ӨНЕГЕ БАСЫ – ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛУ

ӨНЕГЕ БАСЫ – ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛУ

ӨНЕГЕ БАСЫ – ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛУ
ашық дереккөзі
608

Уақыт! Адам баласын ес жиып, еңсесiн тiктегелi берi ойландырып, толғандырып келе жатқан керемет! Қозғалуды бiлмейтiн, мың-сан айқайласаң да мыңқ етпейтiн мәңгiлiктi қозғаушы құдiрет! Адамзаттың алтын ғасырларын жасаған ұлы ұстаздардың ұстазы! Қуанышты, бақытты сәттердi де, мұңлы да, қайғылы сәттердi де көзге көрiнбейтiн керемет қанатымен келмеске алып ұшатын сиқырлы самұрық! Уақыт қанатында самғаған мемлекеттер де, халықтар һәм болған. Бiрақ мәңгi самғау жоқ. Тарихтың терең қатпарына үңiлсек шарықтау мен құлдырауды көремiз. Тiптi, жойылып кеткен халықтар қаншама?! Сондықтан, өткеннен сабақ алуымыз керек. Ол — өмiр талабы.

Бiреулер Жаһандану деп, ендi бiреулер Жаһандасу деп жүрген Глобализация ұлы державалардың майда елдердi, жайын балықтардың майда балықтар мен шабақтарды жұтып қоятынындай, жұтуына жол ашатын мың-сан қатпарлы қулық саясаты екенiн ұғатын кез болды. Өткеннiң сабағы бүгiнiмiздi бiр белеске көтеруге көмектессе, болашағымызға мықты негiз қалауымызға мүмкiндiк бередi. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi дәуiрлеген елдердiң бүгiнгi ұрпағы не күй кешiп жүр? Кеудесiмен күндi көтерiп тұрған Карфагеннiң төсiн таптап, ендi қайта шөп өспесiн деп көшелерiне тұз сеуiп, табанымен таптап жүрген Рим легионерлерiнiң өзi не күйге түстi? Дарий патшаның даңқы бар да, халқы не халде? Александр Македонский дүниенiң қанша бөлiгiн жаулады?! Оның халқы қазiр не күйде? Жарты әлемнiң шаңын қаққан кешегi Шыңғысхан ше? Оның халқы монғол ше? Наполеон Бонопарт ше? Гитлерлiк Германия мен коммунизм орнатпақ болған большевиктер державасы – Кеңес Одағы ше? Олар жаулаған халықтар қайтадан көтерiлiп, өздерiнiң елiн күшейткен жоқ па? Ендi тағы Глобализация дейтiн аждаһасы шықты. Көзiне көрiнгеннiң бәрiн жалмап-жұтуға әзiр. ХХ ғасырдың сексенiншi жылдары, нақтырақ айтсақ, 1989 жылдың 1 қазанындағы ақпарат бойынша, Кеңестер Одағында 19 миллион 325 мың коммунист, 41 миллионнан астам комсомол мүшелерi болған екен. Сол жылдары сақтық кассаларында 174 миллиард сом сақталыпты. Кеңес Одағы Коммунистiк партиясының соншама насихатшылар армиясы бола тұрып, дүниежүзiнде теңдесi жоқ совет халқы деген жаңа типтi халық пайда болғанын өздерiнiң съезiнде салтанатты түрде жариялаған коммунистердiң ұстыны неге құлады? Шаңырағы шайқалып қана қойған жоқ, алып держава майда-майда бөлiктерге бөлiнiп кеттi. Жалғыз Ресей ғана дүние жүзiне кешегi Кеңес Одағының айбарын танытуға құқылы болып қалды. Өйткенi Кеңес өкiметi жиып-терген барлық қазына-байлық және елге түскен азапты шақтарда (халыққа қырғидай тиетiн оба сияқты аурулар мен соғыс бола қалған жағдайда) елдi асырайтын азық-ауқат қоры мен