Жаңа телехикая: "АСТАНА МЕНIҢ МАХАББАТЫМ!"

Жаңа телехикая: "АСТАНА МЕНIҢ МАХАББАТЫМ!"

Жаңа телехикая: "АСТАНА МЕНIҢ МАХАББАТЫМ!"
ашық дереккөзі
318

Биыл ұлттық Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" кинокомпаниясы жаңадан көп сериялы көркем фильм дайындап, көрерменге ұсынып отыр. Қазақстан мен Түркия жобаны бiрлесiп жасаған. Астананың туған күнiне орайластырып түсiрiлген бұл сериал әлемдiк стандартқа сай келедi. Бұл Қазақстандағы жаңа технология мен техниканы пайдаланып түсiрiлген алғашқы сериал.

Фильм оқиғасы Елордамыз — Астанада өтедi. Бұл сериалда дамып келе жатқан бас қаланың тұрғындарының өмiрi көрсетiледi. Махаббат сезiмi жайында. Нақтырақ айтар болсақ, бала кездерiнде атастырылып, тағдырдың жазуымен өскенде қайта қосылған ғашықтардың баяны. Фильмнiң жанры — мелодрама. Жалпы он екi сериядан тұрады. Астана туралы болғандықтан сериал Елордада, ал қалған түсiрiлiмi Алматы мен Стамбұлда түсiрiлген. Стамбұл көрiнiстерiн Түркияның танымал режиссерi Метин Гюней түсiрген екен.

Қазақстан кинематографиясы телехикаят жасауға көп көңiл бөлмеген. Негiзiнен көркем фильмдердi жасауда тәжiрибемiз мол. Өздерiңiз бiлетiндей, Қазақстанның киногерлерiнiң қолынан шыққан саусақпен санарлық телесериалдар бар. Бiрақ ол туындылардың сапасы төмен болатын. Қазiргi кезде Қазақстан көрерменi жат жұрттың сериалдарына әбден үйренiсiп, кейiпкерлерге елiктейдi. Өз жеке өмiрiн ұмытып, экрандағы тағдырды қызықтайтындардың саны көбеюде. Осындай шақта қазақ көрерменi үшiн қазақы туындылар шығарылуы тиiс. Мiне, соның бiр дәлелi: сөз етiп отырған "Астана – менiң махаббатым!" сериалы. Туындының қоюшы режиссерi Ермек Шынарбаев бiзге берген сұхбатында: "Бұл сериал қазақ сериалдарын жоғары деңгейге көтередi", — дедi. Сондай-ақ, режиссер көркем телесериал қалың көрерменнiң көңiлiнен шығады деп сенедi. Бiр жылда түсiрiлген сериал үстiмiздегi жылдың күзiне дейiн қазақ және түрiк тiлiндегi нұсқаларын аяқтап та қалады. Демек, қазақтiлдi көрермен фильмдi жаз аяғы, күз айларының басында көре алады. Режиссерден орыс тiлiнде түсiрiлу себебiн де сұраған болатынбыз: "Бiздiң басты мақсатымыз – ТМД елдерiнiң кинорыногына шығу, сондықтан да орыс тiлiнде де түсiрдiк" деп жауап қайырды.

Сонымен қатар, Ермек Шынарбаев сериалдың қазақ тiлiндегi нұсқасы белгiленген уақытта және сапалы шығуын қатты қадағалайтынын қадап айтты. Қазақстандық сериал жасаудың маңыздылығы неде деген сұрағымызға: "Соңғы уақытта Ресеймен қатар Қазақстанда да телесериалдардың маңыздылығы артып отыр. Және де сериалдардың ұлттың ұлт ретiнде қалыптасуына ықпал ете бастағанын мойындамауға болмас. Оның себебiн де түсiндiрiп берейiн. О баста, бiз мексикандық, бразилиялық, латынамерикандық сериалдар десе iшер асымызды жерге қоярдай болдық. Бертiн келе американдық, еуропалық және ресейлiк телехикаялардың кейiпкерлерiн де тап бiр жақынымыздай қабылдайтын болдық. Мiне, сонда бiз отандық телесериалдардың қажет екенiн айқын түсiндiк. "Астана – менiң махаббатым" сериалының басты мақсаты – көрермен мен режиссер арасындағы тығыз байланысты көрсету, халықты өз кейiпкерлерiмен қауыштыру" — деп жауап бердi.

Актерлер өз рөлдерiн жақсы алып шыққан десек қателеспеймiз. Фильмдегi басты рөлдердi Әдiл Ахметов, Бахар Акча, Эрман Бурмали, Эрдал Джиндорук, Абидэ Саванчи, Жанна Қуанышова, Баян Есентаева, Гүлнәр Досматова сынды танымал актерлер орындайды. Көркем сериалдағы актерлердiң барлығы дерлiк қазақ киносының жұлдыздары. Режиссер Е.Шынарбаев: "Сериал актерлердiң ойынынан тұрады" деген-дi. Расында да, актерлер бiр-бiрiн жақсы түсiнiп, шынайы ойнауға тырысқан. Мысалы, әншi жiгiт Дастан Оразбеков кәсiби актер болмаса да көбiнде рөлiн бiр дубльден алып шыққан. Е.Шынарбаев басты рөлдердiң бiрiн сомдайтын Баян Есентаева туралы: "Баянның мықты актриса екенiне түсiрiлу алаңында көзiм жеттi. Түсiрiлу алаңына кешiгiп келсе-дағы, дайындыққа бес-он минут қана алып, бiр дубльмен ойнап бередi. Сол үшiн де Баянға өз кейiпкерiнiң мiнезiне өзгертулер жасауға рұқсат берiлдi". Түрiктiң актерлерiн арнайы Түркияда актерлер агенттiгiнен таңдап алған. Режиссер басты рөлдегi түрiк қызын таңдау қиынға соққанын айтады. Өйткенi агенттiк ұсынған актерлер бiрiнен-бiрi көркем екен. Түрiк жiгiтi қазақстандық көрерменге "Гүнеш", "Көкжалдар мекенi" сериалдарынан танымал.

Түркия мемлекетiмен ортақ жоба жасаудың басты себебi – түрiк ағайындар сериал жасауда әлем бойынша көшбасшы елдердiң қатарында келе жатқаны рас. Қазiргi таңда олардың туындыларын әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде көредi. Статистикаға сүйенер болсақ, түрiк сериалдарын 250 миллионнан астам көрермен тамашалайды деген дерек бар. Демек, әлемдiк кинорынокқа шығу үшiн де түрiк елiмен тығыз шығармашылық байланыста болу бiздiң тарапқа тиiмдi. Түрiк сериалдары көрсетiлу жағынан бiрiншi орында болуының басты себебi – қаржыны киноның халықтық жанрына көптеп салуында болып отыр. Фильмнiң негiзгi сценарийiн Ләйлi Ақынжанова жазып шыққан. Бiрақ, сериалдың диалогтарын жазу үшiн ресейлiк сценаристер Евгений Никишов, Марина Бартинова және Валерий Федоровичтардың көмегiне жүгiнуге тура келген. Өйткенi, әзiрше Қазақстанда сериалдың диалогтарын кәсiби түрде, жоғары деңгейде жасайтын мамандар жоқтың қасы деп есептейдi фильмнiң режиссерi Е.Шынарбаев.

Бес айдың iшiнде жасап шығарылған "Астана – менiң махаббатым!" телевизиялық фильмi продюсерлiк кино болып табылады. Яғни, сериалды жасауда көркемдiк мақсатпен қатар шетелде көрсету мұраты да көзделген. Сериалды шетелге шығарып, қазақ кино әлемiмен көршi елдердi таныстыруды мақсат тұтқан. Оның үстiне қазiргi талғампаз көрерменнiң талғамына сай келу үшiн де көркем сериалда жоғары сапалы "голливудтық" 4К форматы, жоғары сапалы техника қолданылған. Режиссердiң айтуынша, отандық кинематография шетелдiк әрiптестермен бiрлесiп жұмыс жасауды нығайтқанда ғана өркендейдi, дамиды. Егер де қазақ кинематографиясы тек қазақ көрерменi үшiн және қазақ киносын жасайтын болса, жаңашыл идеялар тудыру тәжiрибесiнiң жоқтығынан тоқырауға ұшырайды. Бұл жолғы әрiптестерiмiз Түркия мемлекетiнiң мәдениетi бiзге жақын, сериалдарының да берерi мол. Сол себептен де таңдау дұрыс жасалған. Ал Сарыарқа төрiндегi Астананы асқақтатып, телехикаяның негiзгi желiсiне айналдырса елiмiздiң беделiнiң арта түсерi анық.

Бинұр Нұржауқызы

Серіктес жаңалықтары