ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ КӨКЖИЕКТЕРI

ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ КӨКЖИЕКТЕРI

ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ КӨКЖИЕКТЕРI
ашық дереккөзі
282

Республикамыздың кез келген өңiрлерiнде емдеу-сауықтыру орындарымен қатар, демалыс аймақтары да жетерлiк. Дегенмен, қысы-жазы шетел асып, демалуға ағылып жатқандар толастар емес. Қазақстанның батысынан шығысына, орталығынан, әсiресе, Жетiсуы мен оңтүстiгiнде көңiл де, көз де тоятын көрiктi жерлер баршылық. Егер жолыңыз түсiп бара қалсаңыз, солардан ресейлiк азаматтарды да көптеп кездестiруге болады. Тек қана қызмет көрсету сапасын жақсартып, демалушылар мен күтушiлер арасындағы мәдени қарым-қатынасты реттеп, тазалық жағына көбiрек көңiл бөлiнсе болғаны.

Шығысты, Алтай өңiрiн айтпағанның өзiнде, Баян таудың, Қарқаралының қоңыр самалын былай қойғанда, табиғаты тегiс, жазық жерде орналасқан "Жаңақорған" курортының көптеген ауруларға шипалы емдiк балшығы, "Сарыағаштың" шипалы суының қадiр-қасиетiн бiлiп жүрмiз бе?!

Осындайда көршi қырғыз ағайынның бүкiл экономикасын жасақтап, жинақтап отырған жалғыз Ыстықкөлi бар дегендi iшiмiз қан жылап айтуға тура келедi. Бұл әрi қызғаныштан гөрi өзiмiздi-өзiмiз қайрауға, ұлан-ғайыр елiмiздiң көрiктi жерлерiн дұрыс пайда көзiне айналдыра алмай келе жатқанымызға деген көзқарастан туған өкпе-наз. Бiзде туризм саласы мүлде кенжелеп тұр деген де сөз емес, дегенмен мүмкiншiлiк бола тұра әлде де пайдаланбай тұрған көрiктi жерлер Қазақстанның кез келген өңiрiнен табылары хақ.

Қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуы үшiн туризм және халықаралық туризмге кететiн шығын әлемдiк жалпы iшкi ұлттық өнiмнiң 12 пайызын құраса, жыл сайын 1,5 млрд-тан астам сапарлар тiркеледi екен. Оған бүкiл жер шары халқының үштен бiрi қатысатын көрiнедi. Ал, халықаралық туризм үлесiне жалпы әлемдiк экспорттың 7 пайызы және әлемдiк қызмет көрсету саудасының 25-30 пайызы тиесiлi болса, жылдық өсiмi 4 пайыз екен. Болашақта туризм саласын жетекшi экспорттық сала дер болсақ, туризм индустриясы қай уақытта да табыс көзi екенiн естен шығармау керек сияқты. Ол тек тiкелей де емес, жанама түрде де жұмыс орындарының пайда болуына, мемлекет қазынасын толықтыра отырып экономиканың көптеген салаларына оң әсер етедi, сондай-ақ шағын және орта бизнеске қарқын бередi. Сонымен қатар қолөнер өндiрiсiнiң дамуына, сауда тұрақтылығына да жол ашады.

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 27 ақпандағы № 3859 жарлығы "Ұлы Жiбек жолының тарихи орталықтарын жандандыру, түркiтiлдес мемлекеттердiң мәдени мұраларын сақтау және дамыту, туризм инфрақұрылымын құру" жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламасының да көздегенi осы. Туризм индустриясы қай уақытта да табыс көзi ретiнде мемлекет қазынасын толықтыра отырып, экономиканың көптеген салаларына оң әсерiн тигiзiп қана қоймай, шағын және орта кәсiпкерлiкке қарқын беруiмен де құнды. Егер статистика деректерiне сүйенер болсақ, 1996 жылдан Қазақстанның туризм жүйесiнде қызмет көрсету көлемi 3 млрд. теңгенi құрайтын 430 жеке туристiк компаниялар мен фирмалар қызмет атқарады. Осы жылдар iшiнде 600 мың турис Қазақстаннан сырт елдерге шығып 2 млрд. теңге табыс әкелсе, 150 мың қонақ қабылданып алынды. Бұл дегенiмiз, валюталық ресурстардың сыртқа шығу көлемi 130 миллион АҚШ доллары болғандығын көрсетедi.

Бұл туризм инфрақұрылымының төменгi дамуын, республикалық нысандар туралы ақпараттардың жоқтығы мен олардың туристердi қабылдап алуға дайын емес екенiн айғақтайды. Сондықтан да болар, 1996 жылдан бастап 2000 жылға дейiнгi аралықта ТМД елдерiнен келетiн туристер саны мүлдем кемiп кеткен. Ал керiсiнше, сырттан, шетелден келетiндер саны 1,5 есеге артқан. Мұның себебiн, ТМД азаматтарының бұл аймақтарда жүрiп-тұруының еркiндiгiнен iздеуге тура келедi. Келушiлер санының 14 пайызы осы жақын шетелден болса, 86 пайызы ТМД-дан тыс елдерден келгендер. Әсiресе, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Түркия, Австрия, Нидерланды елдерiнен келгендер құрайтын көрiнедi. Тағы бiр қуанарлығы, жақын қонақтардың демалу уақыты 4-5 күн болса, шетелдiктер 15-17, тiптi айлап жүретiндерi де бар. Әрине, олардың бәрi бiрдей тек демалу үшiн емес, араларында iскерлiк кәсiби мақсаттармен келушiлер де бар. Мұның өзi елiмiздегi туризмдi дамытуға мол пайдасын тигiзерi сөзсiз. Өйткенi, бiр шетел турисi елiмiзде болған бiр күнi орташа есеппен 700 АҚШ долларын жұмсайды екен.

Бүгiнде туристiк сала табыстылығы жағынан мұнай өндiру мен автомобиль жасау салаларынан кейiн үшiншi орында келедi. Осы салада жұмыс iстейтiн жұмысшылар саны бойынша тiптi бiрiншi орында. Көптеген елдер тек осы саламен ғана экономикасын жасақтап отырғанын айтар болсақ, Мальдив аралдарындағы туризмнен түскен табыс жалпы iшкi өнiмнiң 84 пайызын, Испанияда -10,7 %, ал Францияда – 7,3 % құраса, Қазақстанда бұл сан оннан бiр пайызға жақындап қалған. Елiмiзде табиғаты әсем, тарихи ескерткiштерге бай өлкелерi жеткiлiктi болғандықтан бұл көрсеткiш көңiл көншiте қоймаса керек. Сонымен бiрге туризм дегенiмiз тек қана көңiлдi демалыс емес, сырттан iскерлiк байланыстарды орнықтыратын, танымдық немесе дiни мақсатты көздеген халықаралық жәрмеңкелер, түрлi спорттық жиындарға қатысушылар екенiн де ескерсек, маңызы одан сайын арта түсерi сөзсiз. Дегенмен, елiмiзде бұл саланың кенжелеп, туристiк инфрақұрылымы дамыған елдердi былай қойғанда Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан да қалып отырғанын немен түсiндiруге болар едi?

Соңғы жылдары туризм саласына қатысты екi маңызды құжат – "Туристiк саланы дамытудың бiрiншi кезектi шаралары туралы" (29.12.2000 ж) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұйғарымы және "Қазақстан Республикасында туристiк iс-әрекеттер жөнiндегi" (13.06.2001 ж) заң қабылданды. Сондай-ақ, "Туристiк iс-әрекеттердi лицензиялау ережелерi" жобасы қабылдануға даярлануда. Осы заң актiлерi қабылданғаннан кейiн туризм секторында өзгерiстер бола ма, Қазақстандағы туристiк саланың келешегi қандай?