алтын-күмiс, түрлi кендерден алынған шикiзат қорлары қайда кеттi? Ресейдiң қазынасында қалды. Оны бөлiспек түгiлi Ресей кешегi Кеңес өкiметiнiң шетелге қарызын төлеу үшiн бұрынғы Одақтық Республикаларға тиесiлi бөлiгiн салық ретiнде салды емес пе? Бұл екi жеп биге шыққанмен пара-пар ғой. Кеңес өкiметi неге құлады? Ақты ақ, қараны қара деп айтуға батылы жетпей, бiзде кемшiлiк жоқ, бәрi ғажап деп, беттiң арын белге байлап, жалған ұран салғанның кесiрiнен құлады. Бұл — басты себеп екен делiк. Екiншiден, Ресей саясаты — ұлы державаның жай халық түсiне бермейтiн терең саясат. Ендi Одақтас Республикаларға саяси азаттық берiп, алқымынан қысып ұстай тұрғысы келдi, яғни экономикалық тоқырауға ұшыратқысы келген. Егемендiгiн алған елдердiң алғашқы онжылдықта не iстерiн бiлмей абдырап, халқының кедейленiп кеткенi осының айғағы едi. Кеше ғана достығы жыр болған, басқа елдерге үлгi болған Кеңес Одағында Әзiрбайжан мен Армения соғысып жатты. Молдавияда Днестр өзенi маңына орналасып, тамыр жайып қалған орыстар баяғы молдавандардың тарихи жерiнен кеткiсi келмей майдан ашты. Бұл Ресейдiң жаулау саясатының ашықтан-ашық көрiнiсi едi. Қазiр Грузияны қысымға алып жатыр. Шешенстандағы жағдай бәрiмiзге мәлiм. Күнi кеше бiрiмен бiрi достасып, ауызжаласып, сүйiсiп жүрген адамдар ендi бiрiмен бiрi атажауларша қастасып, өштесiп алды. Әйтпесе, осындай алауыздық пен қанды қырғын болар ма едi? Кеңес Одағы тұрған болса осындай қақтығыстар болар ма едi?! Әрине болар едi. Сол Кеңес заманында дүние жүзiн екiге бөлу саясаты жүрiп жатты. Астыртын жүрдi. Халыққа өзiнiң жаулау саясатын бiлдiрмей, астыртын жүргiзген большевиктер (көпшiлдер) патша өкiметi мысықтабандап, жайлап жаулап ала бастаған жерлер мен елдердi атой салып лезде жаулап алып, өздерiнiң заңдарын орнатып, жаулап алған елдерiнiң сонау атам заманнан келе жатқан мызғымас салт-дәстүрлерiн, әдет-ғұрыптарын бұзып, ойлау мен сөйлеу жүйесiн бұзып, дiнi мен сенiмiнiң тас-талқанын шығарды. Елдi ең алдымен елмiн деуден бездiрдi. Қалыптасқан, жазылмаған заң болып кеткен халықтық ырымдар мен қадiр-қасиеттен жұрдай етуге тырысып бақты, тырысып қойса мейлi ғой, сол халық дәстүрiн ұстап, салтын бұзбауға тырысқандардың бәрi халық жауы болып шыға келдi. Олар абақтыға қамалды, итжеккенге айдалды, атылды, бiр сөзбен айтқанда, өз елiнiң ертеден сақталып келе жатқан өмiр салтының, ел рухының, ел азаттығының құрбаны болды. Коммунистiк идеология патриоттық тәрбие беруге зор көңiл бөлдi. Әдебиеттi де, мәдениеттi де, әлеуметтiк өмiр мен шаруашылық өмiрдi де саясаттандырғаны сонша, сол саясат адамдардың санасын қатты улады. Осынау уланудан бiз өзiмiздiң ататегiмiздi бiлуден бас тарттық, бас тарта қоймас едiк алдымызда өмiр сүрген аталарымыз бен ағаларымыздың кебiн киюден қорыққанбыз. Оны несiне жасырамыз? Бiрақ, соны айта алмадық. Айтқан адамның тiлiн кесiп алмағанмен басын жалмап жатқаны жалған емес қой. Кеңес дәуiрiнiң кемел ақындарының бiрi Николай Тихонов: "Человек должен с детства, со школы помнить, на какой земле он родился, помнить, что у него есть обязанности перед этой великой, красивейшей землей в мире, которую зовут Родиной. И она одна у человека. И если ей будет угрожать смертельная опасность, он должен встать на защиту и стоять, если нужно, насмерть. И он станет бессмертным! Он должен помнить и чтить дела своих предков, которые не жалели жизни, защищая родную страну, родной язык, родной дом!"— деп жазғанымен бiз өзiмiздiң ата-бабамыздың ерлiгiн айтып мақтана алдық па? Жоқ, әрине. Бұл сол кездегi саясаттың екiжүздiлiгiнен болатын. Өйткенi орыстардың тарихын оқыдық, олардың патшаларын дәрiптедiк, ал өзiмiздiң тарихымызды айта бастасақ, өткендi аңсап жүр, халық жауы деп түрмеге жапты. Хандарымызды айта бастасақ феодализмдi аңсап жүр деп тағы да абақтыға қамады. Содан кейiн қорықпағанда қайтемiз. Бұқтық. Айтқанына көнiп, айдауымен жүрдiк. Бұл дегенiң соқаға жегiлген өгiзбен бiрдей болдық деген сөз… Большевиктер ел тiзгiнiн қолына алысымен бұрынғы тарихты сызып тастап, Қазан төңкерiсiнен жаңа тарих басталады деп жар салып едi, бiз егемендiгiмiздi алғаннан кейiн дәл сол жолмен Қазақстанның тәуелсiз тарихы жаңа басталды деп айқайлап айтумен келемiз. Коммунистерше ескiнiң бәрiн естен шығарып, бұрынғының бәрiн қиратып, жаңа дүние орнатамыз деп ұрандамағанмен, жаңа тарихымызды тәуелсiздiк алғаннан бастадық. Өйткенше ата-бабамыз артына қалдырған баяғы мол мұраның бiзге жеткен сарқыншақтарын жаңғыртып, жас ұрпақ жадына жеткiзуге талпынбаймыз ба? Кешегi Кеңес Одағы кезiнде ел билеушiлер кеңес халқы қалыптасты деп жарты әлемге жар салып едi ғой. Қайда сол кеңес халқы? Ендi бiз Қазақстан халқын қалыптастыруға ұмтылып жүрмiз. Рас, американ халқы бар. Бiрақ, айдаладағы Америкаға жан-жақтағы елдерден қазына-байлық iздеп барған әртүрлi халықтардың өкiлдерi бас қосып, жаңа мемлекет құрып, жаңа халық — американ халқын қалыптастырған жоқ па? Алғашқы Конституциясын қабылдағанына, мiне, биыл 221 жыл болып отыр. ХYII ғасырдың бiрiншi жартысынан бастап жаңа жерге басып кiрген қарулы отрядтардың құрамында ағылшындар, ирландтар, француздар, голландар болды ғой. Одан кейiнгi ғасырларда мұнда Германиядан, Скандинавиядан, Италиядан, Испаниядан, Австрия-Венгриядан, Россиядан, Оңтүстiк Шығыс Еуропа елдерiнен қоныс аударушылардың түпкi мақсаты баю болатын. Мiне, сол байлық пен бақ iздеген қарақшылар жергiлiктi халықтың көзiн де, атын да жоюға тырысып, американ халқын қалыптастыруды қолға алған. Бiз неге қазақ халқының атын жоюға тырысып жүрмiз? Бұл жайында ойланып, толғанатын, осынау қателiгiмiздi түзететiн мемлекет қайраткерлерi неге жоқ? Дүниежүзiнде ислам дiнiне қарсы қатты шабуыл жасалып отыр. ХХ ғасырдың басынан бастап ислам дiнiндегiлердiң басым көпшiлiгi бандит аталып едi, ендi террористердiң бәрi ислам дiнiндегi мұсылмандар болып отыр. Бандалар ХХ ғасырдың аяғына таман, арада 10-80 жыл өткенде ақталды емес пе?! Террористер тек мұсылмандар арасынан шығады екен делiкшi, бiрақ соның шығу себебi не дегенге ой жiберiп, зерттеу керек едi ғой. Құр байбалам, қыру, жою жақсылыққа апармасын ұғатын күн жеттi деп ойлаймын. Өткеннен сабақ алу — өмiр талабы. Өткен өттi, бiз жаңаша өмiр сүруiмiз керек дейтiн ұран жақсы емес. Жаңаны арқалап тұрған ескi бар, яғни ескi өмiр жаңа өмiрдiң табанының астындағы мықты баспалдақ қой. Онсыз алға жылжу, өсу, өркендеу жоқ. Мұны ұмытпауымыз керек. Бiздiң тiлiмiзге шабуыл жаңа басталған жоқ. Қазақ топырағында орыс мектептерi ашыла бастағаннан-ақ, қазақ тiлiн шеттету басталды деп бiлемiн. Қазақтар арасында сауаттылар саны бар халықтың 2 пайызы ғана деген өтiрiк айқай кешеге дейiн айтылып, елдiң еңсесiн басып келдi. Қазiр бiз қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл деп мәз боламыз. Ал сол тiлдi бiлетiндер саны 40 пайыздан аспайтынын да бiлiп отырмыз. Ендеше басқаларды сауатсыздар қатарына неге қоспаймыз? Қай салада, қандай лауазымда iстейтiн қызметкерлер мемлекеттiк тiлдi бiлуге тиiс дейтiн тiзiм жасап әуре болып жатырмыз. Ендiгi жерде ел боламын десең тiлiңдi түзе деген ұран болуға тиiс. Қазақстанда тұрады екенсiң — қазақтың тiлiн құрметте. 17 жыл бойы бiздiң тiлiмiздi бiрлi-жарым жастар үйренгенiн өзiмiз насихаттап, мәз боламыз. Олардың қандай мақсатпен үйренгенiне, қалғандардың қандай мақсатпен үйренбей жүргенiне көз жүгiртiп, ой салып көрдiк пе? Соңғы кездерi жаңа жылды қарсы алуға табаны күректей 2 ай бұрын дайындыққа қызу кiрiсiп кететiн болдық. Тiптi кешегi Кеңес Одағы тұсында да мұндай елгезектiк танытпайтын едiк. Бiзге не болған?! Қайран шыршалар қор болып жатыр ғой. Астанада биiктiгi 28 метр шырша қойылды деп жаҺанға жар салды биыл. Ал Қазақстанның әр қаласындағы орналастырған шыршалардың жалпы санын есептеп, жаңа жылды насихаттауға республика бойынша қанша қаржы жұмсалғанын тым болмаса ойша шығарып көрiңiзшi. Бұл қыруар қаржыны халықтың әлеуметтiк тұрмысын жақсартуға жұмсасақ болмас па едi? Теледидарда 12-13 арна бар екен. Мен Алматы қаласындағы теледидарды айтып отырмын. Осындағы қай арнаны ашып қалсаң да кино жүрiп жатады. Аударма фильмдер. Олар ненi насихаттап жатыр. Қай елдiң өмiр салтын насихаттауда? Оған мән бермеймiз. Қазақ фильмдерi шетелдегi кинофестивальдерде жүлде алып жатқанын есiтемiз, бiрақ оны бiзге көрсетпейдi. Неге? Кино демекшi, бiздiң фильмдерде кiлең қаңғыбастар мен бейшара қазақтар көрсетiледi. Өмiрге қарасаңыздаршы, қазiргi қазақтар көрсетiлiп жүрген фильмдердегiдей сұрықсыз, ұсқынсыз, ақымақтар ғана ма? Миллиондаған доллар жұмсап түсiрген "Көшпендiлер" көңiлден шықты ма? Мүмкiн қазақты жек көретiндердiң көңiлiнен шыққан шығар. Ал мен ол фильмнен ханды да, халықты да көре алған жоқпын. Қызық қуған кино түсiрушiлер ханды да, халықты да былай қарай ысырып тастаған екен. Бiздiң кей журналистерiмiз теледидар мен радиодан, газеттер мен журнал беттерiнен аралас некенiң артықшылығын насихаттап, кең әлемге жар салып, кеңiрдегiн сырнайдай созғылап жатады. Бұрын патшалық Ресейде: "Папа — турк, мама — грек, а я русский человек" деген мәтел болған. Байқап отырсыздар ма, әкесi түрiк, шешесi грек болса да, өзiн орыс адаммын деп жатыр ғой. Ал қазiр орысқа тиген қазақ қызынан туған баланың ұлтын кiм деп қоятынын бiлесiздер ме? Ол ешқашан қазақ болмайды ғой. Сондықтан ойланатын, ұлт болашағын ескеретiн күн туды. Сондықтан дiндi, тiлдiк, мәдени бiрлiгiмiздi бөлшектеуге қолына тiзгiнiмiздi берiп қойып, айтқанына көнiп, айдауына жүре беретiн күннiң өтiп кеткенiн ұмытпайық та. Еңсе көтеретiн егемен ел емеспiз бе? Өз елiмiздi өзiмiз еркiн билейтiн күн туғаны шын болса, егемендiгiмiз, елдiгiмiздi қорғайтын, рухымызды көтеретiн, салт-дәстүрiмiздi, әдет-ғұрпымызды, әдебиетiмiз бен өнерiмiздi, мәдениетiмiз бен тарихымызды сақтап қана қоймай, өркендете беретiн ерекше азат заман туғаны шын болса, халқымыздың тәуелсiздiк туын қолына мықтап ұстап, болашаққа батыл қадам басып бара жатқаны шын болса, онда бiздiң мемлекетiмiздiң мызғымас бiрлiгi мен бүтiндiгiн нығайта түсуге бәрiмiз жан аянбай қызмет етiп, жеке бастың қамын ойлап, баюды мұрат тұтпай, дiнiмiз, тiлiмiз, жерiмiз үшiн әр қазақ жанын қиюға дайын тұратын күн туғанын бiрiмiз ғана емес, бәрiмiздiң, яғни иiсi қазақтың мойындайтын шағы осы. Өзiмiздiң басымыз бiрiкпесе, өзгелердiң бiзбен бiрiгiп кете қойы неғайбыл. Ұлттық интеллигенцияның сөзiне құлақ асып, халық мүддесiн жеке топтардың мүддесiнен жоғары қоя бiлуiмiз керек. Ұлттық сананы қалыптастыруға күш салу — бүгiнгi күннiң басты талабы. Мемлекеттiк, құқықтық сананы дамыту кезек күттiрмейтiн мәселелердiң ең бастысы екенiн ешқашан жадымыздан шығармауға тиiспiз. Сот өндiрiсiнiң күрделi мiндеттерiн шешу, инженер-техниктер даярлаумен қатар осызаманғы әр түрлi мамандықтарды емiн-еркiн игере алатын жұмысшыларды да даярлау iсiн жолға қоюымыз керек қой. Сыртқы саясатты жүргiзудi бiздiң дипломаттарымыз бiршама игерiп қалды десек, iшкi саясатты жүргiзетiн теоретиктер мен практиктер әлi күнге өз дәрежесiнде, өз деңгейiнде деп айту тым ертерек. Елiмiздiң маман стратегтерi көбеймей, халық Елбасының стратегиялық жоспары мен жобасына толық түсiне алмайды. Өзiмiздi өзiмiз қорғай алмасақ, басқа кiм қорғамақ едi; өзiмiздi өзiмiз құрметтей алмасақ, басқа кiм құрметтей қоюшы едi; өзiмiздi өзiмiз көтермелей бiлмесек, басқа кiм көтермелей қоймақ едi; өзiмiздiң болашағымызды өзiмiз ойламасақ, бiздiң болашағымызды кiм ойламақшы… Осыны ешқашан естен шығармауымыз керек. Әр қазақ халықтың болашағы мен бағын ойлағанда ғана бiз мықты боламыз.
Базарбай ИСАЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерi

Серіктес жаңалықтары