ШЕРТПЕ КYЙДIҢ ШЕБЕРI – БЕЙСЕНБI

ШЕРТПЕ КYЙДIҢ ШЕБЕРI – БЕЙСЕНБI

ШЕРТПЕ КYЙДIҢ ШЕБЕРI – БЕЙСЕНБI
ашық дереккөзі
377

Жуырда Қытай елiнде, ШУАР-дың Толы ауданында 10 мың күйшi күй тартып, қазақ домбырасын Гиннестер кiтабына енгiзгенi белгiлi. Осы Гиннестер кiтабына енген күйдiң аты – "Кеңес". Авторы – Бейсенбi Дөненбайұлы. Бiз осы Бейсенбi Дөненбайұлы жайында сөз қозғамақпыз.

Бежең (Бейсенбiнi халқы құрметтеп осылай атаған) 1803 жылы қазiргi Қытайдың Шыңжаң өлкесiнiң Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданының Оймақы ауылында дүниеге келген. Ел арасында Бейсенбi домбырашылық өнердi Боздақ атты күйшiден тәлiм алған деген сөз бар. Бiрақ бұл сөз жайында да, Боздақтың кiм екендiгi жөнiнде де нақтылы дерек жоқ. Бейсенбi алғашқы күйi "Жеке батырды" мезгiлсiз жеткен әке қазасына арнап он төрт жасында шығарады. Қазiргi уақытта Қытайда Бейсенбi күйлерiн зерттеп жүрген Қабылалды Абдоллаұлының айтуынша, Бежеңнiң 150-ге жуық күйi бар көрiнедi.

Бежеңнiң күйлерi тақырыбы алуан түрлi, терең ойға құрылған, қоңыр сазы мен тәттi мұңы бар, құрылымы ән үлгiсiнде бiр-екi бөлiмдi болып келедi де негiзiнен орта буыннан шертiледi, сағаға көп бара бермейдi. Көп күйлерiнде саға жоқтың қасы десе болады және күй тұтастай бiрнеше рет қайталанып орындалады.

Бежең күйлерiнiң iшiндегi негiзгi орынды иеленетiнi – "Кеңес күйлерi" болса, екiншiсi қазақ халқының қанаты – атқа қатысты күйлерi. Белгiлi жазушы, ақын Асқар Татанайұлы "Тарихи дерек – келелi кеңес" атты еңбегiнде: "ол керейдiң төрт биiнiң бiрiне сайланғаннан кейiн, кеңестi күймен бастайтын. Талқыға түсiп шешiм етiлетiн iстiң мән-жәйiн күй сарынымен толғап, ой салып отыратын, әр кеңестiң өз салмағына қарай ауыр, жеңiл, терең күйлер арнайтын болған"– дейдi. Халық арасына кең тараған кеңес күйiнiң бiр тармағы "Бодан кеңесi". Қытай деректерiнде 19-ғасырдың орта мезгiлiнде Орыс империясының қазiргi Қытай жерiндегi Қаба, Буыршын, Қыран өзенiне дейiнгi қазақ жерлерiне шабуыл жасағандығы айтылады. Дәл осы кезде Бейсенбi билiк басында едi. Қытайдың жымысқы саясаты мен орыстың озбырлығы түбiнде Қазақ елiн бодандыққа ұшыратарынан қауiптенген ол ауыр ойға батады, осы ойдың жетегiнде "Бодан кеңесi" күйi тууы ғажап емес. Бежең кеңестерiнiң iшiндегi шоқтығы биiгi шығыстық күйлердi жеткiзушiлердiң бiрi, шебер орындаушы Ғабдылхақ Барлықовтың орындауында жеткен "Кеңес" күйi. Бұл күй Бейсенбi қолтаңбасын айқындайтын бiрден-бiр кемел дүние. Бұл туралы шертпе күй шеберi Уәли Бекенов "Күй керуенi" атты еңбегiнде: "Домбырашылық өнерге ынтызарлықпен құлшынған Ғабдылхақ Буыршын ауданында болып, көнекөз домбырашы қарттар Әдiлқан, Ерғазы атты кiсiлерден халық композиторлары Бейсенбiнiң "Кеңес", "Тансаңшы", сыбызғышы Қайрақбайдың "Мергеннiң мұңы", "Шерушi– құлан", "Өрелi кер" күйлерiн үйренiп, олардың аңыздарын бiлдi" деп жазады. Бұдан басқа "Төрт би төренiң кеңесi", "Көк ирiм кеңес", "Кеңес басы" сияқты кеңес күйлерiнiң 40-қа жуық тармақтары ел iшiнде сақталған.

Өз дәуiрiнде сахара салтанатын басынан өткерген Бейсенбi би "Ер қанаты – атқа" қатысты ойнақы, әсем жүрiстi, тәттi әуендi "Майда қоңыр", "Майда жал", "Көк шыбар ат", "Ала көз аттың жүрiсi", "Қара құлақ ат" т.б жиырмаға жуық күйлер шығарған. Ел iшiндегi аңыз-әңгiмеге сүйенсек, Бежеңнiң алғашқы күйлерiнiң бiрi болып табылатын "Майда қоңыр" атты күйiнiң шығуы былай болған екен. Бейсенбiнiң жастау кезiнде бiр аста өткiзiлген бәйгеде алдымен келiп жүлделi болған көк бестi қастандыққа ұшырап мерт болады. Көк бестi Абақ керейдiкi, Уақ жауапкер екен. Екi рудың арасында осыған бола үлкен дау туылып, ұзаққа дейiн шешiлмейдi. Бұл кезде Уақтың Еркөкше биi қартайып: "Ел арасын берекелестiрсем, артыма дау қалтырмай кетсем" – деп ойлап, Керей мен Уақтың сөз ұстар билерiн шақырса керек. Кеңеске керей жағынан қасына жас Бейсенбiнi ертiп Маман би барады. Ол қарт Еркөкше биге амандаса барғанда:

– Мына балаң кiм?– деп сұрайды. Сонда Маман би:

– Iнiм, Дөненбай батырдың баласы, тiзгiн ұстатарым – деп таныстырады. Кеңес басталып, екi жақтың даугерлерi дауын айтып талабын бiлдiргеннен кейiн, Еркөкше би даудың төрелiгiн айтуға Бейсенбiнi көрсетiп:

– Кәрiнiң сөзi тәттi, iсi сәттi, жастың жалыны қатты деген сөз бар. Осы даудың билiгiн сен айтшы – дейдi. Екi арыс елдiң арасындағы ескi дауға тұңғыш кезiккен Бейсенбi:

– Бестiнiң құны бес кесiк деген. Бас бәйге – жүз қой көк бестiнiкi, бiр кесiк соған. Бiр кесiк Абақ елiнiң ұранына, екiнi ал да, үшiн қой, екi ел ара берекелiк iсiң ғой – деп қысқа қайырады.

Ұзаққа созылған даудың шиесi шешiлгендей болады. Екi жақ Бейсенбiнiң билiгiне айрандай ұйыйды. Абақ керей жағы 200 қой алып, 300 қойды кешiрiм етедi. Бұған дән риза болған Еркөкше би Бейсенбiге батасын берiп, өзi мiнiп жүрген қоңыр жорға атын тарту етедi. Кейiн аттың түр-тұлғасы мен жүрiсiне көңiлi толған Бейсенбi домбыра шанағынан "Майда қоңыр" күйiн шығарады. Бейсенбi би өзi төрелiк еткен кейбiр даудың шешiмiн ешбiр тартыссыз күй тiлiмен ғана шеше бiлген шеберлiк иесi. Осыған дәлел Бежеңнiң "Тансаңшы", "Теңселме" секiлдi күйлерi. Бұл күйлердiң шығу тарихы да ел арасында жақсы сақталған. Осы тұста айта кететiн бiр жәйт, Бежең күйлерiнiң шығу тарихын қолмен қойғандай анық айтатын адамдардың көптiгiне қарамастан, күйлерiнiң тарихи нұсқасын осы күнге жалғаған домбырашылардың тым сирек болуы.

Бежең күйлерiнiң таралу аумағы кең. Қытайдың Алтай, Iле, Тарбағатай, Бұратала, Санжы, Құмыл сияқты аймақ обылыстары мен Моңғолияның Баянөлгей аймағы, Шығыс Қазақстан өңiрiнде сақталған.

Оның күйшiлiк өнерiн жалғастырушылар iшiнде өз балалары Оспан (Бейсенбiден кейiн би болған, ел Қара Оспан деп атаған) мен Сыдықай, Оспанның ұлы Баттал мен Қасен, Батталдың ұлы Ағзам (1901-1958), Сыдықай ұлы Мұсылманқұл, Бейсенбiнiң балдызы Сайыпжамал, немерелес туыстары Бегарыс Дiкеұлы мен Мақаш (Бежеңнiң "Кербұлан" күйiн бабына келтiре орындағандықтан ел оны "Еркебұлан" деп атаған екен).

1955 жылы Iле облыстық ән-би үйiрмесiнде қызметте болған дарынды күйшi, композитор Тайыр Белгiбайұлы(1921-1984) мен Дәулет Халықұлы (1939-2008) Бежеңнiң күйлерiн Қытайдың орталық радиостанциясы мен Шыңжаң халық радио станциясында орындап қалдырды. Қазiргi уақытта Қытай жерiнде Бейсенбi күйлерiн насихаттап жүрген Мүтәлiп Әлiмханұлы (1937 ж туылған, Буыршын ауданында тұрады), Тұрсын Кәдейұлы (1956 ж туылған, Буыршын ауданында тұрады) және Еркiнбек Ақашұлы сияқты домбырашылар бар. Бұдан сырт 2006 жылы Қабылалды Абдоллаұлының құрастыруымен "Бейсенбi күйлерi" атты жинақ баспадан шықты (Үрiмжi) және Ғабдылхақ Барлықов ("Кеңес", "Тансаңшы") пен Еркiнбек Ақашұлының орындауындағы бiрнеше күйлерiн Құрманғазы атындағы консерваторияның оқытушысы, белгiлi домбырашы Мұрат Әбуғазы нотаға түсiрiп "Шығыстың шыңырау күйлерi" атты жинағына енгiздi.

Белгiлi жазушы, ақын Асқар Татанайұлы өзiнiң "Бейсенбi би туралы" деген мақаласында " Бейсенбi Дөненбайұлы сөз иесi – шешен, ел иесi – әдiл би, күй иесi – домбырашы, қайрат иесi – батыр, құс иесi – құсбегi, ұлттың дәнекерi болған кiсi" деп жоғары баға берген екен. Демек, Бейсенбi Дөненбайұлының шығармашылығы мен өмiрi Қазақ елiне кеңiнен таныстырылып, насихатталуға тиiстi.

Ырысбек СЫДЫҚНӘБИҰЛЫ, күйшi

Серіктес жаңалықтары