АСТЫҚ САТУДЫҢ ӘЛЕГI КӨП

АСТЫҚ САТУДЫҢ ӘЛЕГI КӨП

АСТЫҚ САТУДЫҢ ӘЛЕГI КӨП
ашық дереккөзі
283

Әлемдiк нарықтағы астық құнының төмендеуi азық-түлiк бағасының арзандауына ықпал ете алмай отыр. Ал дәндi-дақылды экспорттауда кезiнде дүниежүзi бойынша алғашқы үштiктен табылған Қазақстанға бүгiнде экспорттық тасымалдаудың қиындықтары қолбайлау. Өткен аптада ирандық Амирабадтағы қазақстандық астық терминалының iске қосылуы қазақ бидайын Иран мен Парсы шығанағы елдерiне экспорттауға мүмкiндiк бермек.

"ҚазАгро" холдингiнiң құрамындағы "Азық-түлiк корпорациясы" Иранның Амирабад каспийлiк портынан Қазақстанның жеке астық терминалын iске қосты. Жалпы құны 2 млрд. 675,4 млн. теңгеге ($18,2 млн.) бағаланған бұл жобаға Астана мен Тегеран тең үлес қосқан. Жыл сайын 700 мың тонна астық тасымалдауға қауқарлы терминал бiр мезетте 53 мың тонна дәндi-дақылды сақтай алады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары Арман Евниевтiң мәлiмдеуiнше, амирабадтық астық қоймасы қазақ астығын шетелдiк нарыққа барынша молынан бағыттауға мүмкiндiк бермек: "Қазақстандық бидайды Иранға ғана емес, Иран арқылы Парсы шығанағы елдерiне тасымалдаймыз". Тағы бiр жаңалық, "Өзен – Горган" халықаралық темiр жолының құрылысы аяқталысымен, Қазақстан астық тасымалдаудағы транзиттiк және экспорттық қауқарын 3 млн. тоннаға дейiн көбейте алады. Бұл былтыр қанша тонна астығы ысырап болып, қар астында қалған қазақ диқандарына едеуiр көмек болары анық. Оның үстiне, бiздiң шенеунiктер биыл егiннiң бiтiк шығуы, астықтың рекордтық көрсеткiшi туралы былтырғыдай жарыса баяндауға аса құштар емес. Әлiптiң артын баққан әлдеқайда тиiмдi екенi анық. Тегеранның Астанамен сауда қатынасына келсек, астық нарығында отандық өнiмiн шетке сатуға ирандықтар да мүдделi. Иранның Мазандеран провинциясының Ауыл шаруашылығы басқармасы 2010 жылдың 4 мамырында Қазақстаннан келетiн ауыл шаруашылығы өнiмдерiн "кедендiк сүзгiден өткiзiлмеген" деген айып тағып, провинцияға енгiзуге тыйым салған болатын. Сарапшылардың пiкiрiнше, бұл қазақ астығын ирандық нарықтан шеттетудiң амалы. Себебi, Иранның сауда министрiнiң орынбасары Хамид Әли-Хани мамыр айында жасаған мәлiмдемесiнде 2010-2011 жылдары Иран елге сырттан тасымалданатын астықтан бас тартатынын және 2010 жылдың мамырында 2 млн. тонна ирандық бидайды Египет, Оман, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспорттауды қолға алатынын көлденең тартқан едi. Ал қазақтар жағы мемлекеттiк деңгейде алдын ала жасалған келiсiмдерге сәйкес үстiмiздегi жылы Египетке 1,5 млн. тонна астық жөнелтуi тиiс. Ирандықтар кедендiк сүзгiнi сылтауратқан тұста қазақ билiгi бидай дауын тезiрек шешуге тырысты. Нәтижесiнде, тасымалға қатысты түйткiлдер мен кедергiлер жойылып, Иранға экспортталатын дәндi-дақылдың көлемiн арттыру туралы мәселе қозғала бастады.

Ресми деректерге сүйенсек, бiздiң елiмiз 2009 жылы жыл сайын 11,8 млн. тонна бидай тұтынатын ирандықтарды миллион тоннаға жуық дәндi-дақылмен қамтамасыз еткен көрiнедi. Ал алғашқы тоқсанда шамамен, 200 мың тонна астық экспорттаған. 2008 жылы жан басына шаққандағы астық көлемi жағынан алғанда, әлем бойынша Австралиядан кейiнгi екiншi орында тұрған Қазақстандағы бидайдың жалпы қоры – 10,5 млн. тонна, азық-түлiктiк бидайдың қоры – 8,3 млн. тонна едi. Қазiргi кезде астық өндiрушiлер тiзiмiнiң алғашқы үштiгiнде Еуропалық Одақ (138,143 млн. тонна), Қытай (114,500 млн. тонна) және Үндiстан (80,680 млн. тонна) тұр. Ал төртiншi орынды иемденген бiздiң басты бәсекелестiрiмiздiң бiрi – Ресей. Кеңестiк үкiмет тұсында КСРО АҚШ-пен тек қару-жарақ өндiру iсi бойынша ғана емес, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн, әсiресе, астық өндiруде қызу бәсекеге түскен болатын. Араға жылдар салған Ресей былтыр АҚШ-тың алдын орап, дәндi-дақыл көлемiн көбейттi. Орыстар былтыр 60 млн. тоннадан астым егiн жинаған америкалықтардан 1 млн. тонна бидайды артық орды. Әлемдiк алпауыттардың өзара бәсекелесуi Қазақстан үшiн аса тиiмдi емес. Оған мысал, 2007 жылы экспортқа ұн шығарудан дүниежүзiнде ешбiр мемлекетке дес бермеген бiздiң ел қазiр тасымалдық қиындықтардың кесiрiнен қолда бар мүмкiндiктi толық пайдалана алмай отыр. Өйткенi, Қара теңiздегi портқа 1 тонна бидай жеткiзу үшiн 70-80 доллар қажет. Әрi әлемдiк астық нарығындағы сауда бәсекесi қызған шақта екi жыл бұрын 400 АҚШ долларына бағаланған бiр тонна бидай екi жарым есеге күрт арзандап кеттi. Жуырда БҰҰ Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы ұйымының сарапшылары арнайы әзiрлеген баяндамаларында 2010 жылы әлемдiк нарықтағы ауыл шаруашылығы шикiзатына деген баға 10 пайызға төмендейтiнiн хабарлады. Соған қарамастан, халықаралық азық-түлiк қоржыны 2002-2004 жылдармен салыстырғанда, әлi де 69 пайызға қымбат. Тағы бiр қарама-қайшылық – әлемдiк нарықтағы астық құны арзандаса да, ет бағасы шарықтап барады. Сарапшылардың дерегiне сүйенсек, Жер шарындағы азық-түлiк қорының көлемi өсiп келедi. 2008 жылғы азық-түлiк бағасының күрт қымбаттауы (2008 жылы халықаралық азық-түлiк нарығы 3 трлн. долларға бағаланған болатын) мемлекеттердi қор жинауға үйреткен. Мәселен, бұған дейiн дәндi-дақылды сырттан тасымалдап келген елдердiң көпшiлiгi биыл бiтiк шыққан өз астықтарының қызығын көрмекшi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары