ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РОУМИНГ БАҒАСЫ ҮРЕЙДI ҰШЫРАДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РОУМИНГ БАҒАСЫ ҮРЕЙДI ҰШЫРАДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РОУМИНГ БАҒАСЫ ҮРЕЙДI ҰШЫРАДЫ
ашық дереккөзі
297

Елiмiзден шетелдерге телефон арқылы байланысу бағасы тым жоғары. Жергiлiктi тұрғындар роуминг бағасының соншалықты қымбаттығын өзара сезiнсе де, әлi күнге дейiн байланыс операторлары тарифтiң бұл түрiн арзандатпай келедi. Таяуда Қазақстан мен Ресейдiң монополияға қарсы қызметтерi бiрлесiп тексеру жүргiздi. Екi елдегi халықаралық роуминг қызметiнiң бағасы Еуропа операторларынан 3-6 есеге, ал қарапайым халықаралық байланыс 2-5 есеге қымбат болып шықты.

Роуминг ұғымына түсiндiрме берiп көрелiк. Халықаралық роуминг басқа елдiң (роумердiң) аумағында ұялы байланыс қызметтерiн пайдалануға мүмкiндiк бередi. Яғни шетелдiк абонент қолданбай-ақ, отандық операторлардың қызметi арқылы хабар алады. Елiмiздiң байланыс нарығында халықаралық роуминг қызметiне сұраныс зор.

Алтын Еспаева, бiлiмгер: Мен Американың Техас штатында дайындық курстарында оқимын. Әуелде Қазақстандағы әке-шешеме хабарласу үшiн осы жерден роумингтiк байланыс орнатып, елiмiздегi абоненттердiң көмегiмен сөйлесiп жүрдiм. Кcell байланысы арқылы Қазақстанға немесе шетелге шығу үшiн номерде 6 мың теңгеден астам бiрлiк болуы шарт. Бiрақ амалдың жоқтығынан осы қызметтi пайдаланып жүрдiм. Кейiннен американдық достарымның кеңесi бойынша Техастағы жергiлiктi абоненттiк номер алып, елiмiзге өте арзан бағамен хабарласатын болдым. Ал сол жердегi қалааралық байланыстар су тегiн десе де болады, қалалық телефонға кеткен ақшаны ғана шығындайсың.

Асхат Қараев, бiлiмгер: Қазiр шетелге шығу мүмкiндiгi өте жоғары. Сондықтан кез келген қазақ азаматы шетелге оңай шығып-кiре алады. Ал халықаралық байланыстың қымбаттығы көп жағдайда кедергi болады. ХХI ғасырда байланыстың түрi көп. Демалушылар, жұмыс сапарымен барғандар елмен телефон арқылы емес, интернет арқылы байланысқа шыққанды жөн көредi. Сондықтан онсыз да қымбат абоненттiк байланыс бағасын жоғарылата берудiң ешбiр қажетi жоқ.

Әзiрге операторлар бұл қымбатшылықты қолдан жасап отыр деген болжам бар. Егер де бағаның орынсыз көтерiлгенi анықталса, роуминг бағасы қос ел абоненттерi үшiн қайта арзандайды. Мәселен, қазiргi уақытта "GSM Қазақстан/Kcell" компаниясы GSM-роуминг қызметiн – әлемдегi 146 елдiң 328 операторымен, GPRS-роумингiн – 94 елдiң 180 операторымен, он-лайн-роумингiн (Activ абоненттерi үшiн) 76 елдегi 110 операторымен ұсынады.

Сондай-ақ, ТОО "GSM Казахстан ОАО "Казахтелеком", ТОО "КаР-Тел", ТОО "Мобайл Телеком-Сервис" олардың шетелдiк, яғни ресейлiк әрiптесi ОАО "МТС", ОАО "ВымпелКом", ОАО "МегаФон" ("Большая тройка") байланыс операторлары өзара келiсiлген түрде халықаралық роуминг бағасын көтерiп алған. ҚР Бәсекелестiк туралы агенттiгi тарифтi төмендету және роумингте секундтық тарификацияға көшудi бұйырған. Олай болса операторлар 2010 жылдың 1 сәуiрiне дейiн түгелдей көшiп бiтуi тиiс болатын. Алайда, отандық операторлар бұл жоспарды жүзеге асыру үшiн шетелдiк әрiптестердiң келiсiмi керектiгiн алға тартқан. Дәл осы айланы ресейлiк үлкен үштiк қолданып отыр. Сондықтан қазiргi таңда Ресейде Байланыс агенттiгi мен Федералды монополияға қарсы қызмет 1 маусымнан бастап байланыс операторларының үстiнен қылмыстық тергеу жүргiзiп жатыр. Халықаралық роуминг бойынша монополияға қарсы заңдылықтарды асыра пайдаланғаны үшiн елiмiзде ТОО "GSM Казахстан ОАО "Казахтелеком", ТОО "КаР-Тел", ТОО "Мобайл Телеком-Сервис" компаниялары қатаң тексерiлiп жатыр. Әзiрге нәтиже жоқ емес. Қазақстандағы басқа да операторлар "арзан" роуминг қызметiнiң аумағын кеңейтуде, бұл өз кезегiнде халықаралық байланыс пен роумингтiк қызметке қол жеткiзу үшiн белгiленген соманың әжептәуiр азаюына алып келдi.

Тексерiс нәтижесiнде операторлардың өзара келiсiмi анықталатын болса, монополияға қарсы заңнама бойынша қажеттi санкция қолданылады. ҚР заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiк айналымның 10 пайызын құрамақ, монополды табысты тәркiлеу мен қылмыстық жауапкершiлiк бойынша 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн. Ал Ресейде айыппұл көлемi анықталып та қойды. Роумингтiк қызметтен түсетiн пайданың 15-20 пайызы, бұл дегенiмiз 20-25 миллион доллар.

Қарашадан бастап мобильдiк телефонмен сөйлесуге шығындарды қысқартқан пайдаланушылардың саны 3,6 есеге артты. Ресейлiктердiң 1 пайызы ұялы байланыстан мүлдем бас тартқан, оның үстiне олардың арасында мәскеулiктер жоқ. "Ромир" зерттеу компаниясының деректерi бойынша, бүкiл әлемдегi ресейлiктердiң 38%-ы және абоненттiң 31%-ы мобильдiк байланыста аз жұмсайтын болды.

Пайдаланушылар қалааралық және халықаралық байланыс сияқты қымбат тұратын қызметтерге аз ақша жұмсауға бет бұрған.

А.БЕЙIМБЕТ

Серіктес жаңалықтары