МЕТРО ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ӘЛI КӨП

МЕТРО ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ӘЛI КӨП

МЕТРО ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ӘЛI КӨП
ашық дереккөзі
269

Алматы қаласындағы метроның қолданысқа берiлуiне аз-ақ уақыт қалды. Бiрақ метро құрылысындағы қауiптi де күдiктi жағдай көңiлге кiрбiң ұялататын сияқты. Метрополитен құрылысындағы жұмысшылардың айтуынша, Алмалы және Байқоңыр бекеттерiнiң аралығындағы жолдың үстiңгi қабатында қуыс пайда болған. Метро үстiндегi бос орын ғайыптан пайда болған жоқ, ол құрылыстағы алаңсыздық пен асығыстықтың нәтижесiнде қалып қойған секiлдi. Ендеше бұл қуыс метроға мiнiп, дiттеген жерiне жылдам жетуге асыққан мыңдаған жолаушылардың өмiрiне қатер төндiрерi даусыз.

Құрылыс аяқталған соң қолданысқа берiлген мезгiлде вагон тербелiсi қуыстың төменгi жаққа, яғни метро жолына құлауына ықпал етуi мүмкiн. Жалпы, құрылыста шетелдiк озық техника мен мамандардың жұмылдырылғаны белгiлi. Алайда, қаншама онжылдықтың есесiн жiберiп алмас үшiн, құрылыстың асығыс жүрiп жатқаны түсiнiктi. "Алматыметроқұрылыс" АҚ тоннельдердi бұрғылау барысында "Herrenkeht" тоннель жүргiзетiн кешенiн қолдануда. Алынған мәлiметке сәйкес, жоғарыда аталған кешен жартасты жынысты бұрғылауға бағытталған. Ал Алматы қаласының топырағы қойтасты және сазбалшықты болып келедi. Бұл туралы баспасөз беттерiнде айтылып та, жазылып та жүр.

Осының салдарынан аталған техникалық кешендi қолданған құрылыс барысында Алмалы және Байқоңыр бекеттерiнiң аралықтарында күмбездi бөлiмiнде жалпы аумағы 20 метр ұзындықтағы, 4-5 метрлi биiктiктегi қуыстар (бос орындар) пайда болған. Сонымен қатар аталып кеткен кешеннiң бұрғылау жұмыстары тоқтап, оған техникалық қызмет көрсету кезiнде де қуыс орындар қалып қойған. Бұған бұрғылау жүйесiне жету үшiн тоннельдiң бүйiр тұсынан қазу жұмыстарының жүргiзiлуi себеп болған, алайда жоба бойынша бұл жұмыстар қарастырылмаған. Сондықтан, қазiргi таңда елеусiз қалып, жасырын олқылықтардың қатарында тұр.

2008 жылдың 7 сәуiрiнде "Алматы қаласында салынып жатқан метрополитен дирекциясы" мемлекеттiк коммуналдық мекемесiнiң (МКМ) және "Алматыметроқұрылыс" АҚ-ың өкiлдерi Абай бекетiнiң адамдар жүретiн күмбездi бөлiгiнде (ПК 01+74,5) және "Алмалы-Абай" сол жақ өткелдiк тоннелiнiң үстiнде қуыс орындардың табылғандығын тиiстi актiмен рәсiмдеген.

Көп ұзамай, 2008 жылдың 19 тамызында "Метрожобалау" мекемесiнiң геологиялық зерттеу бөлiмiнiң бастығы М.В.Гришин "Алматы қаласында салынып жатқан метрополитен дирекциясы" МКМ-ның бас инженерi Б.С.Божанбаевтың атына тоннельдiң үстiнде қуыс орындардың табылғандығы туралы қызметтiк жазба дайындаған. Алайда, МКМ және АҚ басшылары жоғарыда аталған маманның пiкiрiн ескермей, аталған фактi бойынша алдын алу былай тұрсын, қандай да бiр тексеру жұмыстарын жүргiзбеген.

Қазiрдiң өзiнде бұл олқылық өз кесiрiн тигiзе бастаған секiлдi. Бұрғылау жұмыстарындағы техникалық қателiктер салдарынан Қазақ Ұлттық аграрлық университетiнiң (Абай және Масанчи) жертөлесiнде жер қыртысының опырылуы, бұған қоса Абай даңғылы және А.Байтұрсынов көшесiнiң қиылысында электрленген бағаналардың жер бетiнен төмен түсiп кетуi байқалған. Алайда бұл деректер жасырылып, кемшiлiктер жойылған.

Метроның 1-желiсiндегi бағыт бойынша топырақтың үстiңгi қабатының төмен қарай отыруы ықтимал. Сонымен қатар болашақта iске қосқанда жылжымалы составтың теңселiсiнен жоғарыда аталған опырылу одан әрi күшейе түсуi мүмкiн дейдi мамандар. Осы орайда "Алматыметроқұрылыс" АҚ техникалық директоры Владимир Коротков мырзаға хабарласқан едiк. "Барлық тоннельдердегi ұңғымалар тексерiлдi, мүмкiн деген қуыстар толтырылды" – деп жауап бердi.

Бұл бiрiншi бөлiктiң жырлары. Ал келесi бағыттары қай жылы салынып бiтпек деген сұрақ туындайды. Екiншi бөлiк үш станциядан тұрады. Олар: "Сайран", "Молодёжная" және "Ақсай". Бұл бөлiктiң құрылысы жоспарланған уақыт бойынша 2015 жылы аяқталуы керек. Жұмыстар ашық әдiспен жүргiзiлетiн болады. Болашақта бұл бағытқа Төле би көшесi арқылы өтетiн тағы үш станция қосылады. Олар: "Алтын бесiк", "Алты Алаш" және "Қалқаман".

Алматы метрополитенiнiң екiншi бағыты "Алматы-1" темiржол вокзалынан басталып, "Райымбек батыр" станциясына дейiн келiп, бiрiншi бағыттағы метромен түйiседi. Бiрiншi бағытпен түйiсетiн жердегi станция "Райымбек батыр-2" деп аталады. Сонымен, екiншi бағытқа кiретiн метро станцияларын тiзiп өтейiк. Бұл бағыт бес станциядан тұрады: "Алматы-1", "Б. Хмельницкий", "Баум тоғайы", "Үлкен Алматы" каналы және "Райымбек батыр-2".

Үшiншi бағыт жерасты құрылысы болады. Бұл бағыт тоғыз станцияны құрайды. Олар: "Орталық саябақ", "Достық", "Желтоқсан", "Байтұрсынұлы", "Әуезов көшесi", "Алатау-2", "Жандосов даңғылы", "Каблуков көшесi" және "Орбита" мөлтек ауданы. Алматы метрополитенiнiң жұмысын толық қамтамасыз ету үшiн "Райымбек батыр" және "Орбита" деп аталатын екi электрдепосы iске қосылмақшы. "Райымбек батыр" депосы бiрiншi және екiншi бағыттағы метроға қызмет етсе, өз кезегiнде, "Орбита" депосы үшiншi бағыттағы метроға қызмет ететiн болады. Бұл депо "Таугүл-3" мөлтек ауданында салынады. Ал Райымбек батыр депосы "Райымбек батыр" станциясынан солтүстiкте орыналасады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары