МҮСIРЕП ПЕН ҚЫЗЫЛБАСТАЙ ТҰЛҒАЛАР ӨТКЕН...

МҮСIРЕП ПЕН ҚЫЗЫЛБАСТАЙ ТҰЛҒАЛАР ӨТКЕН...

МҮСIРЕП ПЕН ҚЫЗЫЛБАСТАЙ ТҰЛҒАЛАР ӨТКЕН...
ашық дереккөзі
298

ХVIII ғасырда өмiр сүрген Жәрiмбет баба бүгiнде ру атын алған. Одан тараған шаңырақ саны 400-ден асады. Қасиеттi де киелi аталған Жәрiмбеттiң бiр баласының есiмi – Мүсiреп. Мүсiреп те әкесi Жәрiмбет сияқты ел басқарған, ауылын жауға алдырмаған би болған екен.

Жәрiмбет бидiң есiмi орыс құжаттарында 1790-1805 жылдарда көрiнiс берсе, Мүсiрептiң де есiмi 1803 жылғы Ресей патшасының шенеунiгi, поручик Гавердскийдiң күнделiгiнен кездеседi. Орыс офицерi Бұқар мен Ор арасындағы кереуендердi қазақ ауылдары шауып, заттарын талан-таражға түсiретiнi жайлы болған оқиғаларды жазып қалдырған. Керуен жолында керуендердiң таланып, 8 адамның қаза болғанын жаза отырып жолбасшы Қабанбай (кейде Қаныбай), Боранбайлардың адал қызметiмен тапқырлығының арқасында аман қалғандарын сөз еткен. Өздерiнiң арып-ашып 11-қыркүйекте Шөмекей руының Сарғасқа аталығының биi Мүсiрептiң ауылына келiп тыныстанғанын және осында тiлмаш Бекчурин келiп қосылғанын айтады.

Азанда тұрса, өздерi жатқан киiз үйдi қоршап алған басқа рудың қазақтары екен. Олар жолбасшы Қабанбайға орыстар өздерiне сыйлық берсе, заттарымен ұсталған адамдарды қайтаратынын айтқан.

Осы арада ресейлiктердi қамқорлыққа алған Мүсiреп би Жәрiмбетұлы: "Оларға көршi рудың жiгiттерi қарсы талап қойып алып кеткен заттар мен тұтқындағы адамдарды шығаруды және босатылған тұтқын басына 50 червонецтен ақша бергiзгенiн сөз етiптi. Ақыры екi жақ бiраз таласып-тартысқан соң бiр мәмiлеге келiп, олар талаған заттар мен адамдарды әкелiп берген екен. Сарғасқа руын басқарып, Қоқан Хиуа бектерiнен қорғаған, Сыр бойындағы олардың жасаған озбырлықтарына қарсы шығып отырған Хиуа бегiнiң өкiлдерiне "…қайда отырғаныңды, қайда жүргендерiңдi бiлiңдер" деуi Мүсiрептiң iрiлiгiн көрсетедi.

Керуендi ұзақ жол бойы қуып келе жатқан қазақтардың басқа руының адамдары екенiн сезген керуен жолбасшылары Қаныбай мен Боранбайлар өздерiне көмектiң керек екенiн айтып мазасызданады. Таланудан қашқан керуеншiлер бұрыннан таныс Сарғасқа биiнiң ауылына түсiп, сөйлеседi. Олар өз тарапынан 200-дей жiгiттердi көмекке беретiнiн айтады. "Олар бiздi атқа мiнгiзiп, жан-жаққа тарай бастады. Бiз де арып-ашып, Мүсiреп би ауылына келiп, сусын сұрадық. Iле-шала артымыздан қуғыншылар өздерiнiң шеккен зияндарын төлеудi талап еттi. Мүсiреп би олармен сөйлесiп, тiл тауып, мәмiлеге келiп, оларға ақша төлейтiн болып келiстiрдi", – деп жазады.

Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы 1800-1853 жылдарда Мүсiрептiң есiмi Ресей құжаттарында кездессе, оны бұл кезде 25-30 жаста болған десек, шамамен би 1780-1781 жылдары өмiрге келген. Өйткенi оның баласы Қызылбастың есiмi 1850-1852 жылдарда батыр, би есiмiнде Ресей деректерiнде көрiнiс бередi.

Поручик Гавердский, Иванов, Богадновичтермен бiрге Қазақ даласы арқылы Бұқарға сапарында қазақ халқының киiмдерi, тұтынатын заттары, балаларды тәрбиелеуi, рулардың көшi-қон тәртiбi, ас өткiзудiң жайы тағы басқалар жайлы жазған.

Жәрiмбет, Мүсiреп, Қызылбас – олардан тараған ұрпақтары жайында Сыр ақындары жырларын арнаған. Демек халық жадында жатталып қалғаны Мүсiрептiң елге жасаған қамқорлығынан туындап жатса керек. Бiр мезгiлде 200-дей жасақ (сарбаз) шығара алып, керуендердi қорғауға, қаласа талауға күшi жеткенiн және көршiлес рулардың адамдарына айтқанын өткiзе алатын, абыройлы би болғанын көремiз. Төменде Сыр сүлейлерiнiң өлеңдерiнен үзiндi келтiрiп көрелiк.

Дүр Оңғар:

“…Арғы атаң бай Жәрiмбет Қыдыр көрген,

Түсiнде пұлы тола дiлла берген,” – десе басқа ақын-жыраулар да Жәрiмбет, Мүсiреп, Қызылбас батырға өз жырларын арнаған-ды.

Жәрiмбеттiң бел баласы Мүсiрептен – Ақтау, Бектау, Қызылбас, Мырзаш, Ораз, Қожағұл, Кенжек, Шебер, Өткел атты балалар туған.

Қызылбас – батыр болған кiсi. Ол кiсiден тараған ұрпақтарды ауылдастары күнi бүгiнге дейiн "батыр ұрпақтары" деп атап келедi. Сол Қызылбас бабадан – Өмiрқұл, Темiрқұл, Жылқайдар, Құндызбай, Жаманқұлдар тараған. Жаманқұлдан туған Құлбаба да батыр болыпты.

Ресей құжаттарында Қызылбас Мүсiрепұлының есiмi бiрнеше жерде кездестi. 1850-1860 жылдары елдi, жердi қорғаған батыр, билер арасында Мүсiрепұлы Қызылбастың аты бар. Қызылбас батыр хақында Сағымбай Тұрғанбаевтың шежiре өлеңiнде:

“Қызылбас болды батыр атағы зор,

Дұшпанға қару жұмсап оқ ататын.” делiнген.

Қызылбас Мүсiрепұлының есiмi 1852 жылы 25-наурызда қоқандықтармен болған ұрысты баяндаған құжатта айтылады. Тоғанас батыр мен Орынбор (шекаралық комиссиясының) құжаттарында Сарғасқа биi Қызылбас Мүсiрепов те бұл оқиғаны растап қол қойған. Ал 1865 жылғы мұрағат дерегiнде ресейлiктерге "сексеуiл дайындап беремiз" деген кiсiлер арасында Қызылбас Мүсiрепов пен баласы Темiрқұлдың қол қойған қағазы бар. Одан басқа Қаракөл-Қуаңдария болысы Мырзабет (Мырзабек) Сәтпаевтар iсi бойынша 1900-1901 жылдарда сұралған адамдар арасында Жәрiмбет би ұрпақтары: Имам Самаев, Қарақұл Тұрғанов, Отарбай Тұяқов, Төремұрат Темiрқұлов, Досназар Құлбабаев, Оңдабай Малтақов, Өмiрқұл Қызылбасов, Құлбаба Жаманқұловтың есiмдерi кездеседi, олардың берген жауаптары жазылған. Осындағы аты аталған кiсiлердiң бiразы тiкелей Мүсiреп, Қызылбас ұрпақтары болып келедi.

Қызылбас батырдың мұнарасы Жаңадария өзенiнiң сол жағалауындағы Талқанбай үй тамына жақын. Демек Мүсiрептiң де бейiтi Жаңадария бойында болуы мүмкiн.

Үбiстiң замандасы әрi қыз алыспас туысы – Қызылбас. Олар қатар өскендiктен, бiр-бiрiнiң асыл қасиеттерi мен батырлығын сезiнбесе керек. Бiрде үлкен киiз үйдiң ортасында сексеуiлдiң оты лаулап жанып жатқан шақта Үбiс Қызылбасқа қарап: "Осы сенi жұрт батыр дейдi, сенiмен мен қамал бұзғанымыз жоқ, елдiң қорғаны ғана болдық, кәне әкелшi алақаныңды батырлығыңды бiлейiк", – деп алдында жанып жатқан сексеуiл шоғын алақанға салып жiберiптi. Намыс па, болмаса қас батырлықтың белгiсi ме Қызылбас алақанындағы шоқты ысырмапты, сонда қасындағы үшiншi кiсi алақандағы шоқты қағып жiберсе керек.

"Әке – балаға сыншы" демекшi Мүсiреп би балаларына қарап отырып: "Ақтау, Нұртаудан тараған ұрпағым – шаруа, Қызылбас балалары – батыр, Ораз балаларынан билер шығар, соны болжап тұрмын" деген екен. Расында да Мүсiреп бидiң болжамы расқа айналған.

Оларды ұрпақтар бойынша талдасақ: Ораз – Жалдықара, одан – Еске, Естен, Шәйiмбеттен Бердiбекке жалғасты.

Мұны: “…Айтулы болды ақсақал атаң Ораз,

Жаршысы жақсы сөздiң жарасып”, – деген ақын өлеңiнен аңғаруға болады.

Жәрiмбеттен бастау алған әкелi-балалы Мүсiреп пен Қызылбас есiмi 250 жылдан берi ел есiнде сақталып, бүгiнге жетуi олардың халқымыздың тәуелсiздiгi жолында күрескен би мен батыр есебiнде, көрнектi тұлға ретiнде танылуына кепiл болса керек.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi

Серіктес жаңалықтары