық меншiгiне өтедi.

Нысанда болған кезiнде Үкiмет басшысы тариф саясаты, қала тұрғындарын энергиямен және жылумен қамту мәселелерiне айрықша ден қойды. Кәрiм Мәсiмов Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiне аймақта халық үшiн тарифтiң негiзсiз көтерiлуiне жол бермеудi тапсырды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары