ҚОС МӘСЕЛЕ – ҚОС ШЕШIМ

ҚОС МӘСЕЛЕ – ҚОС ШЕШIМ

ҚОС МӘСЕЛЕ – ҚОС ШЕШIМ
ашық дереккөзі
396

Жуырда Сенат төрағасы Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен өткен "ҚР-дағы көшi-қон процестерi және көшi-қон саласындағы актiлердi жетiлдiру шаралары " атты алқалы жиында еңбек мигранттарының тоқтаусыз көшiне қатаң бақылау қою қажеттiгi жөнiнде мәселе қаралды. Ресми деректер бойынша, сырттан келетiн мигранттар саны жыл сайын 1 миллионға жетiп жығылады екен.

Елiмiздiң кең байтақ жерi, халқымыздың қонақжайлылығы, оған қоса бiрқатар елдермен визасыз режимнiң орнауы келiмсектердiң көптеп келуiне жол ашатыны өзiнен-өзi белгiлi. Сонымен бiрге көршi елдердегi алауыздықтардың салдарынан қаншама босқын елiмiзде жүр. Елiмiздегi iшкi көшi-қон 300 мың адам болса, сырттан ағылатын көшi-қон көрсеткiшi 1 миллион адамды құрайды. Бұл да жанға жай таптырмайтын көкейкестi мәселе. Әрине, еңбек мигранттарына жолды мүлдем жауып қоюға да болмас. Алайда жатжұрттықтардың елiмiзге зәредей зиян тигiзбей, халқымыздың салауаттылығы мен денсаулығына нұқсан келтiрмеуiн қадағалау – басты шарт.

Жиын барысында сөз алған ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшысы А. Кельчевский мигранттар тарапынан болатын түрлi келеңсiздiктердi болдырмас үшiн Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бiрнеше конвенцияларын алға тартты. Аталған конвенциялар арасындағы еңбек мигранттарының тең құқықтары мен бiрдей мүмкiндiктерi туралы ХЕҰ-ның конвенциясын қабылдау мигранттар мәселесiн шешуге септiгiн тигiзуi мүмкiн. Сонымен қоса осы мәселелерге байланысты "Халықтың көшi-қоны туралы" жаңа заң жобасы әзiрленiп, мәжiлiстiң қарауына ұсынылды. Осы қабылданатын жаңа заң iшкi және сыртқы көшi-қон мәселелерiн толықтай шешедi деген үмiт мол.Бақылаусыз көшi-қонға тосқауыл қойып, заңсыз мигранттар еңбегiн қысқарту елiмiздiң азаматтары үшiн тиiмдi болмақ.

Мигранттарды былай қойғанда, өзiмiздiң жұмысшыларымыздың мүмкiндiктерiне кейде шектеу қойып жатады. Дәл осы күнi ҚР Үкiмет басшысы К.Мәсiмов жұмыс сапарымен Атырау аймағында болып қайтты. Спикердiң басшылығымен мигранттар мәселесi қаралып жатқанда, Премьер-Министр мұнайлы өлкеде кеңес өткiзiп, жер қойнауын пайдаланушы компания басшыларына шетелдiк компаниялар мен инвесторлардың қоластында жұмыс iстейтiн Қазақстан азаматтарының құқығы қорғалатынын айтты.

– "Қазақстан шетелдiк инвестицияларды жақтайды және қол қойылған келiсiм-шарттарға кепiлдiк бередi.Бiз әрдайым ел мүддесiн естен шығармауға тиiспiз және оны айқын қолдаймыз. Бiз шетелдiк кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын боламыз" – дедi.

Иә, еңбек мигранттарының да, шетелдiк кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн ел азаматтарының да құқықтарының қорғалуы, заңсыздықтарға жол берiлмеуiн қадағалау – маңызды мiндет.

Айдана ОРАЗБАЕВА, ХҚТУ-дың 2-курс студентi

Серіктес жаңалықтары