2000 жылдың желтоқсан айында қабылданған үкiмет қаулысында екi маңызды жайт: бiрiншiден , туризм ұлттық экономиканың жаңа бiр саласы болып қабылданды, екiншiден тәуелсiз Қазақстан тарихында бiрiншi рет туризмдi дамытуға арналған бюджет қарастырылды. Ол Италияның осы саланы қаржыландыруға бөлген қаржысындай (2001-2002 жж. -24 млн. көлемiнде) болмаса да, бөлiнген қаржы көлемi емес, осы салаға бөлiнген көңiл назары қуантты. Онда туристiк нарыққа қатысушыларды анықтайтын жаңа критериялар, талаптар белгiлеп, турист пен туристiк ұйым арасындағы мiндеттi жағдай келiсiмi мен турист-тур оператор қатынасын реттейтiн негiзгi құжаттар айқындалды. Жеке бiр бапта туристер мен туристiк ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi бекiтiлiп, туристердiң қауiпсiздiгi мен оларды қорғау шаралары анықталған. Осы заң қабылданғанға дейiн ықылассыз жұмыс жасайтын туристiк фирмалар көңiлдерi толмағандардың арыздарына жауап та бермейтiн жәйттер кездескен-дi. Ендiгi жерде ол фирмалардың сақтандыру компаниялармен де келiсiм-шартқа отыруына тура келдi. Яғни, жұмысты жаңаша ұйымдастырмасқа амалдары да қалмағандай. Сонымен қатар, тағы бiр жаңалық, сырттан келетiн туристердiң Қазақстанға келуi күрделi мәселеге айналып келсе, бiздiң елге кiруге мүмкiндiк беретiн визаның берiлуi де тым ұзаққа созылуы мен қымбаттылығы сияқты көптеген кедергiлерге тап болушы едi. Консулдық жинақ Қазақстанда 199 доллар болса, Қырғызстанда 30, Түркияда -10, Францияда-26 доллар болды. Тiркеу iсi орташа есеппен үш күндi алады да, ал осы күндер iшiнде құжатсыз жүрудiң өзi қомақты айыппұл төлеуге мәжбүрлейдi екен. Жоғарыда аталған заңнан кейiн консулдық жинақ 30 долларға дейiн төмендетiлдi. Оның үстiне бiздiң елде туристiк фирмаларды жарнамалау кемшiн.

Шетелдiк туристердiң бiздiң елде жұмсайтын ақшалары – бұл Қазақстан экономикасына салынған нақты инвестиция болып табылады. Бiр ғана мысал, "Жiбек Жолы-2000" фестивалi өткен кезде 3 мың турист келiп, олардан 4 млн. АҚШ долларындай қаржы түскен. Сондықтан да, дұрыс ұйымдастыра бiлсек, елiмiздегi туристiк орындарды қадағалай бiлсек, туризм дегенiңiз керемет табыс көзiне айналар едi. Дегенмен де, соңғы жылдары Қазақстанның туристiк индустрия секторында жандану, iлгерi жылжу байқалады. Жаңа қабылданған заң актiлерi мен лицензиялаудың жаңа ережелерi осы саланың дамуына оң әсерiн тигiзедi деген сенiм де күшейдi.

Сыртқа шығу, ел көру, жер көру де жақсы қарым-қатынас орнатумен қатар, демалушыларға әдемi көңiл-күй сыйлайтыны тағы бар.Ол дұрыс та шығар, қалталы азаматтардың көргенiне, жүргенiне не жетсiн. Сонда да болса, елiмiздегi сауықтыру орындары мен демалыс орындарына да назар аударғанымыз жөн шығар. Жақында "Дәулет-Бекет" шұбат-қымыз орталығының басшысы Сыдық мырзаны облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы шақырып, Алматы-Талдықорған тасжолының бойында ғана емес, сонау шығыспен аймақтасып, қойындасып жатқан Алакөл өңiрiне де осы бiр ұлттық сусынның жеткiзiлуiн, сөйтiп, өз елiмiзде, өз жерiмiзде демалушыларға жақсы демалыс ұйымдастыруға алаңдайтынын жеткiзiптi. Онсыз да Алматы облысының кез келген аудан-аймағын қамтамасыз етiп отырған кәсiпкер бұл ұсынысты қуана құптағанын айтып, сүйiншi сұрағандай болды. Олай болса, осынау жаздың қапырық ыстығында Алакөлдi жағалауды да ұмытпағайсыздар.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары